Әлемде әрбір оныншы бала шала туса, Қазақстанда жыл сайын шамамен 250 мың бала мерзімінен бұрын дүние есігін ашады екен. Қазақ халқы ескіден жеткен дәстүр бойынша мұндай балаға «Шалабай» деп ат қойып, оны тымаққа салып жетілдірсе, бүгінгі заманда ондай балалар арнайы кювезде жатып, уақытын, салмағын толтырып барып шығады. Бұл ретте Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығындағы неонтолог мамандар заманауи жабдықтардың көмегімен уақытынан бұрын туған шақалақтарды аман алып қалуда.
Аймағымызда биыл 6 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, оның 400-ге жуығы шала туған. Өмірге мерзімінен бұрын келген шақалақтың басым көпшілігінің салмағы 1 келіге жетпейді екен. Сондықтан да олар ең үлкен қауіп-қатер тобына жатқызылады. Сәбилерді құтқару үшін білікті медициналық маман қажет. Шала туған сәбиді адам қатарына қосумен неонатология қызметінің мамандары айналысады.
Жалпы, елімізде дамуында кемістік пайда болу қаупі жоғары нәрестелерді ерте диагностикалау, ерте медициналық көмек көрсету — өзекті мәселе. Өмірге келген сәттен бастап қолға алынған ем шаралары баланың денсаулығын түзетіп қана қоймай, жаңа бұзылыстардың пайда болуын тудырмайды. Сондықтан неонатологтар жаңа туған нәрестенің жағдайын бақылауға жауапты. Олар сәби туған уақыттан бастап, перзентханадан шыққанша бірге жүреді.
— Соңғы уақытта заманауи технология және білікті дәрігерлердің көмегінің нәтижесінде шала туған балалардың өмір сүріп кету жағдайлары жақсара түсті. Облыс бойынша босанатын әйелдерге дәрігерлік көмек беретін мекемелер Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында орналасқан. Жыл басынан аймағымызда 6086 сәби дүниеге келсе, олардың 365-і шала туған. 46 баланың салмағы 1500 грамға дейін болды. Салмағы өте аз боп туатын сәбилердің тірі қалу көрсеткіші бүгінде 68 пайызды құрайды. Жүктіліктің 34 аптасына дейін жарық дүние есігін ашқан кішкентайлар перинаталдық орталықта ем қабылдайды. Егер аудандарда немесе екінші деңгейлі перзентханада бала шала туса, оны біздің медициналық авиация бригадасы шұғыл түрде осында жеткізеді. Соңғы 8 айда осындай 40 бала түсті, — дейді облыстық перинаталдық орталықтың неонатология қызме-тінің басшысы Жаңылай Қапанова.
Неонатолог мамандар шала туған сәбилердің өмірі үшін күні-түні күресетінін атап өту керек. Бұл ретте сәбилерге неонатальді скрининг, аудиологиялық скрининг, офтальмологиялық скрининг жүргізеді. Мұндағы мақсат — баланың бойындағы ақауларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті ем тағайындау. Шала туған балаларда көбіне өкпе жетіспеушілігі, респираторлық дистросиндром, бас сүйек ішіне қан құйылу, бронх-өкпе дисплазиясы, туа біткен пневмония, хирургиялық аурулар жиі тіркеледі. Сондай-ақ ретинопатия аурулары да көбейе түскен. Шала туған шақалақтар ұзақ уақыт өкпені тыныс алдыратын аппаратта жатқанда оттегі мөлшерінің тым көп болуынан көз жанарының тамырлары зақымданады. Сөйтіп, көз аурулары пайда болады. Немесе ол туабітті пайда болуы мүмкін.
— Орталықта көз дәрігері бар. Ол да балаларды туғаннан бақылай бастайды. Кейде көз жанары кемістігімен туғандарда біраз уақыттан соң көздің ішкі тор қабығының ажырау қаупі туындайды. Ондай балаларға ота тағайындалады. Жыл басынан 15 балаға ота жасалды.
Жансақтау бөлімінде 18 төсек-орын қарастырылған болса, жаңа туған балалар патологиясы бөлімшесінде 60 төсек-орын бар. Ұйым қызметкерлері сәбилердің ана сүтімен қоректенуін қатаң қадағалайды. Сәбиді омырауға салу, омырау сүтін дұрыс сауып берудің ережелерін аналарға үйретеді. Осындай қамқорлық іс-шараларының нәтижесінде орталығымыз «Балаға сүйіспеншілікпен қарайтын аурухана» атағын иеленді. 2018 жылы катамнез кабинеті ашылған еді, онда стационардан үйіне жіберілген сәбилердің әрі қарайғы дамуы бақыланады, — дейді Жаңылай Ғалымжанқызы.
Жас дәрігер Бақытгүл Қайратова жалпы перинаталдық орталықтың әр бөлімшесінде неонатолог мамандар бар екенін жеткізді. Айтуынша, егер баланың салмағы кемі 500 грамм болса оны қалыпты жағдайға дейін дамыту мүмкін болады. Көп сәбилер туғаннан кейін тыныс алу жүйесі дамымай, оттегі аппаратына жалғанады.
— Шала туған шақалақты немесе ауырып қалған нәрестені жатқызуға арналған, оттегіні автоматты түрде беретін әрі жайлы температуралық режимді сақтап тұратын кувез құрылғысы бар. Баланы ішіне орналастырған соң қажетті температураны, ылғалдылық нормаларын баптаймыз. Бұған қоса былтыр респираторлық көмек көрсететін жаңа құрал-жабдықтар әкелінді. Бізге аудан-ауылдардан да жүкті аналар көп келеді. Баланы кесарь тілігімен алу жағдайлары жиі кездеседі. Сондай уақытта мамандар кәсіби көмек түрлерінің бәрін көрсетеді. Бала жатырда жатқан кезеңде өміріне қауіп төндіретін факторлар анықталған жағдайда да жүргізілетін үрдістер бар. Соның барлығы белгілі бір кезең ішінде жүзеге асып отырады. Мұндай әдіс-амалдар ана мен бала өмірін аман сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр, — дейді жас маман.
Дәрігерлер кез келген ана жүктілікті алдын ала жоспарлағаны дұрыс деп есептейді. Ал жүктілік кезеңінде дәрігер мамандардың бақы-лауында болудың маңызы зор. Мамандардың ақыл-кеңесіне үнемі құлақ түріп, ықтимал қауіпті жайттардың алдын алып отырса, өмірге дені сау сәби әкелудің мүмкіндігі арта түседі.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.