Шарбақты ауданындағы Шалдай шаруашылық филиалы мемлекеттік мекемесіндегі жабайы жануарлардың саны жыл санап артып келеді. Мәселен, биылғы жылғы санақ бойынша марал мен еліктің басы 1,5 есеге көбейген. Мұның барлығы — күзгі-қысқы мезгілдегі арнайы қорек-тендіру жұмыстарының нәтижесі.

Бүгінгі таңда «Ертіс орманы» резерватының аңшылықтанушылары биотехникалық іс-шаралар жоспарына сәйкес жабайы жануарлардың қоректену орындары мен астауларға тұз салу жұмыстарын жүргізуде. Биотехникалық шаралар – әртүрлі техникалык және шаруашылық іс-шараларды қамтитын, аңшылық жануарларды сақтауға және олардың популяциясының өнімділігін арттыруға бағытталған. Шара аясында аңдарды қоректендіру үшін орманның ішінде арнайы оттықтар дайындалады. Оның ішіне жем-шөп салынады. Сондай-ақ, жабайы жануарларға ойылған діңгектің ішіне тұз да сеуіп қояды екен. Өйткені, тұз төртаяқтылардың ағзасына дәрумен береді. Жалпы қорық аумағында мұндай 68 тұз салатын астау бар.

Шалдай шаруашылық филиалының аңшылықтанушысы Жасқайрат Қайкеннің айтуынша, тұз — қор аумағын мекендейтін бұғылардың аталықтарына мүйіздерінің өсуі үшін, ал аналықтарға төлдерінің мықты болуы үшін аса қажет. Әсіресе көктем мен күзде тұзға қажеттілік арта түседі. Бұл ас қорыту жылдамдығына және термо-регуляцияның қарқындылығына байланысты.

— Жабайы аңдар мен жануарларға арнайы тұз сатып алынады. Жалпы, жылына мұндай үш тоннаға жуық тұз пайдаланылады. Жабайы жануарларды минералды азықтандыру – ең тиімді әрі қарапайым шара. Тұз барлық жануарларға қажет. Әсіресе тұяқтылар үшін. Өйткені, олар тұтынатын минералдың 60 пайызы мүйіздерінің қалыптастуына кетеді. Бірақ жыртқыш жануарлар да тұз салынған астауларға келеді, – дейді филиал аңшылықтанушысы.

Маманның айтуынша, әсіресе бұғылар мен еліктер үшін мұндай азықтандырудың маңызы зор. Шөпқоректі жануарлар тек мүк, бұтақтар, жеміс-жидек, шөптер және саңырауқұлақтармен қоректенеді. Мұндай тағамның құрамында қажетті микроэлементтердің барлық кешені болмайды, ал тұз натрий, кальций, магний, фосфор сияқты минералдарға бай.

— Солтүстіктің қысы қытымыр. Ал жануарлардың қыстан оңай шығуына көмектесу үшін оларды тамақтандыру керек. Ат құлағы көрінбейтін боран соғады, сарышұнақ аяз тұрады, тізеден келер қар жауады. Осындай қауырт кезеңде жабайы жануарларға қорек табу қиын. Мұны табиғат жанашырлары жақсы біледі. Сондықтан олар қыркүйек айынан бастап, қазан-қараша айлары бойы ормандағы төрт аяқтыларға шөп, жем және қайыңнан жасалған сыпырғыш әзірлейді. Өйткені қор аумағында жем-шөппен қоректенетін бұғы, марал, елік, қабан сияқты төрт аяқтылар мекен етеді. Қазіргі күні олардың жалпы саны 3 мыңнан асады. Сонымен қатар, мұнда ұсақ жануарлар да кездеседі. Атап айтқанда, түлкі, қоян, қарсақ секілді жануарлар бар. Қорықшылар жабайы жануарларды күз мезгілінен бастап наурыз айының соңына дейін қоректендіреді. Қор аумағында күзетшілер де жұмыс істейді. Мамандар аңдарды браконьерлерден қорғайды, — деп толықтырды ол.

Айта кетейік, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, табиғатты қорғау полициясы және табиғат пайдаланушылар жабайы аңдардың жағдайын үнемі бақылап отырады. Басқарма өкілдері биыл еліктердің күрт көбейгенін айтып отыр. Тұяқтылар көршілес Ресей елінен келген.

А.МҰҚЫШЕВ.