Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін алдымен тұрғындарды жұмыспен қамту ісі дұрыс жолға қойылуы тиіс. Елімізде бұл бағытта түрлі бағдарламалар жасалып, жаңа жобалар жүзеге асқанымен, одан шыққан нәтиже әлі де көңіл көншітпейді. Сонымен, жұмыспен қамту жүйесінде қандай мәселе бар? Оның алдын алу үшін алдағы уақытта қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін? Халық қалаулылары мен жауапты министрлік өкілдері не дейді?

Алдымен ауылға көңіл бөлінсе…

Бүгінде ауылдық жерлерде жұмыс істейтін азаматтар саны аз. Себебі, жұмыс аз. Сондықтан жыл сайын көптеген ауыл тұрғыны қалаға бет бұруда. Бұл жағдай ауылдың болашағына кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Алыстағы ағайын жастарды ұстап қалу үшін ауыл-аудандарда жұмыс орындарын ашудың маңызы зор екенін айтады. Баянауылдық тұрғын, зейнеткер Бейсенбай Жангелдин:

— Қазір ауылдарды көркейтуге күш салынып жатқанымен, тұрғындарды жұмыспен қамтуда қиындықтар бар. Яғни, ауылдықтардың көбі мал шаруа-шылығымен ғана айналысады. Біраз адам мектепте, бірнеше тұрғын мәдениет үйі мен медициналық пунктте еңбек етеді. Басқа жұмыс жоқ. Сол үшін ауыл халқына жаңа жұмыс табылса және жоғары жалақы төленсе екен деген арманымыз бар, — дейді. Бұл – барша ауыл азаматының тілегі.

Қуантарлығы, жақында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі  Светлана Жақыпова ауылда жұмыспен қамтудың жаңа формалары енгізілетінін мәлім етті.

— Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2023 жылы еліміздің ауыл шаруашылығындағы жұмыспен қамтылған 1,1 млн жұмыскердің жартысы-
нан көбі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Олардың жалақысы республикалық деңгейдегі орташа еңбекақыдан екі есе төмен. Бұл формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін және ауыл жұмыскерлерінің әлеуметтік қорғалуының төмен деңгейін көрсетеді, — деген министр барлық механикаландырылған жұмысты нормалау және ауылдағы нақты жұмыспен қамтуды бақылауға мүмкіндік беретін модельдер жасалып жатқанын айтты.

— Мал басына қызмет көрсету нормалары қалыптастырылды және жұмысшылардың нормативтік санының есебі жүргізілді. Ауылда жұмыспен қамту-
дың басқа да жаңа формаларын, яғни вахталық, маусымдық, мобильді кәсіпкерлік түрлерін енгізу мәселесі де қарастырылуда, — деді Светлана Жақыпова.

Осы жүйені енгізудің нәтижесінде ауыл шаруашылығында ресурстарды пайдалану тиімділігі артып, ауылдық жерлерден қалаларға көші-қон ағындарын төмендетуге мол мүмкіндік туады деп күтілуде.

Қандай қауіп бар?

Елімізде таңнан кешке дейін толық жұмыс күні еңбек етсе де, жалақысы кедейлік шегінен аспайтын жұмысшылар аз емес. Бұл туралы мәселе көтерген Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов:

— Әлеуметтанушылардың айтуынша, Қазақстанда «жұмыс істейтін кедейлер» феномені белең алып жатыр. Ол дегеніміз – толық жұмыс күні еңбек етсе де, жалақысы кедейлік шегінен аса алмайтын адамдар. Әсіресе, бұл мемлекеттік секторға қатысты – кітап-ханашылар, бухгалтерлер, техникалық қызметкерлер және тағы басқалары толық жұмыс күні істеп, алатын жалақысы бойынша кедейлік шегінде тұр. Бұл қауіпті жағдай. 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалады. Ол неге байланысты? Әрине, біріншіден, бұл демография, яғни baby boomer-лердің әсері. Екіншіден, өмір сүру ұзақтығының артуы. Оған қоса, 2031 жылға қарай әйелдердің зейнетке шығу жасы 63-ке ұзаруына байланысты еңбек нарығында 50 мыңға жуық адамның қалуы және автоматизацияның қарқынды дамуы да бар, —
деді. Халық халаулысы бұл жағдайдың алдын алу үшін жаңа жұмыс орындары қажет екенін айтып, елдегі жұмыспен қамту шараларын жандандыру қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол еңбек нарығындағы теңсіздік пен мамандар тапшылығы мәселесі де болашаққа
қауіп төндіріп отырғанын алға тартты.

— Біз маман жетіспейді дейміз, бірақ «гидромелиорация» мамандығына бөлінген гранттарға бірде-бір адам өтініш бермеген. Яғни, конкурста 0 адам болды. Көлік құрылыстары бойынша бөлінген 300 гранттың тек 29-ына адам қабылданды. Бұл мысалдар қажетті кадр тапшылығы да күрделі мәселе екенін айқын көрсетеді, —
деді А.Аймағамбетов. Оның айтуынша, 2008 жылдан бастап жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы қабылданған. Алайда олардың қай-қайсысы да ауыз толтырып айтарлықтай оң нәтиже бермеген. Халық қалаулысы бұған «тізесі шыққан» шараларды қолдану себеп екенін атап өтті.

— Жаңа жүйелі шаралар аз, сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру, оқыту және қайта оқыту, шағын несие беру және басқалары. Ал жергілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмай отыр. Осы шаралардың қаншалықты тиімді екенін де зерттеп жатқан ешкім жоқ, — деген депутат жыл сайын шамамен бір миллионға жуық адам жұмысқа орналасса да, жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалып отырғанын сынға алды.

Мәселе шешіле ме?

Еліміздің еңбек нарығында бірқатар күрделі мәселе бар екені мәлім болды. Бұл жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова атап өтті.

— Соңғы 5 жыл еліміз үшін айтарлықтай өзгерістер мен сынақтар кезеңі болды. Қазақстанның еңбек нарығының тұрақты өсуіне қарамастан, мемлекеттің тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын арттыруы үшін одан әрі күш салуды талап ететін бірқатар осал тұстар анықталды, — деген министр мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға және индустрияландыруға бағытталған бағдарламаларды іске асырғанымен, соңғы 10 жылғы статистика бағдарламалардың әсері жеткіліксіз екенін көрсеткенін айтты. Яғни, мемлекеттің экономиканы ынталандыру бойынша қабылдаған белсенді шараларына қарамастан, жеке бизнестің жаңа жұмыс орындарын құруға қосқан үлесі шамамен 20 пайызды ғана құраған. Бұл экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 4 есе аз көрінеді. Тағы бір сын-қатер – формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі.

— Өткен жылы нақты зейнетақы аударымдарының деректері бойынша есептелген еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде, Ұлттық статистика бюросының бағалауынша еңбекақы төлеу қоры екі есе көп – 38 трлн теңге. Еңбекақы қоры бойынша деректердің едәуір алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалады. Министрліктің ай сайынғы дерекқор мониторингі ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналастырылған әрбір төртінші адамның міндетті зейнетақы жарналары жоқ екенін көрсетіп отыр, — деді министр. Ал ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева түрлі бағдарламалар аясында құрылатын жұмыстың көбі уақытша екенін айтып, осы жағдайға да көңіл бөлу керектігін мәлімдеді.

— Мысалы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ашылған 1,5 мың жұмыс орнының 90 пайызы уақытша және «2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жобасы бойынша 67 мың жұмыс орнының 81 пайызы маусымдық саналады. Тұтастай алғанда, жаңа жұмыс орындарының 87%-ы негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар да уақытша сипатқа ие, — деді ол. Мамандар бұл мәселелерді шешуге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, тиісті қадамдар жасалуы керек екенін айтады.

 

* * *

Осылайша, жұмыспен қамту жүйесінде түрлі қиындықтар, заңсыз әрекеттер мен сын-қатерлер бар екені байқалады. Бұған жол бермес үшін нәтижелі әрі қауқарлы бағдарламалар қажет, дейді сарапшылар. Ал алда не күтіп тұрғаны болашақтың еншісінде!

Нұржайна ШОДЫР.