Биыл алғаш рет Торайғыр көліне 10 мыңға жуық, Сабындыкөлге салмағы 100 грамға дейінгі 38,6 мың біржылдық ақ амур балығы жіберіледі. Балықтардың су айдынына жіберілуін Ақсу қаласына қарасты Ребровка ауылындағы «Колос» шаруа қожалығы қамтамасыз етеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашев мәлімдеді.
Бөлім басшысының сөзінше, балықтың бұл түрі ғылыми ұсыныстар негі-зінде таңдалған. Себебі, Баянауыл көлдерін қамыс басып кеткен. Ал ақ амур балығы екі жыл ішінде Баянауыл көлдерін қамыстан тазартады деп болжанып отыр.
— Ақ амур табиғи мелиоратор бола отырып, бірнеше мәселемен күресуге көмектеседі. Бұл судың сапасын жақсартады және жергілікті экожүйелерді сақтайды. Су қоймалары терең, сол себепті балық-тардың тіршілігіне қауіп жоқ. Сонымен қатар, отте-гімен қамтамасыз ету мәсе-лесі де болмайды. Амур балықтары басқа балық түрлеріне бәсекелестік тудырмайды және көбейе алмайды. Олардың тіршілігін Баянауыл ұлттық табиғи паркі бақылайтын болады. Екі жылдан соң балықшылар балықтың бұл түрін аулай алады, — деді Жасұлан Русланұлы.
Сондай-ақ, биыл Павлодар су қоймаларында тұқы тұқымдас 51 мың балық пайда болады. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артық.
— 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін облыстың су айдындарына 22,6 мың балықты жіберу материалы шығарылды. Алайда осы жылы олардың саны едәуір өсті. Биылғы жылы, атап айтқанда, күні кеше Баянауыл ауданы мен Ертіс өзенінің су айдындарына 100 млн теңгеге балықтандыру жүргізіледі. Бұл шаралар балық ресурс-тарын қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Айта кетейік, осы айдың соңына дейін 2 шаруашылық және облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасымен 36 млн теңгеден астам сомаға балық жіберу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Айдана БОРАНБАЕВА.