Көбік толқындары жағаны ұрып, еркелей ағып бара жатқан өзеннің бір сағасында туып- өскен ауылым қоныс тепкен. Тарихы сан ғасырды бауырына басып жатқан қазақ ауылының көнедегі өткені маған беймәлім. Алайда өзім куә болған кезеңді жақсы білемін.
Біздің Қызылтаң ауылында Ұлы Отан соғысының мүгедегі Рахан деген ақсақал тұрды. Оның баласы Сләмғали атақты шопан еді. Бірнеше дүркін Кеңес Одағының ордендерімен марапатталды. Ол кісі есік алдында жұмсақ бөстекті астына салып алып, сау аяғын ағаш аяғының үстіне айқастырып қойып, «Социалистік Қазақстан», «Қызыл ту» газеттерін оқып отыратын. Неге екенін білмеймін, бір күні мен ол кісінің қасына жақындап, үнсіз тұрып, көзіме түскен мақаланы оқи жөнелдім. Рахан ата маған таңдана қарап, «қызым, Ләзиза Мешітбайқызының мақаласы шығыпты, оқы,» — деп қолындағы «Қазақстан әйелдері» жорналын ұстатты. Мен мақаланың тақырыбын даусымды шығарып оқыдым. «Мешітбайқызы…ол кісі ақырын ғана күрсініп, «қалқам Мешітбай қажының есімін айтуға тыйым салынған. Оқымысты адам. Кеңес үкіметі дін-апиын деп, молдаларды қудалағанда, ол да «халық жауы» атанды. Жарықтық ауыл балаларының сауатын ашқан, қыз баласы осы Ләзизаны оқытқан, оның есімі ақталды, қазір халық жауы демейміз, міне, қызы әкесінің атын өзімен бірге жазатын болыпты, Ләзиза осы ауылдың келіні» — деді.
Иә, Ләзиза Серғазина — біздің жеңгеміз. Ләзизаның жолдасы Серғазин Рашит бізге ағайын. Ауыл-үйдің азаматтары шетінен балықшы, қала берді, су тасығанда ақ тышқан аулап, құндыз жағалы киімдер киіп жүретін сырбаз болыпты. Шеттерінен жүйрік ат мініп, тазысын ерткен аңшы, қансонарда аң аулаған бүркітші, құсбегілер екен. Міне, осындай берекелі ауылдың тұрғындарының ортасына тап болған мұғалім келін ауыл тұрғындарының сауатын ашу мақсатында мектеп ашқызып, жаңадан енгізіп жатқан латын әліпбиін үйретеді. Мектепке келген балалармен бірге ауыл үлкендері де Ләзиза қыздан хат таниды. Келіннің кішіпейілділігіне, біліміне тәнті болған ауыл адамдары «мұғалім қыз» деп еркелетеді. Ол жылдары Ләзизаның жазған мақалалары газетке шығып тұрыпты. Кейін Ләзиза жолдасы Рашиттің қызмет бабына байланысты Павлодар қаласында тұрды. Содан Кереку қаласындағы №6 мектепте мұғалім болды. Осы мектептің бір бөлмесінде тұрды, қараша мектепте Бегімбет деген ұл баласы дүниеге келді. Көп ұзамай жолдасы Рашит дертке шалдығып, дүние салады. Жалғыз ұлы Бекен өздігінен тамақ жейтін жасқа жеткенде Ләзиза білімін жетілдіруге Алматы қаласындағы коммунистік жоғарғы оқу орнына оқуға аттанады. Ләзизаға Алматы сияқты алыс қалаға жету қандай қиын болса, жас баласын Қызылтаң ауылында қалдырып кету одан да ауыр болады. Бірақ көзі ашық, оқыған келін алған бетінен қайтпайды.
Ләзиза Серғазина 1908 жылы Ақсу ауданында Қызыл жар ауылында дүниеге келген. Ал өз қолымен жазған өмірбаяны, қазіргі құжатта былай дейді: «Мен 1902 жылы Павлодар облысында дүниеге келдім. Әкем бай, қажы болған. Оның дауыс беру құқығы болмады. Сотталмады, жауапқа тартылмады. 1929 жылы 79 жасында қайтыс болды. Қазір 1915 жылы туған інім бар. Одан басқа менің туыстарым жоқ. Анам да жоқ. Туыстарым ақ әскер қатарында қызмет етпеген, шетелде болғаным жоқ. 1920 жылға дейін ауылдық мектептің 3 сыныбын бітірдім. 1921-1922 жж. Павлодар қаласындағы 8 айлық мұғалімдер даярлайтын курстарда оқыдым, бірақ анам қайтыс болғандықтан оқуды аяқтауға үлгермедім. 1923 жылы тұрмысқа шығып, 1926 жылға дейін үй шаруасымен айналыстым. 1926 жылдың күзінен бастап 1,5 айлық мұғалімдер курсында оқып, оқытушы болдым. 1930 жылы күйеуімнің Алматыға ауысуына байланысты қоныс аудардық. 1930 жылдың тамызына дейін жұмыс істемедім, тамыз айынан бастап Комвуздың (1920-1930 жылдардағы КСРО-дағы жоғары партия оқу орындары. – авт.) дайындық курстарына түсіп, оны 1933 жылы бітірдім. Революциялық шараларға қатысқан жоқпын. Кеме қатынасы мекемесінің Павлодар қалалық жүк тасымалы бөлімінің партиялық ячейкасында партия қатарына қабылдандым. Павлодар аудандық партия комитеті бекіткен. Партиядан шығарылған емеспін. Басқа партиялардың немесе топтардың мүшесі емеспін.
1926 жылдан қоғамдық жұмыстарға қатыстым. 1926–1930 жылдары мұғалім болдым. Комвузды бітіргеннен кейін Алматы облыстық «Сталин жолы» газетінде қызмет еттім, қазір мен жауапты хатшымын. Марапатталмағанмын. 1936 жылы «Сталин жолы» газеті партия ұйымынан Сталин облыстық партия конференциясына делегат болдым. Мен сотталмағанмын. Әскерде болған жоқпын. Күйеуім Сәрсенбаев Әбуғали, Батыс Қазақстан облысы Теңіз ауданының азаматы, балық-шының баласы. Туған жерінде балық шаруашылығында жұмыс істейтін бір ағасы бар. Жолдасым – партия мүшесі, қазір «Қазақстан» баспасының жол-өндірістік бөлімінің редакторы. Отбасымызда үш баламыз бар. «Сталин жолы» газетінің редакция-сында қызмет еткеніме 4 жылдан асты. Жұмыс жақсы, бірақ бір жерде жұмыс істегеніме 4 жыл болғандықтан басқа жұмысқа ауысқым келеді». Қолы: Серғазина.
Шын мәнінде, Ләзиза 1908 жылы туған, оқуға жасы жетпеген соң жыл қосып алуына тура келген. Әкесі өлкенің беделді,ағартушы тұлғаларының бірі болғандықтан қызына жақсы тәрбие мен білім беруге тырысты. Ләзиза Мешіт-байқызы бес жасынан бастап өз әкесінің аралас медресесінде оқып, кейін сол медреседе ашылған кеңес мектебін 1922 жылы озат бағамен бітіріпті. Өзімен қатарлас бітірген ұл-қыздармен Керекуге аттанғысы келген оны жасы жетпегендіктен әкесі алып қалған екен. Ағайын туысының ұлы Ләзизаның шырылдап жылап қалғанын көріп аяғандықтан, «Мешітбай молда қызын оқуға жібермей, ескіліктің сарқыншағын жасап отыр» деп арыз жазыпты. Осы арыздың салдарынан облыс- тан екі милиция келіп «кеңестік биліктің саясатына қарсы шығып, қызыңызды оқуға жібермей отырсыз, сізді қамауға аламыз», деп ескертеді. Әкесі мен қызының көздері шарадай болып, бір-біріне қарасады. Қыз «мен жазбадым», деп жылайды, әкесі «менің өзіме неге айтпадың, өзім-ақ жіберетін едім ғой», деп ренжиді. Ақырында қызды анасымен бірге облыс орталығына оқуға жібереді. Оқуын оқып, алаңсыз жүрген кезінде, білім сапасын тексере келген облыстық білім бөлімінің меңгерушісі қыздың жасы кәмелетке толмағандықтан оқудан шығарып, ауылына қайтару керек деп шешім шығармақшы болады. Ләзиза атып тұрып: «өздеріңіз хат жіберіп, әкемді қаматамын деп қорқытып, енді мені не деп қайтарасыздар, мен қайтпаймын», деп бұлқан-талқан болады. «Өзің хат жаздың ғой, оқуға әкем жібермей жатыр деген болатынсың», деген әңгіме тағы қайталанады. Сол жерде оқытушысы да ара түсіп, «өзі кішкентай болғанымен, ең озат оқушымыз, қайтармай-ақ қояйық», деген өтініш жасайды. Жасы 14-ке енді толған қызды сабақта қалай қалдырарын білмеген басшылық, оның жасын ұлғайтып көрсетуге шешім қабылдайды. Солайша Ләзиза 1902 жылы туған болып шыға келеді. Бірақ бәрібір сонша әуре-сарсаңмен келген оқуын аяқтап үлгере алмайды, елді жайлаған сүзектің кесірінен оқу тоқтатылады, қыз елге ата-анасының бауырына оралады.
Ләзиза Серғазина Алматыдағы оқуын бітіріп, мамандық алып, журналист болып шыққан соң облыстық «Сталин жолы» газетіне қызметке кіреді. Сол жылдары алыс ауылдан барған талантты қыз зиялы адамдардың ортасында болып, дос-жолдастар табады. Ақын Мариям Хәкімжановамен бірге жүреді. Қоғамдық өмірге араласады. «Әйел теңдігі», «Балға» журналдарына өлеңдері жарияланады. Мерзімдік газеттерге әйел тақырыбына арналған мақалалар береді. Өмірдегі басты арманы орындалып, елі үшін қызмет ете бастаған кезде Ләзиза «халық жауының қызы» деген қасіретке тап болады. Қылышынан қан тамып тұрған коммунистік қоғамдағы қилы-қилы адамдар бұдан бірнеше жыл бұрын өмірден өтіп кеткен Мешітбай Кенжекейұлын молда болған, «халық жауы, халық жауының қызы, партияда болуға тиіс емес», — деп даурығады. Ләзиза үшін қиын күндер басталады. Партия қатарынан шығарылады. «Халық жауының» қызы деген ат қайда барса да алдынан шығады. Ауылды аштық жайлап жатқанда, астанадағылардың да күндері қараң еді. Ләзизаның қабырғасы қайысқанымен, қиындықпен күресе береді. Қызмет бабымен өспесе де, барды қанағат етеді. Оның адал еңбегі, аса бір дарындылығы сол заман адамы кейпінде қалуына көмектескен секілді.
Алматы партия мектебінде оқып жүргенде курстасы Әбу Сәрсенбаевпен танысады. Ол кісі қиын-қыстау кезеңде үнемі қасынан табылады. Әбекең қыздар қызығатындай екі көзі өткір, шашы бұйра, келбетті жігіт болатын. Ләзиза да бұрымы тілерсегінен түсетін, қою қара көзі мөлдіреп тұратын, талдырмаш, сұлу да сүйкімді келіншек еді. Ләзиза алғашқы кезде өзіне сұқтана қарап жүретін Әбуге онша назар аудармаса керек. Сол кездегі зиялы азаматтардың басына түскен қайғы-қасірет бірге жүрген достарды жақындата түскен. Ақын-жазушы, жорналшы Сәкен Сейфуллин, Мұхаметжан Сералин, Бейімбет Майлин сияқты талантты жазушыларға бірінен соң біріне жала жабылып, үш әріптің назарында жүреді. Ертеңгі күніміз не болады деп жүрсе де, Әбу Сәрсенбаев Ләзизаға деген сүйіспеншілігін, ерекше қамқорлығын сездіреді. Ол кезде Әбекең де жалғызбасты болғанымен, алғашқы әйелінен ұлы Дәрмен мен Райханды тәрбиелеп отырған азамат еді. Сөйтіп, жалғыз досы Мәриямнің кеңесімен Ләзиза Серғазина Әбумен тұрмыс құрады. Теңізші жігіт Әбу Сәрсенбаевқа тұрмысқа шықса да, фамилиясын өзгертпейді, Серғазиндердің тегінде қалады.
Ләзиза апайымыз қара жамылған күндерді артта қалдырып, жаңадан шаңырақ құрып, жер кепеде тұрып, қаламы да төселіп, енді ғана есін жия бастағанда 1941 жылы сұрапыл соғыс басталады. Басына түскен қасіреті сейілді ме дегенде, қайғы бұлты қайта үйірілді. Өзіне үлкен тірек болып жүрген жалғыз інісі Аусат Карелияда әскерде қаза табады. 1942 жылы шахтерлердің тыныс-тіршілігін жазу мақсатында Қарағандыда бірнеше ай іссапарда жүргенде Әбу Сәрсенбаев соғысқа аттанады.
Бір-екі жыл ішінде аяқталады деген соғыс ұзай береді. Бұл кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы болатын. Ер азаматтар күн сайын соғысқа аттанып жатқан күндердің салмағы әйелдер мен жас балаларға түседі. Газет шығару үшін күндіз редакцияда жүрсе, түнде таң атқанша баспаханада болады. Жаза білетін, тәжірибелі журналистердің жоқтығынан әлі жазуға төселмеген, шамалы өлең жазып жүретін жастар газетке қызметке алынады. Оларды тәрбиелеу, жазу жазуға үйрету жауапты хатшының міндеті болады. Майдан даласын көрмесе де, күн сайын алғы шептен алынған ақпа-раттарды өңдеп жазып, қорытып, орыс тілінен аударып, газеттің макетін жасау оңай болмайды.
Соғыс аяқталып, Әбу Сәрсенбаев аман-есен елге оралғанда Ләзиза үшін жаңа өмір басталады. Соғыс нәубетінің кесірінен біршама уақыт жабылып қалған әйелдер журналы барша қазақ халқының қуанышына орай қайта жарыққа шығады. Журнал редакторы болып партия қызметкері, жас коммунист Хасиба Сейітқазиева тағайындалса, хатшылыққа «Социалистік Қазақстан» газетінде жиырма жыл істеген тәжірибелі журналист Ләзиза Серғазина барады.
Таңдайдағы алманың дәмі
1959 жыл болатын. Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірі. Бір топ ұл-қыз доп ойнап жүргенбіз. Ауыл тас жолдан екі-үш шақырым орналасқан. Неге екенін білмеймін, мен жол жаққа қарайлай беретінмін. Неше жыл өтсе де соғыстан оралатын ағаларды, баласын күтіп жүретін жеңгелерімді көрдім бе екен?
Үстінде жаздың күні болса да ұзындығы бақайына дейін түсетін макентожы бар. Етегі желкілдеп келеді. Қолында саквояж, екінші қолында да ауыр жүгі бар. Қасындағы балаң жігіттің бір қолында чемодан және екінші қолында да ауыр жүкті әрең көтеріп келеді.
— Әбіштің үйіне дейін мына жүктерді көтеріп апара қойыңдар, көмектесіп жіберіңдер, — деп жүзінде мейірлі күлкісімен бізге жақындады. Апайдың қасындағы жігіт ұлдарға қол беріп амандасып, өзін «Бекенмін» деп таныстырып жатты. Ұлдар ауыр жүкті қос қолдап көтеріп алып, жүгіре жөнелді. Мұрнымды бір тартып қойып, қасына еріп келемін. Сөмке жақтан тәтті бір хош иіс танауымызды жарып барады. Алма екенін біліп тұрмыз. Бұған дейін де Елеусіз әжеміз Бабан екеумізге «Алматының апорты» деп қолымызға ұстатқаны бар.
Қораның ішіне жүктерді енгізген соң, ішкі үйден Елеусіз әжеміз шықты. Қарсы алдында тұрған Бекенді құшақтап, бетінен сүйді. Апаймен де құшақтасып көрісті. Енді кете береміз дегенше, қонақ апай тоқтай тұрыңдар деп ишарат етті. Әкелген сөмкеден алма алып қолымызға ұстатты. Соны күтіп тұрған балалар қорадан шыға жөнелдік.
— Алматыдағы Ләзиза апай ғой. Өзі әлгі не деуші еді, кітап шығаратын, жорналда қызмет жасайды, — деп ағам ол кісінің мамандығын да айта алмай қинала бастады. Менің онымен шаруам жоқ, күн кеш болды. Көз алдымнан әлгі апайдың бейнесі кетер емес. Ол кісінің маған қараған жанары, мейірімді сөздері. Анамды көрмегелі, о дүниелік болғалы мұндай көзқарасты ешкімнен байқамаған сияқтымын. Көзіме жас үйірілді. Келесі күні ерте оянып алып, Әбіш атаның үйін айналып шықтым. Ондағы ойым далаға шығып қалса, тағы да бір көрсем, сөйлессем деймін.
— Кәне енді дұрыстап танысайық. Кімнің қызысың? Байғалы қайна-ғамның қызы екенсің ғой. Иә, әкеңді білетін едім. Анаң да қайтыс болған екен, бетінен жарылғасын. Топырағы торқа болсын. Әкең ақын еді, өлең шығарасың ба? — деп сұраған кезінде мен қолына су құйып тұрып, иә деп басымды изедім. Ләзиза Мешітбайқызы Қызылтаңда бір аптадай қонақ болды. Әлі есімде, ол кезде апайымыз елуден асып кеткен кезі. Дөңгелек бет, сол жағының иегінің үстінде меңі бар. Сөйлеген сөзі сыңғырлап естіледі. Тез сөйлейтін. Ләзиза Серғазина апайым Қызылтаң ауылына жыл сайын келіп жүрді. Ол кезде неге келеді деп ойламайтынмын. Енді ойлап отырсам, Рашит ағадан қалған жалғыз тұяқ Бегімбет Серғазинді жатбауыр болып кетпесін, туған-туыстарын танып-білсін дейді екен. Алматының тұрғыны Бекен (Бегімбет) өзгеше адам болып көрінген. Ортадан жоғары бойы бар тығыршықтай, домаланған жігіт. Жүрісі жылдам, тез сөйлейді, мінезі бала сияқты. Қолынан кітап түспейтін. Жүріп келе жатып, газет немесе кітап оқығанын талай көрдім. Біз ол ағамыздың бала мінезіне таңданатын едік. Кейде ауылдың қара сирақ балаларын маңайына жинап алып, доп тебетін. Алматылық апайымыз базарлыққа «Қазақстан әйелдері» жорналының бұрын шыққан тігін-дісін әкелетін.
Қызылтаң ауылында журналист Ләзиза келіннің жастық шағы қалды. Бәлкім менен барған хаттар сол бір жалын жастығын есіне салып, ауылға деген сағынышын оятты ма екен? Әйтеуір осы кісі маған ерекше қамқор болды. Алыс ауылда жатып мен де «Қазақстан әйелдері» жорналының әрбір нөмірін, ағаларымның, апайларымның хаттарын асыға күтетінмін. Ол кезде менің жасым 14-15-те болатын. «Өлеңіңді жариялауға мүмкіндік болмай жатыр», — деген жауап алсам да, төбем көкке жетіп, қуанатынмын. Бәрінен бұрын «Қазақстан әйелдері» жорналының пошта арқылы жіберген қаламақысы маған үлкен көмек болды. Тиын-тебеніме киім ғана алып қоймай, үйдегілерге тамақ алуға да беретінмін.
Сағыныштың ақша бұлты
Ләзизаны Әбу жездеміз Бабажан дейтін. Мен Бабажан деп еркелетіп айтатын шығар деп ойлаған екенмін. Сөйтсем сол кезде балалардың бәрі орысша оқып, өзге тілде сөйледі ғой. Содан Минаштың «бабушка» деген сөзіне қазақшалап «жан» деп жалғап беріпті. Минаш «менің әжем, «қазақтың моно Лизасы» дегенін естідім. Оның мәнісі былай болыпты. Әбудің інісі Харыс сұрапыл соғыстан мүгедек болып оралады. Алайда оның жалғыз ұлы Жамбыл майдангер әкесі үшін мақтана алмай, қыршынынан қиылған. 1946 жылы ол Фатима деген келіншекке үйленеді. Ләзиза Фатиманы өз қызындай тәрбиелейді. Жас шамасы алшақ болса да, жақын тартып сырласады екен. Әбу екеуінің арасында ұрпақ болмағанын екеуі де қатты уайымдап жүргенде Харыс Минаш атты ұл көреді. «Ортамызда ұлымыз бар, Сәрсенбаев дүниеге келді деп Ләзизаның қуанышы қойнына сыймай той жасайды. Минашты бесікке салып, бір жасқа келгенде тұсауын кеседі. Кішкене Минаш Әбуді ата дейді. Тағдырдың жазуы ма, 1963 жылы Фатима отыздан жаңа асқанда дүние салады. Сол күннен бастап Ләзиза Минашқа аналық қамқорлығын, мейірімін төгеді.
«Менің балалық және жастық шағым атамның өте мұқият қамқорлығында өтті. Ол менің тәрбиеме көп көңіл бөлді. Оқушы кезімде мені жанынан бір елі тастамайтын. Тіпті жолсапарға шықса да ертіп кететін. Атаммен бірге Мәскеу, Ленинград, Қырымға дейін бірге қыдырып барған кездерім әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес. Атамның үйі қонақтан босамаушы еді. Біз қалжыңдап, «біздің үй — ауыл» дейтінбіз. Қонақтардың біреуі кетіп үлгермей, екіншілері келіп жататын. Олардың кейбірін біз танымайтын да едік. Ақын Хамит Ерғалиев жиі-жиі бас сұғып, әзіл-әңгімелер айтып, көңілдерін көтеретін еді», — дейді Минаш.
Мен сол үйде болғанда, үйге қонақ келгенде ас үйде тамақ дайындауға, ыдыс-аяқтарын жууға көмектесетін едім. Олар дастарханға отырғанда, міндетті түрде қасына отырғызатын. Сөйлеген кезде сөзді өз орнымен, мән-мағынасымен айтатын. Тілек айтқан кезде сәл күлімсіреп, даусын созып, көмекейі бүлкілдегендей көрінуші еді. Әбекеңді жаңа көргендей мадақтап, мақтаныш сезіммен бір-біріне ғашық көзбен қарап отыратын. Әбекең ондай кезде «Ләзкен, бір әніңді естиікші!» деп еркелеткені де есімде. Сызылта салған әннен кейін Әбу «Бабажаным» деп мойнын созып, ерекше сүйіспеншілікпен ернін барып тосатын. «Біздің Ләзкендей әдемі ән салатын кімді көрдіңіздер?» — деп жан-жарына іңкәрлік сезіммен қараушы еді.
Мұражайдағы мұң
Бәрі де есте, әрине, есіңе алсаң, сол бір аяулы жастық шағың, аяулы адамдармен бірге дәмдес болғаның көз алдыңа келеді. Ләзиза апайдың көпшілдігін бәрі де біледі. Менің бір-екі күн қасында жүргеніме мәз болып, Алматыда қалып, келешек өміріңді шығармашылық ортаға лайықтамайсың ба, — дегенін ұмыта алатын емеспін. 1972 жыл болатын. Онда мен тұрмысқа шығып, бір-екі айдан соң, үй-күйіміз болмаған соң, жолдасымды қалдырып, бұрынғы тұрған жатақханаға оралған болатынмын. Өзімнің ішкі сырымды жайып салуға жүрексіндім. Өйткені ол кісінің қаламынан туған дүниелердің бәрі жас қыздардың тағдыры, отбасын құруға дайын болмай, айрылысып кететін тақырыптар болды ғой. Егер мен басымдағы жағдайды айтсам, ұрсып тастайтындай біртүрлі жасқандым. Қолындағы барын мен сияқты сіңлілеріне бөліп беріп, тегіннен-тегін үйінің бір бұрышына жатқызып, ақыл-кеңесін айтып отырған аяулы жанның жанына қаяу түсіру деген мен үшін кешірілмес күнә еді. Сол күндері өзінің кішкене бөлмесінде Әбу ақынның бір шығармасын машинкаға басып отырғаны да көз алдымда тұр. Қасына барып үн-түнсіз тұрғанымда «Иә, ауылың есіңе түсті ме, еліңді сағынып қалдың ба? — дегенде селк ете түскенмін. Оның да есіне Павлодарға дейін самолетпен ұшып барып, Қызылтаңға жаяулап-жалпылап жеткен кездері түскен болар.
Әбеке, Әбекем, — дейтін, ол кісіге сен деген сөзін естімеппін. Ләзизаның жаны сұлу, Сіз деп отырып еркелейтін. Көзіне дөңгелек шынылы көзілдірігін іліп алып, қара машинкасын тықылдатып отырушы еді. Алдында Әбу ақынның қолжазбалары жататын.
Бір үйде екі жазушы, екеуінің кабинеттері бір-біріне қарсы еді. Ортасында зал болды. Белгілі жазушының кабинеті кітапқа бай болды. Ортадағы үстелде алыс ауылдан Әбуді іздеп келіп, қолжазбаларын оқуға тастап кеткен шығармалар үйіліп тұратын. Әбу жездеміздің каби-нетіне Ләзиза апай кіріп отырғанын көрмедім. Тамақ дайын болғанда есіктің қасына келіп, ақырын ғана «Әбеке-ау, шай ішетін мезгіл болды, — дейтін. Тіпті, есіктің қасына барғанда да сәл жымиып, даусын баяу шығаратын. Шай ішуге отырар алдында Әбу жездеміз Ләзизаны құшақтамай, маңдайынан иіскемей орнына отыра қоймайтын. Маған олар өздерінен басқа ешкімді көрмейтіндей, пейіштің ішінде жүргендей көрінетін. Бір-біріне еркелей қараған көзқарастарының өзінде бір жалындаған от лаулайтындай. Қазір сондағы өзіме ерсі көрінген ойларымнан ұяламын.
1974 жылы университетті бітіруге келген жылы ол кісі баяғы көргенімдей, сыншыл, сыршыл апа еді. Ол кезде менің бір жаста қызым бар болатын. Тұрмысқа шыққанымды айтқанда қуанып қалды. Не тындырдың, не жаздың, кітабыңды баспаға әкелдің бе? Әбекеңе бер, алғысөз жазып берсін деген. Мен құр қол барғаныма қатты қысылып, не дерімді білмегенмін. «Әйел адам өз деңгейінде жаза алады. Өзімнің тәжірибемнен айтып отырмын. Шахтадағы әйелдердің өмірін шынайы етіп жазамын деп, шахтаға бірге түсіп, қатар тұрып көмір қаздым. Ауылдарды аралап, өз көзіммен көрдім. Кейін жасым ұлғайғанда кабинетте отырып жазатын журналист болдым, — деп еді. «Өлеңді тастамай жаза бер» — деп кеңес берген. Өйткені өзі өлең жазғанымен, кейін күйбің тірлікпен жүріп, басқа ақын қыздардың керемет өлеңдерін оқыған соң, көкірегі күмбірлеп тұрса да қағазға түсірмепті. Өлең жазатын журналистердің сөйлемдері шұба-лаңқы болмайды. Ойын түйіп айтады, — деп еді.
Ләзиза Серғазинаның елім деп еңіреген, ұлтым деп ұрандағанын көрдім. Апайдың тереңнен ойлайтынына, еңбекқорлығына былайғы жұрт тәнті еді. Аузынан шыққан сөзі де, жазуы да көркем болатын. Сөйлегенде көзілдіріктің үстімен тесіле қарап, көмекейі бүлкілдеп, жөн айтатын. Машинка басқанда жылдамдығына көз ілеспейтін.
Апайым мен жездеміздің жарасымды жұбайлық өмірлері Әбекеңнің «Аққу ғұмыр» өлеңінде өрнектелді. Ақын өлеңдері Ләзизамен көркемделді. Майдангер жары от пен оқтың арасында жүріп, өзінің махаббатын әдемі өрілген өлеңдерімен жеткізді.
Ләзиза Серғазина өмір сүрген, бір кездері өзім болған шаңырақ — қазір мұражай-үйі, оның төрт қабырғасы аяулы жандардың бақытты ғұмырын, осында туған жаңа шығармаларын, ас үйде тамақ дайындап, дастархан жайғанын, үйіне келген қонақтарын жарқылдай күліп қарсы алып, немерелерін бауырына басқанын баяндап тұрған секілді. Тіпті қолдан тоқылған түйе жүн шұлығымен аяғын жаймен басып, кабинетіне кіріп бара жатқаны, басқан ізі білінбейтін маңғаз жүрісі де мұражайдың ішінде еміс-еміс естілгендей болады. Бұл мұражайда ол кісілердің қолына ұстаған дүниелері, талай жылдар бойы жинаған кітаптары, қолжазбалары, сый-сыяпатқа алған сыйлықтары, алғыс хаттар мен марапаттары тізіліп тұр. Әбу Сәрсенбаевтың том-том кітаптарымен қатар Л.Серғазина апайымыздың еңбектері, журналдар, аударма кітаптары да бар. «Қасиетті махаббат» атты аударма кітабын сүйген жары, халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевқа арнапты. Өзі тәрбиелеген қызы Райхан аяулы анасының қолжазбаларын реттеп, кітап етіп шығарды. Ертіс-Баян өңірі де аяулы қыздарын ұлықтауда. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Ләзиза апамызға арналған бұрыш орын алды. Онда апайымыз қолына ұстаған дүниелері, қаламсабы, жазу машинкасы және өзім көрген көзілдірігі тұр. Өткен күндерден сыр шертетін қаншама суреттер мен кітаптары, қолжазбалары да мұражай қорында қатталды. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте «Алғашқы жорналшы, аудармашы жерлесіміз Ләзиза Серғазина» атындағы медиаорталық ашылды. Бұл орталықта болашақ журналис- тер әдеби кештер мен дебаттар өткізеді.
Мұражай сөресінде тұрған Ләзиза апамыздың аудармасымен 1952 жылы 25000 данамен жарық көрген Виллис Лацистің «Дауыл» атты төрт бөлімді романы, А.Гайдардың «Мектеп» повесі, Ликстановтың үш бөлімнен тұратын «Малвенюк «хикаяты, «Қасиетті махаббат» кітаптары және басқа да кітаптары орын алған. Осы орталықта бұрын баспа бетін көрмеген Л.Серғазинаның күнделік дәптері қолжазба күйінде сөреде тұр. Атамекен, туып-өскен жері Ақсу ауданының Қызылжар ауылында мектеп үйі де жерлес жазушының есімін ардақ тұтып, бір бөлмені безендіріп, мұражайдың негізін қалады. Ертістің Павлодар өңіріне Ләзизаның бүкіл құнды дүниелерін жеткізіп, музейлерге тапсырып, аталмыш орталықтардың ашылуына Зекен Жүсіпова мұрындық болды. Тарихи деректерді де, Ләзиза апамыздың туыстарымен кездесулер өткізуге де жол бастап, Зекен марқұм еңбек сіңірді. Зекен Жүсіпова — Алматыда Ләзиза апамыздың қолжазбаларын реттеп, тарихи дүниелерінің сақталуына көмектескен жандардың бірі. Әрине, мен де Ләзиза Серғазинаның туғанына 100 жыл, 105 жыл, 110 жыл толуына орай естеліктер жазып газетке беріп, кездесулерде Ләзизаның тигізген шарапатын айтудан жалыққан емеспін.
Ертіс өңірінен шыққан алғашқы жорналшы-аудармашы, көркемсөз шебері Ләзиза Мешітбайқызы — қазақ әйелдері ішінен дара шыққан, біздің елдің аяулы қызы, алғашқы журналис-тика тарланы. Ол өзі өмір сүрген заманның сұрқылтайы. Тірі кезінде шығыстың шырағданы атанған Ләзизаны дүниеге әкелген Ертіс-Баян өңірі тау тұлғаны мақтаныш етеді, ұлықтайды. Өз басым Ләзиза апайдың үйінде тұрып, ол кісінің ақыл-кеңесі мен тәрбиесін алғанымды Алланың маған берген сыйы деп білемін.
Ләзиза Серғазина — журналист қана емес, аударма саласына да еңбегі сіңген жан. Бір өкініштісі, кезінде талай жас журналист қыздарға жолбасшы әрі тәлімгері болған, қаншама еңбектері кітап болып шыққан жазушы-аудармашы жерлесіміз, Ертістің ерке елігін ұрпақ есінде жүретіндей ұлықтай алмай келеміз. Әлі күнге дейін Павлодар қаласының бір көшесіне Ләзиза Серғазинаның есімі берілген жоқ. Тіпті өзі қызмет еткен №6 мектепке атын берсек те артық болмас еді. Ал ақсулықтар болса, үндемейді. Қазақтың қаршадай батыр қызы қиын да күрделі заманда қыздардың ішінен сурылып шығып елдігімізді қаламына арқау етті. Бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады. Қазақ журналистикасының негізін қалады. Оның артында қаншама еліміздің ұлдары мен қыздары үлгі-өнеге алатын, рухани азық болатын құнды да сындарлы еңбектері қалды. Ерке Ертістің жағасында туып-өскен жазушы Ләзиза Мешітбайқызы Ертістің Павлодар өңірінде балғын балалығын қалдырған тұлға. Кереку қаласында жалынды жастық шағы өткен, Ақсудың Қызылжар ауылында туған қарымды қаламгер Ләзизаның рухы өлмейді. Келешек ұрпаққа өнегелі шығармаларымен таныла береді.
Белгілі жазушы Әбу Сәрсенбаев алпысыншы жылдары (1905-1995) бір топ үнді жазушыларымен бірге Кереку өңірін аралаған көрінеді. Сол сапарда Қашыр ауданындағы Қызылтаң ауылында қонақта болыпты. Қонақжай қазақтың шаңырағы, Нәсір Серғазиннің алты қанат, мүмкін он екі қанат ақ киіз үйі. Үйдің ішіндегі текшеленіп жиналған төсек-орын, әшекейлі әбдіре, қабырғадағы оюлы түскиіз керемет сән беріп тұр. Тарихи суретті кім түсіргені белгісіз. Ал қолдан тоқылған кестелерді Тоты Серғазина таныды. «Бұл — біздің үйдің жиһазы. Мен жасөспірім қыз болатынмын. Кестелерді мен тоқитын едім. Өз қолымнан шыққан дүниелерді таныдым. Төрде отырған қонақтардың бірі жеңгеміз Ләзиза, жездеміз Әбу Сәрсенбаевтың үйге келгені есімде бар. Кейін Ләзиза жеңгей мені Алматыға алып кетті. Мені машинистканың оқуына берді. Алайда үйді сағынып, Алматыға үйрене алмай, Қызылтаңға оралдым», — деп еске алды.
Шолпан БАЙҒАЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.