Қазақстанда жиһаз өндірісі өсіп келеді. Әлбетте, бұл — сұраныстан туындап отырған өсім. «Нарық» ақпараттық порталының мәліметінше, былтыр елімізде бұл салада 82,6 млрд теңгенің жиһазы өндірілген. Яғни, 27,7 пайызға артқан. Міне, осындай өсімге үлес қосып отырған кәсіпкерлердің бірі – павлодарлық бизнесмен Жанаргүл Орынбай.
Декретте отырған кезде ептеп кәсіптің дәмін татады. Елордада тұрған кезінде күйеуі Өзгерістің жасаған орындықтарын үйіндегі гаражда сатып, интернет арқылы сауда жасаудың қыр-сырын меңгеріп алады. Дәл осы әлеуметтік желіні ұтымды пайдалану кәсіпті кеңейтуге септігін тигізіпті. Біртіндеп өзге өңірлерден тапсырыс алады. Жұмсақ жиһазды да тапсырыспен жасап көреді. Содан сұраныстың артқанын аңғарып, ерлі-зайыпты бизнесті дамытуға ден қояды. Осылайша, «Baitaq» жиһаз цехын ашады.
— Павлодарға қоныс аударып, кәсіпті осында дамыта бастадық. Алғашында цех жалдап, айына 1 миллион 200 мың теңгені өзгенің қолына ұстатып отырдық. Әрине, жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер үшін бұл айтарлықтай салмақ. Сондықтан «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы мемлекеттің жәрдеміне жүгіндік, — дейді Жанаргүл ханым.
Мемлекеттен 50 млн теңге несие алған кәсіпкер оған облыс орталығының Мәшһүр Жүсіп көшесінде жаңа цех салады. Қажетті құрал-жабдықтарын орнатып, бизнесін жаңа деңгейге көтереді. Бүгінде кәсіпкер 22 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алған несиенің пайыздық мөлшерлемесінің жартысын мемлекет субсидиялайды. Сонда кәсіпкер небары 6 пайызын өтейді. Мұндай қолдау кәсіп иесіне айтарлықтай көмек. Себебі, қатардағы банктерде несиенің пайыздық мөлшерлемесі 20 пайыздан асады.
— Біз диванның түр-түрін және тапсырыс бойынша корпустық жиһаз жасаймыз. Қазіргі таңда Павлодар шаһарынан бөлек, Семей, Қарағанды, Өскемен, Екібастұз қалаларында дүкендерімізді аштық. Өнімімізді тура жеткізіп тұрамыз. Барынша нарықтағы сұранысқа мән береміз. Диванның қандай түріне тұрғындардан көбірек қызығушылық туындағанын интернеттен де бақылап, сүзгіден өткізіп отырамыз. Әрине, ең бастысы, сапа. Сондықтан, қолданатын материалдың сапасына мән береміз, — дейді Жанаргүл Орынбай.
Бүгінде өндіруші аптасына 80-90 дана диван шығарады. Одан бөлек, азаматтардың жеке тапсырысы бойынша 2-3 корпустық жиһаз жасайды. Яғни, ас бөлмесі, жатын бөлме, кіреберіске қажетті шкафтарды, мектеп шкафтарын тапсырыс берушінің талғамына, көрсеткен дизайнына сай жасайды. Кәсіпкер қажетті материалдарды Алматыдан тапсырыспен алғызады. Сапаны әрі еңбек өнімділігін арттыру үшін павлодарлық өндіруші құрал-жабдықтың озық үлгілерін пайдалануға тырысады. Жуырда кейбір станоктарды Түркия елінен сатып алған. Адам қолымен ұзақ жасалатын кейбір әрекеттерді арнайы құралмен іске асыруға көшкен. Ол үшін тиісті пистолет сияқты жиһаз өндірісінің керек-жарағын шетелден тапсырыспен алыпты.
Кәсіп иесі маман тапшылығын өзінше шешуді әлдеқашан меңгеріп алыпты. Яғни, келген адамды оқытып, үйретіп алады. Соның нәтижесінде кәсіпорында қызметкерлер жетіспеушілігі туындамапты.
Бизнесі қанатын жая бастаған соң кәсіпкердің жасаған жиһаздарын сақтайтын орын азайған. Бұл мәселені шешу үшін де тағы мемлекет көмегін көрген. Ол үшін биыл 30 млн теңге несие алып, цехтің жанындағы жеке үйді сатып алыпты. Бұл үйді цехке айналдырып, дайын бұйымдарын сақтайтын орнын айтарлықтай кеңейтуде. Осылайша, елімізде жиһаз өндірісінің ұлғаюына өзіндік үлесін қосуда.
Кәсіпкер бәсекелестерімен баға мен сапа арқылы үстем болуға мән беретінін айтады. Сондықтан барынша сапалы материал қолданып, бағасын аса қымбаттатпауға тырысатын көрінеді. Жалпы, жиһаз бағасы елімізде өткен жылы 11,8 пайызға қымбаттапты. Әсіресе, Алматы, Ақмола, Қарағанды өңірлерінде 22-27 пайыз көлемінде өсіпті. Ең аз жылдық өсім Жамбыл, Павлодар, Ақтөбе өңірлерінде тіркелген. Аймағымызда өткен жылы жылдық өсім 3,1 пайызды құрапты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.