Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысының оңтүстік-шығысында орналасқан Май ауданы — бүгін-
де ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған өңірдің бірі. Жуырда ғана 85 жылдығын атап өткен бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы жыл санап жақсарып келеді. Бүгінде аудан дамудың жаңа кезеңіне бет бұрып, нәтижесінде жергілікті тұрғындардың да жағдайы едәуір жақсарып қалған.

Тарихқа көз жүгіртсек…

Тарихи мәліметтерге көз жүгіртсек, Май ауданы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1939 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен Баянауыл ауданынан бөлінген екі ауылдық кеңестің, Бесқарағай ауданынан бөлінген алты ауылдық кеңестің және орталығы Май ауылында орналасқан Каганович ауданының Жалтыр ауылдық кеңесі аумағының бір бөлігінің негізінде құрылды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1963 жылғы 2 қаңтардағы Жарлығы негізінде Май ауданы таратылып, оның аумағы Ермак және Баянауыл аудандарының құрамына кірді. Кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1964 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығымен ол орталығы Белогорье ауылы болып қайта құрылды. 1992 жылы Белогорье ауылы Көктөбе болып жаңадан аталды. Май ауданы аумағы жағынан облыс бойынша Баянауыл ауданынан кейін екінші орынға орнықты.

Май ауданының тұрғындары өмірінің әртүрлі кезеңдерінде айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Мәселен, 1939 жылы Май ауданының аумағы 5,7 мың шаршы метрді, халық саны 7513 адамды, 1981 жылы аудан 18,1 мың шаршы метрді, халық саны төрт есеге артып, 27,1 мың адамды құраса, 2023 жылғы жағдай бойынша сол алып жатқан алаң үш есеге жуық азайып, 10,5 мың адамға жетті.

Ілкімді істер ілгерілетеді

Мал шаруашылығы – қазақтың әу бастағы ата кәсібі. Ішсе — сусын, жесе — ас, мінсе — көлік төрт түлік халқымыздың тірлігімен біте қайнасқан. Қазіргі таңда да айтулы сала дамудың даңғыл жолында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенге ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Жеңілдетілген несие, өнімдерге субсидия беріліп, түрлі бағдарламалар еліміздегі мал шаруашылығының дамуына жаңа серпін беруде. Осы орайда Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев бүгінде ауданда төрт түлікті түлету, аудандағы мал санын молайту секілді жұмыстар қарқынды түрде іске асырылып жатқанын атап өтті.

— Ауданда мал шаруашылығы бағыты жануарлардың сүтін, жүнін, терісі мен сүйегін одан әрі өңдеуді талап етеді. Біз осы мәселелерді мұқият зерделеуді, қабылдау орталықтарын ашуды және оларды одан әрі іске асыруды жоспарлап отырмыз. Егіс алқабы 4,6 пайызды алып жатыр. Оның тек 0,34 пайызы суаруға бөлінген, жер және көкөніс дақылдары үшін суармалы учаскелерді ұлғайту қажеттілігі туындауда. Ауданның бай мұрасы көптеген инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ашық. Мысалы, бүгінде Ақшиман ауылында мыс байыту комбинатын ашу мәселесі қаралуда. Ал Малайсары ауылында саздан және құмнан құрылыс материалдарын өндіруді ашу процесі басталды. Сондай-ақ, Қазан ауылдық округінде Қалыбай жүйесін жайылмалы суаруды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Болашақта ауданның даму әлеуеті зор ауылдардың инфрақұрылымы бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Бұл аудан тұрғындарының өмір сүру деңгейін біршама арттырды. Болашақта ауданның әлеуеті артып, ауылдардың инфрақұрылымы бойынша ірі жобалар жүзеге асырылады. Бұл аудан тұрғындарының өмір сүру деңгейін бірнеше есеге арттырады, — деп атап өтті аудан басшысы.

1942 жылы ауданда «Қайнама» кен орны ашылып, тас көмір қоры 16 млн тоннаға жеткен. Алайда «Қайнама» шахтасы 1943 жылдан 1950 жылға дейін жұмыс істеп, тоқтап қалады. Дегенмен, 2010 жылы көмір өндіру ісі қайта қолға алынады. Бүгінде кен орнының тас көмірді өндіру көлемі жылына 37 мың тоннаны құрайды. Одан бөлек, «Жамантұз көмір» кен орнын ерекше атап өтуге болады. 2015 жылдардан кейін көмірдің көлемі жылына 110 мың тоннаға жетті.

Құрылыс жұмыстары қарқынды

«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы жолға қойылғаннан бері ауданның құрамындағы ауылдардың тамырына қан жүгіріп, жаңаша күйге бөленді. Аталған бағдарлама аясында елді мекендердің жолдары жөнделіп, көшелер жаңартылып, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлер тұрғызылды. Бұл жоба аясындағы жұмыстар жыл сайын емес, күн сайын жүзеге асып жатыр.

— Басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға аударылды. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. 2020 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 6 елді мекенде (Көктөбе, Кеңтүбек, Саты, Малайсары, Майтүбек, Қаратерек ауылдары) іске асырылды, 9 әлеуметтік маңызы бар нысанда күрделі жөндеу жүргізілді, 35 көше жөнделді, кірме жолдарға көше жарығы орнатылды, Қаратерек ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, — дейді Қадылжан Қайыржанұлы.

Аудан әкімінің сөзінше, одан бөлек аудандағы 11 денсаулық сақтау нысанының 10-ына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ақжар және Ақшиман ауылдарында екі медициналық объект салынды, Саты ауылындағы медициналық пунктің құрылысы келесі жылға жоспарланып отыр.

— 13 білім беру нысанының ішінен 9 мектеп жаңғырту бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өтті (Саты, Ақшиман, Қазақстан орта мектебі, Ақжар, Қазан, Малайсары, Жалтыр, Көктөбе орта мектебі, Мұқашев атындағы орта мектеп). Қалған мектептердегі жұмыстар жақын арада жалғастырылады. Осы жылдан бастап шағын ауылдардағы мәдениет нысандарын жөндеуге және қалпына келтіруге назар аударылуда. Ақсарай бөлімшесіне ауылдық клубты ағымдағы жөндеуге 7,5 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, 11 мәдениет үйінің 9-ы заманауи келбетке ие болды. Олар — аудандық мәдениет үйі, Ақжар, Май, Қаратерек, Майтүбек, Саты, Малайсары, Ақшиман, Кеңтүбек елді мекендеріндегі ауылдық клубтар, — дейді ол.

Аудан өміріндегі оң өзгерістердің бірі топтық су құбырын орнату болды. Оның бюджеті 2018 жылы бекітіліп, келесі жылы сәтті жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта әр үйде орталықтандырылған су жүйесі және көптеген үйде кәріз құдықтары орнатылған.

Көшіп келушілер саны артқан

2017 жылдан бастап ауданда жаңа үйлерді қалпына келтіру және оларды салу белсенді жүргізіліп келеді. Игі істің нәтижесінде 171 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл жалпы кезектің 51 пайызын төмендетуге мүмкіндік берді. Осы жылда Қазақстанда оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен қоныс аудару бағдарламасы  жұмысын бастады. 2021 жылдан бастап бұл бастама «Қуатты өңірлер –
ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылуда. Соңғы 8 жылда ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша ауданға 1117 адам көшіп келді. Оның тек 72-сі басқа өңірлерге кеткен, ал 94 пайызы ауданда тұрақтап, жартысына жуығы мал шаруашылығымен айналысып, өз кәсіпорындарын ашты.

Мәдениет — өмір айнасы

Ауданда бүгінде 20-ға жуық ауылдық клуб пен кітапхана және бір дәстүрлі өнер орталығы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Мәдениет үйлері мен клубтар типтік жобада салынып, материалдық-техникалық базасы нығайған. Жаңа үлгіде стендтер жасақталған. Компьютерлер интернет желісіне қосылып, лэд экран орнатылған. Мәдениет үйлері мен клубтар концерттік, ұлттық киімдермен, аспаптармен қамтамасыз етіліп, қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Өнер ұжымдары әдіскер, көркемдік жетекші, мәдени ұйымдастырушы, хореограф секілді мамандармен толықтырылған.

Ұлтымыздың дәстүрі мен өнерін дәріптеу, жас жеткіншектерді үйірмеге қызықтыру, халқымыздың бай мұрасы – әнін, биін, күйін, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа насихаттауда үйірмелердің орны ерекше. Бүгінде ауданның мәдениет үйлері мен клубтарында 100-ге жуық үйірме жұмыс істейді. Үйірмелерге 1000-нан аса өнерпаз тартылған.

Мәселен, аудан орталығының мәдениет үйінде 1990 жылдары Мерзихан Шайхин атындағы халықтық театры құрылған. Бүгінде өнер ұжымы республикалық театр фестивальдерінде бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Түйін:

Көріп отырғанымыздай, уақыт өткен сайын ауылдардың ажары кіріп, әлеуметтің әлеуеті арта түсуде. Ауызсу желісі тартылып, ескілері қайта жаңғыртудан өтіп, жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, салынуда. Аудан орталығы ғана емес, ауылдық жерлерде де сәнді де сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ауылдық елді мекендердің ажары айшықталып, абыройы асқақтай беретініне сеніміміз мол.

Айдана БОРАНБАЕВА.