Бүгінгі таңда облыста жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Жастар тәжірибесі» жобасы жүзеге асуда. Жыл басынан бері 1346 адам тәжірибе жинақтауға жіберілді. Сондай-ақ, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдардың тәжірибесі мен дағдыларын беру арқылы жастардың мансаптық дамуы мақсатында 22 жас маман «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен қамтылды. Келер жылы жастар арасында сұранысқа ие мамандық иелеріне оқытатын жаңа жоба іске қосылмақ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова облыстың еңбек нарығында орын алған ағымдағы жағдайға тоқталып, бүгінгі таңда өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайтынын айтты. Оның ішінде жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санында жалдамалы қызметкерлер 1 пайызға, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар 3,3 пайызға төмендеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жалпы санында өнімсіз жұмыспен қамтылған халықтың үлесі де 3,4 пайызға төмендеді, бұл азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуын көрсетеді.
— 2023 жылы сапалы жұмыс орындарын құру, жоғары еңбек өнімділігі мен нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жүйелі шараларды қамтитын «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаларға сәйкес 2024-2029 жылдары облыс бойынша 143,9 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның ішінде 70 пайыз тұрақты жұмыс орындары болады. Ағымдағы жылы 23,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 16,4 мың тұрақты жұмыс орны. Мемлекеттің экономиканы ынталандыру жөніндегі белсенді шараларына қарамастан, жеке бизнестің жаңа жұмыс орын-дарын құруға қосқан үлесі шамамен 35 пайызды құрайды. Тиісінше, бүгінгі таңда жұмыс орындарының өсімін өнімділігі төмен салалар мен мемлекеттік сектор қамтамасыз етеді. Тұрақты жұмыс орындарының ең көп саны білім беру саласында 12,6 пайыз, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы 10,4 пайыз, өнеркәсіп 8,3 пайызды құрайды, — деді Альмира Аманқызы.
Сонымен қатар, басқарма басшысы бүгінгі таңда еңбек делдалдығы қызметтерін көрсетудің барлық процесі электрондық еңбек биржасы порталы арқылы (enbek.kz) толық автоматтандырылғанын атап, жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің «Цифрлық супер-маркеті» қалыптастырылғанын айтты.
— Бір «skills.enbek.kz» платформасында азаматтар қолда бар кәсіби дағдыларды арттыра алады немесе платформа арқылы онлайн оқуға мүмкіндіктері бар. Бүгін платформада 606 онлайн курс бар, оның 271-і тегін. Қазіргі таңда облыстағы 1657 жұмыссыз азамат осы платформадан оқудан өтті. Сонымен қатар, еңбек ресурстары дағдыларын дамыту шеңберінде жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу орталықтарында сұранысқа ие мамандарды оқыту және тәлімгермен 3 айға дейін жұмыс орнында оқыту жұмыстары жалақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады.
Ағымдағы жылдың 9 айы ішінде облыстың қалалары мен аудандарының Мансап орталықтары қысқа мерзімді оқытуға 430 адамды жолдады, оның ішінде 303 адам оқуын аяқтап, 224 адам жұмысқа орналастырылды. Қысқа мерзімді оқытудың бұл шаралары азаматтарға кейіннен жұмысқа орналасу үшін еңбек нарығында біліктілігін арттыруға және талап етілетін дағдыларды алуға мүмкіндік береді, — деп толықтырды ол.
Сондай-ақ, басқарма басшысы 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жастар арасында танымал және сұранысқа ие кәсіптерге оқыту бойынша «Табысқа жету дағдылары» атты жаңа жобаны іске асыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар тізімін құру бойынша еңбек нарығын талдау жұмыстары басталды. Аталмыш ауқымды жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы іске асырылмақ.
А.МҰҚЫШЕВ.