«Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайық бағасын алады. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауынан.
Береке-байлыққа жетудің жалғыз жолы – аянбай еңбек ету. «Еңбек ер атандырады» дейді дана халқымыз. Елдің болашағы еңбек салтына тікелей байланысты екенін терең ескерсек, еңбек адамының қоғамда орны ерекше, абыройы биік болмақ. Халық та еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет айнала түсетіні даусыз. Қазіргі таңда, өңірімізде адал істі кәсіп етіп, қара жерден өз несібесін тауып жүрген азаматтар жетерлік. Яғни, ауыл шаруашылығына бейімделіп, берекелі өнім алып жүрген шаруалар бар. Солардың бірі — Успен ауданы Галицкое ауылдық округіндегі «Галицкое» шаруа қожалығының иесі Александр Касицын.
Успен ауданында еселі еңбегімен елге етене таныс еңселі ерлердің бірі – Александр Анатольевич Касицын. Аграрлық секторды дамытып, төрт түлікті түлету шаруагер үшін атадан балаға мирас болған мұра іспетті. «Мал баққанға бітеді» демекші, бүгінде «Галицкое» шаруа қожалығы құлашын кеңге жайып, мыңғырған мал өсіріп, көл-көсір өнімге кенеліп отыр. Әрине, бұл – адал еңбек пен қажырлы қайраттың жемісі. Қашанда еселі еңбегімен ел ішінде сыйлы, қарапайымдылығымен қарашаға қадірлі шаруагер аталмыш шаруа-шылықтың тарихына тоқталып, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы басты түйткілдерді тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізіп, ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істеу қажет. Бұл бағытта Павлодар облысында жыл санап ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа технологияларға басымдық беріліп, су үнемдеу, тамшылатып суару, агроқұрылымдарды ірілендіру жұмыстары жүріп жатыр.
— Бұл шаруашылық 1931 жылы құрылған болатын. Ал өзім 1984 жылдан бастап осы орында жұмыс істеймін. Биыл мұндағы еңбек өтіліміме тура қырық жыл толып отыр. Басында зоотехник, кейін бас зоотехник маманы болдым. Сондай-ақ, бүгінгі Галицкое, бұрынғы Карл Маркс атындағы колхоздың ең жас төрағасы болдым. Одан кейін 1997 жылы «Галицкое» өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы, ал 1998 жылы «Галицкое» ЖШС-нің директоры болып сайландым. Осы уақыт аралығында шаруашылыққа тиесілі суармалы жерлердің көлемі 4 есе ұлғайып, мал саны 3 есе өсті. Атап айтсам, өткен ғасырда 90-ыншы жылдардың соңында шаруашылықта тіркеулі ірі қара малдың басы 3 мыңға жуық болса, қазір 5 мыңнан астам қара мал бар. Кезінде күніне 8 тонна сүт өндірілсе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 30 тоннаны құрайды. Әрине, сүт өңдеу ісін қолға алған соң, мал азықтық дақылдарға ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы, «Галицкое» шаруа қожалығы – қазақтың ақбас сиыр тұқымының асыл тұқымды репродукторы. Бүгінде шаруашылық заманауи технологиямен, сапалы тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Биыл барлық егіс алқабының 80 пайызға жуығы заманауи егіс кешендерімен өңделді. Шаруашылық дәнді дақылдар, майлы және малазықтық дақылдардан бөлек, зығыр, бұршақ, ноқат егеді, — дейді шаруа.
Агроөнеркәсіп кешенінің салаларын дамытуда суармалы алқаптарды ұлғайту мәселесі де маңызды міндеттер қатарында тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға таман суармалы алқаптарды 2,2 миллион гектарға жеткізу туралы Үкіметке тапсырма жүктеген еді. Ал 2030 жылы бұл көрсеткіш 3 миллион гектарды еңсеруі тиіс. Кәсіпкердің сөзінше, аталған бағыттағы жұмысты бір жүйеге түсіріп, ең алдымен елді мекендерде ирригациялық желілерді жаңғырту, суару каналдарын реконструкциялау жұмыстары қолға алынуы тиіс.
— Суармалы жерлерді тиімді пайдалану, мол өнім алу үшін ғылым мен техника жетістіктерін пайдалану арқылы сапалы өнім өндіру керектігі бүгінгі күннің басты талабына айналды. Ол үшін әрине өндірілетін өнімнің көлемі мен сапасын арттыру да керек болады. Осы агросаланы қарқынды дамыту бағытында мемлекет тарапынан қолдау шаралары да қарастырылған. Мәселен, лемандық суару жүйесін дұрыс іске асыратын болсақ, мал азығын дайындауда көп ілгерілеуге болады. Су жайылатын жерге шөп көп шығады. Мал азығы мол болса, баға да арзандайды. Халыққа да керегі осы. Су ресурстарын ұтымды пайдалану аса маңызды. Сондықтан кез келген шаруашылыққа сү үнемдеу үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару техникасын пайдалануы керек. Біз 2012 жылдан бастап суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын қолға алып, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастырып келеміз. Бүгінгі таңда шаруашылыққа тиесілі
1600 гектар суармалы жер бар. Олардың барлығы да жерасты сулары арқылы суарылады. Жалпы, егістік алқабы 40 мың гектардан асады. Успен ауданы шөлейтті аймақтардың бірі болғандықтан, мұнда су көзі 800-8500 метр тереңдікте жатыр. Яғни, су шығару жұмыстары да үлкен қаражат пен ерен еңбекті қажет етеді. Мәселен, 1 скважинаның құны 100 млн теңгені құрайды. Біздің шаруашылыққа тиесілі егістік алқаптарында жалпы саны 20-дан астам ұңғыма қазылды, — деді А.Касицын.
Сонымен қатар, кәсіпорын басшысы 30 жыл ішінде шаруа-шылыққа инвестиция бағытында 15 млрд теңгеге жуық қаражат құйғанын айтып, әр тиынның мақсатты жұмсалғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол қазіргі кезде ірі кәсіпкерлер тек өз қалтасын ғана ойламай, елдегі әлеуметтік жауапкершілікті сезінулері тиіс екендігін айтты. Оның сөзінше, бүгінгі таңда қазақстандық бизнес өкілдерінің қоғамдық жұмыстарға қатысу деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, меценаттардың тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесуі, туған жерлеріне қарайласуы сияқты жұмыстар кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігінің артқандығын көрсетеді. Себебі, әлеуметтік жауапкершілік — бұл сол елде еңбек ететін кез келген кәсіпкердің шынайы болмысын аңғартады, келбетін кескіндейді.
— «Қолы ашықтың жолы ашық» деген жақсы сөз бар халқымызда. Бүгінде кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде ішер асын жерге қоятын атпал азаматтар жетерлік. Жақсы адамның жинаған дүниесі емес, жақсы атының қалатыны осындайдан көрінеді. Ауылдағы игілікті істердің барлығы да туған жеріне жауапкершілікпен қарайтын, сол өңірдің топырағынан түлеп ұшқан табысты тұрғындардың арқасында атқарылатынын білеміз. Сол себепті біз де осы өңірдің, осы елді мекеннің азаматтары үшін қолайлы жағдай жасап, қоғамдық істерге белсене араласып келеміз. «Жаман бергенін айтады» дейді ғой. Сондықтан елге жасаған көмегім бұл менің қызметімнің бір парасы ғана. Жалпы, әр ұжымдағы еңбеккерлердің әлеуметтік жағынан қорғалуы, еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі, еңбек қатынастарының заң аясында болуы тек еңбек өнімділігіне ғана емес, ел ішіндегі тұрақтылыққа да әсер етеді, — деді кәсіпкер.
Адамзат баласын бір-бірінен ерекшелеп, екшеп тұрған – білім мен еңбек. Сондықтан да қоғамда еңбек адамына деген құрмет ерекше. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қазіргі қоғамда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс» екенін айтып, маңдай терімен табыс тауып азаматтардың абырой-беделін көтеруді тапсырды. Сондықтан бүгінгі таңда осынау құндылықтарды бағалау, қоғамдағы еңбекқор азаматтардың беделін көтеру мәселелері елдік деңгейде жүзеге асырылуда.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ,
Успен ауданы.