Photo Valeriy BUGAYEV

Таяуда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин іссапармен облысымызға келіп, өңірдегі бірқатар ірі агроөнеркәсіптік кешен нысанының жұмыс барысымен танысты. Шаруалармен кездесіп, сала өкілдерінің талап-тілектеріне құлақ түрді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын қолдау бағытында қолға алынатын мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды.

Сапалы өніммен қамтиды

Вице-премьер аймақта кәсібін дөңгелетіп отырған, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындайтын, оны қайта өңдеумен айналысатын бірқатар ірі кәсіпорынға арнайы барды. Айталық, 1 200 бас голштино-фриз тұқымды ірі қараға арналған «Аgro-Trade PV» ЖШС — мемлекеттің қолдауымен құрылған, жылына 4 млн литр шикі сүт өндіретін ірі тауарлы сүт фермаларының бірі. Мұндағы шикізат қайта өңдеу үшін жергілікті сүт өңдеу зауытына жіберіледі. Шаруашылық 1700 гектар суармалы жерде картоп, жүгері, жоңышқа, жемшөп дақылдарын өсіріп, өзін азықпен қамтамасыз етіп те отыр. Серік Жұманғарин аталмыш шаруашылық жұмысын оң бағалады.

Сондай-ақ, вице-премьер Lactalis Kazakhstan (ФудМастер) компаниялар тобына кіретін «Сүт» АҚ сүт өңдеу зауытында болды. Зауыт 220 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, тәулігіне 200 тонна сүт қабылдайды. Оны өңдеп, сүт, айран, май және басқа да өнімдерді нарыққа жөнелтеді. Шикізатты «Киров» ЖШС тауарлы сүт фермасынан, облыстағы басқа да ірі фермалардан алады.

«Сүт» АҚ басқарма төрағасы Светлана Таран бұған дейін кәсіпорын шикізаттың шамамен 70 пайызын жергілікті өндірушілерден, ал қалғаннын өзге өңірлерден сатып алып келгенін айтты. Жаңа тауарлы сүт фермасы іске қосылғалы жергілікті ірі фермалар шикізаттың 96 пайызымен қамтамасыз етіп отыр. Соны есепке ала отырып, зауыт өндіріс қуатын кезең-кезеңімен кеңейтуді бастады. Биыл үшінші тоқсанда ультрапастерленген сүт өндіру бойынша қосымша желі іске қосылды. Дайын өнім қоймасы салынды. Инвестиция сомасы 2,15 млн еуроны құрады.

Серік Жұманғарин Қазақстандағы танымал премиум-класты кеспе өндіретін «КЭММИ GROUP» ЖШС қызметімен де танысты. Кәсіпорын жылына 150-ден астам өнім түрін, шамамен 10 мың тонна макарон өндіреді. Ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, өнімдерін Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Моңғолия, Германия елдеріне экспорттайды.

Қолдаудан кенде қалмайды

Кейін Премьер-Министрдің орынбасары Павлодар ауданының Кеңес ауылдық округінде өңірдің фермерлерімен кездесті. Вице-премьер шаруалармен кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, биылғы астықтың баға саясатын, субсидиялауды, өткізу ауқымын кеңейтуді талқылады. Фермерлер «Кең дала» бағдарламасы үшін алғыстарын айтып, көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыруды және басым дақылдарды жеңілдікпен несиелеу және субсидиялау мерзімдерін ұлғайту қажеттігін атап өтті.

Бұл ретте шаруаларды 4-5-ші класты астықты форвардтық сатып алу бағасы қызықтырды.

— Біз бидай өсіреміз. Биыл егіннің басым бөлігі – 4-5-ші сыныпты. Азық-түлік корпорациясы 3-ші сыныпты бидай бағасын жариялады. Қазір 4-5-ші сыныптар бағасында ретсіздік бар, тоннасын 30-40 мың теңгеден ұсынуда. Осы орайда корпорацияның нақты бағасын білгіміз келеді, — деп қызығушылық танытты олар.

Серік Жұманғарин дәнінде 21-22 пайыз ақуызы бар 4-ші класты үшін тоннасына 75 мың теңге деңгейінде баға қалыптастырылғанын айтты.

Сондай-ақ, кездесуде вице-премьер Қытайға астық экспорттаудың әлеуеті зор екенін атап өтті. Биыл аспанасты еліне 3 млн тоннаға жуық астық жөнелту жоспарда бар.

Үкімет басшысының орынбасары мал шаруашылығы мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Алдағы уақытта мал шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы енгізілетінін ескертіп, бұл бағыттағы кәсіпкерлікті ілгерілетуге көңіл бөлуге шақырды.

— Біз келесі жылы мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың ауқымды бағдарламасын іске қосуды, бірінші кезекте, аустралиялық әдіске сүйенген жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте суармалы егін шаруашылығын дамытуға да қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар, Ертіс өзені мен Қ.Сәтбаев атындағы каналдың әлеуеті Павлодар облысында 200 мың гектарға жуық жерді суармалы алқапқа айналдыру жобаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Отандық жаңбырлатып суаратын қондырғылар өндірісінің болуын және мал шаруашылығын дамыту жөніндегі болашақ жобаларды ескере отырып, біз өңірге мемлекет жеңілдетілген несие беру арқылы қолдау көрсететін суармалы жерлерді дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді ұсындық, — деп атап өтті С.Жұманғарин.

Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың 9 айы ішінде өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 294,1 млрд теңгені, НКИ 112,8 пайызды құрады. Облыс соңғы бірнеше жыл ішінде салаға тартылған инвестициялар көлемі бойынша республикадағы көшбасшылардың бірі болып келеді. Жыл басынан бері 157,5 млрд теңге инвестиция салынып, өсу қарқыны 2 есе ұлғайды. 13 млрд теңгеге 12 инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 34,4 млрд теңгеге 20 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда аймақта картоп 100 пайыз жиналды, дәнді және зәйтүн дақылдарын жинау науқаны аяқталуда. Сондай-ақ, 1,1 млн тонна астық жиналды. Орташа өнімділік гектарынан 12 центнерді құрады. Қазіргі уақытта 6 элеваторға 38,3 мың тонна астық түсті. Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 30,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылдан 1,9 мың тоннаға артық.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің аумағы 174,1 мың га құрайды, оның ішінде 78 мың га алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылады.

Облыс әкімі Асайын Байханов жыл сайын суармалы жерлердің көлемін 10 мың гектардан астам ұлғайту үшін орталық мемлекеттік органдардың қолдауы қажет екенін алға тартты. Оған қоса, су көздерінен 10 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан алқаптарға инженерлік инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру бойынша жеке бағдарлама керек екенін тілге тиек етті. Серік Жұманғарин бұл ұсынысты қолдап, бейінді министрлікке өңірдің әлеуетін пайдалану мәселесімен айналысуды және суармалы жерлердің жалпы көлемін 200 мың гектарға дейін ұлғайтуды тапсырды.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.