Аймағымызда аса қауіпті аурулар бойынша жағдай тұрақты. Облыста сібір жарасы, құтырма сынды аурулар тіркелмеген. Бірақ 32 адам бруцеллез жұқтырған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық санитарлық-эпидемиоло-гиялық бақылау департаменті басшы-сының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова мәлім етті. Оның айтуынша, облыста 9 айда бруцеллездің 32 жағдайы тіркелді. Өткен жылмен салыстығанда көрсеткіш 2,3 пайызға төмендеген.  Бұл аурудан сақтану үшін тұрғындар малға екпе салдырып, жыл сайын қан сынамасын уақытылы жүргізуі қажет. Қауіпті індет Железин, Баянауыл, Ақтоғай, Шарбақты, Май аудандарында анықталған. Ал құтырма ауруы бойынша жағдай тіркелмеді. Аталмыш індетке қарсы 1713 адам екпе алды. Олардың басым бөлігін ит қапқан.

— Биыл антирабиялық көмекке жүгінгендердің қатары 7 пайызға азайып отыр. Ит қапқан 1146 адам дәрігер көмегіне жүгінге. 489 адамды мысық тістеген. Сонымен қатар, түлкі, жылқы тістеген 9 адам да медициналық көмекті пайдаланды. Барлық науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп, құтырмаға қарсы екпе салынды. Жануарлар тістеп алған жағдайда дереу жарақат алған орынды жылы сумен сабындап жуу қажет. Содан кейін тәулік бойы жұмыс істейтін травматология бөлімшесіне бару керек, — деді З.Дощанова.

Жалпы, облыста аса қауіпті аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жыл сайын үй жануарларына  қауіпті ауруларға қарсы
12 түрлі екпе салынады. Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев қазіргі уақытта үй құстарына вакцина жүргізіліп жатқанын атап өтті.

— Жыл басына ветеринария басқармасымен 400 мың ірі қарадан қан сараптамасы алынып, оның ішінде 1800 малдан бруцеллез анықталды.  Мұндай малдар 15 күннің ішінде оқшауланып, санитарлық сойылуға жіберіледі. Сонымен қатар, 500 мыңнан астам ұсақ мал тексеріліп, оның 112-сінен аталмыш індет анықталды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен. Бұл ретте екпе, қан сараптамасына қатысты екпе жұмыстары 90 пайызға аяқталды.  Даладағы жануарлар арасында құтырма ауруын болдырмау үшін профилактикалық шара жүргізілуде. Бұл орман шаруашылықтарындағы түлкі, қарсақтар үшін брикет капсула тасталуда, —  дейді А.Тілеубаев.

Қазіргі уақытта үй құстары құс тұмауына қарсы егілуде. Сонымен қатар, биыл облыста үй құстары Ньюкасл ауруына қарсы екпе қабылдауда. Мұндай дерт облыс аумағында әлі тіркелмеген. Аурудың бұл түрі құстардың тыныс алу органдарын, асқазан-ішек жолдарын және орталық жүйке жүйесін зақымдайды.  Асылтас Абылайұлы былтыр осы ауру Оңтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасында тіркелгенін айтты. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі аймақ-тарға вакцина бөлген. Биылдан бастап облыста Ньюкасл ауруына  мемлекеттік тапсырыс аясында үй құстарын егу жұмыстары тегін жүргізілуде.

Айдана ҚУАНЫШЕВА