Аймағымызда өзінің ерекше дауысымен көпті тәнті етіп жүрген азаматтар баршылық. Солардың бірі — Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның солисі Бекен Жоламанов. Оның әр туындыда құбылып тұратын ерекше дауысын естімеген павлодарлық некен-саяқ. Әнші бүгінге дейін әр музыкалық шығарманы опера сахнасында жоғары деңгейде орындап келеді. Жуырда өнер жолын өмірімен байланыстырған филармония әншісімен сұхбаттасудың орайы түсті.
— Бекен Шаймарданұлы, өнер жолы — ауыр жол екенін, оны жүріп өту ерік-жігері мықты, еңбекқор, мақсатына адал адамдардың ғана қолынан келе-тінін білеміз. Осындай жолды таңдауыңызға не себеп болды?
— «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, әншілік өнер нағашылардан дарыды десем болады. Мәселен, анамның әкесі Құсайын атам кезінде әнші болған екен. Алайда оған «халық жауы» деп жала жауып, Қара теңізге айдаған деседі. Ал анам сол кездегі ашаршылықтан аман қалады.
Бала кезден әнге құмар болып өстім. Кез келген отырыстар мен жиындарда халық әндерін, Н.Тілендиевтің «Құстар қайтып барады», «Әке туралы жыр», Шәмші әндерін айтып өстік. Сондай-ақ, мектепте білім алып жүргенімде түрлі шараларда өнер көрсететінмін. Бұл өнерімді байқап қалған ұстаздарым: «Бекен, сен әнші болуың керек» деп ақыл-кеңестерін айтатын. Дегенмен, 1979 жылы мектепті бітірген соң бірнеше жыл ауылда көлік жүргізушісі болып еңбек еттім. Кейін әскери борышымды өтеу үшін Германия еліне аттандым. Ол жерде де өнерімді жалғастырдым. Қолыма қара домбырамды алып, сахналарда әндерімді шырқап жүрдім. Кейін үлкендердің сөзін тыңдап, өнер жолына біржола бет бұруды жөн көрдім. Сөйтіп, 1983 жылы Алматы қаласы Абай атындағы опера-балет театрының опера студиясына оқуға түсіп, оны «халық әндерін орындаушы» ретінде бітірдім. Кейін бірден туған жерге оралып, Павлодар қаласындағы Дзержинский (қазіргі Сәтбаев) көшесінің бойындағы филармонияға жұмысқа тұрдым. Сол кездегі филармонияның көркемдік жетекшісі Әнуар Қалиев болды. Ол кісіден үйренген дүнием мол болды. Араға екі жыл салып қайта Алматыға оралып, музыкалық училищеге түстім. Оған бірден 3-курстан қабылдады. Оны аяқтаған соң Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білімімді жалғастырдым. Ол кезде оқуға екінің бірі түсе бермейді. Консерваторияда білім алып жүргенімде Бибігүл Төлегенова секілді елімізге белгілі өнер майталмандары бізге дәріс оқыды. Оны аяқтаған соң «туған жерім, қайдасың?» деп Павлодарға қайта оралдым. 1-2 жылдай театрда қызмет еттім. Кейін белгілі бір жағдайларға байланысты жаңадан құрылып жатқан «Шаңырақ» орталығына ауыстым. Көп ұзамай орталықтың ішінен филармония ашылды. Онда 20 жылдан аса филармония солисті болып еңбек етіп келемін. Биыл өнер жолында жүргеніме 40 жылдай уақыт болыпты. Осы уақыттың көбі гастрольдік сапарлармен өтті. Осы уақыт аралығында Қазақстанның барлық қаласын аралап, концерттік бағдарламамызды қойдық. Тіпті, шекара асып, бірқатар елде өзіміздің өнерімізді паш еттік. Тәжірибе алмастық. Бүгінде зейнеткерлік жасқа жетсем де, еңбегімді жалғастырып келемін.
— Бір шығарманы дайындап, сахнаға алып шығу үшін қанша уақыт кетеді?
— Кез келген шығарманы сахнаға алып шығу үшін біраз уақыт қажет. Мәселен, опера, театрдағы партиялар болса, қысқа бір партияның өзін жаттау бір айға созылады. Ал басты рөлдердегі партиялар болса, екі-үш ай қажет. Өйткені, тек сөзін жаттаумен рөл дайын болмайды. Оны нақышына келтіріп, образын шығару қажет. Сонымен қатар, партия сенің дауысыңа «жатуы» керек, яғни сіңуі тиіс. Бұның бәріне уақыт керек. Оның үстіне, дауыс – тірі инструмент. Оған тіпті, даладағы ауа райы да, психологиялық жағдайың да, физикалық ахуалың да әсер етеді. Біз мамандығымыз арқылы спортшыларға біртабан жақынбыз. Күнделікті дайындық қажет. Тіпті, бір-екі күн үзіліп қалғанның өзінде, қайта қалыпқа келу үшін біраз тер төгеміз. Ал концерттегі ария, романстарды орындауға сәл аздау уақыт керек. Бірақ бұл жерде де бір-екі орындап, сахнаға шыға саламыз деген сөз емес. Оған да біраз уақыт жұмсалады. Алдымен, жеке өзім дайындаламын. Кез келген шығарманы алып шықпас бұрын онымен мұқият танысып, авторын зерделеймін. Содан кейін концертмейстеріме айтып, бірлесе жұмыс істейміз.
— Дауысты сақтап, күтудің өзіндік құпиясы бола ма? Мәселен, өзіңе ғана тән дәстүрлі емес тәсілдері бар ма?
– Дауысымды күтудің өзіндік құпиясы жоқ. Бірақ концерт алдында бір күн бұрын сөйлемеуге тырысамын, күнделікті спортпен шұғылданамын. Спектакль, концерт алдында тағамдарды қатты шектеймін, күтінемін. Дауыс – ол нәзік инструмент. Бізге ауыруға, суық ішуге, қатты айқайлап сөйлеуге болмайды.
— Опера тек таңдаулы адамдарға арналған өнер дегенмен келісесіз бе?
— Менің ойымша, опера – бұл ең демократиялық өнер түрі. Себебі, бұл симфониялық және әлем музыкасы, театрдың синтезі. Ол тектен-тек пайда болған жоқ. Опера театрына келген адам көңілі қалағанды табуы үшін құрылған. Опера – адам баласының музыкадағы ең керемет туындысы. Нашар опера мен оны нашар орындаудан кейін адамның опера театрына барудан беті қайтып қалуы мүмкін. Үнемі нашар операны тыңдасаң, бұл жанр құрдымға кетіп бара жатқандай сезіледі. Алайда спектакльге келіп, үлкен мүмкіндіктерді көрген кезде операның тірі екеніне және әлі де өмір сүретініне көзің жетеді.
— Таланттың үлесі аз, талпыныстың мысы басым дегенге келісесіз бе? Сіздің жағдайыңызда да солай айтуға бола ма?
– Иә, талант — бір пайыз, қалғаны — еңбек деген шын. Өйткені, дауыс берілгенімен себепкер болған ұстаздарымның арқасында еңбектеніп келдім. Дауысымды дамытып, шыңдау жолында талай бірлесіп еңбек еттік. Жоғарыда да айттым, спортшылар секілдіміз. Біздің мамандықтың қаншалықты қиын екенін қарапайым адамдар байқай бермейді. Әдемі образ, жылтыр көйлектің артында айлар бойғы, тіпті жылға созылған дайындық жатқанын білмейді. Шындығында да маңызды конкурстарға бір жыл бойы дайындалатын кездеріміз болады. Шығарма адаммен бірге өседі. Бір образ, бір опера болғанымен, әркім өзінше жеткізеді. Мақсатымыз да сол – халықтың жүрегіне жету үшін жүректен шығарып орындау. Ал жүрекке жету үшін кәсібилік керек. Оған жету, яғни, өз ісінің маманы болу үшін күнделікті жаттығу қажет. Сондықтан еңбектің үлесі зор екені ақиқат. Бастысы, мамандығыңа деген махаббат болмаса, жетістікке жету де қиындай түседі.
— Соңғы уақытта негізгі мамандығын әншілікке ауыс-тырып, тойлар мен концерттік бағдарламаларда ән салып жүрген адамдарды көзіміз шалып жүр. Әр маман өз саласына құрметпен қарау керек шығар. Бұған көзқарасыңыз қандай?
— Бүгінде өнерге әр саланың өкілдері келіп жатқаны рас. Мәселен, кей спортшылар өзінің саласында жетістіктерге жете алмай, өнер жолын «оңай» деп осы бағытқа ауысып жатады. Алайда олар өнердің жолы қандай ауыр екенін түсінбей, орта жолдан мұны да тастап кетеді. Негізі, өнерді жан-тәнімен сезініп, осы салаға берілген адам ғана нағыз өнер адамы бола алады. Сондықтан әр адам өзі қалаған ісімен айналысқаны дұрыс деп санаймын.
— Қазақ тыңдармандары опера тыңдай ма?
— «Қазір ел опера тыңдай ма? деген сауал маған жиі қойылады. Тыңдайды. Өйткені, адамдар қай кезде де рухани нәр алуға мұқтаж. Сондықтан жан байлығын, биік өнерді іздеген адам опера залынан табылады. Мәселен, концерттік бағдарламаларымызға келген 200 адамның шамамен 20-сы — музыкадан хабары бар адамдар. Осыдан операны тыңдайтын адамдардың бар екенін білуге болады.
Әуелден опера – теориялық тұрғыда театр, поэзия, би, музыканы біріктіретін синтетикалық өнер түрі. Ал рухани жағынан алсақ, классикалық өнер һәм адам жанының емшісі. Оны театр сахнасынан үздік қойылым тамашалағанның бәрі сезіне алады. Бастысы, сахна төріне жоғары деңгейдегі дайындықтан өткен туындыны алып шығу керек. Сонда өмірінде бірінші рет операға барған адамның өзі міндетті түрде оған қайта оралатын болады.
Операдан бөлек, симфониялық оркестрдің концертіне келетін өздерінің тұрақты тыңдармандары болады. Ал классикалық әуендерді екінің бірі тыңдай бермейді. Біз халық адамымыз. Сондықтан олардың рухани азық алуы үшін барынша еңбектенуге дайынбыз.
— Сіздің ойыңызша, өнер адамдарына бүгінде жағдай жасалып жатыр ма?
— Жасалып жатқан жоқ деп үзілді-кесілді айта алмаймын. Дегенмен, жалақы жағынан мәсе-лелер бар. Бүгінде еңбек табысымыз қоғамдық жұмыста еңбек ететін адамдардың жалақысымен тең. Олар да еңбек адамы ғой, бірақ өнер адамдарының жалақысын көтерсе, нұр үстіне нұр болар еді.
— Біздің өнерсүйер қауымға қандай тілек білдіресіз?
— Барлық музыкалық жанр өзінше ерекше. Алайда олардың барлығы операдан бастау алады. Сіздерге айтарым, операны сүйіп, тыңдай біліңіздер. Кішкентай балаларыңызға опера тыңдатып, театрға әкеліңіздер. Себебі, операны тыңдаған жанның жаны таза болады. Ол тек әсемдікке, жақсылыққа ұмтылады. Сіздерге тілерім, күндеріңіз жақсылыққа, игі істерге толы болсын!
— Әңгімеңізге рақмет! Өнеріңіз үстем бола берсін!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.