Елімізде білім беру саласын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын жаңа мектептер саны артып, білім ордаларының заманауи құрал-жабдықтармен толығуы, жалпы, осы мақсатқа қазынадан қарастырылатын қаржы көлемінің ұлғаюы соның дәлеліндей. Бұл ретте, Павлодар қаласында да атқарылып жатқан игі істер аз емес екенін атап өткен жөн. Шаһардың білім беру жүйесіндегі соңғы өзгерістер мен жетістіктер жөнінде қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Төлегенұлы Қыдырәлинмен аз-кем сұхбаттасқан едік.

— Қуаныш Төлегенұлы, өзіңіз тізгінін ұстап отырған қаланың білім беру саласын одан ары дамыту мақсатында қандай жұмыстар жүзеге асуда? Осы бағыттағы жоспарларыңыз-
бен бөлісе кетсеңіз…

— Жыл сайын отандық білімді дамытуға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, бұл салаға бөлінетін бюджет көлемі да артуда. Мәселен, ағымдағы жылы қаланың білім беру жүйесінің шоғырландырылған бюджеті 55 мил-
лиард теңгені құрады. Салыс-тыру үшін айтсақ, осыдан 10 жыл бұрын қаланың білім беру саласының бюджеті 10 миллиард теңге болған. Ал бүгінде еселеп өсіп, соңғы 3 жылдағы бюджет көлемі 31%-ға ұлғайғанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде, 2020-2023 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шаһардағы 10 мектепті жаңарту жұмыстары жүргізілді. Тек биыл қаланың 2 мектебі күрделі жөндеуден өтті. Ондағы жұмыстар көп кешікпей аяқталмақ. Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде қала мектептерінің 35%-ы заманауи талаптарға сай келетін білім ордаларының қатарынан көрінуде.

Соңғы 3 жылда шаһарда білім алушылар санының айтарлықтай өсуіне байланысты шамамен 2,5 мың оқушы орнының тапшы-лығы анықталды. Оны шешудің жалғыз жолы — жаңа мектептер салу. Осы бағыттағы мәселелер біртіндеп оң шешімін табуда. Сонымен қатар, қалаға қарасты Атамекен кенті, Кенжекөл және Павлодар ауылдарында халық санының артуына байланысты алдағы уақытта мектепке дейінгі мекемелер салу жоспарда бар. Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру мәселесін шешу де өзекті. Осыған орай қосымша білім беру мекемелерінің желісі кеңейтілуде. Атап айтқанда, Теміржолшылар кентінде 200 тәрбиеленушіні қамтитын «Жалын» жасөспірімдер клубы ашылды.

Жалпы, білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жетілдіру мәсе-лелері кешенді түрде шешілуде. Келесі жылы К.Мақпалеев, №6, 24, 27, 29 мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Себебі, бұл білім ордалары ескірген әрі оқушы саны да көп. Сондай-ақ, мектепке дейінгі мекемелердің төбе жабындылары, санитарлық тораптар, ойын алаңдарын жөндеу жұмыстары да ойда бар.

— Сапаны арттырудың маңызды ресурсы сауатты менеджмент болып табылады. Осы орайда не айтасыз?

Барлық деңгейдегі басшылар курстық қайта даярлаудан өтті. Мектеп директорлары орынбасарларының сапалық деңгейі өте жоғары деп айтуға болады. Мәселен, олардың 48%-ы аттестатталды, оның ішінде 1-ші және 2-ші санаттағылардың үлесі 68%-ға жетті. Десе де, қалада мектеп басшыларының орынбасарлары мен мектепке дейінгі мекемелердің басшылары лауазымдарына кадрлық резервке қатысты күрделі мәселе бар. Білім беру бөлімі «Өзгерістердің 1000 көшбасшысы» ұлттық республикалық жобасының талаптарына сәйкес, «Кадрлық резерв мектебіне» 43 үміткердің іріктеуін жүргізді. Оқу мен практиканың бірінші жылының нәтижелері бойынша резервте тұрған 24 үміткер басқару жобасын сәтті қорғап шықты.

Бүгінгі таңда тиімді менеджменттің маңызды құралдары мектепті дамыту бағдарламасы мен сапалы мектепішілік бақылау болып табылады. Білім беру бөлімінің басқару қызметінің сапасына жүргізген мониторингі басшыларымыздың мектепішілік бақылау және стратегиялық жоспарлау бойынша қандай мәселе барын анықтады. Осыған орай жыл бойы басшылардың басқару тәжірибесін жетілдіру мақсатында стратегиялық жоспарлау дағдыларын қалыптастыру, мектептің миссиясын және дамудың өзекті бағыттарын әзірлеуге арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тағы бір айта кетерлігі, білім саласындағы қазіргі тренд цифрландыру және
жасанды интеллект енгізу екенін білеміз. Сондықтан барлық мекеме басшылары басқарудың тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологияларды қолдана білгені жөн. Мұндай тәжірибені алдымен А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп басқарушыларының командасы сынап көрді. Осынау өзекті мәсе-лелерді шешу мақсатында білім беру бөлімі іс-шаралар кешенін әзірлеуде.

— Қала мектептеріндегі мамандардың біліктілігіне көңіліңіз тола ма?

— Соңғы жылдары білім беру саласындағы кадрлардың сапалық деңгейінің артқаны байқалады. Мысалы, мектептер бөлінісінде жоғары санаттағы педагогтердің үлесі 77%-дан асты. Оның ішінде педагог-зерттеушілер, шеберлер мен сарапшылардың құрамы 53%-ға жеткен. Ал мектепке дейінгі мекемелерде бірінші және жоғары санатты педагогтердің үлесі 66%-ды құрайды. Сонымен қатар, педагогтердің инновациялық қызметінде, олардың әдістемелік белсенділігі мен кәсіби шеберлік конкурстарын қатысуында оң өзгерістер бар. Айталық, 351 педагог қалалық, 230 мұғалім облыстық, 15 ұстаз республикалық кәсіби байқаулардың жүлдегері атанды. Жас мамандардың да кәсіби байқауларға белсенді қатысатыны қуантады.

Жалпы, педагогтерді қолдау, біліктілігін арттыру және олардың құзыреттерін дамытуды қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда. Қалада тәлімгерлік ісі жүйелі түрде жүзеге асуда. Өткен жылы педагог-шеберлер мен зерттеушілерге 110 тәлімгер бекітіліп, табысты жұмыс істеді.

— Оқушылардың білім сапасы жайлы пікіріңіз қалай?

— Шаһар шәкірттерінің білім сапасы көрсеткіші жыл сайын ілгерілеп келеді. Мәселен, өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылардың оқу үлгерімі мен білім деңгейінің  мониторингі 0,5%-ға көтерілген. Негізі, білім беру ұйымының қоғамдағы имиджін айқындайтын көрсет-кіштердің өлшемі мемле-кеттік гранттардың үлесі болып табылады. Бұл ретте, биыл қала бойынша білім гранттары иегерлерінің үлесі 5,3%-ға артқанын атап өтуге болады. Осы жылы №25, 35 және  Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептердің түлектері көп грант иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, білім жетістіктерін бағалау бойынша 4-сынып және 9-сынып оқушыларының да нәтижелері респуб-ликалық әрі облыстық көрсеткіштерден жоғары болды.

Жасыратыны жоқ, 2023 және 2024 жылдары педагогтер білімін бағалау қорытындысы мақсатты мектеп мұғалімдерінің төмен нәтиже көрсеткенін анықтады. Олқылықтың орнын толтыру үшін осы оқу жылы басталғанға дейін аталған мектептердегі 396 педагог қайта даярлау курсынан өтті. Мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін жетілдіру қаланың барлық білім ордасында «Заманауи мектеп – заманауи сабақ», «Үздіктен үйрен!», «Табысты мұғалім – табысты оқушы» инновациялық жобаларын қамти отырып, ауқымды жобаларды іске асыру арқылы жүзеге асырылатын болады.

— Шыны керек, соңғы уақытта қала мектептерінде оқушылардың қатыгездік әрекеттері аракідік орын алуда. Қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынуда?

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңартылды. Сол бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие ісін дамытуға баса мән беріліп, балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері үнемі назарға алынуда. Осы мақсатта барлық білім беру ұйымы 100% бейнебақылау камераларымен жабдықталғанын айта кеткен жөн. Биыл қосымша 2348 бейнебақылау камерасы орнатылады. Сонымен қатар, қаладағы барлық мектепке дейінгі мекемеде домофон жүйелерін орнату жұмыстары аяқталу сатысында.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, жасөс-пірімдер арасында құқық бұзу-шылықтар, әлімжеттік көрсету жағдайлары әлі де орын алуда. Тіпті, қоғамдық резонанс тудырған оқиғалар да болғанын жасыр-маймыз. Осындай заңсыз әрекет-терге тосқауыл қою мақсатында қалалық білім беру бөлімі балалар мен жасөспірімдер  арасындағы құқық бұзушылық, қылмыс, буллинг және нашақорлықтың алдын алу мен 2023-2026 оқу жылдарына арналған жағымсыз құбылыстарға «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспар әзірледі. Бұдан бөлек, білім беру мекемелеріне зорлық-зомбылыққа тап болған балалардың мінез-құлықтарында байқалатын өзгерістер, кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық деңгейін анықтау бойынша әдістемелік ұсынымдар берілді. Қолайсыз отбасыларды анықтауға арналған чек-парақшалар әзірленіп, олармен жұмыс істеу алгоритмдері жасалды.

— Ал ата-аналармен жұмыс жүргізіле ме?

— Әрине,  ата-аналар да назардан тыс қалған емес. Өткен оқу жылында ғана Павлодар қаласының 43 мектебінде «Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталығы» қызметі ұйымдастырылды. Бұл жұмыс жаңа оқу жылында жетілдіруді талап етеді. Яғни, орталықтың жұмысына тек мектеп психологтерін ғана емес, сонымен бірге сынып жетекшілерін, әлеуметтік педа-гогтерді де тарту қажет. Қазіргі таңда осы бағыттағы іс-шаралар қолға алынуда. Сондай-ақ, білім беру бөлімі «Ата-аналарға арналған цифрлық құқықтық академия» жобасын әзірледі. Оның басты мақсаты-ата-аналарға құқықтық білім беру үшін олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және балалардың құқықтарын қорғауға белсенді қатысуға тарту үшін интерактивті білім беру платформасын құру. Сонымен қатар, білім беру бөлімі «Павлодар дарыны» бос уақытты ұйымдастыру және балалар дарындылығын дамыту орталығы» мен «Жігер» клубының жұмысын қайта құрастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

«Павлодар дарыны» бос уақытты ұйымдастыру және балалар дарын-
дылығын дамыту орталығы бала-лардың дарындылығын дамыту жөніндегі жұмыстармен айналысумен қатар, мектептермен бірлесіп «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде өзекті жобаларды іске асыруға атсалысуда. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса бермек.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.