Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жылыту маусымында күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Құтқарушылар өрт қауіпсіздігінің алдын алуда жеке сектордағы үйлерді аралап, пештердің ережеге сай салынуын тексеріп, тұншықтырғыш улы газбен улану фактілерін болдырмау үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазір ауа райының салқындауына байланысты тұрғындар қатты отынмен және газбен жылытылатын пештерді пайдалануда. Бұл ретте жұртшылықтың өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауы маңызды. Пеш жағуда нені ескеру керек? Улы газдан сақтанудың жолы қайсы? Осы орайда, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовпен тілдескен болатынбыз.
— Қайрат Зиядаұлы, жылыту маусымы басталмай тұрып облыста көміртегі тотығымен уланудың бір жағдайы тіркелгенін естіген едік. Оқиғаның себебіне тоқталып өтсеңіз…
— Иә, жылыту маусымы басталмай тұрып 2 бала уланды. Оқыс жағдай қыркүйек айының басында орын алды. Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылында пешті пайдалану кезінде мұржа дұрыс тазаланбағандықтан, үй ішіне түтін тараған. Салдарынан 2019 және 2020 жылы туған балалар жеңіл дәрежеде уланып, Ақсу қаласының ауруханасына жатқызылды. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында департамент өкілдері тұрғын үй секторында өрт қауіп-сіздігі айлығын өткізді. Ауқымды шараға жергілікті полиция қызметі, атқарушы орган өкілдері, еріктілер де қатысты. Жеке сектордағы үйлерді де аралап, пешті дұрыс қолданудың ережесін түсіндіріп, жадынамалар таратылды.
— Тұрғын үй секторында тіркелетін өрт фактілеріне кім кінәлі?
— Жыл сайын облыс аумағында орын алатын тілсіз жаудың 70-80 пайызы тұрғын үй секторында тіркеледі. Оның ішінде 65 пайызы осы жылыту маусымында орын алады. 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үй секторында 77 өрт тіркелді. Қызыл жалыннан келген материалдық шығынның көлемі 13,4 млн теңгені құрады. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар орын алды. Тілсіз жау 6 адамның өмірін жалмады. Тағы 3 адам газдан уланып, қайтыс болды. Жалпы саны 13 адам ауруханаға жатқызылды.
Тұрғын үй секторындағы өрттің орын алуына адамдардың отынды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамауы себеп. Электр құрылғыларын, құрылыс-монтаж жұмыстарын дұрыс жүргізбейтіндер, тұрмыстық электр жылытқыштарды ережеге сай пайдаланбайтындар көп. Мұндай оқыс жағдайлардың басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың үйінде орын алады. Әсіресе, ішімдік пен темекіні көп тұтынатын отбасылар өрт фактілерінің орын алуына себеп болады.
— Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларда қайғылы жағдай жиі тіркеледі дедіңіз. Демек, мұндай отбасылар ерекше бақылауда болуы тиіс қой?
— Иә, біз мұндай отбасыларды есепке аламыз. Қазіргі уақытта департамент есебінде 1233 тұрғын үй бар. Жылыту маусымы басталмай тұрып осы үйлерді толық аралап, 3619 адамға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Атқарушы органдардың көмегімен 275 үйге өрттің пайда болуынан хабар беретін арнайы датчик орнаттық. Мұндай құрылғы тілсіз жаудың алдын алуға мүмкіндік береді. Пеш жағатын әр үй осындай құрылғыны сатып алып, орнатса болады. Дүкендерде 3-4 мың теңге көлемінде саудаланады.
— Жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау үшін қандай әрекеттерді орындау керек?
— Адамдар 3 айда кемінде бір рет мұржаны және пешті күлден тазарту қажет. Жылу пешінің алдындағы еденге көлемі 50х70 сантиметр қаңылтыр қағылуы керек. Жанып тұрған пештерді кішкентай баласы бар үйлерде бақылаусыз қалдыруға болмайды. Ағаш, көмір сынды отындарды, жанғыш материалдарды пештің алдындағы қаңылтырға қоюға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, жиһаздарды да пешке жақын орналастырмау керек. Уақытша қолдан жасалған темір пештерін орнатқан жағдайда, темір пештерінің аяқтарының биіктігі 0,2 метрден кем болмауы тиіс. Жалпы, пешті арнайы мамандарға салдырған жөн. Пеш дұрыс жанбаған немесе жан-жағынан жалын атқан жағдайда жедел түрде пеш салумен айналысатын адамға көрсетіп алған дұрыс. Ал газды пайдаланатындар тамақ дайындағанда оның қосылуы мен сөндірілуін қатаң қадағалауы тіис. Сонымен қатар, газ баллондары мен газ плиталарын жалғап тұрған шлангілердің жарамды болуын бақылау керек. Бөлмені жиі желдету маңызды. Үйде газ болған жағдайда оны есікке жақын қою керек. Осындай қарапайым ережелерді сақтаған адамдар өрт фактілерін болдырмайды.
— Әңгімеңізге рақмет!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.