Өткен аптада облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданына барды. Аймақ басшысы аудандағы әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын тексеріп, бірқатар мердігерге қатаң ескерту жасады. Сонымен қатар, аудандағы күзгі жиын-терім жұмыстарымен танысып, Жоламан және Жалаулы ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Спорт кешені ме, «мұз сарайы» ма?
Алдымен аймақ басшысы Асайын Байханов ауданда құрылысы тұралап қалған нысандардың бірі – Қараоба ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Құны 195 млн теңгені құрайтын аталмыш спорттық ғимарат ағымдағы жылдың қараша айында тапсырылуы тиіс. Алайда, кешенді қарап шыққан облыс әкімі құрылыс жұмыстарына көңілі толмайтынын айтып, мердігер өз жұмысын қайта дұрыстап жасамағанша нысанды бұл қалпында қабылдамауды тапсырды.
— Ғимаратты оқшаулау талаптарға сәйкес келмейді. Мұндағы спорт залда қыста 10-12 градус болады. Ал талап бойынша кем дегенде 17-18 градустық температура болуы керек. Жалпы, жобалау мен құрылыста кеткен қателіктер көзге анық көрініп тұр. Мәселен, ғимарат сапасыз оқшауланған, сондықтан мұнда қыста суық болады. Қаптама 100 мм-лік болуы керек еді. Ал мұнда қабырғалар мен төбелер жасанды арзан дүниемен қапталған. Негізі, базальтты плитамен қаптаған дұрыс. Оның айырмашылығы жер мен көктей. Бұл — жобалаушының қателігі. Сол себепті бұл ғимарат жылытуда да артық шығындарды қажет етеді. Болашақта мұндай қателіктерге жол бермеу үшін осыған ұқсас нысандарды салу бойынша өтінімдерді қайта қарау керек, — деді өңір басшысы.
Спорт кешенінің құрылысы сонау жобалау кезеңінен дұрыс жасалмағанын айтқан облыс әкімі болашақта осындай қателіктерге жол бермеу үшін облыстық сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Нұрбек Қонротбаевқа ангарлық типтегі барлық жаңа жобаларды қайта қарауды тапсырды. Аймақ басшысы балалар спортпен айналысатын ғимаратты ең төмен сападағы жасанды қаптамамен қаптау дұрыс еместігін айтып, алдағы уақытта мердігерлердің құрылыс жұмыстарына бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай Ақжол ауылында да орын алды. Облыс әкімі аталмыш елді мекендегі құрылысы ұзаққа созылып кеткен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барып, мердігер ұйым өкілімен кездесті. Мұнда да ангарлық типте салынған спорттық кешеннің дұрыс оқшауланбағаны, арзан қаптама материалдар қолданылғаны белгілі болды. Асайын Байханов облыстық сәулет-құрылыс басқармасына өзіне алған шарттық міндеттемелерді орындауда немқұрайлылық танытқан мердігерлерді жауапкер-шілікке тарту бойынша талап-арыз жұмысын бастауды жүктеді.
Қара жұмыстың құны қанша?
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асайын Байханов аудан шаруашылықтарын аралап, күзгі жиын-терім жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, жалпы егістік көлемі 73 мың гектарды құраса, оның 52,6 мың гектар жерінен дәнді дақылдар, 7,8 мың гектар алқаптан майлы дақылдар жиналуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша егістіктің 70 пайызынан астық жиналды. Дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына он центнер деңгейінде.
— Дәнді дақылдар бойынша ауданда 41 мың гектар бидай, 7 мың гектар арпа, 2 мың гектар жерден тары жиналуда. Ал картоп 3,2 мың гектар алқапқа егілсе, бүгінде оның 2 мың гектардан астамы жинап алынды. Негізінен, аудан бойынша картоп егумен 4 ірі шаруашылық айналысады. Олар суару құрылғыларының арқасында картоптың әр гектарынан 250-300 центнер өнім жинап алуда. Ал майлы дақылдар бойынша жұмыстар қазан мен қараша айларында толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз, — деді аудан әкімі.
Облыс әкімі аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі — «Ақтоғай-АГРО» ЖШС-нің егіс алқабындағы жүгері жинау жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпорын директоры Александр Терентьевпен жыл сайынғы индекстеу және қарапайым жұмысшылардың жалақысын арттыру мәселесін талқылады. Александр Терентьев бұл мәселеге қатысты тиісті деңгейде көңіл бөлінетінін айтып, егін орағы басталғалы шаруашылықта жалақы көтерілгенін жеткізді. Мәселен, картоп желісіндегі теруші сағатына мың теңге, тиегіштер мен қоқыс жинаушылар сағатына 1500 теңге алады.
— Жұмысшылар күніне 12 сағат жұмыс істейді. Әр сағаты шамамен 1000-1500 теңгені құрайды. Сондай-ақ, күнделікті екі мезгіл тегін ыстық тамағы беріледі. Жатын орындармен де қамтамасыз етілген. Егін жинау кезеңінде біздің жұмысшылар айына шамамен 500 мың теңге алады. Қазіргі уақытта шаруашылықта көптеген жалдамалы көліктер жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ, маусымдық жұмыскерлер саны артқан. Себебі егін жинауда ең бастысы – уақыт. Алқаптағы комбайн бір минут та тоқтамау керек. Келесі жылы жүгеріні мың гектарға, жоңышқаны 400 гектарға кеңейтеміз. Ал картоп өндірісін 150-200 гектарға азайтып жатырмыз, — деді А.Терентьев.
Айта кетейік, биыл аталған шаруашылық картоп жинайтын комбайн, заманауи тракторлар, 5 жаңбырлатып суару құрылғыларын сатып алды. Бұдан басқа, аталған шаруашылықтың жылытқыштармен және тоңазытқыштармен жабдықталған 50 мың тонна көкө-ністі сақтауға арналған астық қоймасы бар.
Бұдан басқа, облыс әкімі аудандағы бірқатар ірі шаруа қожалығына барып, жергілікті диқандар қауымымен күзгі дала жұмыстары жайлы әңгімелесті. Мәселен, аймақ басшысы Қожамжар ауылындағы «Agro Terra» ЖШС-нің картоп сақтауға арналған қоймасымен, шаруашылықтың алдағы жоспарымен танысты. Биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында серіктестік картопты қазып алатын және жинайтын «GT-170 M-MS» заманауи комбайнын сатып алды. Ағымдағы жылы аталған шаруашылықтан дала жұмыстарына 200-ден астам адам жұмылдырылған. Сондай-ақ, өңір басшысы ауданның тағы да бір ірі шаруа қожалықтарының бірі — «Надежда» ШҚ-ның күзгі дала жұмыстарымен танысты. Бүгінде бұл шаруашылықта астық жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Мұнда 13 мың гектар алқаптан орташа өнімділігі 11-12 центнер астық жиналуда.
Аймақ басшысы Асайын Байханов диқандармен әңгіме барысында демография мәселесіне деп тоқталып, аудандар мен кейбір елді мекендерде халық санының өсуі бойынша теріс көрсеткіштер бар екенін айтты. Бұл ретте облыс әкімі халық саны бір жылда 178 адамға азайған Ақтоғай ауданын, 400 адамға кеміген Ертіс ауданын мысалға келтірді. Ол осы үрдістерді ескере отырып, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытып, ауыл тұрғындарының жалақысын көтеру мәселесіне мұқият қарау керектігін баса айтты.
Ауыл инфрақұрылымын дамыту — маңызды
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Асайын Байханов Жоламан ауылындағы су құбырының құрылысымен танысты. Бүгінгі күні мұндағы жұмыстар 90 пайыз аяқталған. Өңір басшысы балалардың мектепке батпақ кешіп баратындығы туралы ауыл тұрғындарының шағымдарын еске салып, аудан әкімдігіне орталық су құбыры іске қосылғаннан кейін жолдарды толық тегістеуді тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы Шілікті ауылының кірме жолын жөндеу жұмыстарын тексеріп, мердігерге барлық жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды жүктеді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 233 млн теңге бөлініп, аталған елді мекеннің кіреберіс жолына қиыршық тас жабыны төселуде.
— Шілікті ауылының тұрғындары бұл жолды көптен бері күтіп отыр. Саз-батпақтың салдарынан бұл жолдан көктем мен күз мезгілінде адамдар мүлдем өте алмай қалады. Сол себепті сіздер оны қыс мезгіліне дейін аяқтауларыңыз керек, — деді облыс әкімі.
Келесі кезекте облыс басшысы тұрғындардың өтініші бойынша Жалаулы ауылына ат басын бұрып, күрделі жөндеуді қажет ететін ауылдық мәдениет клубында болды. Аймақ басшысы аталған әлеуметтік нысанды жөндеуге қолдау көрсететінін айтып, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастауды тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы көктемгі су тасқыны кезінде баспаналары зардап шеккен тұрғындар үшін арнайы салынған 5 үйдің жағдайын тексеріп, алдағы уақытта ауылды су басу қаупін жоюға бағытталған жаңа шұңқырлар мен бөгеттердің құрылысымен танысты. Қазіргі уақытта аталмыш ауыл төңірегінде сыйымдылығы 200 мың текше метр суды құрайтын үш жаңа шұңқыр мен 2 траншея салу жұмыстары аяқталды. Шұңқырлардан қазылған топырақтан қорғаныс бөгеттері құйылды. Осы жұмыстарға жауапты «MGS STORY GROUP» ЖШС мердігерлік ұйымының бас инженері Дмитрий Калмыковтың айтуынша, көлемі 60 мың текше метрлік үш шұңқыр 200 мың текше метр еріген қар суын жинай алады.
– Қосымша бөгет ретінде топырақты үйдік. Бұл қарғын судан қосымша қорғауға көмек етеді. Геодезистпен тексеріп, ең төмен нүктелерді анықтаған болатынбыз. Осылайша 50 метр қашықтықта су ағызылады. Бұл — су басудың жаңа тәуекелдерін жоюға үлкен септігін тигізері анық. Сондай-ақ, алдағы уақытта адамдар мен малдың қауіпсіздігі үшін жасанды су қоймасының айналасына қоршаулар орнатылады, – деді бас инженер.
Еске сала кетсек, биыл наурыздың аяғында қардың жылдам еруі мен жауын-шашынның, сондай-ақ, қатты желдің салдарынан дала аймағынан ауылға еріген қар суы ағып, нәтижесінде ойпаң жерде орналасқан 14 тұрғын үй су астында қалған болатын. Осыған байланысты ауылда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Су тасқыны кезінде үйлері зардап шеккен барлық ауыл тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетілді. Бұл үш субұрғыш шұңқырды, арықтарды тез қазып, бөгет салуға мүмкіндік берді. 14 үйдің тоғызы жөндеу және қалпына келтіру үшін ақшалай өтемақы алса, бесеуі қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Олардың орнына жаңа үйлер салынып, бес отбасы баспаналы болды.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ,
Ақтоғай ауданы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.