Театр маусымы ашылғалы еліміздің өнер ордалары әр өңірді жыл сайын гастрольдік сапармен аралайды. Осыған орай жуырда Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры мен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры облысымызға гастрольдік сапармен келді. Павлодарлық барша көрермен өнер ұжымдары ұсынған барлық қойылымды зор қошеметпен қабылдап, ыстық ықыласын білдірді.
Астана қаласы әкімдігінің Жастар театрының әртісі Азамат Есқұловтың айтуынша, өнер ұжымы гастрольдік сапарын Павлодар өңірінен бастауды жөн көрген.
— Жастар театры биыл 18-маусымының шымылдығын ашты. Маусымның басын гастрольдік сапармен бастауды ұйғардық. Біз көрермендерді тұрғылықты жеріне қарай бөліп-жармаймыз. Дегенмен павлодарлық көрермендердің көпшілігі таза өнерді бағалап, құрметтейтінін аңғардық. Сондай-ақ, елордамызға жақын жер болғандықтан гастрольдік сапарды осы өңірден бастағанды құп көрдік. Павлодардан соң Екібастұз, Семей, Өскемен қалаларында өнер көрсетеміз, — дейді А.Есқұлов.
Өнер ұжымы екікүндік гастрольдік сапар барысында «Жанарымдағы жалғыз әуен» және «Махаббат миниатюралары» атты театрландырылған концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Бұл күндері, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры да гастрольдік сапармен келді. Олар 1-4 қазан аралығында көрермендер назарына «Қыз Жібек» музыкалық операсын, «Атау–кере» драмасын, «Қош, махаббат» лирикалық драмасын, «Қарагөз» трагедиясын және кішкентай көрермендер назарына «Мұзды өлке» ертегі мюзиклі мен «Қара пима» драмасы жол тартты.
Театрдың көркемдік жетекшісі әрі режиссері Айдын Салбанның айтуынша, өнер ұжымы жыл сайын дәстүрлі түрде Павлодар өңіріне гастрольдік сапармен келеді және әр келген сайын репертуарлардағы қойылымдар өзгеріп отырады.
— Тарихы, мәдениеті мен театр дәстүрі бай осы қалаға келген сайын, тынысымыз кеңейіп, жан сарайымыз ашылғандай күй кешеміз. Көрермен көкейінен шығуға тырыстық. Биік өнердің салтанатты мерекесіне айналған гастрольдік сапарымыз ешбір көрерменді бей-жай қалдырмады деп ойлаймыз. Жағымды эмоциялар мол болды, — дейді А.Салбан.
Гастрольдік сапардың алғашқы күнінде Сәкен театры «Қыз Жібек» музыкалық драмасымен басталды. Спектакльге Қыз Жібек пен Төлегеннің жүрек тебірентер қайғылы махаббаты арқау болды. Оқиғалар негізінен жағалбайлы руынан шыққан батыр Төлеген, шекті руының сұлуы Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады. Сүйгенінсіз Жібекке де өмір жоқ… Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмірімен тығыз байланысты дәстүрлер де – бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. жақсы көрініс тапқан.
Келесі күні көрермендер назарына Оралхан Бөкейдің шығармасына негізделген «Атау-кере» драмасы ұсынылды. Аталмыш қойылым дүниені бүлдіретін құлағы бар саңыраулардан, жанары бар соқырлардан сақтасын деген ойға жетелейді.
Ал «Қош, махаббат» қойылымы екі жастың махаббатына арналған. Кейіпкерлері театрдың жастарынан құралған. Лирикалық драманың негізгі кейіпкерлері – Бану мен Бағдат. Кіршіксіз махаббат үлгісі — Бану мен Бағдатқа бәрі қызығып қарайды. Бірі — болашақ композитор, бірі — мұғалім. Үлкен қалада бір-бірін тапқан қос ғашықтың шынайы сезімі ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Дегенмен, өмір тосынсыйларын сыйлаудан жалықпайды. Бағдаттың жазылмас дерті, екеуінің махаббатын көре алмаған адамдардың қызғанышы екеуінің екі жаққа кетуіне себепкер болады. Қойылым барысында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған үздік әндері орындалды.
Гастрольдік сапардың соңғы күні «Қарагөз» трагедиясымен түйінделді. Қарагөз сұлу мен ақын Сырым — бір-біріне өлердей ғашық жастар. Алайда мінезі қатал, бір елдің билеп-төстеушісі, қара емендей айтқанынан қайтпайтын Мөржан әже олардың махаббатына бар болмысымен қарсы тұрады. Сөйтіп қанша жақсы көретін аяулы немересін бай-манап Наршаға ұзатады. Ол да Қарагөзді жақсы көреді, өзінше сүйеді. Ғашығынан айрылған Қарагөздің нәзік жаны бұл қасіретті көтере алмай, ақыр соңында өледі. Сол заманның қатал салт-дәстүрі мен тәртібі бір-бірін сүйген Сырым мен Қарагөзді айырып, Наршаны да өкінішке қалдырып, қайғылы тағдырға душар етеді. Ессіз ғашық болған ақын Сырым Қарагөзге деген сезімін мәңгілік ету үшін әрі қарай өмір сүріп, махаббатты жырлап өтуге бел буады.
Гастрольдік сапар барысында театрлар ұжымы павлодарлық көрермендердің көңілінен шықты.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.