Соңғы кезде елімізде түрлі қылмыстық оқиғалар тіркеліп, жаға ұстатар жайттар орын алуда. Бірақ, сол қылмыстардың тергеу мәліметтері, сот залында үкім шығару барысы көп жағдайда құпия жүргізіліп жатады. Тергеу орындары «Тергеу құпиясын сақтау» қағидасын желеу етіп, ешкімге есеп бермеуге әбден дағдыланып алған сыңайлы. Сонда кім қандай қылмыс жасағанын, осыған орай қандай жаза арқалағанын қоғам неге білмеуі керек?! Ашықтықтың өзі қылмыстың алдын алудың бір жолы емес пе?! Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан заңдағы тергеудің құпиясын қамтамасыз ету жөніндегі бапты қайта қарауды ұсыныпты. Бұған келісетіндер де, келіспейтіндер де бар. Тақырыпты «Алаңның» талқысына салдық.
Абзал ҚҰСПАН, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты (Пікір интернеттен алынды):
— Қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодексте «тергеудің құпиялылығын қамтамасыз ету» деген 201-бап бар. Бұл — моральдік тұрғыдан ескі норма. КСРО кезінде құқық қорғау органдарында билік күшті болды ғой, НКВД бар дегендей. Мысалы, шетелде кез келген осындай қоғамдық резонанс тудырған істер бойынша сол сәттен бастап қоғамның алдында есеп береді. Қалай болып жатыр, кімді қамады, қамамады дегендей. Осы мәселеде кішкене ашықтық керек. Қазір мәжіліс қабырғасында 201-бапты қайтадан қарау туралы нормалар да талқыланып жатыр. Кейбір құпиялылық грифі сақталатын істер бар, оған дау жоқ. Мысалы, ұлттық қауіпсіздікке, кәмелетке толмаған балаларға, отбасылық құпияны сақтауға қатысты. Бірақ соның нақты шегін белгілеу қажет деп ойлаймын. Бізде қазір кез келген тергеуші, учаскелік полиция инспекторы ауылда тауық ұрланса да, тергеудің құпиясы дейді де, жауап беруден бас тартады. Былай қарасақ, ауылдың бәрі тауықты кім, қашан ұрлағанын біліп отырады.
Данияр БАЙДІЛДИН, Павлодар облысы әділет департаменті басшысының орынбасары:
— Әрбір адамның жеке басының құқығы бар. Сондықтан қылмыс жасады екен деп кез келген жасырын мәліметті қоғамның алдына шығара беруге болмайды. Бұл оның жеке басына қауіп төндіру болып саналады. Екіншіден, ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабында сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге тыйым салынған. Ашып айтатын болсақ, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Ал жариялау міндеті туындаған жағдайда ол прокурордың рұқсатымен жүзеге асырылады. Яғни, қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде ғана жарыққа шығарылады. Бірақ, бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмейтін, басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзбайтын болуы керек. Негізі заң бойынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi. Тіпті, аталған жауапкершілікті соңына дейін сақтау жөнінде қолхат та алынады. Сондықтан бұл іске бей-жай қарауға болмайды.
Зәуреш ОРАЗБАЕВА, журналист:
— Біз қазір барынша ашықтықты талап ететін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, қандай қылмыс болса да, оның тергеу амалдары ашық жүргізілуі керек, мәліметтері ашық айтылуы тиіс. Бұл — келесі бір қылмыстың болмауына ықпал ететін факторлардың бірі. Әрине, құпиялықты сақтайтын жер бар, сақтамайтын жер бар. Бұл заңнан бұрын адами этикаға байланысты болып келеді. Мысалы, зардап шеккен тарапты оңды-солды көрсете беріңдер, әшкерелеңдер деп айтпаймыз. Әсіресе, жасөспірімдерге қатысты құпиялылық қағидасы барынша қатаң сақталуын құптаймыз. Ал қасақана қылмыс жасаған бұзақыларды не үшін жұрттан жасырып, қоғамнан қорғаштауымыз керек. Олардың жүзін жасыру, аты-жөндерін ашық жазбау, жасаған қылмыстарын ашық көрсетпеу дегеніміз кейін сол әрекетін жалғастыруына мүмкіндік беру деген сөз. Тергеу ашықтығының өзі оларға қолданылған жазаның бір түрі деп түсінген жөн. Себебі, бұл бағыт — «ауруын жасырған өледіге» апаратын жол. Қоғам дертін емдеу үшін көпшіліктің немқұрайлықпен қарауын қойып, талқылауға бұқараның атсалысқаны мықты күш деп санаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.