Алматы қаласында белгілі журналист, әскери тілші, қоғам қайраткері, аудармашы Омарғали Құдышевке арналған мемориалдық тақтаның ашылуы өтті. Оған Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің басшылығы да арнайы шақырумен барып қатысты.

Бұған дейін де газетімізде жарық көргендей, Омарғали Құдышев республикамызда танымал газет басшыларының бірі болған. Майдангер тілші соғыстан соң халықаралық, республикалық, облыстық басылымдарға жетекшілік етті. Соның ішінде 1956-1962 жылдар аралығында Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетінің бас редакторы болып қызмет істеді. Оның қызмет еткен уақытында облыстық басылым мазмұны, жанрлық алуан түрлілігі, кәсіби журналистермен толығуы жағынан маңызды кезеңді бастан өткерді. Омарғали Құдышев – биыл 95 жылдығын атап отырған басылым тарихында ойып орын алатын басшының бірі.

Сол себепті Алматы қаласы Шевченко көшесі, 44-үй мекенжайында орналасқан мемориалдық тақтаның ашылуына О.Құдышевтің өзі қызмет еткен Павлодар облыстық газетінің өкілі ретінде арнайы қатысуымыз бізге де үлкен мәртебе болды.

Мемориалдық тақтаны журналистің ұрпақтары — Нұргүл Омарғалиқызы Құдышева мен редактордың жиені, белгілі жазушы Әсел Омар үлкен еңбекпен орнатты. Еске алу шарасына қайраткер журналистің көзін көрген қоғам қайраткерлері, жазушылар, кино өнерінің өкілдері, журналистер, ақынның ұрпақтары, туыстары, отбасылық достары қатысты. Олардың қатарында танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Қанапиянов, қазақтың ХХ ғасырдағы белгілі журналисі Жүсіп Алтайбаевтың қызы Шолпан Алтайбаева, тағы басқалары болды.

Омарғали Құдышев редакторлық қызмет еткен газеттің өкілі ретінде алғашқы сөз Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаевқа берілді. Ол Омарғали Құдышевтің қызмет еткен жылдары газетте үлкен жаңашылдықтар орын алғанын атап өтті. Газет тарихында Омарғали Құдышевтің еңбегін атаусыз қалдыру мүмкін емес. Бұл ретте архивтік құжаттар негізінде бірнеше зерттеу мақалалар жазылды, жарық көрді. Бұл іс алдағы уақытта да атқарыла береді.

Мемориалдық тақтаны ашу барысында Қазақстанға танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Қанапиянов Омарғали Құдышев туралы естелігін айтып, оның азаматтығын жоғары бағалап өтті.

— 1958 жылы мен бірінші сыныпқа бардым. Ол кезде біз Павлодарда тұрған едік. Мені үйдегілер нанға жіберді. Жақын маңдағы дүкендердің бірінен соң біріне кірдім, бірақ нан таппадым. Менің осы оқиға туралы кейін жазған «Нанға барғанда» деген әңгімем де бар. Осылайша жүріп отырып қалалық орталық саябаққа жетіп қалдым. Алдымнан әкемді  жолықтырдым. Әкем ол кезде мектеп директоры болатын. «Менімен бірге жүр», деді. Мен «нан сатып алмадым ғой» деп едім, қайтар жолда алармыз деп жауап берді. Сөйтіп біз әкем екеуіміз қалалық саябаққа жеттік. Онда ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен кездесу болып жатыр екен. Бұл кездесуді Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінің бас редакторы Омарғали Құдышев ұйымдастырған болатын. Мұхтар Омарханұлы кездесу соңына қарай кітапқа қолтаңба беріп жатып, менің жүзіме қарап, неге алаңдап тұрғанымды сұрады. «Дүкенде нан таусылып қалыпты» деп, өзімнің уайымымды айтып жатырмын ғой. Ол басымнан сипады. Мен сол кезде басымнан сипап тұрған ұлы жазушы, 50 томдық толық шығармалар жинағының авторы Мұхтар Омарханұлы Әуезов екенін қайдан білейін!

Омарғали Құдышев ақсақал туралы «Қызыл ту» газетінің журна-лисі, немере ағам, өлкетанушы Айтжан Бәделханов та жиі үлкен ризашылықпен еске алып айтып отыратын. Бүгін осындай тамаша тұлғаны Алматыда, күздің жайдарлы күнінде еске алып отырғанымыз – өнегелі іс. Бұл – тарихта қалатын оқиға, мемориалдық тақта Төлебаев көшесінің бойында өткен адамдарға тарихтан сыр шертіп тұрады. Бұл үшін еңбек еткен ақсақалдың қызы Нұргүл Омарғалиқызына, жиені, жазушы қызымыз Әсел Омарға, осы шараға қатысушылардың барлығына ризашылығымды білдіремін, — деді Бақытжан аға.

Тағы бір жылы естеліктің тиегін ұзақ жыл көрші тұрған Асыл Нарбеков ағамыз ағытты. Ол Омарғали Құдышевтің ұлы Нұрланмен бірге ер жеткенін айтты, «Динамо» жасөспірімдер мен жастар командасында бірге ойнаған. «Омарғали аға бізге әке іспетті болды. Ешкімге мәжбүрлеп ақыл айтпайтын. Бірақ әркімге өзінің қабілетіне қарай мамандыққа оқып, өмірден өз орнымызды табу жөнінде кеңесін айтатын. Мектепті аяқтайтын жылы шай ішіп отырғанымызда ол бізге «спорт деген жақсы ғой, бірақ білім алу керек, ертең мамандық иесі атану керек» деп әкелік мейірімін танытты. Сөйтіп мен техникалық мамандыққа, ұлы Нұрлан физика факультетіне, Алик деген тағы бір досымыз геологиялық барлау мамандығына барып, әрі қарай өмірден өз жолымызды тауып кеттік. Бүгінде осындай әкеміздей қамқор адамға мемориалдық тақта ашылып отырғанына қуаныштымыз. Осындай үлкен істі ұйымдастырған ұрпақтарына алғыс айтамын», деді ол.

Кешке қатысушы қонақтардың бірі – Шолпан Алтайбаева ол заман әкелердің ел игілігіне еңбегін арнаған ұлы уақыт болғанын атап өтті.

«Мен қазақ журналистикасында есімі танымал Жүсіп Алтайбаевтың қызы боламын. Менің әкем де, Омарғали Құдышев ағамыз да елі үшін қызмет етті. Біз, балалары, әкеміз жазуға отырғанда, тыныш жүруге тырысатын едік. Сол заманның журналистері, қаламгерлері күн-түн демей қажырлы еңбек етті. Өте жауапты қызмет екенін түсініп, бойындағы барын аямады. Кешкісін әлемдік классиканы қазақ тіліне аударатын еді. Сондағы мақсаты – қазақ жастары әлемдік әдебиеттен хабары болсын деген ой еді. Біздің әкелеріміз  осындай еді», — деп естелігімен бөлісті Шолпан Алтайбаева.

Омарғали Құдышевтің жиен қарындасы Гүлжаннат Дүйсенбаева да ағасының өмірде аса қамқор жан болғанын атап өтті. Омарғали аға өзінің немере қарындасын педагогикалық институтқа түсіп, 1949 жылы үздік бітіріп шығуына қолғабыс жасаған. Бұл кезде мұндай оқу орнына түсу көпшілікке арман болатын. «Омарғали аға қарындасына барлық жағдайды жасап, кейін біздің де өсіп-өнуімізге қамқорлығын танытты. Бала кезімізде жеңгеміздің бәрімізге сыйлық алып беруіне дейін көңіл бөліп отыратын», деді.

Мемориалдық тақтаны ашуға арналған кешті белгілі журналист, әскери тілші, қоғам қайраткері Омарғали Құдышевтің қызы Нұргүл Омарғалиқызы жиналған меймандар алдында сөз сөйлеп қорытты.

— Бұл жерге тек жақын достар, туыстар жиналып отыр. Менің әкем үнемі бізге адамды құрметтеп сыйлау керек екенін жиі айтатын. Өзі татар, ұйғыр, өзбек, тағы басқа түркі тілдерінде жетік сөйлейтін. Тіл білуге деген өзінің қабілеті болды деп ойлаймын. Әрқашанда жайдары, байсалды қалыпта болатын. «Өмірге өкпелеуге болмайды, әркезде тіршілік жасап, әрекет ету керек» деп айтып отыратын. Әкеміз әдемі киімдерді жақсы көретін. Жарасымды киім адамның өңін ашатынын айтып отыратын. Біз де соған тартып, «адам көркі — шүберек» дегендей, әдемі киінуге тырысып өстік. Ешкімді ренжітпейтін ақкөңіл адам еді. Өзі біреуді байқамай ренжітіп алса, бірнеше күн дұрыс ұйықтай алмайтын еді. Біз әкеміздің сол адамдық қасиетін жиі әңгімелеп, кейінгі жас ұрпаққа айтып отырамыз. Бәріңізге естелік тақтаны ашуға қатысқандарыңызға рахмет айтамын, — деді Нұргүл Омарғалиқызы.

Осылайша, Алматыда Омарғали Құдышевтай Қазақ журналистикасының жампозына арналған мемориалдық тақта орнатылды. Оның ашылуы — Павлодар облыстық газетінің тарихынан да сыр шертетін бір тарихи белгі, елеулі оқиға.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, Павлодар-Алматы-Павлодар.