Күз — өрт қаупі жоғары кезеңдердің бірі. Бұл уақытта дала мен шабындықта, от жағатын үйлерде төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Дала төсіндегі күзгі жиын-терім жұмыстарында шаруалар ескере бермейтін қауіпсіздік ережелері көп. Әсіресе, ауыл шаруашылығы техникалары талапқа сай әзірленуі қажет. Тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігінің алдын алу жолдары қайсы? Дала мен орман өртіне жол бермеу үшін нені ескеру керек? Өрттен қалай қорғанамыз? Күн тәртібіндегі өзекті мәселені «Тікелей желі» шарасында талқыладық. Оқырмандардың сұрағына облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Омаров және Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Галямов жауап берді.

Тілші:

— Биыл облыста қанша дала және орман өрті тіркелді? Тілсіз жаудан туындаған материалдық шығын көлемі қандай?

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— Биыл облыс аумағында жалпы саны 216 өрт фактісі тіркелді. Өкінішке қарай, 14 адам көз жұмды. Оның ішінде кәме-летке толмаған бір бала бар. 17 адам түрлі дене жарақатын алды. Ысты газдан улану салдарынан 3 адам қайтыс болды. Оқыс жағдай Атамекен кенті мен Павлодар ауданындағы Черноярка ауылында орын алды. Тағы 5 адам ауруханаға жатқызылды. Ал орман алқабында 46 өрт фактісі орын алды. Келтірілген материалдық шығын көлемі 1 млн теңгеден асты. Сонымен қатар, 25 дала өрті фактісі тіркеліп, жалпы ауданы 162 гектар өртке оранды.

 

Тілші:

— Дала және орман өрттерінің туындауына не себеп?

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— Дала өрттері көп жағдайда отты абайсыз қолданудан туындайды. Сонымен қатар, адамдар шөп шабу науқаны кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін толық сақтамайды. Тіпті, қасақана өртеу фактілері де тіркелді. Былтыр екі адам далада металл іздеу кезінде шөптерді өртеген. Олар қолға түсіп, іс материалдарымен облыстық полиция департаменті айналысты.

 

Тілші:

— Қасақана өртеу әрекетіне барғандар қандай жаза арқалайды?

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Бұл мәселеде өрттің салдары ескеріледі. Егер тілсіз жаудан туындаған материалдық шығын көлемі көп болса, адам өміріне қауіп төніп, денсаулығына зиян келсе, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайлар орын алмаса, құқықбұзушы әкімшілік жаза арқалайды. Жалпы, дала және орман алқаптарында отты ашық пайдалануға тыйым салынған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 367-бабы бойынша далада ашық отты пайдаланып, өртеу жағдайлары орын алса, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал жеке тұрғын үй секторы немесе ғимараттарда өрт қауіпсіздік ережесі сақталмаса, жеке тұлға 5 АЕК, лауазымды тұлғалар 15 АЕК, бизнес субъектілері нысанның аумағына байланысты 15, 30 және 50 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

 

Тілші:

— Жақында Баянауыл мен Қарағанды шекарасында үлкен көлемде өрт орын алды. Осы жайында айтып өтсеңіз…

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— 6 қазан күні түстен кейін дала өрті Қарағанды облысының шекарасынан «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» ормансыз аумағына өтті. Өрттің ауданы сол күні 3 мың гектарды құрады. Аталған орында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тілсіз жауды сөндіру жұмыстарымен айналысты. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардан орман шаруашылығы қызметкерлері мен ерікті өрт сөндіру құрылымдары жұмылдырылды. Астана, Семей қалаларынан төтенше жағдайлар басқармаларының мамандары да келді. Аэровизуалды ұшу барысында Баянауыл ауданы Күркелі ауылдық округіне қарайтын Желтау бөлімшесіндегі 18 адамды эвакуациялау жөнінде шешім қабылданды. Оның ішінде 8 бала болды. 7 қазан күні сағат 14.30-да Баянауыл ауданы аумағында жалпы ауданы 10 мың гектар дала өрті оқшауланды. Желтау ауылы мен Шоқпар қыстауында 60 адам мен 4 бірлік техника күзетте болды. Жағдайдың тұрақталуына байланысты Желтау ауылының эвакуацияланған тұрғындары үйлеріне оралды.

Сандуғаш, Баянауыл ауданы:

— Қарағанды облысынан шыққан өрт бәрімізді уайымға батырды. Мұндай тілсіз жаудың орын алмауы үшін төтенше жағдай-
лар департаменті тарапынан қандай жұмыстар жүргізіледі?

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Департамент қызметкерлері жергілікті полиция өкілдерімен және атқарушы орган мамандарымен бірлесіп, арнайы
49 мобильді топ құрған. Аталған топ биыл дала және орман алқаптарында 1800-ден астам рейд шарасын ұйымдастырды. Тексеру кезінде өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған 213 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 900 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

 

Тілші:

— Күз мезгілінде күзгі жиын-терім жұмыстары жүргізілетінін білесіздер. Шөп шабу, жинау, тасымалдау барысында шаруалар қандай қауіпсіздік шараларын ескерген жөн?

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Ең бірінші кезекте ауыл шаруашылығы техникасы дұрыс әзірленуі тиіс. Онда ұшқын сөндіргіш құрылғысы толық жұмыс істеуі қажет. Өте ескі әрі саймандары әр жерден жиналған техникаларды қолдануға тыйым салынған. Науқан кезінде далада ашық отты пайдаланып, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуге болмайды. Шөпті қоралар мен басқа ғимараттардың шатырына үюге де рұқсат етілмейді. Мал азығын үйден және қорадан 15 метр арақашықтықта жеке орынға үю керек. Үйілген шөпті арнайы қоршаумен қоршаған жөн. Электр сымдары шөптен алыс орналасуы тиіс. Шаруашылық иесі қожалықтағы әр қызметкермен өрт қауіпсіздігі ережесін түсіндіруі тиіс.

Тілші:

— Шөпті қораның төбесіне үюге болмайды дейсіз. Бірақ ауыл тұрғындарының бәрі қысқы мал азығын қора төбесіне үйеді. Бұл талапты қалай бақылайсыздар?

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— Өрт қауіпсіздігі ережесіне сәйкес, шөп қораның төбесіне үйілмеуі керек. Бұл ретте төтенше жағдайлар мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыс-тарын жүргізеді. Бірақ кейбір жұрт шөпті сақтайтын өзге орын жоқ екенін алға тартып, қора төбесіне үйеді. Жалпы, жеке секторда шөп үюге байланысты әкімшілік жаза әлі қолданылмады. Бірақ түсіндіру жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі. Егер өрт орын алып, өзге адамның қора-сындағы шөп өртенсе, жаза қарастырылады.

Марат, Ертіс ауданы:

— Ауыл шаруашылығы техни-каларының жұмысы төтенше жағдайлар департаменті тарапынан бақылана ма? Әсіресе, ескі техникалар тексеріле ме?

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Жоғарыда орман және дала алқаптарында арнайы мобильді топтар жұмыс істейтінін атап өттім. Осы мамандар шөп шабу науқаны кезінде жайылымдарға шығып, ауыл шаруашылығы техникаларын, шаруалардың жұмысын бақылайды. Рейд барысында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау бойынша жадынамалар таратылады. Егер рейд кезінде құқықбұзушылық анықталса, хаттама толтырылып, айыппұл салынады.

 

Тілші:

— Облыста өрт сөндіру техникалары жеткілікті ме? Бір техникаға қанша көлемде су сыяды?

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— Облыс бойынша 170-тен астам өрт сөндіру техникасы бар. Бұл көлем аймағымыз үшін жеткілікті. Жеке құрамда 800-ден астам қызметкер бар. Бірақ әлі 70 адам жетпейді. Кемінде бір өрт сөндіру көлігіне 2,5 тонна су сыяды.

 

Тілші:

— Биыл тұрғын үй жағдайында қанша өрт тіркелді?

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— Жеке тұрғын үй секторында жалпы саны 90-нан астам өрт тіркелді. Тұрғын үй секторындағы өрттің орын алуына адамдардың отынды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамауы себеп. Электр құрылғыларын, құрылыс-монтаж жұмыстарын дұрыс жүргізбейтіндер, тұрмыстық электр жылытқыштарды ережеге сай пайдаланбайтындар көп. Мұндай оқыс жағдайдайлардың басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың үйінде орын алады. Әсіресе, ішімдік пен темекіні көп тұтынатын отбасылар өрт фактілерінің орын алуына себеп болады.

 

Мәдина, Май ауданы:

— Аймағымызда жүргізілген өрт қауіпсіздігі айлығында қандай жұмыстар жүргізілді?

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— 15 тамыз – 15 қыркүйек аралығында жылыту маусымы басталмай тұрып өрт қауіпсіздігі айлығы ұйымдастырылды. Ауқымды шара жылда ұйымдастырылады. Мамандар әр жеке сектордағы, көп қабатты үйлерді аралап, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау бойынша рейд жүргізеді. Жадынамалар таратылды. Атап өтерлігі, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға 240 датчик тегін орнатылды. Соңғы үш жылдың ішінде мұндай отбасыларға бір мыңнан астам құрылғы тегін қойылды. Бұл құрылғы үй ішінде өрттің алдын алады. Оны пеш жағатын үйлерге орнату қажет. Егер үй ішіндегі температура шамадан тыс асып кетсе, түтін орын алса, дабыл береді.

 

Сәбит, Железин ауданы:

— Датчиктер қайда сатылады? Бағасы қанша?

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Датчиктердің бағасы қолжетімді. Шамамен 5-6 мың теңге көлемінде сатылады. Электронды тауарлар, ұсақ-түйек сатылатын дүкендерде сатылуы керек.

 

Болатбек, Тереңкөл ауданы:

— Датчикті орнату үшін үйге төтенше жағдайлар мамандарын шақыру керек пе?

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Жоқ. Бұл құрылғыны әр адам өзі үйде жоғары биіктікте орната алады. Датчик 3 батарейдің көмегімен жұмыс істейді. Оның қуаты шамамен 6 айға жарамды.

 

Зейнеп, Мойылды ауылы:

— Ауылда екі және бес қабатты үйлер бар. Өкінішке қарай, газ баллонын қолданатын тұрғындар бар. Олардың газ қолданатынын білсек, кімге хабарлаған дұрыс?   

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Газ және газбен қамтамасыз ету заңынының 28-бабына сәйкес, екі қабаттан жоғары ғимараттарда тұрмыстық газ баллонын қолдануға тыйым салынған. Сіз газ баллонын қолданатын адамды білсеңіз, 101 немесе 112 нөміріне хабарлай аласыз. Мамандар оқиға орнына аттанады. Егер сіз берген мәлімет расталса, газ баллонын пайдаланған адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 306-бабына сәйкес, 7 АЕК көлемінде жауапкершілікке тартылады.

 

Тілші:

— Мойылды ауылындағы екі және бес қабатты үйлерде рейд шаралары қалай жүргізіледі. Былтыр, 5 қабатты үйде газ баллоны жарылғанын білеміз…

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Мойылды ауылы бойынша рейд шарасы кезінде аталған үйлерден 4 адамның газ баллонын қолданатыны анықталды. Олар әкімшілік жазаға тартылды. Сіз айтып отырған оқиға бойынша жану фактісі орын алды. Үй тұрғыны газдың шығуын сіріңкемен тексеремін деп ашық отты пайдаланған. Өрт қағидаларына сәйкес, мұндай әрекетке тыйым салынған. Жалпы, көпқабатты үйлерде газ қолдануға қатаң тыйым салынады. Ал жеке үйлерде газды пайдаланатындар өрт қауіпсіздігін сақтауы керек. Тұрмыстық газ баллонын арнайы мамандар орнатуы керек. Сонымен қатар, газды пеш тұрған бөлмеде қолданбаған дұрыс. Өйткені пеш ашық от. Газдан жел кетсе, жарылыс орын алуы мүмкін.

 

Тілші:

— Әкімшілік жаза арқалаған адамдар кейін қалай бақыланады? Тағы газ баллонын қолдануы мүмкін ғой…

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Әкімшілік жаза арқалағандар екінші мәрте мұндай заңсыздыққа бармауы тиіс. Рейд шарасы кезінде жаза арқалағандарды тағы тексереміз. Егер әрекеті қайталанса, жазасы ауырлайды. Тіпті, Мойылды ауылы бойынша үйлерге газ тасымалдаушыны да анықтаған едік. Оған да ескерту берілді. Ол тағы да газ жеткізсе, ауыр жазаға тартылады.

 

Тілші:

— Рейд кезінде үйдің есігін ашпайтын тұрғындар бола ма?

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— Иә, болады. Есігін қаққанда, ашпаса жадынаманы үй сыртына қалдырып кетеміз. Тіпті, үйді ашып тұрып кіргізбейтін адамдар да болады. Оларды мәжбүрлі түрде есігін ашқызып, үйді тексеруге құзыреттілігіміз жоқ. Егер үй иесі рұқсат берсе, үйге кіріп, газ баллоны бар не жоғын тексере аламыз. Рұқсат бермесе, кірмейміз.

 

Сәуле, Успен ауданы:

— Пеш, мұржа қалай тазалануы керек?

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— Адамдар 3 айда кемінде бір рет мұржаны және пешті күлден тазартуы қажет. Жылу пешінің алдындағы еденге көлемі 50х70 сантиметр қаңылтыр қағылуы керек. Жанып тұрған пештерді кішкентай баласы бар үйлерде бақылаусыз қалдыруға болмайды. Ағаш, көмір сынды отындарды, жанғыш материалдарды пештің алдындағы қаңылтырға қоюға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, жиһаздарды да пешке жақын орналастырмау керек. Уақытша қолдан жасалған темір пештерін орнатқан жағдайда, темір пештерінің аяқтарының биіктігі 0,2 метрден кем болмауы тиіс. Жалпы, пешті арнайы мамандарға соқтыртқан жөн. Пеш дұрыс жанбаған немесе жан-жағынан жалын атқан жағдайда жедел түрде пеш салумен айналысатын адамға көрсетіп алған дұрыс.

 

Жанайдар, Ақтоғай ауданы:

— Үй ішінде өрт шыққан кезде адам қалай әрекет етуі керек?

 

Берік ЕРМЕКҰЛЫ:

— Ең бірінші кезекте үйден сыртқа шығу керек. Әсіресе, кәмелетке толмаған балалар оттан шошып, тығылып қалуы мүмкін. Сондықтан үйдегі барлық адамның далаға шыққанын қадағалап, есікті және терезені жауып кету қажет .Өйткені от шарпып, жан-жаққа тез тарауы мүмкін. Сосын 101 және 112 нөміріне хабар беру керек.

 

Тілші:

— Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларда қайғылы жағдай жиі тіркеледі екен. Департамент есебінде 1200-ден астам әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы барын білеміз. Аталған үйлердегі өрт қауіпсіздігі қалай бақыланады?

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Департамент тарапынан профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері де рейд шарасын өткізеді. Егер өрт тіркелсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке сектордағы пеш қолданылатын үйлерді жылыту маусымы аяқталғанға дейін бақылауда ұстаймыз.

 

Тілші:

— Күзде сенбілік жиі өткізіледі. Күл-қоқысты өртегенде нені ескеру керек?

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Өрт қағидаларына сәйкес, күл-қоқысты ғимараттан кемінде 50 метр арақашықтықта өртесе, әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда әкімшілік жаза қарастырылған. Тұрғындарға жел күндері, саяжайларда күл-қоқысты өртеуге болмайды.

 

Тілші:

— Мектептерде, сауда, ойын-сауық орталықтарында өрт қауіпсіздігі қалай сақталады?

 

Тілекжан НАЗАРҰЛЫ:

— Мұндай нысандарда департамент тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бекітілген жоспарға сәйкес, бірінші жартыжылдықта оқу орындары, білім беру мекемелері толық тексеріледі. Ал екінші жартыжылдықта сауда орындары, бизнес субъектілеріндегі өрт қауіпсіздігі ережесінің сақалуын қадағалаймыз. Егер қандай да бір ереже бұзылса, ұйғарым шығарылады. Егер ондағы талап орындалмаса, материалдар сотқа жіберіледі. Талапты орындамағандар 100 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Ірі бизнес субъектілері ескертпелерге құлақ аспаса, 500 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Қосалқы есік, дабыл жүйесі толық жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар, сатылардың жанына жанғыш заттар қоюға тыйым салынған. Егер өрт орын алған жағдайда, адамдар саты арқылы да сыртқа шыға алмай қалуы мүмкін. Рейд барысында осы талаптар толық тексеріледі.

                         Түйін:

«Тікелей желі» барысында оқырмандардан 30-ға жуық сауал түсті. Кейбірінің мазмұны қайталанатындықтан, ықшамдалып берілді. Оқыр-мандар мамандар берген ақпараттан қажетті мол мағлұмат алады деген ойдамыз.

 

«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.