Қыркүйек пен қазан айларында елімізде егін орағының қызған шағы екені мәлім. Жылда күз мезгілінде таңның атысынан кештің батысына дейін қырман басындағы қызу еңбектің қарқын алатыны тағы бар. Себебі, қылышын сүйретіп қыс жақындаған сайын көңілі күпті диқан қауымының уайымы үдей түседі. Жанар-жағармай бағасы және мемлекеттік қолдау шаралары — маңдай терімен жер баптаған диқан үшін аса маңызды. Жалпы, биыл облыс бойынша күзгі дала жұмыстарына қанша мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді? Жиын-терім жұмыстарын қолдау шаралары қалай жүзеге асуда?

Егін ору жайы талқыланды

Жақында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы саласына жауапты мамандармен кездесіп, жиын өткізді. Отырыс барысында жиын-терім мәселесі, егін ору жайы талқыланды. Айтуларынша, қазір ел бойынша жалпы егін алқабының 44 пайызы орылған. Қалған астықты да шашау шығармай, қамбаларға құю ісі қарқынды жүріп жатыр. Вице-премьер әкімдіктер мен министрліктерге шаруаларға қолдау көрсету керек екенін ескертті. Оның ішінде элеваторлардың жұмысын іргерілетуге, жанар-жағармай тапшылығын болдырмауға пәрмен берді. Күзгі дала жұмыстары аясында жиналған астықты кептіру ісі де күн тәртібінде қаралды. Вице-премьер элеваторларға қажетті сұйық отынды жеткізуді жүйелі түрде ұйымдастыру керек екенін еске салды. Қазір Энергетика министрлігі науқан аясында 5500 тонна сұйытылған газ бөлген болса, қалған 14 мың тоннасы өндірушілерден сатып алынады. Сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін астықты аймақтарға 209 тоннадан астам дизель отыны жеткізілген.

Өңірдегі жағдай қалай?

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі биыл күзгі егін ору жұмыстарына жанар-жағармаймен қамтамасыз етудің бұрынғы қалыптасқан тәртібі сақталатындығы, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арзан отынның жеткізілетіндігі туралы мәлім етті. Атап өтсек, ағымдағы жылы облыс бойынша күзгі дала жұмыстарына 30,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 мың тоннаға артық. Бүгінде оның 21 475 тон-насына өтінім берілді, 13 103 тоннасы төленді және 11 274 тонна жөнелтілді.

— Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының 1 тоннасының құны 282 мың теңгені немесе литріне 237 теңгені құрады, бұл нарықтық құнынан 58 теңгеге арзан (нарықтық құны 295 теңге/литр). Ал операторлық қызметтерді ескере отырып, республика бойынша орташа баға құны литріне 250 теңгені құрады. Шаруашылықтардың дизель отынын іріктеуі бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Жалпы өңірде өнімділігі тәулігіне 49200 тоннаны құрайтын 85 бірлік астық кептіретін техника бар. Онда дизельдік отынға қажеттілік 2,8 мың тоннаны, сұйытылған газға 4270 тоннаны құрайды. Биыл ылғалды астықты кептіруге 2800 тонна арзандатылған дизель отыны, 1008 тонна газ бөлінді. Қазіргі таңда мәселе оң шешімін тауып, 1008 тонна газ бөлінді, — деді баспасөз қызметінде.

Бұдан бөлек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің айтуынша, биыл өсімдік шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге субсидиялар бөлінді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4,1 млрд теңгеге 157 кредит, оның ішінде «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1,3 млрд теңгеге 44 кредит берілсе, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 2,8 млрд теңгеге 113 кредит берілді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 8,2 млрд теңге сомасына 127 қарыз алушы кредит рәсімдеп, 364 бірлік техника сатып алынды.

А.МҰҚЫШЕВ.