Photo Valeriy BUGAYEV

Биылғы су тасқыны елімізге, оның ішінде Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылының тұрғындарына оңай соққан жоқ. Аталмыш елді мекендегі бірнеше баспана қарғын судың астында қалып, жарамсыз болып танылған-ды. Небары үш ай аралығында демеушілердің есебінен зардап шеккен отбасыларға арнайы үйлер салынып, кілті табысталды. Алайда арада ұзақ уақыт өтпей жатып-ақ жаңа баспаналардың қабырғалары сызданып, дымқылданып кетті.

Жалаулыда еріген қар суы 14 үйдің ішіне кіріп, бөлмелер мен мүліктерге зақым келтірді. Олардың тоғызын қайта қалпына келтіру үшін қаржы бөлініп, баспаналар реттелді. Ал бес баспана мүлде адам тұрғысыз болды. Сондықтан облыс әкімдігінің тікелей бастамасымен, «ERG» компаниялар тобы және «Орта-Азиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ қаржылай қолдауымен жаңа тұрғын үйлер салу ұйғарылды. Құрылыс жұмыстарын жергілікті «Ақтоғай-Агро» ЖШС қолға алды. Сөйтіп, небары үш ай аралығында әрқайсысы 22 млн теңге болатын бес баспананы тұрғызып, тұрғындарға табысталды. Жаңа қонысқа көшкен жергілікті жұртшылық мәз-мейрам болды.

Өкінішке қарай, қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Күз келе үйлердің іші дымқылданып, сыздана бастады. Терезелер мен жылу батареяларының жан-жағы көгеріп кетті. Бес отбасы суық түсіп, алғаш рет от жаққалы терезелер суланып, қабырғаларды зең басқанын айтады. Мұндай жағдайда тұру да қауіпті. Зеңнің адам денсаулығына зиян екені белгілі. Ендігі ретте судан зардап шеккен ауылдағы ағайын қыстың көзі қырауда тағы үйсіз қалып қоймаймыз ба деп алаңдап отыр.

Ақтоғай ауданы әкімі аппа-ратының баспасөз қызметі жағдай жуық арада реттелетінін алға тартты.

— «Ақтоғай-Агро» ЖШС орындаған жұмыстар сапалы және мерзімінде жүзеге асырылды. Кемшіліктер болған жағдайда 3 жыл мерзімге кепілдік бар. Мердігер өтініште көрсетілген барлық ескертулерді жояды, — делінген ресми хабарламада.

Мердігер компания – «Ақтоғай-Агро» ЖШС бас директоры Александр Терентьев баспаналарды аз уақыт аралығында әрі қиын жағдайда салғанын айтады.

— Біз құрылысқа кіріскен уақытта жан-жақта әлі тізеден келетін су болды. Бұл да кері әсерін тигізген болуы керек. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Үйлердегі көгерген аумақтарды арнайы қоспамен өңдеп, әктеп береміз, — деп жауап қайырды кәсіпорын басшысы.

Бір рет әктегенмен, мәселе шешіле қояр ма? Алдағы уақытта тағы жауын жауып, қар еріген уақытта жаңа баспаналар сызданып, көгермесіне кім кепіл? Онсыз да қарғын судың салдарынан үйсіз қалған ауылдықтар жаңа қоныста тағы жапа шекпей ме? Бұл сауалдар жауапсыз қалмас үшін әрі тұрғындар жайлы, жылы жағдайда тұруы үшін құрылысты жүргізген компания мен жергілікті билік сапаға баса мән берсе екен. Бар тілек –
осы.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.