Қазақтың айбоз ақындарының бәрі қоғамның бүгінгі рухани болмысына алаңдайды. Өмірін өлеңмен өріп, көңіл түкпіріндегі сезімдерді ізгілік, адамгершілік, қарапайымдылықпен байланыстыратын қаламгер күш-қайраты сарқылғанша еліне қызмет етуді мақсат етеді. Ұлт мұрасын насихаттауда тарих қойнауында жатқан, әлі де ғылыми айналымға енбеген шаң басқан архивтердегі деректерді, тәуелсіздік жолында қызмет еткен тұлғалар өмірін зерттеу ісін жалғастыру да ақын өмірінің бір парасындай. Міне, осындай ақындардың бірі әрі бірегейі, қоғам белсендісі, жазушы, журналист Жұмағали Қоғабаймен ұлтты сүю мен халыққа қызмет ету мәселесіне қатысты маңызды әңгіме өрбітіп, ұлттық сананың негізгі бастау-бұлағына бас бұрдық. Мархабат…
— Жұмағали аға, әңгіме-мізді әдебиеттен бастасақ. Алғашқы жазған шығармаңыз есіңізде ме?
— Әрине. Алғашқы жазған шығармам 1967 жылы Ақтоғай аудандық (бұрынғы Краснокутск)
«Коммунистік еңбек» деген газетке басылып шықты. Мектеп қабыр-ғасында оқып жүрген кезімде «Туған жер» деген өлеңімді баспа бетінен оқып, бір қуанып қалғаным есімде.
«Туған жер маған ыстық көрінеді,
Сағыммен бұлдыр тартып, керіледі.
Алыстан төбелері көрінгенде
Қиялым шартарапқа бөлінеді.
Есте жоқ балалықты тастағаным,
Есімде бұзықтыққа баспағаным.
Есімде ұстаздардың үйреткені,
Өмірді әліппеден бастағаным», — деген өлең шығарыппын. Туған жерге деген ыстық махаббатымнан туған осы алғашқы өлеңімнен шығармашылық жолым басталды десек те артық емес. Жалпы, менің өлеңге, өнерге келуімнің басты себепшісі анам болды. Ол кісі талай той-томалақтарда, отырыстарда, құрбы-құрдастарының арасында суырып салып өлең шығарып, ән салатын. Осылайша шешеміз Нұрым Қуанышбайқызының бойын-дағы ақындық талантты біз жалғастырып әкеткен жайымыз бар. Содан 1969 жылы әскерге шақыртылдым. Отан алдындағы азаматтық борышымды Мәскеу қаласында орналасқан Ленин атындағы әуе қорғанысы күштерінде атқардым. Әскерде сап түзеп, сарбаз болып жүрген кезімізде де әскери бөлімшенің кіпапханасынан шықпай, шығармашылық жолымды одан әрі шыңдай түстім. Негізі, өлеңге деген құштарлығым бала кезімде басталды ғой. Ол кезде аталарымыз батырлар жырын оқып, ертегі, дастандардан үзінді келтіретін. Сөйтіп біз де Қобыланды, Алпамыс батыр туралы эпостық жырлармен сусындап өстік. Сондай-ақ, үйдегі үлкеніміз, профессор Жұмасейіт Бижан ағамыз да біздің әдебиетке келуімізге даңғыл жол ашып берді. Ағамыз өте кітапқұмар болатын. Шаңырағымызда кітап сөресінде міндетті түрде Абайдың, Шолоховтың шығармалары тізіліп тұратын. Содан бір күні сабақтан келсем, ағам Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдер жинағын алып келіпті. Сонау 1957 жылы «Қазақ көркем әдебиет баспасынан» шыққан аталмыш кітапты оқып шығып, жаттап алдық. Бұл, қателеспесем, бірінші сыныпты тәмамдап, екінші сыныпқа көшкен бетім еді.
— Биыл академик, ғұлама ғалым Қ.Сәтбаевтың мерейтойына орай «Сәтбаевтар әлемі» кітабын жазып, онда бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған әңгімелер мен тың деректер топтасты-рылғанын айттыңыз. Осы жөнінде толығырақ тарқата кетсеңіз…
— Шыны керек, Қаныш Сәтбаев туралы жазбаған қаламгер кемде-кем. Академик, ғұлама ғалымның өнегелі өмір жолы талай жазушының еңбегіне арқау болды, шабыт берді. Қанекең жайында жүз кітап жазылса да, оның қасында жүрген достары, медет тілеп, демеу берген отбасы мүшелері, қызметтес болған адамдар туралы көп айтыла бермейді. Міне, «Сәтбаевтар әлемі» кітабы осы туралы. Оның үстіне, менің Сәтбаевтар әулетімен туыстық жақындағым да бар. Қаныш атамыздың Әбдікәрім Сәтбаев деген немере ағасы болған. Сол кісінің немересі Райхан Жәмінова — менің өмірлік жолдасым. Райханмен шаңырақ көтеріп, отбасы болған кезімізде Қаныш атамыздың қызы Шәмшиябану апамыз мені Тілеубек Жәмінов атамызбен таныстырды. Ол кісінің тарихи әңгімелері мен Шәмшиябану апамыздың әкесі туралы жылы естеліктерін тыңдап, жадымызға жаттадық. Тіпті, бір кездері ғылыми жұмыстарға бет бұрған сәтте Шәмшиябану апамыз біздің ғылыми жетекшіміз болды. Сондай-ақ, студент кезімізде дипломдық жұмысымызға ғалым, химик әрі әдебиетші Евней Букетов ғылыми жетекшілік етті. Ол кісі де Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болатын. Міне, осындай мықты адамдардың айналасында жүріп, тарихи білімімізді тереңдеттік. Ғылыми жетекшіміз Евней Букетов те бір кездері Қаныш Сәтбаев туралы кітап жаза бастады. Бұдан бөлек, Шәмшиябану апамыздың «Сәулелі әулет» деген кітабы жарыққа шықты. Ол кітапта осы сәулетті әрі дәулетті әулеттің күйеу баласы деп менің де есімім аталыпты. Жалпы, кітапта Қаныштың арғы атасынан бастап бергі ұрпақтарына дейін мағлұматтар топтастырылған. Біздің де сол сәтте осы жақсы үрдісті жалғастырып, тарихи тұлғалар туралы деректі кітаптар жазуға құштарлығымыз ояна бастады. Сөйтіп, Қанекең жайлы естіген, көрген, білген адамдардың жылы естеліктерін жинап, ол кісіге қатысты зерттеу материалдарды, мазмұнды мақалаларды «архивіме» сақтап жүрдім. Осылайша 20 жылдан астам уақыт бойы жиналған құнды еңбегім бір кітапқа айналды. Ол — «Сәтбаевтар әлемі» дейтін кітап. Жалпы, кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Сәтбаевтар айналасы», екінші бөлім – «Даланың данасына жыр шашу» атты өлеңмен өрілген жырлар топтамасы болса, үшінші бөлім «Ескере жүрер естеліктер» деп аталатын естеліктер жинағынан тұрады. Айта кетейін, кітаптың үшінші бөлімінде бұрын еш жерде жарияланбаған естеліктер жарыққа шықты. Онда Қанекеңнің үш бірдей ағасы Ғазиз, немере ағалары Әбікей, Әбдікәрім Сәтбаевтардың образдары суреттеледі. Мәселен, Әбікей Сәтбаев өз заманының озық педагогі, «Алаш» партиясының беделді мүшесі болған. Ол — Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов секілді ұлт көсемдерімен қатар жүріп, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан адам. Бұл туралы тарихи деректер көп. Алайда оның қайда, қалай қайтыс болғаны, қайда жерленгені туралы мағлұмат жоқ. Міне, тарихи тұлғамыздың осы бір көлеңкелі шағы да зерттеуді қажет етеді. Жас тарих ғалымдарына сұранып-ақ тұрған тақырып. Осындай ұлт тағдырына ұйыған күрескер аталарымыз жайлы кейінгі ұрпақ білуі тиіс.
Есімде тағы қалғаны, екі мыңыншы жылдардың басында «Қазақстан» телеарнасына сұхбат беріп отырған Омар Хаймулдин дейтін ақсақалды көзім шалып қалды. Сұхбат барысында ақсақал Әбікей, Әбдікәрім Сәтбаевтар туралы сөз сөйлеп, олардың бойындағы адами қасиеттерді тілге тиек етті. Содан араға 2-3 ай салып, Алматыға жол түсті. Бірден Омар ақсақалды іздеп тауып, Сәтбаевтар жайлы ұзақ әңгімелестік. Сол кезде тоқсанның төбелі төріне шыққан ақсақал 1924 жылы Әбікей Сәтбаевтан тәлім алған екен. Онымен қоса, бұл білім беру мекемесінде Әбдікәрім Сәтбаев музыка сабағынан дәріс берген көрінеді. Сондай-ақ, ол Масғұт Қыдырбаев, Шәкір Қоқымбаев, Қайыр Боқаев, Мұратбек Бөжеев сықылды ұлағатты ұстаздардың алдын көргенін айтты. Ақсақалдың бірқатар естеліктері Медеу Сәрсекенің ғылыми еңбектерінде де кездеседі. Жаңағы айтып өткен ұлт ұстазы, бірегей ғалым Мұратбек Бөжеевтің «Абайдың ақындық айналасы» деген ғылыми-монографиялық кітабы бар. Содан менде «неге Қаныш Сәтбаевтың айналасындағы адамдар туралы жазбасқа?» деген ой туды. Сол айшықты ойымыздан туған бұл кітабымыз биыл жарыққа шығып, қалың оқырман қауымның көзайымына айналды.
— Жалпы, cіздің Мәшһүр Жүсіп, Исабек Ишан сынды тарихи тұлғалар туралы жазған деректі шығармаларыңыз да бар. Болашақта тарихи роман жазу жоспарыңызда бар ма? Бұл қаншалықты қиын жұмыс?
— Әрине, тарихи кітап жазу ғылыми жұмыспен пара-пар. Менің тарихи еңбектерімнің жарыққа шығуына ұстанымы мықты ұстаздарыма айналған — Шәмшиябану Қанышқызының, алғашқы ұстазым — Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, мемлекеттік лауреат иесі, ғалым, әдебиетші Евней Бөкетовтің қосқан үлесі зор. Жалпы, тағылымды тарих қатпарларында біз білмейтін тұстар жетерлік. Мысал үшін айтайын, жаңағы Әбдікәрім Сәтбавтың бес аспап ұстаз болғанын, кез келген музыкалық аспапта ойнай алғанын көп адамдар біле бермейді. Қанекеңмен бірге жүріп, елдің әдеби-мәдени саласын дамытуға да бір адамдай үлес қосқан адам. Ол кісі Жүсіпбек Аймауытовтың «Мұңлы көздер», Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасына музыка жазған. Сондай-ақ, Қанекеңдей ғұлама ғалыммен бірге Еңлік-Кебек спекталін сахналаған екен. Бұл туралы Қалмұқан Исабаевтың тарихи кітаптарында дерек көрсетіледі.
Әбдікәрім атамыздың жары Үмина апамыз өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қайтыс болған екен. Жұбайым Райхан ол кісінің көзің көрген, тәрбиесін алған. Айтуынша, Әбдікәрім атамыз қуғын-сүргінге ұшыраған тұста, апамыз балаларына кесірі тиер ме екен деп, оның өз қолымен жазылған бір сандық нотаға толы музыка парақтарын өртеп жіберген көрінеді. Осылайша, Кеңес өкіметінің аумалы-төкпелі шағында бір сандық халық әндері мен біз білмейтін қаншама әндер күлге айналып кетті. Осы және өзге де тың ақпараттарды іздеп, осыдан бірнеше жыл бұрын Әбдікәрім атамыз сабақ берген Алматыдағы педагогикалық техникумға барған
едік. Өкінішке қарай, онда атамыз жайлы ешқандай мағлұмат сақтал-мапты. Міне, тарихи тұлғалар туралы деректі кітап жазу үшін үлкен ізденіс пен табандылық қажет. Себебі, тарихи кітаптардың барлығы да дерек пен дәйекке сүйеніп жазылады.
— Сіздің қазақша кітаптармен қатар орыс тілінде жазылған шығармаларыңыз да жеткілікті. Жалпы, қазіргі уақытта әдебиеттегі аударма ісі туралы не айтар едіңіз?
— Кеңес өкіметі кезінде әдебиеттегі аударма ісіне үлкен мән берілді. Соның арқасында қаншама шетел классиктері қазақ тілінде сөйледі. Қазіргі уақытта аудармаға қаржыландыру азайған. Бүгінгі таңда бұл салаға қайта назар аударуымыз керек. Қазақ тілінде жарыққа шыққан кез келген кітап өзге тілге ұлттық сипатта, халықтың болмыс-бітіміне сай аударылуы тиіс. Бұл — өте өзекті мәселе. Мысал үшін айтайын, мен танитын Масығұт Нұрмағанбетов дейтін талантты аудармашы ағамыз бар. Павлодар облысының азаматы. Қазақша мен орысшаға жетік. Бұрын полицияда қызмет атқарған, Майқайың кентінде поиция бастығы болған. Ол кісімен 1966 жылы танысқан едім. Масығұт Серікбайұлы ағамыз Мұқағали Мақатаевтың 50 шақты өлеңін аударған. Сондай-ақ, Ертіс-Баян өңірінің күрескер ақыны Арман Қанидың, екібастұздық ақын қызымыз Жанаргүл Қадырованың, ақын, жазушы Сайлау Байбосынның өлеңдерін орысша сөйлетті. Айтуынша, орыстілді азаматтар да қазақтың біртуар ақындарын танып, білуі керек. Сол себепті аудармашы ағамыз жерлес ақын-жазушылардың шығармаларына қанат бітіріп, қара өлеңнің поэзия патшалығында биік самғауыңа қолғабыс етуде. Қазіргі уақытта ол кісі жыраулар, би-шешендердің туындыларын орыс тіліне аудару үстінде. Айтарым, аудармада тілдің жатықтығы мен нақтылығы қажет. Өзім де 2016-17 жылдардан бастап осы аударма ісіне көңіл бөліп, бірнеше орыс ақын-жазушыларын қазақ тіліне тәржімаладым. Атап айтсам, балалар әдебиетінің классиктері Самуил Маршактың, Агния Бартоның, Алексей Плещеевтің, Сергей Михалковтың, Корней Чуковскийдің шығармаларын аудардым.
— Әдебиет пен тарих әлемінен қоғамдық жұмыстарға қарай ойыссақ. Сіз Екібастұз қалалық, «Қазақ тілі» қоғамының сондай-ақ, «Азат» азамат-
тық қозғалысының төрағасы болдыңыз. Бүгінгі күні де қоғамдық істерде ел азаматтарымен бірге үзеңгі қағыс-тырып келесіз. Осы жанкешті жұмысыңыз жайында айта кетсеңіз…
— Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары республикалық, облыстық, одан соң Екібастұз шаһарында қалалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы жергілікті халық үшін үлкен серпіліс болды. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, ел ішінде туған тіліміздің қолдану аясы кеңейе түседі деген арман-тілегі орындала бастады. Ата-аналар балаларын қазақ мектептеріне беріп, қазақша оқытты. Бұл қуаныш Кеңес үкіметінің құрсауынан енді ғана шыққан қазақ үшін өз қиындықтарымен бірге келгенін де жасырмаймын. Сол кезде кеншілер қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының жанынан құрылған бастамашыл топ, басқарма мүшелері, №2 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері бұл игілікті ісімізге бір адамдай атсалысты. Олар қазақтар тұратын пәтерлерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, «балаларыңызды қазақ мектебіне беріңіздер» деген әңгіме қозғай білді. Сондай-ақ, бұл тұста «Қазақ тілі» қоғамымен қатар Екібастұзда бастауыш ұйымдар да бой көтеріп, ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етті. Мәселен, «ЕкібастұзКөмір» өндірісінің бірлестігі, «ЕкібастұзЭнерго» бірлестігі сынды алпауыт кәсіпорындарда «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш тобы жұмыс істей бастады. Сондай қоғамды бұрынғы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Түсіпбек Қасымжанов деген ағамыз басқарса, «ЕкібастұзЭнерго» бірлестігінде Амангелді Сүлейменов жетекшілік етті. Атының өзі жүз атанға жүк болатын осындай атпалдай азаматтардың ілкімді ісімізге атсалысуының арқасында қазақ тілінің қолдаушылары һәм қорғаушылары көбейді. Ол кезде кеншілер шаһарында жалғыз қазақ мектебі бар-тын. Атап өтсек, бұл —
№2 қазақ мектебі, қазіргі Абай атындағы білім ордасы. Осы екі қабатты мектепте қазақ сыныбында оқитын оқушылар саны аз болатын еді. Бір сыныпта 7-8 бала. Оқушылардың саны аз болғаннан соң мектеп те жабылудың алдында тұрды. Сондықтан қоғам мүшелері, топ белсенділері, ұстаздар қауымы үгіт-насихат жұмысын күшейтіп, көше аралап бала іздедік. Қазақ тілінде оқитын оқушалар қажет еді. Сөйтіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлескен жұмыстың нәтижесінде №2 мектебіміз жанданып, оқушылардың саны өсті. Сол мектептен түлеп ұшқан оқушылардың қатарында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бұрынғы министрі Бағдат Мусин де болатын.
Сондай-ақ, біз сол жылдары қалалық атқару комитетінің төрағасы Қайыржан Әбілтаевқа хат жазып, кеншілер шаһарына тағы бір қазақ мектебін салу мәселесін күн тәртібіне шығардық. Бұдан басқа, кеншілер шаһарындағы «Атамұра» орталығын сақтап қалуға, оның қайта құрылып, мемлекеттің қаржыландыруына өткізуге атсалыстық. Осылайша, ұлт тағдырына алаңдайтын рухтас азаматтармен бас қосып, байра-ғымызды биіктетіп, ел еңсесін тіктеуге тырыстық.
— Сексенінші жылдардың соңына таман қалалық радио хабарын тарату редакция-сының редакторы болып істеген тұста cіз қазақ тілінің, ұлттық мәдениеттің мүшкіл жағдайы жөнінде проблемалық хабарлар дайындап, мақалалар жаздыңыз. Сол үшін «жағадан алып, балақтан тартқандар» да болған шығар…
— Ол да жоқ емес. Тоқсаныншы жылдардың басында респуб-ликалық «Социалистік Қазақстан» газетіне «Екібастұз қаласында қазақ мектебі қашан салынады?» деген мақала жаздым. Себебі, кеншілер шаһарындағы екінші қазақ мектебінің құрылысы «сақалды құрылыстардың» қатарына қосылуға шақ тұрды. Қысылтаяң кез болатын. Оның үстіне, Кеңес өкіметінің ыдырап, ел экономикасы ойсырап тұрған уақыт. Не десек те, жұртпен жұмыла көтерген жүк жеңіл ғой. Осылайша елім деген ерлердің, ағайын-бауырға бергісіз ауызбіршіліктің нәтижесінде мектеп құрылысы қарқын алып, жұмысы алға қарай жүре бастады. Сол кезде қала әкімі болған Даниял Ахметовке «Қазақ тілі» қоғамынан, партия мүшелерінен хат жазып, мәселені назарда ұстап отырдық. Содан 1991 жылдың жаңа оқу жылы қарсаңында аталмыш мектептің ашылу салтанатына қатысып, төбеміз көкке бір елі тимей тұрды. Шын қуандық. Бұл біздің бір үлкен арманымыз бен кішкентай жеңісіміз еді. Сөйтіп, «советтік сең қозғалып», бірер жылдан соң Екібастұз қаласында тағы да №26 қазақ мектебі ашылды. Жылдар өте шаһардағы көше атауларын «қазақшаландыру ісін» қолға алдық. Ономастика мәселесін көтеріп, жер-су атауларын «қазақыландырған» білікті ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы Серік Жақсыбаевтың еңбегін айтпай өтпеске болмас. Нәтижесінде қаладағы Ермак көшесі Бұқар жырау көшесіне ауыстырылды, Карл Маркс көшесі Мұхтар Әуезовтің есімімен аталды.
Әрине, біздің бұл тындырымды тірлігіміз біраз адамдарға ұнай қоймады. Сын айтып, сөккендер, қаһарын төккендер де табылды. Есімде, сол жылдары орыс-казактар қосылып, облыста «Казачество жиналысын» өткізгісі келген еді. Алайда «Азат» азаматтық қозғалысының намысшыл жігітері жиылғандарды ығыстырып, бұған рұқсат етпеген көрінеді. Мен бұл ретте болған жағдайды баяндап, қалалық радиодан хабар тараттым. Сол кезде Екібастұз қалалық «Завет Ильича» деген орыс тілді газет шығатын. Басылымның редакторы Павел Оноприенко деген адам мені және «Қазақ тілі» қоғамының сол кездегі төрағасы Шаймұрат Нұрғазиновті газетке шығарып, карикатура жасап, «На кого лаешь, Рэкс?» деп, келеке етпек болды. Бұл жағдай өзге ұлт өкілдері мен қазақ тілді азаматтардың арасында үлкен резонанс тудырды. Сондай-ақ, қаракөз қандастарымыздың өзі мені жемқорлық жаласымен жағадан алмақ болды. Бірақ тексеру нәтижесінде оның бәрі арандатушылық екені анықталды. Шыдадық, шыңдалдық.
— Олжас Сүлейменовтің 1989 жылғы, 26 ақпанындағы Семей ядролық сынақ полигоны жөніндегі ашық мәлімдемесіне орай ядролық сынақтарды тоқтату туралы талапхатқа бейбітшіл адамдарға қол қойдыру ісін Екібастұз қаласында қолға алдыңыз. Осыған тоқтала кетсек..
— Иә, Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына да атсалыстық. Бірақ біз бар болғаны үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, халық арасында жиындар өткіздік. Негізі, облыс бойынша Семейдегі ядролық сынақтарды тоқтату туралы талапхатқа қол жинау жұмыстарын күрескер ақын Арман Қани жүргізді. Ол кісінің ерен еңбегін ел біледі. Біз сол кісінің қасынан табылып, демеу болдық. Екібастұз қаласындағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтармен бірге Абай мен Шәкәрімді туған қасиетті топырақтың құнарын сақтап қалуға серт еттік.
— Сіздің бұрынғы «Қызыл ту», бүгінгі «Saryarqa samaly» газетінде меншікті тілші болғаныңызды, газет тарату ісіне бір адамдай атсалысқаныңызды да жұрт жақсы біледі. Жалпы, бүгінгі таңда оқырманды газетке тарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Облыстың бас газетінде біз 1985 жылдан бастап 1989 жылға дейін жұмыс істедік. Кейін Екібастұз шаһарында қалалық радио ашылып, қызметімізді сонда ауыстырдық. Жалпы, мен тек журналистика саласында ғана емес, сондай-ақ, қаладағы ірі кәсіпорындарда ісқағаз жұмыс-тарын қазақша жүргізу ісімен де айналыстым. Кеңсе тілінде орысша хат жазуымның арқасында бірқатар мәселені шештік. Айтар болсақ, сол кезде алпауыт кәсіпорындардың қаражаты есебінен газетке жаздырту ісін жандандырдық. Кәсіпорын басшылары «неге газеттің тең жарты ақысын компания төлеуі керек?» деген сұрақтың астына алған тұстар да болды. Мен сол кезде «бұл сіздердің қазақ тілінің дамуы үшін қосқан үлестеріңіз» деп айтатынмын. Бүгінгі таңда да осы бағытта жүйелі жұмыс істеу керек деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рақмет. Тұғы-рыңыз биік, ғұмырыңыз ұзақ болғай!
Сұхбаттасқан — Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.