Еңбекке енді араласқан жас мамандарды қалып-тастыру, бейімдеу және олардың құқығын қорғауда кәсіподақ ұйымдарының үлесі зор. Соның ішінде білім беру саласына қарасты кәсіподақ ұйымы бүгінде түрлі бағытта жобалар мен іс-шараларды жүеге асырып, кәсіподақтың әрбір мүшесіне айрықша көңіл аударып келеді. Саланың жұмысы туралы Жастар кеңесінің төрағасы Айнұр Әбілдинова толығырақ баяндап берді.
— Айнұр Еркінқызы, білім беру саласына қарасты кәсіподақ ұйымының басты міндеттері қандай? Әңгімені осыдан бастасақ…
— Білім беру саласы кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – осы саладағы жастар саясатын іске асыру, жастарды кәсіподақ қызметіне тарту, олардың еңбек және әлеуметтік салаларында орын алған түйткілді мәселелерінің шешілуіне атсалысу. Облыстық кәсіподақ ұйымының құрамында 35 жасқа дейінгі 9 647 адам бар, бұл кәсіподақ есебінде тұрғандардың жалпы санының 27 пайызын құрайды.
— Жалпы кәсіподаққа мүше болу жас мамандарға не береді?
— Білім беру саласындағы жас мамандардың кәсіподақ ұйымына мүше болудың түрлі артықшылықтары және пайдасы бар. Соның ішінде ұжымдық шартта айқындалған түрлі әлеуметтік пакеттерді атап өтуге болады. Мысалы ретінде бірнешеуіне тоқтала кетейін:
— экологиялық аймақта тұратын қызметкерлерге экологиялық жәрдемақы төлеу және экологиялық демалыс беру;
— білім беру ұйымдарының штаттық кестесіне енбеген біліктілігі бар жұмыскерлерге (жүргізу-шілерге, аспаздарға, электриктерге, кір жуу машиналары операторларына және т.б.) сауықтыру жәрдемақысын төлеу сынды мәселелер шешімін тапты. Білім қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу кәсіподақ үшін ең басты мәселе болған еді. Осылайша, 2020 жылдан бастап мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтерінің еңбегіне ақы төлеу екі есе артты, мұғалімдер жүктемесін азайту шаралары қабылданды. Сондай-ақ, тынығу уақытын нормалау жүйесі әзірленді. 2021 жылдан бастап мектеп педагогтерінің жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа азайды. Магистр дәрежесі, сондай-ақ, тәлімгерлік, спорттық секцияларын жүргізгені үшін, сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені үшін қосымша төлем енгізілді. Ал 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің жүргізетін есептілігі үш құжатқа дейін азайды. 2024 жылдан бастап аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандар үшін бюджеттік кредит 2500 АЕК-ке дейін, ауылдық елді мекендер үшін 2000 АЕК-ке дейін ұлғайды.
— Жас мамандарды осы ұйымның құрамына көптеп тарту бағытында қандай жұмыстар қолға алынуда?
— Жастарды қатарымызға тарту үшін түрлі тәсілдерді қолданып жатырмыз. Атап айтсақ, облыстық, қалалық, аудандық филиалдардың жанынан Жастар кеңесі құрылды. Бұл кеңестердің өкілдері түрлі тақырыптарды талқылайтын форумдар, жазғы лагерьлер, фестивальдер және конференциялар ұйымдастыруда. Міне, осындай іс-шаралардың арқасында біздің қатарымыз толығып, көбейіп келеді. Мұндай жобалар жастардың жұмысқа деген ынталарын көтеріп, кәсіби жетілуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаларын жүзеге асыруға, бағдарламаларын әзірлеуге көмек қолын созамыз. Ал кейбір мамандардың қосымша білім алуына, жұмысқа орналасуына жағдай жасалады. Одан бөлек, жастарды қоғамдық шараларға көптеп тартып, қоғамдық өмірге етене қатысуына ықпал етеміз.
— Жас ұстаздарды қолдау, оларға бағыт-бағдар беріп жетілдіру жолында кәсіподақ бірлестігі қандай жобалар жүзеге асыруда.
— Бұл бағытта көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған дәлел ретінде біздің өңірдегі іске асып жатқан келесі жобаларды атап кетсем болады: Мысалы, Павлодар облысының білім беру мекемелеріндегі «KASIPODAQ KERUENI» жобасы кәсіподақ қызметін одан әрі жаңғыртуға, озық тәжірибені енгізуге, жобалық мененджментті іске асыруға, жас ұстаздар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, «LableProf» ресми You Tube арнасы құрылды және жұмыс жасап келеді. Бұл арнада «Кәсіподақ бейнесабағы» байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларының бейнематериалдары орналастырылған. Облыстық кәсіподақтың медиа жобасы да бар. Онда «Кәсіподақ толқынында», «PROF TV» медиа-студиясы өз жұмысын Тереңкөл ауданында жалғастыруда. «Кәсіподақ алаңы» атты облыстық кәсіподақ ұйымының жаңартылған кабинеті, Co-Working алаңы ашылып, QR картотекасы құрылды. Мұнда облыстық, қалалық және аудандық филиалдардың, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметі туралы ақпарат, сондай-ақ облыстық ұйым қызметінің негізгі бағыттары бойынша бейнематериалдар қамтылған.
— Кәсіподақ мүшелерінің қандай жетістігін атап өтер едіңіз?
— 2021 жылы облысымызда «KASIPODAQжаSTAR» жобасы іске асырылған болатын. Аталған іс-шараның қорытынды кезеңіне қала, аудандардан 69 өтініш келіп түсті. Қазылар алқасының шешімімен 20 жас маман жеңімпаз болып танылды. Біздің жас педагогтер ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған республикалық «30 Еңбек Елшісі» жобасына қатысты. Жоба жастар арасында еңбек құндылықтарын ілгерілетуге, елдегі кәсіподақ қызметін одан әрі дамытуға және жандандыруға бағытталған болатын. Ал республикалық сараптама комиссиясына 196 өтінім жолданған еді. Оған қоғамдық бірлестік жанындағы облыстық Жастар кеңесі де қатысып, жеңімпаз атандық.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген – Тілеуберді САХАБА.