Осыдан 34 жыл бұрын — 1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл — өзге халықтармен тереземіз тең екендігін білдіретін тарихи құжат болды. Осы құжаттың көшірмесі бүгінде облыстық мемлекеттік архивтің қорында сақтаулы тұр.

Облыстық мемлекеттік архивтің мұрағатшысы Күләш Есімханованың сөзінше, жергілікті мұрағат қызметкерлері 2011 жылы арнайы Астана қаласына барып, Президенттік архивтен тарихи құжаттардың көшірмесін алу мүмкіндігіне ие болған. Олардың арасында Декларацияға қатысты бірнеше құжат бар.

— Құжаттардың ішінде Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307–ХІІ «Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігінің декларациясы туралы» қаулысы бар. «Онда Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдансын» деп жазылған. Ол кезде Қазақ КСР Жоғарғы Советінің председателі Е.Асанбаев болған, — деп атап өтті К.Есімханова.

Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құжатты дайындау кеңестік империяның кеңістігінде белең алған экономикалық және саяси құлдырау жағдайында жүргізілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдауын үнемі тежеп отырғаны белгілі, сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу азаматтық ержүректіліктің көрінісі болды.

Декларацияда бірінші рет Қазақ КСР мәртебесі одақтағы өзге егемен республикалармен ерікті түрде бірігетін және олармен келісімшарт негізінде өзара қарым-қатынас жасайтын егемен мемлекет ретінде аталды.

— Одан бөлек, құжаттардың арасында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы, ҚР азаматтығы жөнінде, еліміздің ұлттық валютасын енгізу, мемлекеттік рәміздер мен туралы жарлықтар бар, — дейді мұрағатшы.

Иә, осыдан 34 жыл бұрынғы қазанда ел болашағы үшін болған ғылыми, құқықтық, керек десеңіз, идеологиялық пікірталқыларда академиктер, зиялы қауым өкілдерінің айы оңынан туды. Олардың табандылығының арқасында тарихи мәні зор құжат қабылданып, болашақтағы тәуелсіз елдің заңдық негіздегі іргетасы қалана бастаған. Қандай қиын сәттерде де елдің болашағы үшін білімін, білігін, тәжірибесін аямаған зиялы қауымның ұстанымы «Жаңа дәуір бастауы – Декларация» болғанын да ұмытпауға тиіспіз.

Айдана БОРАНБАЕВА.