Елімізде 2021 жылы жалпыға бірдей декларация енгізілген болатын. Соған сәйкес, азаматтар кезең-кезеңімен бар мүлкі туралы деректі көрсетуге міндеттеледі. Биыл аталмыш құжатты толтыратын уақыт аяқталды. Бұл ретте 15 қыркүйекке дейін жеке мәліметтерін көрсетпеген тұрғындар жауапқа тартыла ма? Жалпы, декларация тапсырудың мақсат-міндеті қандай? Мәліметтер не үшін керек?

Мәліметтер не үшін керек?

2022 жылы алғашқы болып мемле-кеттік қызметшілер, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары декларация тапсыра бастады. Былтыр олардың қатарына квазимемлекеттік сектор субъектілері, мемлекеттік меке-мелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары қосылса, биылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбай-лары да аталмыш құжатты толтыруға міндеттелді.

Жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты – табыстың ашықтығын қамтамасыз ете отырып, көлеңкелі экономикамен күресу арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Оған қоса, кірістің ашықтығы мемлекеттік қазынаға түсетін табысты еселетеді. Ал бұл өз кезегінде ел экономикасы мен әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға қосымша қаражат жұмсауға мүмкіндік береді. Атап өтерлігі, мұндай тәжірибе АҚШ, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Сингапур, Швейцария сияқты әлемнің көптеген дамыған елдерінде бұрыннан бар.

Біздің ел осы және өзге де мемлекеттердің тәжірибесін ескере отырып, салық есептілігінің екі нысанын бекітті. Алғашқысы «Активтер мен міндеттемелер туралы Декларация» немесе 250.00-нысан деп аталады. Екіншісі – «Кірістер мен мүлік туралы Декларация» (270.00-нысан). Жалпыға бірдей декларациясына кірген тұста азаматтар 250.00 нысаны бойынша мәліметтерді ұсынады. Одан кейінгі жылдары 270.00 нысаны бойынша жыл сайынғы декларация толтырады.

Соның аясында тұрғындар Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі барлық мүлікті көрсетуі тиіс. Атап айтқанда, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, 10 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 34,5 млн теңге көлеміндегі қолма-қол ақша, шетелдегі жылжымайтын мүлік пен авто¬көлік құралдары болса, барлығын декларацияда белгілеуі керек.

Құжатты «e-salyq azamat», «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Сондай-ақ, бірқатар екінші деңгейлі банктің қосымшаларында декларацияны тапсыру функциялары іске қосылған. Декларацияны қағаз түрінде де, электронды түрде де 15 қыркүйекке дейін тапсыру міндеті қойылды. Ол үшін электрондық-
цифрлық қолтаңба қажет емес. SMS- пароль арқылы да толтыруға мүмкіндік бар.

Биылғы талап қандай?

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңіне сәйкес, осы жылы заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары мәліметтерін жария етуге міндеттеледі. Олардың қатарында жеке кәсіпкерлер, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың басшылары, директорлар кеңесінің төрағасы, заңды тұлғаның алқалы басқару органының бірінші басшысы, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің төрағасы және жоғарыда аталған тұлғалардың жұбайлары бар. Бизнес өкілдері бүгінде әрекетсіз болып, қызметін тоқтатса да декларация тапсыруы тиіс. Бұл талаптың филиалдар мен өкілдіктердің басшылары, діни бірлестіктердің бастамашысы, тұрғын үй / саяжай кооперативтерінің мүшелеріне қатысы жоқ.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік банктегі 7,3 мың АҚШ долларынан асатын қаржы, шетелдік компаниядағы қатысу үлесі, бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т. б.), инвестициялық алтын (құйма алтын), зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн. теңге (10 000 АЕК) шегінде қолма-қол ақша көрсетілуі тиіс.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 15 қыркүйектегі жағдай бойынша 2,6 млн декларация тапсырылды. Ал 200 мың адам мәліметтерді әлі толтырған жоқ. Оларға тиісті ескерту беріледі. Сол ескерту алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде мобильді қосымшалардың бірі арқылы есептен өтуі керек. Әйтпегенде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Атап айтқанда, декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмаса немесе барлық деректі толық ұсынбаса, бірінші рет ескерту беріледі. Екінші рет қайталанса, 15 АЕК көлемінде, ал толық емес мәліметтерді көрсеткені үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Кәсіпкер салық салу объектілерін жасырған жағдайда салық сомасының 200 пайыз көлемінде, қайталанған жағдайда 300 пайыз көлемінде айыппұл мен салықтың өзін төлейді. Бизнес өкілі шетелдегі мүлкі мен банктегі шоттардағы ақшасы туралы бір жыл ішінде заңбұзушылықтарды жоймаса, 200 АЕК айыппұл арқалайды.

Биыл біздің облыста 180 мыңнан астам жеке тұлға табысы туралы мәліметтерді ұсынуы тиіс еді. 160 мың адам бұл есептерді уақытылы берді. Яғни, 56 мыңнан астам адам 250-нысанындағы, 100 мыңнан астам адам 270-нысандағы құжаттарды толтырды.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ақпаратынша, үшінші кезеңнен өтуі тиіс 11 мың адам және алғашқы екі кезеңнің 14 мың қатысушысы есептерді мерзімінен кешіктірді. Оларға ескертулер берілді. Содан соң 4300-ден астам павлодарлық мәліметтерді көрсетті.

Келесі жылы не өзгереді?

Ал 2025 жылдан бастап салықтық есептің бұл түрін азаматтардың барлығы бірдей тапсыратын болады. Жоспар бойынша, 13 миллионнан астам адам кірісі мен активтерін көрсетуі керек.

Сонымен қатар, заңға сәйкес, келесі жылы саяси қызметшілердің декларациясы жалпақ жұртқа қолжетімді болмақ. Яғни, кез келген адам жоғары лауазымды азаматтардың табысы, мүлкі туралы мәліметтерді емін-еркін көре алады. Тек ерекше қорғалатын қызметшілер –
Президент, Премьер-Министр мен Парламент палаталарының спикерлері толтырған құжат жарияланбайды. Қаржы министрі Мәди Такиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы, Бас прокурор, Ішкі істер министрінің деректері де олардың қызметіне байланысты жасырын түрде қалатынын мәлімдеді. Ал өзге саяси, мемлекеттік қызметшілердің барлығы декларацияларын халық алдында көрсете алады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.