Белгілі бір нысанның құрылысы кешеуілдесе, тұрғындардан маза кетеді. Көптен күткен ғимараттың немесе инфрақұрылымдық нысанның уақытылы қолданысқа беріліп, игілігін көргісі келеді. Бірақ, нысанның жобалық-сметалық құжаттарына енгізілетін өзгерістер айларға созылып кететіні бар. Міне, осындай олқылықты жойып, процесті оңайлатудың жолын павлодарлық өңірлік жастар резервіне енген азаматтардың бірі ұсынып отыр.

Құптаса, не ұтамыз?

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқаратын Дамир Төлебаев күнделікті жұмыста кездесетін кедергілер мен түрлі кемшіліктерді негізге ала отырып, ұсыныстарын бір жобаға шоғырландырыпты.

— Жастар резервіне іріктеуде ұсынған жобам – онлайн жобалық-сметалық құжат енгізу. Қазіргі қызметінде бірқатар ескерілмеген тұстарды кездестірдім. Көп жағдайда құрылыс жобаларын іске асыру барысында олардың көбі қымбаттай түседі. Ол үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен тоқтатылады. Себебі, жобаны қымбаттауға байланысты қайтадан авторлық қадағалау органымен пысықтау қажет. Жоба түзетілгеннен кейін бюджеттік комиссия қарауына жолданады. Қымбаттатылған жағдайда жоба құжаттары мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Осы аралықта 3-6 ай шамасында уақыт өтеді. Әлеуметтік шиеленіс орын алады. Халықтан маза кетеді. Сәйкесінше, мемлекетке деген сенімге селкеу түседі. Қазіргі заңнама талабы осылай болғандықтан, барлығы кезең-кезеңімен өтуі тиіс, — дейді Дамир Ержанұлы.

Бұл қосымша түзетулер бюджетке тағы салмақ салады. Жобаның қымбаттауына қазынадан қосымша қаржы бөлінуі тиіс.

— Осындай жағдайларды ескере отырып, онлайн жобалық-сметалық құжат (ЖСҚ) енгізуді ұсынып отырмын. Сонымен қатар, мемлекеттік сараптама жүйесін кеден органдары жүйесімен біріктіру қажет деп санаймын. Бұл ЖСҚ-ны түзету қажеттілігін жояды. Уақытты 4 айға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Жобаның құнын 20 пайызға дейін төмендетуге жол ашады. Себебі, кеден органдары жүйесімен біріктіру сарапшылардың кеден арқылы қандай материалдың қандай бағамен кіргізілгенін көріп отырады. Сәйкесінше, мердігерге түсетін айырманы байқай алады. Яғни, жобаны барынша арзанда-туға мүмкіндік алады. Ал жобаның арзандауы бюджетке қосымша қаржының келуін қамтамасыз етеді. Әйтпесе, қазіргі кезде жоба сараптамадан, тендерлік процедуралардан өтіп, мердігер анықталғаннан кейін жобалар тек қымбаттай береді, арзандағанын тәжірибеде көрмедік, — дейді ұсыныс иесі.

Тың жобасының іске асатынына күмәні жоқ емес. Себебі, дәл осы саланың орталық органы тарапынан қызығушылық жоқ көрінеді. Жастар резервіне іріктеуге жобасын әзірлеу барысында еліміздің құрылыс істері жөніндегі комитет мамандарымен тілдесіп, ұсынысын, оңы мен солын салмақтап көріпті.

— Ұсынысым іске асуы үшін алдымен тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізу қажет. Бұл — өте ұзақ уақыт алатын шаруа. Оған қоса, құзырлы министрлік тарапынан қызығушылық болмай тұр. Себебі, өзгеріс енгізу қажет болса, дәл осы құрылыс істері жөніндегі комитет онымен айналысады, — дейді павлодарлық жас мемлекеттік қызметші.

Дамир Төлебаев комитетке онлайн ЖСҚ платформасын әзір-леуді де ұсынған. Яғни, бұл жерде барлық ЖСҚ сақтаулы тұрады. Белгілі бір құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде сол нысанның баламалы түрлерін, жобаларын осы платформадан қарау, оның бағасын білу мүмкіндігі болар еді, дейді ол. Одан кейін осы бағытта мемлекеттік сатып алулардың маркетплейсі ойластырылғанын қалайды. Сонымен қатар, мұнда ЖСҚ жарамдылық мерзімін алып тастауды ұсынып отыр. Қазіргі таңда заң бойынша үш жыл өткен соң құжатты жаңарту қажет. Бұл да — бюджетке жүктеме.

— Егер біз жарамдылық мерзімін алып тастасақ, онлайн формада жобаға қатысты мәліметтер сараптама тізіліміне сәйкес өзгеріп отырады. Мемлекеттік сараптаманың бағалар тізілімі бар. Соған сай жобаларға сараптама жасалады. Яғни, жобалық құжаттағы құн тізілімдегімен салыстырылады. Асыра қойылғаны анықталса, сәйкестендіруге жіберіледі. Жалпы, маркетплейс бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Кейбір типтік, ауданы мен құны бірдей нысандарға жеке құжаттар жасатып, шығындалғанша, маркетплейсті қолданған әлдеқайда тиімді болар еді. Мысалы, ауыл әкімі 100 метр жол салу үшін жол жабындысының түрін, қалыңдығын білсе болды, платформаға енгізіп, құнын шығарып алады. Әлбетте, жобаның авторына авторлық қадағалауға қаржысын төлейді, — дейді Д.Төлебаев.

Өңірлік кадрлық жастар резервінің өкілі, әзірше, ұсыныстарын жоғары жаққа жолдамапты. Егер мүмкіндік туып, республикалық деңгейде резервшілермен кездесу ұйымдастырылса, ортаға салуға әзір. Айтуынша, ұсыныстары іске асса, құрылыс жұмыстары мерзімінің созылуына тосқауыл болады. Азаматтардың мемлекетке сенімі артады деген пікірде.

Ұсыныс пен ұмтылыс

Жас мемлекеттік қызметші қай лауазымда болса да, жұмыстың жүйелі жүруіне заңнамалық және басқа да кедергілер кездессе, оны орталық орган арқылы реттеуге ұсыныс айтудан жалыққан емес. Себебі, атқарған жұмыстың түпкі нәтижесі оң әрі барынша жылдам болғанын қалайды. Мәселен, облыстық қаржы басқармасының мүліктер қозғалысын мониторингілеу және есепке алу бөлімінің басшысы ретінде де құзырлы министрлікке талай рет ұсынысын жолдапты. Яғни, жоғары жақта ескерілмеген тұстарды реттеу үшін тиісті құжаттарға өзгертулер енгізу қажеттігін жеткізіп отырады.

— Аталған бөлімде мемлекеттік меншіктегі мүлікті меншіктің бір деңгейінен екіншісіне, облыстың коммуналдық меншігінен аудандық меншікке немесе керісінше өткізу міндетіне жауапты едім. Бұл өткізу-қабылдау актілері қағаз түрінде рәсімделеді. Осы процесті цифрландыруды ұсындым. Себебі, бір ауданнан екінші ауданға актіге қол қоюға барып, кейде лауазымды тұлғаның демалыстан, іссапардан келуін күтіп, уақыт жоғалтады. Осы процесті цифрлық қолтаңбамен электронды түрде жасауды ұсынған едім. Әзірше, әлі де ескі әдіспен атқарылып жатыр. Бірақ, мүліктік жалдау жағында өзгеріс енгізілді, — дейді Дамир Ержанұлы.

Дамир Төлебаев 2016 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Алғашында облыстық қаржы басқармасына мүліктік жалдау және жекешелендіру бөліміне бас маман болып орналасады. Осы кездің өзінде ұсыныс айтып, өзгеріс енгізуге ұмтылады. Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік комитетіне ұсыныс жолдайды.

— Бөлімде істеп жүргенде міндетімізге мемлекеттік нысанды жеке тұлғаға жалға беруді рәсімдеу жұмыстары кірді. Жалға алған тұлға төлем жасайды. Ол төлемді біз жүйеден іздеп, бекітуге көп уақыт жоғалтатынбыз. Содан мен министрлікке төлем жасау кезінде шарттың жеке нөмірін қарастыруды ұсындым. Бұл ұсыныс 2016-2017 жылдары жасалды. Нақты менің ұсынысымнан кейін бе, әйтеуір бұл өзгеріс 2018-2019 жылдары енгізілді. Төлем автоматты түрде шартқа тікелей бекітіліп отырды, — дейді жас мемлекеттік қызметші.

Дидар Ержанұлы еңбек өтілі сегіз жылға жуықтаса да, өзін жас маман деп санайды. Әрдайым қызметінде қандай да бір процестің барысы, тәсілі, талабы ескірген немесе қисынға келмейді деп есептесе, соған өзгерту енгізу қажеттігін құзырлы жоғары мекемеге жеткізуден жалықпайды. Заңнамалық тұрғыда да толық ескерілмеген тұстарды әріптестерімен бірге орталық органға жолдап жүреді.

— Жалпы мемлекеттік қызметте болсын, қай салада болсын азаматтар өзгеріс енгізуге мүдделі болуы тиіс. Әрдайым ұсыныс, бастамалармен алға ұмтылуы қажет. Орталық органдардың басымдық беретін, назар аударатын бағыттары басқа. Кез келген міндетті атқарушы орган орындау барысында кемшіліктер, олқылықтар білінеді. Соны уақытылы жеткізбесек, олар қайдан білсін, — дейді Дидар Төлебаев.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.