Бүгін мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Мүбәрак Кәрімұлының жазушылық, ақындық жолы жайында емес, оның адами қасиеті мен шәкірт тәрбиелеудегі ұстаздығы жайлы және қоғамдағы қайраткерлік қызметі туралы айтамын. Иә, бүгін Мүбәрак атамыздың сан қырлы еңбек жолы мен біз білмейтін шығармашылығы және оның асыл қасиеттерінің ашылатын күн! 

Мүбәрак ағаны мен алғаш 1962 жылы көрдім. Железин ауданының қазіргі Аққайың ауылында 6-сыныпта оқып жүрген кезім еді. Сол жылы мектебімізге  белгілі балалар ақыны, өлеңдері «Пионер» журналы  және «Қазақстан пионері» газетінен таныс Мүбәрак Жаманбалинов ақын келді. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі, әдебиет үйірмесінің жетекшісі Қабек Сағитов ұстазымызды іздеп келіпті.

Қабек ұстазымыз Мүбәрак ақынды бірден әдебиетке құштар деген біздің сыныпқа алып келді. Ақын ағамыз өлең жазып жүрген балалардың өлеңдерін тыңдағаннан кейін бізге Қазақ мемлекеті жайлы шығарма жазғызды. Оқушылардың жазған шығармаларымен танысып шыққаннан кейін Хамида Қапиятова деген қыз бен менің шығармама жақсы баға берді. Кездесу барысында жас ақындар мен журналист мамандығы жайлы айтып, қазірден бастап мамандық таңдауға көңіл бөлулерің керек, — деді. Бізбен қоштасып бара жатып, менің
қасыма келіп, түбі қызым сенен журналист шығады, балалар журналына шағын мақалалар жазып тұр, — деп кеңес берді. Міне, сол кездесуден кейін мен болашақта журналист боламын деген арман жетегінде жүрдім.

1964 жылы Республикамыздың, сонымен қатар Павлодар облысының жер-жерлерінде қазақ мектептері жаппай жабыла бастады. Нағыз орыстану заманы басталды. Көп ата-аналар қорқақтап, ертең балалары жоғары оқу орнына түсе алмайды деп, бірден балаларын орыс мектептеріне бере бастады. Біздің үй іші де сондай ойда болды. Бірақ мен көнбей отырып алдым. Ертіс қаласында бір қазақ мектебі сақталып қалыпты деп естідім. Сонда барып оқимын дедім. Ағам мен жеңгем көнбесе де, анам қайда барсын, рұқсатын берді. Сөйтіп, Ертіс қаласындағы қазақ мектебінде оқуымды жалғасты-ратын болдым. Әрі мұнда Мүбәрак Жаманбалинов ақынмен кезде-суге мүмкіндік туады деп қуандым.

Ертіс қаласында оқыған үш жыл ішінде Мүбәрак ағамен жиі кездесіп тұрдым. Ол кісі мектептегі жиындарға келіп жүрді. Жазуға бейімі бар деген балаларды үйіне де шақырып, ақыл-кеңесін беріп, журналистиканың қыр-сыры жайлы айтып, облыстық «Қызыл ту» газетіне шағын жаңалықтар жазуды үйретті. Ал апамыз Қадиша болса интернатта оқып жүрген, пәтерде тұрған біздің қарны ашпасын деп бауырсақ пісіріп, ақ дастарханын жаятын.

Мүбәрак ағамыз бізден кейін мектеп бітірген Ертіс қазақ мектебінің түлектері Ғалымбек Жұматовқа, Зейнолла Абажановқа Ырысты Қалижановаға да бағыт-бағдар берген адам. Бүгінде оның сол шәкірттері республикамызға танымал жазушы-қаламгерлер екенін мақтанышпен айта аламын.

Мүбәрак аға өте керемет адам еді ғой. Мінезі кейде бала сияқты, аңғал, адамға сенгіш, өте мәдениетті, әрі қарапайым болатын. Ал егер дұрыс болмаса, қатаңдық көрсететін. Ол кезде  ештеңеге қарамайтын, тура айтатын.

1966 жылы Алматыға ҚазМУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Құжаттарға қосымша газетке шыққан мақалаң және телевидение мен радиодан өткен хабарларыңның печать қойылған көшірмесі болу керек екен. Ал мен газетке шыққан материалдарымды әкелмеп едім. Керек екенін білмедім ғой. Содан Ертіске Мүбәрак ағамызға звондап, бар жайды түсіндіріп айттым, мүмкіндік болса газеттегі мақалаларымды жібере аласыз ба дедім.

Мүбәрак Кәрімұлы ерінбестен, газет архивінен біраз өлеңдерім мен шыққан мақалаларымды, Алматыға оқуға келе жатқан ұлы Ғылмиденнен беріп жіберіпті. Міне, осылайша мен құжатта-рымды ҚазМУ-дің журналистика факультетіне тапсырып, ағаның көмегі арқасында сол жылы жоғары оқу орнына түстім.

Студенттік шағымызда да Мүбәрак ағамен үнемі кездесіп отырдық. Ол Алматыға Жазушылар одағына не кітап баспасына келе қалса, павлодарлық студенттерімен жолықпай кетпейтін. Біздің басымызды қосып, кафеге де апаратын. Бізге туған баласындай қарайтын.

1973 жылы Алматының телерадиокомитетінен Павлодар облыстық телерадио комитетіне қызметке ауыстым. Міне, осы жылдары Мүбәрак аға журналистика саласының небір қырларын айтып, тақырып таңдауда да кеңес беріп отырды. Қызмет бабында да жиі кездесіп, хабарласып тұрдық. Кезінде телевидениеге ол кісінің шығармашылығы жайлы төрт хабар, радиоға да бірнеше рет хабар дайындадым. Соның біразы алтын қорда бар.

Мүбәрак аға менің радиодан берілген, телевидениеден көрсетілген хабарларыма үнемі пікір айтатын. Экран мен эфирден берілген хабарларың  халыққа жақын болу керек деп кеңес беретін. Еліңнің патриоты, ұлтжанды болуыңмен қатар, журналист деген атаққа лайықты болуың қажет деп ақыл айтатын.

Отан, туған жер, тіл мен қазақ мәдениетіне жақын болып, елдің мүддесін қорғауың керек деп түсіндіретін. Өзі де қарапайым халықтың жайын жазып, халықтың мүддесін қорғады емес пе! Мына бір өлеңіне көңіл аударайықшы!

Өмір деген — от-құйын,

Оны жеңбей, жоқ күйің.

От-құйыннан жасқансаң,

Ақындығың көк тиын.

Сөз — көңілдің айнасы,

Айнаң ашық жайнасын,

Жайнамаған айнаның,

Соқыр тиын пайдасы,

деген өлең жолдары журналистер мен ақын-жазушыларға арналғандай. Көтерген проблемаңның нәтижесіне жету керек деген ойды білдіреді. Сондықтан мен қай кезде де халыққа жақын мәселенің ортасында жүруге тырыстым. Ол Мүбәрак ұстазымның аманаты еді. Бүгінде осы журналистика мамандығын таңдауыма себеп болып, жазудың сырын бойыма дарытқан ұстазым, ақын әрі жазушы, журналист Мүбәрак Жаманбалиновке алғысым шексіз!

Орыстар Шолоховты халықтың арасынан шыққан, ел ішінде өсіп-өнген, ауылда тұрып қаншама туындыларды дүниеге әкелген ұлы жазушы деп бағалайды. Мүбәрак Жаманбалинов те басқа жазушылардай Астананы жағаламай, Павлодарда тұрмай-ақ, ел арасында, осы Ертісте жүріп ауылдағылармен біте қайнасып, бүкіл мақалалары мен кітаптарын ауылда отырып жазды. Сондықтан да ол — Қазақстанның Шолоховы. Ол өмірінің соңына дейін туған жері мен туған ауылына, ел адамдарына қызмет етті.

Жазушылық, ақындығымен қоса, ол — өлкетанушы да. Ертіс, Ақтоғай, Железинка аудандарының тарихын зерттеп, каншама ұмыт болған жер-су аттарын қайта жаңғыртып, ессіз қалған зираттардың  орнын  белгілеп, оны қоршатып, талай тарихи түлғалардың есімін елге аян етті, сол жайлы көлемді мақалалар жазды. Жаяулап жүріп, астында автокөлігі болмаса да, ел-елді аралап, құнды дерекетер жинап, халқына асыл мұра қалдырды. Ел тарихы жайлы зерттей отырып кітап жазды.

Мүбәрак Жаманбалинов өзінің бүкіл шығармашылық еңбек жолын зейнетке шыққанға дейін бір ғана облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жұмыс істеген. Газеттегі қызметіне қоса, ол өзінің жас оқырмандарын ешқашанда ұмытқан емес. Балаларға арнап өлең, дастан, поэмалар мен аңыз-ертегілер де жазып отырды. Ол елдік пен ерлікті көрсетіп, балалардың бойына сол шығармалары арқылы адалдық пен адамгершілікті, кішіпейілділік пен қайырымдылықты дарытты.

Ал журналист ретінде газеттерге қоғамдық пікір тудыратын келелі-келелі мақалалар жазып, проблемалық мәселелерді көтеріп отырды. Әсіресе, оның туған ана тіліміз –қазақ тілінің мәселелерін көтерген мақалалары — оқырмандарды толғандырған дүниелер. Қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінің жай-күйі жайында бар жанайқайымен проблемалық мақалаларды дүниеге әкелді. Тіпті, алдына көмек сұрап келген адамдардың жанайқайын тыңдай отыра, олардың бар проблемаларын шешуге атсалысты.

Облыста «Қазақ тілі» қоғамы өмірге келісімен тілдің аясын кеңейту үшін Ертіс ауданында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оны өзі басқарды, бұл оның қоғамдық жұмысы еді. Зейнетке шыққан кейін 1991 жылы ауданға қазақ тілінде газет керек екенін дәлелдеп, «Ертіс нұры» газетін ашып, кезінде оны басқаруды да өз қолына алды.

Мына бір жай есімде мәңгілікке қалды. 2004 жылы Мүбәрак Жаманбалиновтің 80 жылдығын Ертіс ауданының халқы атап өтті. Сол салтанатқа шәкірті ретінде мені де шақыртты. Айтайын дегенім, ағаның қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі жайында. Облыстан, ауданнан келген біраз дөкейлер болды. Сонда соларды қоя тұрып, қасына шәкірті деп мені бір жағына отырғызса, екінші жағына өмір бақи шығармашылық жолында дос болған белгілі журналист, жазушы Айтжан Бәделхановты отырғызды. Сол сәттегі қуанышымды сіздерге жеткізе алар емеспін.

Шағын естелігімді қорытындылай келе, 42 жыл журналистік қызметімнің кезеңінде Мүбәрак ақындай жаны, ары таза, халқы үшін жаратылған шыншыл, турашыл журналисті сирек кездестіріппін.

Кереметі сол, ол кісі бастаған ісін, берген уәдесін орта жолда қалдырмайтын. Міне, қазіргі журналистика саласында осындай қалам-герлерлерді  таппай  жатқанымыз, бізді алаңдатады.

Мүбәрак ағаның ізбасарлары көбейсін деп бүгінгі ойымды аяқтай отыра, ақын, жазушы әрі журналист ағамыздың 100 жылдығын атап өтіп отырған Ертіс ауданының халқына, оны басқарып отырған аудан әкімі Болатбек Шәріповке көп рахмет айтамын.

Ең бастысы, осы шараның өтуіне мұрындық болған Павлодар облысының әкімдігіне әрі осы 100 жылдық мерейтойдың өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновке алғысым шексіз. Сол сияқты Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма-сына, Медет Тауасқанға рахмет.

Ұлтына адал қызмет атқарып, ұлт руханиятына өзіндік үлес қалдырған, тіліміз бен мәдениетімізді өркендетуге атсалысқан қайраткер ағамыз, Ертістің ұлы тұлғасы, қаламгер Мүбәрак Жаманбалиновтің шығармашылығы жылдан жылға жаңғырып, жастарымыз оның бар асыл мұрасын бойларына дарытса деймін! Ұлтжанды, патриот, адал жастар көп болсын!

Мүбәрак ағамыздың арамызда отырған ұрпағына мың жасаңдар деп тілек айтамын!

 Ғалия Балтабай, «Құрмет» орденді журналист Павлодар облысының және Железин ауданының Құрметті азаматы.