Арамшөптің де ең зияндысы бар. Соңғы жылдары аймағымызда жорғалаушы қыша деген өсімдік тамырын жайып, дақылдардың сапасына кері әсерін тигізуде. Зияндысы сол, дақылдарды экспорттауға мүмкіндік болмай отыр.
Осы ретте, фитосанитарлық шаралардың жүйелі жүргізілуі маңызды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Шүйкенов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Биыл егілетін 55,8 мың тонна ауылшаруашылық дақылдары тұқымдары дәрілеуден өтті. Ресурс үнемдеуші технологиялар арқылы гербицидтер 125,3 мың га алқапта қолданылды. Бұдан бөлек, саяқ шегірткелер дернәсілдерінің қоныстануы бойынша 112,500 мың га алқап зерттелді. Химиялық өңдеу жұмыстары 15,981 мың гектар жерде жүргізілді. Үйірлі шегірткелер (италиялық прус) дернәсілдері бойынша мониторингтік зерттеу жұмыстары 722,9 мың га алқапта ұйымдастырылды. Нәтижесінде 3,513 мың га алқап өңделді, – дейді А.Шүйкенов.
Карантиндік нысандардың көбеюі мен таралуына жол бермеу мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен биыл 62 ауылдық округте және 79 шаруашылық жүргізуші субъектілерде жатаған укекіренің таралуына байланысты (62,7 мың га) карантиндік шаралар жүргізілді. Арамсояу бойынша (66,7 га) 6 аудан және 9 ауылдық округте «карантиндік аймақ» жарияланған.
Жыл басынан бері қалалық және аудандық аумақтық инспекцияларының мамандары 1067 бақылау субъектісінде (объектісінде) профилактикалық бақылау жұмыстарын жүргізіп, заңбұзушылықты болдырмау үшін 112 ұсыныс берген.
Мемлекеттік қордың жерлерінде химиялық өңдеу жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Ал ауылшаруашылық субъектелері өңдеу жұмыстарын өз қаржысына жүргізуі тиіс.
Оралхан ҚОЖАНОВ.