2024 жылғы 1 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Ол өз Жолдауында атом энергетикасын дамыту басты экономикалық және саяси аспектіге айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы бұл мәселені жалпыұлттық референдум арқылы шешуді ұсынды.

Өзге елдер де пайдалануда

Бүгінгі таңда атом энергиясы экологиялық тазалығымен, жоғары қуаттылығымен және дұрыс пайдаланғандағы тиімділігімен энергия алудың ең оңтайлы нұсқасын береді. Жылу электр станцияларымен салыстырғанда атом электр станцияларының отын шығыны бойынша артықшылықтары бар, бұл әсіресе отын-энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері және қазба отын өндіру құнының өсуі бар өңірлер үшін маңызды.

Атом электр станциялары қоршаған ортаны түтін газдары, күл немесе құрамында мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайды.

Дүниежүзілік ядролық қауымдас-тықтың мәліметі бойынша, қазір әлемде 415 ядролық энергетикалық реакторлар (ЯЭР) жұмыс істейді, тағы 60-ы салынып жатыр. Атом электр станцияларының ең көп саны АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Жапонияда (12), Ресейде (36) және Оңтүстік Кореяда (26) орналасқан.

Қазақстан атом электр станциясын салу туралы мәселе қозғалғанда 2022 жылы Қытай (CNNC), Ресей (Росатом), Оңтүстік Корея (KHNP) және Франция (EDF) кірген, тексеруден өткен реактор технологиясын жеткізушілердің қысқа тізімі жасалды. Қазақстан сондай-ақ екі американдық компанияның шағын модульдік реакторлар бойынша ұсыныстарын қарастыруда: General Electric және NuScale.

Сол жылы ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Ведомствоаралық комиссия Алматы облысындағы Үлкен ауылын АЭС салуға қолайлы жер деп белгіледі.

2023 жылы МАГАТЭ сарапшылары Алматы облысындағы Үлкен алаңы атом электр станциясын салуға дайын екенін растады.

2024 жылғы 27 маусымында Президент Қ.Тоқаев биылғы жылдың күзінде АЭС құрылысы бойынша референдум өтетінін мәлімдеді. Кейін 1 қыркүейкте нақты референдум өтетін күн 6 қазан деп белгіленді.

АЭС салу қажеттілігінің негізгі себептері:

1) Энергия тапшылығының ұзақ мерзімді шешімі ескірген инфра-құрылымды жаңғырту және электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру.

2) Энергия көздерін әртарап-тандыру – тұрақты энергиямен қамтамасыз ету және отын импортын азайту үшін меншікті уран қорын пайдалану.

3) Қауіпсіздік пен сенімділік – заманауи атом электр станциялары қауіпсіздік пен сенімділіктің жоғары дәрежесімен ерекшеленеді.

4) Экономикалық даму – жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту және технологиялық базаны дамыту.

5) Экологиялық тұрақтылық: CO2 шығарындыларын азайту және көмірге тәуелділікті азайту.

Қауіпсіздік

Қазақстанда 3 және 3+ буынды қысымды су реакторлары бар қуаты 2800 мегаваттқа дейін жететін жаңа буындағы АЭС құрылысы қарастырылуда. Бұл реакторлар жақсартылған экономикалық көрсеткіштерге және жоғары қауіпсіздікке, соның ішінде 9 баллға дейінгі сейсмикалық төзімділікке ие.  Мұндай реакторларда апаттар болған жоқ, ал заманауи қауіпсіздік жүйелері апат тудыратын кез келген әрекеттің алдын алады, бұл оларды Чернобыль мен Фукусимада пайдаланылған реакторлардың ескі түрлеріне қарағанда әлдеқайда сенімді етеді.

АЭС жобалау, салу және пайдалану кезіндегі қатаң стандарттарға байланысты техногендік апаттың ықтималдығы барынша аз. Заманауи станциялар жер сілкінісі мен ұшақ құлауы секілді төтенше әсерлерге төтеп бере алады.

Бүгінгі таңда 31 мемлекет атом электр станцияларын пайдаланса, ал Франция секілді жетекші елдер жаңа реакторлар салуды жоспарлап отыр. Түркия мен БАӘ секілді атом энергетикасына жаңадан келген елдер АЭС-тарды белсенді түрде салуда. Бұл технологияның қауіпсіздігін растайды.

Заманауи апаттардың ықтималдығы жылына 10-7-ден аз (10 миллион жыл жұмыста 1 апат). Мысалы, ЖЭО-да көмірдің жарылу ықтималдығы 80 есе жоғары.

Әрбір заманауи АЭС-та апаттық жағдайларда радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ядролық реакторды қорғау қабықшасы (контейнмент) бар.

Ғылыми зерттеулерге сәйкес, адамдар радиацияға басқа жағдайларда, мысалы, рентгендік зерттеулерде, биіктікте тұруда, ұшақта жұмыс істегенде де ұшырайды. Атом электр станциясының жанында тұрудың өлімге әкелетін салдары бар немесе физиологиялық ақауларға әкеледі деп пайымдауға негіз жоқ.

Радиоактивті қалдықтар халықаралық стандарттарға, соның ішінде МАГАТЭ стандарттарына сәйкес кәдеге жаратылады, бұл қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына қатерді барынша азайтады. Қазақстанның ядролық материалдармен жұмыс істеу тәжірибесі мол және сақтық шараларын қатаң сақтайды.

Құрылыс орны

Заманауи АЭС-тар 9 баллға дейінгі жер сілкіністерін ескере отырып жобаланады, бұл оларды сейсмикалық белсенді аймақтарда да тұрақты етеді. 2023 жылы халықаралық МАГАТЭ сарапшылары Балқаш көліне барып, бұл аумақта атом электр станцияларын орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ деген қорытындыға келді.

Бұл орынды неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеу үшін ықтимал табиғи және техногендік әсерлерді, соның ішінде жер сілкінісін ескеретін инженерлік зерттеулер жүргізілетін болады.

Қазақстанда құрылысы қарастырылып жатқан барлық реакторлар екі контурлы болып табылады, онда су бірінші контурда, белсенді аймақпен тікелей жанасып айналады. Бірінші контурдағы судың жылуы онымен жанаспастан екінші контурдағы суға беріледі. Бұл жағдайда турбина реактордың екінші контурында пайда болған бумен қозғалады. Жалпы, АЭС-та су шығарылған бу конденсацияланатын және қайтадан пайдаланылатын тұйық жүйеде айналады. Осылайша, АЭС-ты Балқаш көлінің жағасында орналастырған жағдайда көлге ластаушы және радиоактивті заттардың шығарындылары болмайды.

АЭС-тің Балқаштың су балансына әсері аз. Көлдің су балансын зерттеу халықаралық жобалар аясында жоспарланып отыр (Францияда кездесу жоспарланған). Климаттың әсері мойындалған жағдайда, АЭС-ты жобалау түзетілетін болады.

АЭС кәдімгі электр станцияларына қарағанда суды көп тұтынбайды. Екібастұз МАЭС-індегідей су қоймалары АЭС үшін жеткілікті болады.

Суды мүлде тұтынбайтын, қымбатырақ және 3-5 МВт энергия тұтынатын құрғақ градирня технологиясы қарастырылуда. Бұл техникалық тұрғыдан мүмкін, сондықтан сумен ешқандай мәселе болмайды.

Су қоймаларының жағасында АЭС салу барлық жерде тәжірибеден өтіп, бірде-бір ел су қоймаларына теріс әсерді басынан өткерген жоқ.

АЭС қоршаған экожүйеге оң әсер етуі мүмкін. Салқындату тоғандарында балық өсіріледі, Ресейдегі Калинин және Курск АЭС-тары мен Жапониядағы Фукусима-1 секілді балық аулау бойынша халықаралық чемпионаттар өткізіледі.

Бірқатар елдерде (Канада – Онтарио к., Нисканен ө.; Швеция – Вэттерн к., Кларет өзені; Жапония – Мацумото к., Тама ө.; АҚШ – Хоупвель к., Колорадо ө. және т.б.) АЭС жанындағы су қоймалары суға шомылу және балық аулау үшін еркін пайдаланылады.

Үлкен ауылының. тұрғындарының ұстанымы белгілі. 2023 жылғы 22 тамызында Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС құрылысы бойынша алғашқы қоғамдық талқылаулар өтті. Жергілікті тұрғындар жұмыс орындарының ашылуы мен инфрақұрылымның жақсаруына байланысты АЭС құрылысын жалпы қолдады. Ауыл аумағында да тұрмайтын экологтар мен азаматтық белсенділер теріс пікірлерін білдірді.

Жоба электр энергиясын тұтынудың өсуі мен энергияны импорттау мүмкін-діктерінің шектелуінен туындаған болжамды энергия тапшылығын шешуге бағытталған.

АЭС сырттан жеткізілетін электр энергиясына тәуелділікті азайтып, ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Атом энергетикасы өсіп келе жатқан жаһандық үрдіс болып табылады және көптеген елдер, соның ішінде көрші Өзбекстан да атом электр станцияларын салу жөнінде келіссөздер жүргізуде. Қазақстан үшін келешекте артта қалып, тәуелді болып қалмас үшін қазірден әрекет ету маңызды.

Сарапшылар пікірлері

Сергей Агафонов, Қазақ-стандық энергиямен жабдық-таушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы:

— Шынын айтқанда, біз көрші елдерден айтарлықтай көлемде импорттауға мәжбүрміз. 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдегі есептерге сәйкес, ең жоғары сағаттардағы тапшылығымыз 2,5 мың мегаватқа дейін жетті, бұл шамамен біз салуды ұсынып отырған атом станциясына сәйкес келеді: шамамен екі блок, олар бірге 2,4 мың МВт беретін болады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша халықаралық міндеттемелерді қабылдады. Заманауи АЭС-та кем дегенде 5 тосқауыл — 5 қорғаныс дәрежесі бар.

Дарын Бөргеков, ҚР ЭМ Ядролық физика институтының Астана қаласындағы филиалы директорының орынбасары:

— ЖЭК және күн энергиясы секілді баламалы энергия көздерімен салыстырғанда біз үнемі ауа райына тәуелдіміз. Егер күн болмаса, онда күн энергетикасы зардап шегеді; Жел болмаса, жел энергетикасы да қиындықтарды бастан кешіреді. Айта кету керек, бұл көздердің қызмет ету мерзімі 15 жыл болса, АЭС энергияның тұрақты көзі болып табылады. Қауіпсіздікті біз ғана емес, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік МАГАТЭ де бақылайды».

Акиро Токухиро, Онтарио технологиялық университетінің профессоры:

Қазіргі атом электр станциялары 70 жыл бұрынғыдан әлдеқайда қауіпсіз. Олармен жұмыс істеу үшін жоғары білікті мамандар қажет. Қазақстанда мұндай мамандар бар. Менің ойымша, 20 миллион халқы бар ел ретінде сіздер ядролық энергетика сала-сының кәсіби мамандары бар басқа елдерге қосыла аласыздар. Атом энергетикасының пайдасы тек электр энергиясын өндіруде ғана емес, сонымен қатар басқа салаларды дамытуда да жатыр.

Тимур Жантикин, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры:

— Қазақстанда АЭС салу еліміздің индустриялық дамуы үшін қажетті айқын шешім болып табылады, бұл сондай-ақ барлық салаларға оң мультипликативті әсер етеді. Бейбіт ядролық технологияларға көшу экологиялық мәселелерде тұрақты дамуға ықпал етеді. Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Осылайша, құрылыс 8 мыңға дейін адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, ал станцияны пайдалану кезінде тікелей 2 мыңға дейін жаңа жұмыс орындары ашылады.

 

Әзірлеген – Н.Қанатбекұлы.