Елімізде тұрғын үйді төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыру тетігін енгізу жоспарлануда. Мұндай ұсыныс биыл көктемде орын алған табиғи апаттан кейін туындап отырғаны түсінікті. Жоспар бойынша, қандай да бір табиғи апаттардан келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесі арқылы өтелуі керек.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ»

Биылғы су тасқыны 120 мыңнан астам адамның өміріне әсер еткен. Қарғын судың салдарынан баспанасынан айырылған 2576 отбасыға жаңадан үй салынды. Бұл үйлердің құрылысы бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде жүргізілген.

Бүгінде жұмыстар толығымен бітті. Ал Ақмола облысында 38 және Батыс Қазақстан облысында 28 үйдің құрылысы аяқталуда. Көктемгі су тасқыны салдарынан Қазақстанда барлығы 17 603 үй зардап шекті, оның 8 447-сі кейін апатты деп танылды. Мемлекет жаңа үйлер салудан бөлек, екінші нарықта 5 767 тұрғын үй сатып алды.

Осы мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан келген шығын 300 млрд теңгеден асатынын мәлімдеді. Бұл — нақты сан емес. Әлі бөгеттер, жолдар, құбырлар қалпына келтіріліп жатыр. Сондықтан залалды өтеудің жаңа тәсілдері қарастырылды.

— Халықаралық тәжірибені пайдаланып, мүлікті төтенше жағдай-лардан міндетті сақтандырудың оңтайлы моделін қарастырған дұрыс. Көптеген елде дүлей зілзалалардан кейін ғимараттарды қалпына келтіру шығындарының едәуір бөлігін сақтандыру компаниялары өз мойнына алады. Мен тек су тасқынынан болатын апат туралы айтып отырған жоқпын, жер сілкіністеріне бейім апатты аймақтар болады. Өртке жиі ұшырайтын да аумақтар бар. Мұндай жағдайда адамдар үйлерінен кетуге мәжбүр болғанда олардың баспанасы сақтандырылуы керек. Бұл қолданыстағы заңнамаға өзгерістерді талап етеді. Мысалы, Түркияда тұрғын үйді сақтандыру міндетті болып табылады. Үйлерін сақтандырмаған азаматтар жер сілкінісінен кейін тұрғын үй несиесін немесе мемлекеттік көмекті алу құқығынан айырылады. Румынияда мынандай тәжірибе бар. Егер қауіпті аймақта  тұрсаңыз, жыл сайын белгілі бір соманы төлейсіз, сосын үлкен өтемақы аласыз. Түркияда жер сілкінісінен кейін де осындай шаралар қабылданды. Біз бұл тәжірибені халықтың табысын ескере отырып зерттейміз. Қазақстанда әзірге міндетті сақтандыру ипотекаға сатып алынған тұрғын үйге ғана қолданылады. Сондықтан осындай тәжірибені елімізде де жүзеге асырсақ деген ойымыз бар, — деді Қанат Бозымбаев.

Сақтандыру компаниялары сенімді ме?

Осы мәселеге қатысты қоғам белсендісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Еркеғали Жанғазының пікірін білген болатынбыз. Ол тұрғын үйді төтенше жағдайлардан сақтандыру үшін халықтың әлеуметтік деңгейін көтеру керектігін алға тартты. Несиемен өмір сүріп жатқан тұрғындар міндетті сақтандыруға да ақша төлейтінін ескеру керек.

— Сақтандыруға төленетін жылдық соманы халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты есептеген жөн. Бұл — бірінші мәселе. Екінші мәселе – елімізде ірі сақтандыру компаниялары бар. Бірақ олар халықтан алған қаражатын төтенше жағдай кезінде қайтарып бере ме? Жоқ әлде біраз бөлігін жымқырып, енді бір бөлігін түрлі талаптарды сылтауратып басып қала ма? Осы орайда, отандық сақтандыру компаниялары сенімді әрі өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек. Ертең халық өз ақшасын өзі қайтара алмай жүрген жағдайларға жол бермеу қажет. Сондықтан сақтандыруды енгізер кезде осы мәселені ескерген жөн. Жалпы, тұрғын үйлерді төтенше жағдайлардан сақтандыру — орынды ұсыныс. Қазіргі қоғамға қажет деп білемін. Өйткені барлық мәселені Үкімет пен атқарушы органдарға артып қою дұрыс емес. Биліктің залалдан келтірілген шығындарды өтеудің жаңа жолын қарастырып жатқаны ойға қонымды, — дейді ол.

Иә, бұл мәселеде алдымен отандық сақтандыру компанияларының мүмкіндіктеріне талдау жүргізу қажет. Жаңашылдықты енгізбес бұрын тұрғын үй жайын, сақтандыру сомасы мен қандай табиғи апатқа тап болғанын нақтылау керек.

Сақтандыру құны қанша?

Елімізде сақтандырылған тұрғын үйлердің саны бойынша Астана көш бастап тұр екен. Екінші орында Алматы қаласы болса, өзге аймақтарда мүлікті сақтандыру көрсеткіші бір пайыздан аз.

Отандық сақтандыру компанияларының қызметімен танысып көрдік. Мысалы, «BASEL» сақтандыру компаниясы баспананы өрт, жарылыс, найзағайдың түсуінен, су басу, оның ішінде кәріз, жылыту жүйелерінің бұзылуынан сақтайды. Сонымен қатар, табиғи апаттардан (жер сілкінісі, су тасқыны, су басуы, дауыл, құйын, көшкін, топырақтың шөгуі, опырылуы, тастың құлауы, қар көшкіні, сел, бұршақ), ұрлық, тонау, қарақшылық сынды заңсыз әрекеттерінен де қорғайды. Сақтандыру құны тұрғын үй бағасының 0,12 пайызынан басталады. Мәселен, пәтер құны 20 млн теңге болса, жылына сақтандыру компаниясына 24 мың теңге төлеу қажет. Нарықта 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан компанияның 3 миллионнан астам тұтынушысы бар.

Ал «ASKO.kz» сақтандыру компаниясы төленетін қаражатты 12 айға рәсімдеуге болатынын айтады. Өрт, су басу және басқа да қиындықтар кезінде келтірілген залал өтеледі. Әр пәтерге сақтандыру мерзіміне байланысты ай сайынғы төленетін сома жеке есептеледі.

«Еуразия» сақтандыру компаниясы құны 20 млн теңге тұратын баспананы сақтандыру үшін ай сайын 2 мың теңге қабылдайды. Бұл — тұрғындар үшін қолайлы сома.

«Басымыздан өтті…»

Естеріңізде болса, аймағымызда су тасқынынан зардап шеккен Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылының тұрғындары үшін 5 үй салынды. Мемлекет тарапынан осындай көмекке ие болған Мархабат Сматаев төтенше жағдайлардан туындаған апатты ешкімге тілемейтінін айтады.

— Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылындағы үйім биыл 26 наурызда түнгі сағат 3.00 шамасында суға кетті. Баспанам 1,5 ай судың астында қалды. Біз — 6 бала өсіріп отырған көпбалалы отбасымыз. Сол уақыттағы кешкен күйімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жергілікті билік, «AMANAT» партиясы, депутаттары, еріктілер, блогерлерге дейін біздің жағдайымызға алаңдап, барынша қолдау көрсетті. Аз уақыттың ішінде жаңа баспанаға ие болдық. Осындай төтенше жағдайлардан тұрғын үйді сақтандыру ісін қолдаймын, — дейді тұрғын.

Нені білген жөн?

Сақтандыру сомасы нақты келтірілген залалдың мөлшерінен аспай-тыны белгілі. Сақтандыру төлемінің мөлшері келісімшартта алдын ала көрсетілуі тиіс. Сондықтан мамандар сақтандыру компаниясымен жасалатын келісімшартты мұқият оқуға кеңес береді. Әйтпеген жағдайда, шығын өз-өзін ақтамай қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, елімізде мұндай жағдайлар көп кездеседі.

Сақтандыру төлемі жүзеге асырылатын барлық талаптар мен жағдайларды, сақтандыру тетігі қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі зерделемей, оған қол қоюға асықпаған жөн. Бір емес, бірнеше компанияның төлемдері мен тарифтерін түсініп алған абзал. Сол арқылы, жақсы, беделі бар сенімді сақтандыру компаниясын таңдай аласыз.

Енді азаматтардың төтенше жағдай кезінде сақтандыру компаниясынан қандай сомадағы өтемақыға үміт арта алатыны жайында сөз өрбітсек. «Еуразия» сақтандыру компаниясы өкілдерінің айтуынша, сақтандырылған үйдің сомасы 100 млн теңге болатын болса және ол үй қандай да бір табиғи апат салдарынан толығымен бұзылып қалса, онда сізге 90 млн теңге көлемінде өтемақы төленеді. Бұл ретте, қалған 10 пайыз (10 млн теңге) франшиза ретінде есептеледі. ҚР Азаматтық Кодексінде жазылғандай, франшиза – сақтандырушыны сақтандыру талаптарында көзделген, белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл — сақтандыру компаниясы сізге өтемейтін қаражаттың бір бөлігі. Бұл ретте, нарықтық құны 100 млн теңге тұратын баспананы сақтандыру үшін тұрғындар жылына 60 мың теңге төлеуі тиіс екенін атап өткен жөн.

Түйін:

Әзірге Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сақтан-дыру міндеттелмеген. Батыс елдерінде мүлікті сақтандыру кең көлемде жүзеге асырылады. Яғни, Еуропада бұл — қалыпты жағдай. Ал елімізде бұл тенденция баяу жүзеге асырылып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жылжымайтын мүлікті сақтандырған тұрғындардың үлесі 3 пайыздан аспайды. Сондықтан төтенше жағдай орын алған уақытта Үкіметке алақан жаюға мәжбүрміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.