Дәл қазір қоғамда әлі оңы мен солын танып білмеген балаларды басқарып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін итермелейтін қауіпті ойындардың таратылып жатқаны жайлы «қорқынышты» әңгімелер жиі айтылуда. Ата-аналарды алаңдатқан бұл мәселе Парламент қабырғасында да көтерілді. Халық қалаулылары балалардың денсаулығына зиян келтіретін интернеттегі контенттерге бақылауды күшейту керектігін айтып, дабыл қағуда. Ал аталған жағдайдың алдын алуға құқық қорғау органдары қаншалықты қауқарлы? Мектептерде қандай жұмыстар жүргізілуде? Психологтар не дейді? Мәселенің мән-жайына үңіліп көрген едік.
«Балаларды байқаңыздар!»
Жаңа оқу жылы басталғалы ата-аналар чаттарында «қауіпті ойындар пайда болыпты, балаларды байқаңыздар!» деген ескертуге толы хабарламалар қаптап кетті. Әлеуметтік желілерде де бұл ойынның шарты туралы ата-ана мен бала арасындағы ашық әңгімелер жазылған видеолар мен дыбыстық хабарламалар таратылуда. Онда жеткіншектер өз қатарластарына кеңінен танымал «Schoolboy Runaway» және басқа да қауіпті ойындар жайлы жарыса айтып, ойын ережесі бойынша үйінен қашып кету, шатырдан секіру, сымның үстінен жүру, өзен-көлге түсу, үлкен адамдарды теуіп, пышақпен жарақаттау сынды тапсырмалар бар екенін баяндайды. Мұндай сұмдықты естіп, жағасын ұстаған жандар қауіптің алдын алу мақсатында орын алған оқиға жайлы көпшілікпен бөлісіп, өзгелерді сақ болуға шақыруда.
Өкінішке қарай, мұның барлығы жалған емес, шынайы ақпарат екені дәлелденді. Ай мен күннің аманында балаларды өз үйінен бездіріп, түрлі жат қылықтар жасауға итермелейтін ойындарды 10 миллионнан астам адамның телефонына жүктегені белгілі болды. Олардың қатарында қанша қазақстандықтың бар екені әзірге беймәлім. Бірақ елімізде қауіпті ойындардың құрығына ілінген, яғни осы ойындардың шырмауына түскен оқушылар туралы деректер анықталған. Тіпті, өткен қыркүйек айында қазақстандық 6 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Олардың бірі терезеден, енді бірі көпқабатты үйдің төбесінен секіріп, мерт болған. Қайғылы жағдайдың қауіпті ойындарға қаншалықты қатысы бар екені тексерілуде.
Мамандардың айтуынша, баланың психикасын бұзып, суицид жасауға дейін апаратын ойындардың ішіндегі ең қауіптісі «Тихий дом», «Разбуди меня в 4:20», «Море китов», «Синий кит», «Красный дельфин», «Млечный путь», «U19», «F57», «SchoolBoy RunaWay – Stealth» деп аталатындары көрінеді. Сондықтан әркім өз баласының ұялы телефонын үнемі бақылап, мұндай қосымшалардың жүктелмегеніне көз жеткізіп отырғаны жөн, дейді құқық қорғау саласының өкілдері.
Мектептер не істеуде?
Қоғамды дүрліктірген осы жағдайлардан кейін елдегі барлық мектепте бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп, жаппай ата-аналар жиналыстары өтті. Бұл бағыттағы іс-шаралар біздің аймағымызда да қолға алынуда. Облыстық білім беру басқармасының тәрбие жұмысы мен қосымша білім беру бөлімі ұсынған ақпарат бойынша интернет желісіндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілерге, әртүрлі қауымдастық аккаунттарына, танысу сайттарына мониторинг жүргізілуде. Өңірге қарасты білім беру мекемелерінде ойын-сауық ресурстары мен әлеуметтік желілерге қолжетім-ділікті шектеу жүйесі орнатылған.
— Балаларды тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бейне, аудиороликтер, жадынамалар әзірленді. Оқу орындарында смартфондардың зияны мен пайдасы, сақтық шаралары, интернет алаяқтық, басқа да тақырыптарда дөңгелек үстелдер мен сынып сағаттары жиі өткізілуде. Ақпараттық стендтер жүйелі түрде жаңартылып, «Fаcebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде интернет қауіпсіздігіне қатысты түрлі тақырыптағы мақалалар жариялануда. Қыркүйек айынан бастап оқушылардың оқу бағдарламасына буллингке қарсы жаңа шара – «Қауіпсіздік сабақтары» енгізілді, — делінген аталмыш бөлім ұсынған ақпаратта. Бұдан бөлек, облыс мектептерінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту мақсатында «Даналық мектебі» клубтары ашылып, «Отбасылық тәрбие академиясы» мен әкелер кеңесі ұйымдастырылған. Осы бағыттағы оң жұмыстардың нәтижесі болар, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әзірге павлодарлық балалар арасында қауіпті ойынның таралуына қатысты дерек тіркелмегенін мәлім етті. Десе де, білім саласына жауапты жандар қауіпсіздікке қарсы күрес шаралары толастамайтынын айтады.
— Балалардың қауіпсіздігі мәселесі күн тақырыбынан түспейді. Қала мектептерінде де жаппай ата-аналар жиналыстары өтуде. Қауіпті ойындар, интернентті тиімді пайдалана білу тақырыбында бірнеше материал дайындап, ата-аналарға ұсындық. Полиция қызметкерлері де оқушыларға дәріс оқып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, — дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова мектептерде балалардың зиянды сайттарға кіруіне рұқсат берілмейтінін айтып, бұл жөнінде «Қазақтелеком» АҚ-мен меморандум жасалғанын жеткізді. Яғни, аталмыш мекеме мектептердегі интернеттің қауіпсіздігін қадағалап, мониторинг жүргізуде.
Мамандар пікірі қалай?
Психолог мамандар қауіпті ойындардың арбауына көбінесе ата-ана назарынан тыс қалған балалар жиі тап болатынын айтады.
— Бала жаны табиғатынан нәзік келеді. Ұл болсын, қыз болсын ата-анасының көбірек көңіл бөліп, үнемі хал-жағдайын сұрап, қолдау көрсетіп отырғанын қалайды. Алайда қазір көп ата-ана жұмысбасты болғандықтан баласының немен айналысып жүргеніне терең үңілмейді. Сөйтіп, қараусыз қалып қойып жататын жеткіншектер қатары артуда. Олар ата-анасы тарапынан мейірім сезінбеген соң, ойлары басқа жаққа бөлініп, телефонға қалай тәуелді болып қалғанын аңғармай да қалады, — дейді Павлодар қаласындағы Жұмабек Тәшенев атындағы мектептің психологы Катя Абылай. Ол мұндай немқұрайлылықтың салдары баланың өміріне түрлі қауіп төндіруі ықтимал екенін ескертіп, ата-аналар жауапкершілігін арттыру керектігін алға тартады.
Екібастұз қаласы С.Торай-ғыров атындағы мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ботагөз Нұрғалиева өтпелі жастағы балалардың қауіпсіздігіне баса мән беру керектігін айтады.
— Негізі, интернеттегі зиянды ойындарға көбінесе 11-14 жас шамасындағы, яғни өтпелі кезеңдегі балалар жиі тап болады. Сондықтан осы жастағы жеткіншектердің жүріс-тұрысын, іс-әрекетін қатаң қадағалап, психологиясын білу қажет. Себебі, олар осы шақта сыныбында немесе достарының арасында өзін көшбасшы әрі батыр ретінде көрсеткісі келеді. Ал жоғары сыныптың оқушылары мұндай ойындарға қызыға қоймайды, оларда алғашқы махаббат сезімдері оянып, көңілдері басқа жаққа ауады, — дейді ол.
Бақылауды күшейту қажет!
Жас буынның қауіпсіздігіне алаңдаған ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова жақында Үкімет басшысына сауал жолдап, балалардың денсаулығына зиянын тигізетін интернет контенттерге деген бақылауды күшейту қажеттігін айтты.
— Кейінгі кезде елімізде болып жатқан балалардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл қайғылы жайттар, әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің баланың психологиялық денсаулығына тигізіп отырған зиянды әсерін ескерсек, мәселені шешу кезек күттірмейді. Парламент тиісті заңнамалық нормалар қабылдағаны мәлім. Бұдан бөлек, буллингке және кибербуллингке арнайы әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Білім басқармаларының жанынан психологиялық орталықтарды құруға, психологиялық қызметті жетілдіруге байланысты нормалар қабылданды. Дегенмен, бұл проблема бойынша қоғам әлі де алаңдап отыр, — деген мәжілісмен әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындар, квесттер және зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент жасөспірімдердің санасын улап жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, депутат қауіпті контентті анықтау және мониторинг жасау бойынша автоматтандырылған жүйелерді енгізу керектігін, ал зиянды контентті автоматты түрде анықтап, бұғаттай алатын жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу қажеттігін ұсынды. Бұл ойды психолог мамандар да бірауыздан қолдауда. Павлодарлық психолог Катя Абылай интернеттегі балалар өміріне қауіп тудыратын материалдарды үздіксіз бақылап, оларды жою жолдарын жедел түрде қолға алу керек деген пікірде.
— Қазіргі күні ақ пен қараны айыра алмайтын балалар үшін интернеттен төнетін қауіп өте көп. Сондықтан бұл мәселемен мемлекеттік деңгейде күресу қажет. Ғаламтор арқылы таратылатын әрбір ақпарат қатаң сүзгіден өтуі тиіс. Осы жағын жауапты министрліктер тездетіп қолға алуы тиіс. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдымен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттырып, оларға зиянды контенттер жайлы ақпараттарды толық түсіндіруіміз қажет. Сонда ғана үйде үлкендер тарапынан жүргізілетін бақылау жұмыстары нәтижелі болады деп ойлаймын, — дейді психолог маман.
Заң органдары қауқарлы ма?
Аталған жағдайға байланысты қазақстандық құқық қорғау органдары да қызу іске кірісті. Мәселен, ҚР Ішкі істер министрлігі интернеттегі қауіпті контентті бұғаттау, жалпы суицидтің алдын алу мақсатында биыл 43 сайттың жабылғанын мәлім етті. Сондай-ақ, жақында Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев қазақстандық ата-аналарға үндеу жасады.
— Құрметті ата-аналар, балалардың мінез-құлқы мен эмоци-оналдық жағдайын бақылауда ұстаңыздар. Олармен ашық әңгіме-лесіңіздер. Қызығушылықтары туралы біліп жүріңіздер. Уақыт бөліп, барынша қолдауға тырысыңыздар. Балалардың көңіл-күйіндегі, мінез-құлқындағы немесе әлеуметтік ортасындағы өзгерістерге назар аударыңыздар. Егер бір күмәнді белгілер байқалса, жағдайды тез арада қолға алу қажет, — деген ІІМ өкілі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерін бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлуге шақырады.
Аталған министрліктің ақпараты бойынша қазақстандық полицейлер балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдап, жұмыла жұмыс жүргізуде. Тек ағымдағы жыл басынан бері тәртіп сақшылары жастар арасында құқықтық сауат-тылықты арттыру мақсатында 68 мыңнан астам дәрістер мен кездесулер өткізген. Жаңа оқу жылы басталғалы құқықтық түсіндіру жұмыстары күшейтілді, дейді министрлік өкілдері.
Айта кетерлігі, суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық кодекске жаңа екі бап енгізілген. Сол бойынша суицидті жарнамалағандарға 200 АЕК (738 400 теңге) көлемінде айыппұл салынса, оған итермелегендер 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге темір торға тоғытылатын болады.
Елдегі жайсыз жағдайға байланысты бас прокурор Берік Асылов та пікір білдіріп, балаларға арналған қауіпті ойындарды жасағандарды анықтау жұмыстары қолға алынып жатқанын атап өтті.
— Біз балалар кіретін сайттарды тексердік. Бала орнында ойын ойнап көрдік. Онда шынымен де көп мазмұн бар. Олар балаларды тартады. Бірақ балалар мұны білмей, олармен хат жазыса бастайды. Осы деректерге сүйене отырып, жазылған мазмұнның суицидке әсер ететінін анықтау үшін сараптама тағайындадық. Мұны ұйымдастырғандарды анықтап, шара қолданамыз. Әзірге күдіктілер жоқ және олардың көпшілігі Қазақ-станда емес екені анық. Біз бұл жағдайды қалай шешетінімізді әлі де ойланудамыз. Мұны кім ұйымдастырғанын білмейміз. Бірақ тексеріп жатырмыз, — деді бас прокурор. Сонымен қатар, ол балалардың өзіне-өзі қол жұмсауына қатысты әр фактіні мұқият тергеп, тексерілетінін айтты. Бүгінгі күні прокурорлар 15 мың зиян сайт пен сілтемені бұғаттаған.
* * *
Осылайша, осы ғасырдың басты жетістігі — интернет дамыған сайын жас ұрпақтың өміріне төнер қауіп-қатер де артуда. Оған жол бермес үшін әр ата-ана бауыр еті баласының немен айналысап жүргенін күнделікті бақылап отырғаны жөн. Әйтпегенде, немқұрайлылық соңы орны толмас өкінішке әкеліп соғуы мүмкін.
Қалай десек те, баланың қауіпсіздігі – басты назарда болуы тиіс!
Нұржайна ШОДЫР.