Әрбір істің жай-жапсарын, атқарылу деңгейін, алдағы бағыт-бағдарды бағамдауда ел лайықты бағасын беріп отырады. Себебі халықтан асқан сыншы жоқ. Бұл ретте аудан әкімі лауазымына тағайындалғанына бір жылдан астам уақыт қана болған Нұрболат Мақашевтің Успен өңіріндегі шаруа жайын, халқының тыныс-тіршілігін жете меңгеріп, елдік мүдде жолында көптеген игі істердің жүзеге асып жатқанын көпшілік көріп те, айтып та жүр. Аз уақыт ішінде аудан тізгінін ұстаған әкім бүгінде ауқымды жұмыстарды атқарып, алдағы мақсат-міндеттерді айқындап үлгерді. Осынау мәуелі маусымда еселі еңбектің атқарылу барысы мен алдағы жоспарлар жайында аудан әкімімен сұхбат құрып, бірлігі бекем, тірлігі тындырымды аталмыш ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде көкейде жүрген сауалдарымызды қойдық.

— Нұрболат Абылайханұлы, өзіңізге мәлім, ауыл шаруашылығына бетбұрыс жаңа сипат ала бастады. Несібесін осы саладан терген аудан еңбеккерлері күзгі науқанға қандай әзірлікпен келді? Жалпы, түлік өсіріп, егін еккен елдің ырысын молайтуда қандай тың бастамалар бар?

– Аудан атын асқақтатып, шалғай жатқан елді мекендердің еңсесін көтеріп, ауылды дамытудың негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде астық өндіру, егін және мал шаруашылығы екені белгілі. Біздің аудан осы ауыл шаруашылығына бейімделген. Аталған сала мемлекеттің қолдауымен жақсы дамып келе жатыр. Осы жылы аудан бойынша 248,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 147,1 мың гектар, майлы дақылдар 74,7 мың гектар, картоп 3 мың гектар, көкөніс 1 мың гектар, мал азықтық дақылдар 29,5 мың гектар алқапқа егілді. Бүгінгі таңда ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдалануды көздеген диқандар уақытпен санаспай қарқынды қимылдауда. Атап өтсек, 37,9 мың гектар жерден егін орылды. Оның ішінде 37,6 мың гектар алқаптағы дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 10,6 центнерді, жалпы өнімі 40,0 мың тоннаны құраса, 3 мың гектар алқаптағы майлы дақылдардың өнімділігі гектарына 12 центнерді, жалпы өнімі 4 мың тоннаны құрады.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау тәртібіне сәйкес Успен ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 378,8 млн теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде тұқым шаруашылығына 159,6 млн теңге, пестицидтерге 200,3 млн теңге, минералды тыңайтқыштарға 18,9 млн теңге қарастырылған.

— Егін және мал шаруашы-лығы үшін басты қажеттілік – жер. Жасыратыны жоқ, нақты кезеңде облыс бойынша ауыл шаруашылығы жерлері түгел айналымда емес. Ауданда бұл мәселе қалай шешілуде?

— Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 98 пайызы пайдаланылады. Демек, енді алдымызда пайдаланылмай тұрған жерлерге су апару арқылы қайта айналымға қосу міндеті тұр. Ол үшін бірінші кезекте олардың бойындағы каналдарды құжаттандыруымыз керек. Успен ауданының жалпы аумағы 549,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері 395,5 мың гектарды, егістік 278,7 мың гектарды, тыңайған жерлер 4,9 мың гектарды, жайылымдар 102,4 мың гектарды және шабындық жерлер 2,9 мың гектарды құрайды.

Ағымдағы жылдың мамыр айында жалпы ауданы 2,6 мың гектар 20 жер учаскесінде шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру бойынша 1 конкурс өткізілді. Есепті кезеңде Успен ауданының арнайы жер қорына 5,5 мың гектар жер қайтарылды.

— Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту. Бұл бағытта аудан бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Сондай-ақ, кәсіп-керлік саласындағы келешекке беталысымыз қалай?

— Мемлекет басшысының экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ауданда ауыл шаруашылығы саласына 42 жұмыс орнын құрумен жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Биылғы жылы 2 жоба аяқталады. Атап өтсек, «Галицкое» ЖШС 1,553 гектар аумақта суармалы жер учаскесін салу жобасын жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі 1,7 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы «БИК» шаруа қожалығының 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталады. Инвестиция көлемі 3,1 млрд теңгені құрайды. Келесі жылы 4 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Мәселен, инвестиция көлемі 885 млн теңгені құраған «БИК» ШҚ-ның 240 гектар суармалы жер учаскесінің құрылысы, инвестиция көлемі 1,3 млрд теңгені құрайтын «Галицкое» ЖШС-нің 7,5 мың тонналық картоп-көкөніс қоймасының құрылысы, сондай-ақ, аталған кәсіпорынның 452 гектар аумақта суармалы жер учаскесінің құрылысы жоспарланып отыр. Мұнда инвестиция көлемі 2,2 млрд теңгені құрайды. Ал инвес-тиция көлемі 2,4 млрд теңгені құраған «Анна» шаруа қожалығы 600 гектар алқапқа суармалы жер телімін салуды жоспарлауда.

Бұдан басқа, аудан бойынша шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Себебі шағын және орта кәсіпкерлік – аудан дамуының негізі. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту мәселесі күн тәртібінен түспейді. Жалпы, бүгінгі таңда ауданда 859 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның 825-і немесе 96 пайызы жұмыс істейді. Жыл басынан бері мемлекеттік қолдауға жататын жеке кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейтін «Бірыңғай кешенді бағдарлама» жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде аудандағы 49 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 2,4 млрд теңге несие берілді.

— Ауданда ауызсудың және ауылдардағы жолдардың жайы қалай?

– Алдымен ауызсуға тоқталып өтейін. Мемлекетіміздің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданға қарасты бірқатар ауылдың ауызсу жүйесі жаңғыртылды. Бүгінгі күні аудан бойынша 21 елді мекен, 15 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, бұл 71,4 пайызды құрайды. Ағымдағы жылы Қаратай ауылында су құбырының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Вознесенка ауылында да сыртқы су желілерінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Нақтылап айтсақ, Қаратай ауылының сыртқы су құбырларының құрылыс жобасы 708,0 млн теңгені, Вознесенка ауылының сыртқы су құбырларының құрылыс жобасы 767,5 млн теңгені құрады. Бұл жұмыстар аяқталған соң аудандағы 200-ден астам тұрғыны бар барлық ауылдар орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Осылайша, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 97,2 пайызды құрайды. Сондай-ақ, 2025 жылы Надаровка, Травянка, Ольховка, Дмитриевка ауылдарында да орталықтандырылған су құбырын орнату жоспарланған.

Ал жол жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, биылғы жылы 71,5 млн теңге сомасына Богатырь ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, жалпы сомасы 133,3 млн теңгені құрайтын аудандық маңызы бар «Луганск-Константиновка» автомобиль жолының 0-4,42 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Бұл учаскелерді белгілерді орнату және жол белгілерін қолдану негізгі зерттеу жүргізілгеннен кейін жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, жобаның құны 941,5 млн теңгені құраған Тимирязев ауылына дейін орташа жөндеу, сондай-ақ, Успен ауылындағы Мир, Гагарин (ішінара) көшелерін қамтитын «Чернорецк–Ольгино–Успен–Шарбақты» аудандық автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қоңырөзек кентінде ұзындығы 5,1 шақырымды құрайтын ауыл жолдарына (Советов, Музыки, Милевского, Мир, Сейфуллина, Степная көшелері) орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жобалардың жалпы сомасы 178,5 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта облыстық бюджет қаражаты есебінен Успен ауылының (Қазыбек би, Баюка, Абай, Яременко, Наукенов 2, Пушкин, Крупская, Семенченко көшелері) ауылішілік жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Көшелердің жалпы ұзындығы 5,9 шақырымды құрайды. Бұл мақсатта ел қазынасынан 236,2 млн тенге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, 2025 жылы Успен ауданының Ковалевка және Қаратай ауылдарында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жоспарлануда. Ауыл тұрғындарының сұранысын ескере отырып, олардың барлық ұсыныстары мен тілектерін зерделеп, жалпы ұзындығы 11,8 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге 3 жоба әзірленді.

— Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау. Бұл ретте, аудан бойынша әлеуметтік салада атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталсаңыз…

– Әлеуметтік сала – ауданның қалыпты дамуының негізгі саласы. Халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау, оның ішінде, жұмыспен қамту, төлемақылар тағайындау, сондай-ақ, білім, мәдениет, спорт, құқық қорғау салалары мен жастар саясатын қолдау – негізгі міндетіміз. Статистикалық деректерге сүйенсек, аудан халқының саны 12489 адамды құрайды. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері бойынша 2023 жылмен салыстырғанда өсу динамикасын көрсетіп отыр. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ауданда жалпы жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды, оның ішінде тіркелген жұмыссыздық деңгейі 6 пайызды құрады. Аудан бойынша 784 жұмыссыз азамат тіркелген. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында бос жұмыс орындарына 467 адам жұмысқа орналастырылып, жастар тәжірибесіне 43 адам жіберілді. Қоғамдық жұмыстарға 138 жұмыссыз азамат қатысты.

Бұдан бөлек, АӘК алушылар 61 отбасына (298 адам) 20,3 млн теңгеге тағайындалды. Бүгінгі күні оның 18,1 млн теңгесі төленді. Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы бойынша 63 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, биылғы жылы Успен ауданында қоныс аударушылар мен отбасыларды қабылдау жоспарына сәйкес 180 адамнан тұратын 46 отбасы және 51 адамды құрайтын 12 отбасы қоныстанбақ. Қазіргі таңда аудандық квотаға өткендердің жалпы саны 259 адамды (55 отбасы) құрайды. Оның ішінде 208 адам оңтүстік өңірлерден көшіп келгендер болса, 51 адам — қандастар.

— Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге толайым табыс тілейміз!

 

Әңгімелескен – Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.