«Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы орталығында кітапханашылар күні жоғары деңгейде атап өтілді. Аймағымыздың түкпір-түкпірінен келген 250 кітапханашы алғаш рет облыстық форумда бас қосты. Ауқымды шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, кітапханашылар, зиялы қауым өкілдері,  сала ардагерлері қатысты.

Алдымен келушілер назарына «Мен — кітапханашымын» тақы-рыбында фотокөрме ұсынылды. Залда кітапханада 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен тәжірибелі қызметкерлердің суреті қойылды. Осындай құрметке ие болғандардың қатарында Павлодар ауданы Чернорецк ауылының тұрғыны Бақыт Жарылғапова да бар. Кітапхана  жүйесінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман жұмысқа алғаш рет орналасқан уақытты қазіргі кезеңмен салыстыруға келмейтінін айтады.

— Кітапханадағы алғашқы еңбек жолым Тереңкөл ауданында басталған еді.  Кейін тұрмыс құруыма байланысты Павлодар ауданына көштім. 1986 жылдан бері Чернорецк ауылында кітапхана қызметкері болып еңбек етудемін. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазір кітапханашылардың жұмысы едәуір жеңілдеді. Қазір заманауи компьютер, сканерлер қолданылады. Бұрындары қара қағаз арқылы көшірме жасайтын едік. Ақ қағаздың үстіне қара қағаз қойып, кітаптағы жазуды көшіретін едік. Қара қағаздың өзін табу қиын болатын. Бірақ сол уақытта кітап оқитын адамдардың қатары өте көп еді. Әр адамға қолмен жеке карта ашатын едік. Қазір барлық мәлімет базада сақталған.  Технология қағазбен жұмыс жасауды едәуір азайтты. Сонымен қатар, бұрын ауылдағы шаруа қожалықтарына кітапты шанаға салып таситын едік. Газет-журналды да солай тарататынбыз. Қызметімізге компьютер енген кезде тілін тез меңгердік. Бүгінде ауылда 600-ден астам оқырман бар. Кітап қоры жеткілікті, — дейді Б.Жарылғапова.

Көрмені тамашалаған қонақтар «Рухани қазына шырақшысы – кітапханашы» тақырыбын арқау еткен  форум жұмысына қатысты. Кәсіби мереке иелерін Айгүл Мәлікова құттықтап, кітапханашылардың қажырлы еңбегін атап өтті.

— 24 қазан – кітапханашылар күні. Баршамыз алғаш рет ұйым-дастырылып отырған облыстық форумда бас қосып отырмыз. Кітапхана – мәңгілік елдің рухани мұрасын дамытатын, сақтайтын және насихаттайтын ақпараттық орта. Қазіргі таңда облыста 225 кітапхана қызмет көрсетеді. Оның 197-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Аймағымызда кітап-ханаларды жаңғырту аясында 56  мәдени-демалыс коворкинг орталығы жұмыс істейді. Ауылдағы кітапханаларда электронды өлкетану ақпараттық  ресурс-тары жұмыс істеуде. Онлайн кеңістікте өңір кітапханаларының 71 веб-сайты орналастырылған. Кітапхана мамандары Торайғыров университетінде, Жаяу Мұса атын-дағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде, Инновациялық Еуразия университетінің жоғары Екібастұз колледжінде даярланады. Соңғы 3 жылда аталмыш оқу орнын 100-ге жуық жас маман бітіріп, еліміздің мәдениет саласына қызмет етуде.

Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтап, еңбектеріңізге шығармашылық табыс, отбасы-ларыңызға амандық тілеймін, — деді Айгүл Қайыртасқызы.

Форумда тәжірибелі мамандар жоғары марапатқа ие болды. Кітапхана саласының үздік қызмет-керлері облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының басшысы  Шолпан Шахметова, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының бөлім басшысы  Жылқыбекова Айнагүл «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, бірқатар кітапханашы облыстың мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, бюджеттік және мемле-кеттік сала қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы басшысының Құрмет грамотасына лайық деп танылды.  Сондай-ақ,  «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының марапатына ие болған кітапханашылар бар.

Форум Иса Байзақов атындағы облыстық филармония мен «Шаңырақ» орталығы өнерпаз-дарының  концертіне ұласты.

Ауқымды шараға қатысушылар «Әлем өзгереді – біз өзгереміз» тақырыбындағы тренингке де қатысу мүмкіндігіне ие болды. Онда кітапханада жасанды интеллект құралдарын пайдалану, креативті ойлау, цифрлық кеңістіктегі  мәдени мұраны дамыту тақырыптары қозғалды.

 

Алтынай СЕЙСЕРХАН, кітапханашы:

— Павлодар ауданы, Мичурин ауылының кітапханасында 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Қазіргі кітапхана заманауи форматта жұмыс істейді. Оқырмандар кітапты көп жағдайда электронды форматта оқиды. Бұл ретте әлеуметтік желілерде парақшаларымыз бар. Электронды формат арқылы оқырмандарымыздың қатары ауыл тұрғындарымен шектелмейді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жазып, кітап сұрайтын адамдар бар. Кітапхана қорында екі тілде 5 мыңнан астам кітап бар. Бұрын кейбір оқырмандарға қажетті кітап таба алмайтын едік. Қазір онлайн жүйе арқылы оқырманға қажет кітапты база арқылы өзге кітапханалардан тауып береміз. Ауыл халқымен шығармашылық байланыс орнатып, түрлі шараларға қатыстырамыз. Оқырмандарды тарту үшін қызықты байқаулар да өткіземіз. Кәсіби мерекеде кітапханашыларға көрсетілген құрмет үшін алғыс айтамын.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.