Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік өнімдерінің құрамы жайлы ақпаратқа қарап, таңдау жасайтынымыз белгілі. Алайда ол ақпараттың ішкі құраммен сәйкес келмеуі мүмкін екеніне аса бас қатыра бермейтініміз рас. Өкінішке қарай, өндірушілер өнімінің бағасын арзандату үшін небір қитұрқы әрекетке баратыны әшкереленіп отыр.
Нақтысы, «Маңғыстау тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігі ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мемлекеттік тапсырысы негізінде еліміздің әр өңірінде азық-түлік өнімдеріне өзіндік зерттеу жүргізіп, түрлі кемшіліктер анықтаған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жоғарыда аталған қоғамдық бірлестіктің өкілі Жанна Биятан мәлім етті.
— Жобамыздың міндеті — әрбір өңірден кемі 15 өнімді зерттеуге, сынауға алып, олардың нәтижелері туралы сенімді ақпаратты БАҚ арқылы таратумен Қазақстан тұтынушыларына сатылатын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету. Бірақ біз зерттеу толыққанды болуы үшін әр өңірден 25-56 сынамаға дейін алдық. Еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласында жұмыс жүргізілді. Өнімдер жасырын сатып алушы арқылы алынып, іріктелді, — дейді Ж.Биятан.
Азық-түлік тауарларына микробиологиялық, химиялық-физикалық, органолептикалық көрсеткіштерін анықтау зерттеулері жүргізілген. Сонымен қатар, малдардың ДНҚ-сы, ГМО, майлы-қышқылды құрамы тексерілген. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда шеттен келетін өнімдердің көрсетілген сипаттамалары мен көрсеткіштеріне сай келмейтіні анықталған. Кейбір сиыр етінен жасалған деп жазылған өнімдердің құрамынан шошқа мен тауық етінің бары анықталған. Кейбірінде ГМО болған, бірақ ол жайында өндірушінің ақпаратында ешбір мәлімет көрсетілмеген. Майлардың құрамындағы нормалар өндіруші көрсеткеннен әлдеқайда төмен болып шыққан. Қоғамдық бірлестік өкілінің мәлімдеуінше, ресейде өндірілген консерві, шұжық өнімдерінің құрамы өндіруші көрсеткен мәліметке сәйкес келмегені жиі анықталған. Яғни, олар сиыр етінен жасалған деп жазғанымен, оның құрамынан тауық немесе шошқа етінің бары белгілі болған. Мәселен, Ресейдің Қорған ет комбинатында өндірілген еттен жасалған консервілерде мұндай кемшіліктер көптеп кездесіпті. Өзіміздің Өскемендегі ет комбинаттарының бірінде жылқы етінен жасалған деп көрсетілген өнімнің құрамынан тауық еті табылыпты. Солтүстік Қазақстан облысында сынамаға алынған тек сиыр етінен жасалған деп көрсетілген 15 консерві өнімінің 10-ында шошқа немесе тауық еті қатар жүргені анықталған. Бұл деректер еліміздің өзге өңірлерінен зерттеуге алынған сынамалардан табылды. Ал Павлодар облысында мұндай зерттеу жүргізілмеген. Себебі, ДНҚ,ГМО және түрлі қоспа-бояуыштарды анықтайтын аккредитациясы бар зертхана жоқ көрінеді. Қазіргі таңда елімізде бояуы бірден бетіне шығатын шайдың түр-түрі сөреде самсап тұр. Бояу бары көзге көрініп тұрғанымен, оны ешкім дәлелдей алмайтыны, өкінішті-ақ. Себебі, Ж.Биятанның айтуынша, елімізде мұндай бояуыштарды анықтайтын аккредитациясы бар зертхана жоқ. Қостанайдағы зертхана уақытша жабылып қалыпты.
Павлодар облысында зерттеуге алынған 36 сынамада анықталған кемшіліктер қатарында мерзімі өткен өнімдер сатылыпты. Нақтысы, екі түрлі шұжық пен күнбағыс майы уақыты өтіп кеткен. Одан бөлек, сәйкестік декларациясы мүлдем жоқ тауарлар сатылымда болған. Мәселен, Павлодар қаласындағы «Керуен» сауда үйінде кәмпит өнімдерін тексеру барысында мұндай құжаттың жоқтығы анықталса, «Светофор» дүкенінде тауық етінің құжаты болмай шыққан. Қоғамдық бірлестік өкілі мұндай олқылық қоғам үшін өте қауіпті екенін алға тартады. Себебі, сәйкестік декларациясының болмауы ол өнімнің елімізге заңсыз контрабандалық жолмен жеткенін білдіреді. Сәйкесінше, біз бен сіз үшін оның қаупі көп. Анықталған деректерді қоғамдық бірлестік жергілікті құзырлы органдарға жолдап отырған. Нәтижесінде, аталған кәсіпкерлік субъектілеріне айыппұл салыныпты. Мысалы, «Светофор» дүкені 500 мың теңге көлемінде айыппұл арқалаған.
Айта кетейік, өңіріміздің тұтынушылар құқығын қорғау бағытында құзырлы департамент те жұмыс атқаруда. Облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірованың мәліметінше, биыл он айда тұрғындардан түскен 1304 өтініш қаралған. Былтыр 783 өтініш түсіпті. Тұрғындардың құзырлы мекемеге жиі жүгіне бастағанын мамандар тұтынушылардың құқығын қорғау мәдениетінің арта бастауымен байланыстырып отыр. Өтініштердің 47,6 пайызы бөлшек саудаға, 18,5 пайызы электрондық саудаға, 17,7 пайызы тұрмыстық қызметтер саласына қатысты болған. Яғни, осы бағыттарда тұтынушылар құқығы жиі бұзылады. Талап-тілектерді орындау нәтижесінде тұтынушылардың 51 млн теңгеден астам ақшасы қайтарылған. Сонымен қатар, департамент мамандары тұрғындардың шағымы негізінде жоспардан тыс тексерістер жүргізіп, заңбұзу-шылықтарды анықтайды. Биыл мұндай 169 тексеріс жүргізілген. Ағымдағы жылы тексеріс те екі есе артыпты. Кейбір тұтынушылар құқығын қорғау үшін сотқа жүгініп, оған департамент үшінші тұлға ретінде қатысқан. 19 сот процесінің 16-сында тұтынушының талап-арызы қанағаттандырылып, жалпы сомасы 4 млн теңге қаржы азаматтарға қайтарылыпты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.