Балалығы егістікте өткен Виталий Шоттер есімді железиндік механизатор өмірін астықты алқапсыз елестете алмайды. Техниканың гүрілдеген дауысы да жанына жайлы көрінеді. Ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуде алдына жан салмайды. Құрылымын бес саусағындай жаттап алған. Соңғы үлгідегі техникалардың да тілін табады. Үйренуден жалыққан емес.
— Мектеп кезінде бізді шөп шабу, егін ору науқандарына жіберіп тұратын. Сайын далада ересектерге көмектесіп жүріп, ауыл шаруашылығына бүйрегім бұрып кетті. Мектепті бітірген жылы туысқан ағам шаруашылық құрды. Ешқандай кәсіби білімсіз алып, мені К-700 маркалы алып техникаға отырғызды. Жүргізе алмайтынымды айтып едім, «отыр да, алға тарт» деді. Жастық жігермен, бұған дейін көргенім бар, әйтеуір, алып техниканы алға бастырып кеттім. Осылайша, еңбек жолым басталды, техникаға деген махаббатым ашылды, — деп алғашқы қадамдарын еске алды механизатор Виталий Геннадьевич.
Кейін «Ел-инвест» шаруа қожа-лығында еңбек етеді. Ал 2012 жылы «Жұмабек Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне механизатор болып орналасады. Содан бері аталмыш шаруашылықтың техникаларының ақаусыз, кідіріссіз жүйткуіне жауапты.
— Техникаларымызды, барлық құрал-жабдықтарымызды қыс бойы алдағы маусымға дайындаймыз. Кем-кетігін түгендеп, жөндейміз. Көктемгі егіс кезінде алқапты өңдеу, дәнімізді уақытылы сеуіп, күзде өнімімізді шашпай-төкпей жинап алу да – басты міндетіміз. Шыны керек, көктемде күзгі орақ науқанын асыға күтемін. Еңбектің жемісі, комбайнның ерекше жүрісі, айнала құйылған астық жаныма жылу сыйлайды. Механизаторлықтан басқа мамандықты елестете алмаймын, өзге бағытқа баруға да талпынбаймын, — дейді кейіпкеріміз.
Қазір күзгі орақ қызған шақ. Виталий Геннадьевичтің жұмыс күні таңғы 6-да басталады. Жұмысқа келісімен басшыларынан күннің негізгі тапсырмасын алады да, техникалары тізіліп тұрған алқапқа асығады. Алдымен, қолына арнайы шприц алып, техникасының тиісті тетіктерін солидолмен майлауға кіріседі. Комбайнның күні бойы сыр бермей жүйткуі үшін бұл күнделікті әдеттің өзіндік мәні бар екенін механизатор маман жақсы біледі. Комбайн кассеталарын үрлеп тазарту жұмысына да маңыз береді. Егістікке шыққан соң барынша молынан астықты бастырып алуға тырысады. Көбірек жинаған сайын табысы да еселенетін көрінеді. Табыс демекші, аталмыш азамат жұмыс берушісінің қамқорлығын жиі тілге тиек етті. Айтуынша, жұмысқа орналасқанда отбасымен көшіп барып, баспаналы болған. Бүгінде жұбайы Елена Витальевна екеуі жеті бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Сергей де әке жолын қуып, механизаторлық қызметке кірісіпті.
— Ұлымды бала кезінде өзіммен жиі егістікке ертіп баратынмын. Кейде рульді де беріп, қызықтыратын едім. Содан болашақ мамандығын таңдауда ойланбастан, саналы түрде менің ізімді жалғауды жөн көрді. Үш жыл Железинкада училищеде механизатор мамандығын меңгерді. Қазір өзіммен бірге бір шаруашылықта еңбек етуде. Аяқ алысы жаман емес. Іргелі мамандар қатарына қосылып үлгерді. Шаруашылық басшылары баламның талпынысын ескеріп, жаңадан баспана салып берді. Ұлым үйленіп, бүгінде немере сүйіп отырмын. Бес жыл осында қызмет етсе, баспана басыбайлы өзінікі болады, — дейді көпбалалы әке.
Виталий Шоттер қазіргі таңда техникаға құмартатын, ауыл шаруашылығына ұмтылатын жастар легі азайғанына алаңдайды. Өзі қатарлы аға буын кеткен соң ізін басатындар болмай ма деп қынжылады. Сондықтан бала кезден жас ұрпақты ауылда егінде еңбек етуге баулу қажет деген пікірде.
Жиырма жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығында еңбек ететін азамат механизатор болу жауапкершілікті, төзімділікті, ептілікті талап етеді, дейді. Жастарды тарту үшін мемлекет, жұмыс беруші тарапынан қолдау, ынталандыру тетіктері көптеп қарастырылуы қажет деген ойда. Еңбектен қорықпау керек деп санайды.
— Ауыл шаруашылығы — бүкіл елді асырап отырған сала. Мұнда маман тапшылығы болмауы тиіс. Жастарды адал еңбекке баулу керек. Мамандар тапшылығы сезілуде. Сондықтан қатарға жаңа буын легі қосылғанын қалаймын, — дейді В.Шоттер.
Кейіпкеріміз қазіргі таңда кіші ұлын да біртіндеп алқапқа апара бастапты. Болашақты бүгіннен ойлайтын көпбалалы әке ұрпағының еңбекпен ер жеткенін жөн санайды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.