Қара Ертісті жағалай қоныстанған Ертіс ауданы – 16 мыңнан астам халқы бар бірлігі бекем, тірлігі тиянақты аудан. Ал жергілікті тұрғындардың 10 мыңға жуығы еңбекке жарамды, белсенді халық санатында. Аудан халқы ата кәсіпті қолға алып, ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келеді. Аграрлық салаға бейімделген Ертіс ауданының қай саласында болмасын дәл қазіргі күні ілгерілеушілік байқалады. Өңірде атқарылып жатқан қарқынды жұмыстар да — соның айқын дәлелі. Жақында аудан әкімі Болатбек Шәріповпен сұхбат құрудың сәті түсіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде әңгімелестік.
— Болатбек Кәрімұлы, Ертіс ауданы — ауыл шаруашылығына бейімделген өңірлердің бірі. Ауданда егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы қатар дамып келді. Осы орайда, әңгімемізді ата кәсіпке айналған аталмыш саладан бастасақ…
— Аудан экономикасында ауыл шаруашылығы маңызды рөл атқарады. Оның нақты көлем индексі — негізгі қалыптастырушы индикаторларының бірі. Ауданда ағымдағы кезеңде 29,9 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өңдірілді, жалпы өнімінің нақты көлем индексі 110,1 пайызды құрайды. Егін жинау алаңы 335,1 мың гектарды (2023 жылы – 334,8 мың гектар) құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар 227,9 мың гектар алқапқа егілді. Атап айтсақ, бидай 190,2 мың гектар, арпа 20,6 мың гектар, сұлы 2,7 мың гектар, тары 7,1 мың гектар, қарақұмық 3,2 мың гектар және жасымық 42,2 мың гектарды құрады. Ал майлы дақылдардың егістік көлемі 56,9 мың гектар жерді құрайды. Оның ішінде 40,7 мың гектар күнбағыс, 2,3 мың гектар қыша, 7 мың гектар рапс және тағы басқалары. Мал азықтық дақылдар 49,9 мың гектар жерден шабылды. Былтыр бұл көрсеткіш 35,1 мың гектарды құрайтын. Сондай-ақ, аудан бойынша 42 мың гектар жерден картоп, 4 мың гектардан көкөніс жиналды. 2024 жылы тыңайған жер 35 мың гектарды құрады.
Бүгінгі таңда дәнді дақыл-дардың 227,9 мың гектары (100 пайыз) жиналды. Орташа өнімділік гектарына 12,7 центнер болса, 289,5 мың тонна астық бастырылды. Мәселен, 190,2 мың гектар алқаптан бидай орылып, гектарына 12,5 центнер өнім алынып, 237,7 мың тонна астық бастырылды. Ал тұқым толтыру жоспары 29,9 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар 27,5 мың тонна, майлы дақылдар 0,32 мың тонна, жем-шөп 2 мың тонна, картоп
1,9 мың тонна. Бүгінгі таңда жоспардан 29,8 мың тонна немесе 99,6 пайыз тұқым себілді.
— Аудандағы ауыл шаруа-шылығы техникаларының жай-күйі қалай?
— Биыл аудан бойынша күзгі дала жұмыстарына 467 бірлік техника жұмылдырылды. Оның ішінде 389 бірлігі — жаңа үлгідегі астық жинайтын комбайндар. Несиелеудің әртүрлі нысандары мен лизингтік компаниялардың қызметінің арқасында ауданның машина-трактор паркі жыл сайын жаңа заманауи техникамен толығуда. Мәселен, 2023 жылы жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын жаңа заманауи жабдықтар мен 62 бірлік техника сатып алынды. Ал ағымдағы жылы жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 59 жаңа заманауи ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
— Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында еліміздің экономикалық әл-ауқатын дамытуда бизнестің кез келген саласына инвестиция тарту маңызды екенін айтты. Аудан бойынша бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
— Ағымдағы кезеңде аудан экономикасына 18,7 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, ауданда 4,2 млрд теңгеге 1 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта Амангелді ауылына кіретін автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Жобаны іске асыру мерзімі — 2023-2025 жылдар. Сондай-ақ, шамамен 400 млн теңгені құрайтын өндіріс және қызмет көрсету саласындағы 3 ірі жобаны іске асыру кезеңінде 37 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл жобалардың іске қосу мерзімі – 2025 жыл. Бұдан бөлек, «Жамбаев» ЖК өндірістік және бөлшек сауда нысанының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын жалюзи, пластик терезелер шығаруды қолға алмақ. Инвестиция көлемі 150 млн теңгені құрайды. Аталған нысанда 10 тұрақты жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, жерлеу қызметтерін көрсетуге арналған «Шнайдер» ЖК-не тиесілі объектінің құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ, кәсіпкер салттық зал, асхана ғимаратын салуда. Инвестиция көлемі 100 млн теңгені құрайды, жаңа 15 жұмыс орны ашылады. Ал «Қожанова» ЖК ауданда қосымша сауда алаңын пайдалануға бермек. Инвестиция көлемі 150 млн теңгені құрап, оннан астам жұмыс орны құрылады.
— Аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың бірден-бір көзі жаппай кәсіпкерлікті дамыту екені белгілі. Жалпы ауданда жеке кәсіпкерлерге қолдау білдіріле ме? Салада серпіліс бар ма?
— Кәсіпкерлік саласы — ауданы-мыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күшінің бірі. Сондықтан бұл саланың көрсеткіштерінің қорытындысы ауданымыздың даму рейтингіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан біздің тараптан кәсіпкерлік саласы бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Қазіргі таңда халықтың кәсіппен айналысуға деген құлшынысы да жоғары. Өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдыру мақсатында жекелеген азаматтар сала мамандарына жүгінеді, жауапты мамандар өз кезегінде жол көрсетіп, қолдау білдіруде. Осылайша, ауданда шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Биыл бөлшек тауар айналымы 7 млрд теңгені құрады. Аудан бойынша барлығы 1077 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 1044-і белсенді. Тіркелген кәсіпорындардың ішінде жұмыс істеп тұрған субъектілерінің үлесі 96,9 пайызды құрайды. Айта кетейік, 2024 жылы ауданда «Самира» сұлулық салоны, «Хасанов» ЖК-нің жаңа «777» дүкені, «Кивашева» ЖК-нің «Планета» сауда орталығы, «Шамгунова» ЖК-нің жиһаз шеберханасы ашылды.
Кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» аясында биыл ауданда 7 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ, бағдарлама құралдары арқылы 815 млн теңгеге 9 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі бойынша 355 млн теңгеге 4 жоба және кепілдік бойынша 460 млн теңгеге 5 жоба іске асырылуда. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Агробизнес» бағдарламасы аясында 400,2 млн теңгенің 17 несиесі берілді. «Кең-дала» бағдарламасы бойынша 477,2 млн теңгеге 7 несие, «Кең дала 2» бойынша 1324 млн теңгеге 18 несие берілді.
— Соңғы жылдары елімізде «Ауыл — ел бесігі» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары аясында шалғай жатқан елді мекендердің «еңсесі көтеріліп, етегі жиылды». Әңгімеміздің барысын аталған бағдарламаларға қарай бұрсақ…
— «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биылғы жылы жалпы құны 198 млн теңгені құрайтын 18 жоба жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2024 жылы мал шаруашылығын дамытуға, технологиялық жабдыққа және құрылыс техникасын сатып алуға 25 грант берілді. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 млрд теңгені құрады. 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша Панфилов ауылында жалпы сомасы 341,5 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары және «СтройКом-ПВ» ЖШС-мен 165,5 млн теңгеге 2 көшеге (Ақсай, Горобец) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, тағы да ауылішілік 4 көше (Нұрлы жол, Абай, Мүткенов, Вьездная) бойынша қайталама конкурстық рәсімдер жүргізілді. Бүгінгі таңда жеңімпаз мердігерлік ұйым ретінде «BS StoryCompany» ЖШС танылды. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен қазіргі уақытта шалғай жатқан елді мекендердегі ауылдық клубтар, мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қызылқақ ауылында 2,9 млн теңгеге ауылдық клубтың шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 1,1 млн теңгеге Панфилов ауылындағы мәдениет үйіне жиһаздар мен сахналық киімдер сатып алынды. Ал, Сілеті ауылындағы мәдени-сауықтыру кешеніне 68,1 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
— Ауыл тұрғындары үшін тас жол мен таза ауызсу мәселесі қашан да маңызды. Бұл бағытта аудан бойынша қандай жұмыстар атқарылуда ?
— Бүгінгі таңда аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар автожолдарды қайта жаңғырту жобасын іске асыру жалғасуда. Мәселен, биыл 4,2 млрд теңгеге Амангелді ауылының кіреберіс жолы мен ұзындығы 16,9 шақырымды құрайтын аталмыш бағыттағы аудандық маңызы бар автожол жөнделді. Сонымен қатар, биылғы жылы облыстық бюджет есебінен Ертіс ауданының орталығы мен бірнеше тірек ауылдарында ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, Панфилов-Қосағаш тас жолының 5 шақырымы, ауылға кіреберіс жолы жөнделді. 2025 жылы жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге Қараағаш, Ынтымақ, Үлгілі, Ленин, Сілеті ауылдарында кіреберіс жолдарды және Ертіс, Майқоңыр, Иса Байзақов, Қоскөл ауылдарында ауылішілік жолдарды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен Қызылағаш ауылында 277,4 млн теңгеге мәдени-сауықтыру кешенін салу және Ертіс ауылында 878,1 млн теңгеге бассейн құрылысы жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, аудандық бюджет есебінен 12,8 млн теңгеге Костомар ауылындағы көпір жөнделді. Сондай-ақ, Майқоңыр, Амангелді, Қосағаш ауылдарында көше жарығы жөнделді. Луговое, Майқоңыр, Қарақұдық, Ұзынсу, Сілеті, Ынтымақ ауылдарында балалар ойын алаңдары орнатылды. Иса Байзақов және Қызылжар ауылдарында 5,7 млн теңгеге өрт сөндіру бекеттері ашылды. Ертіс ауылында 6,9 млн теңгеге шағын футбол алаңы жабдықталды. Қоскөл ауылында 1,1 млн теңгеге ауылдық клубқа жылу қазандығы орнатылды. Сонымен қатар, келесі жылы аудандық бюджет қаражаты есебінен Майқоңыр, Сілеті ауылдарында воркаут алаңдары орнатылып, Ағашорын ауылында шағын футбол алаңы бой көтереді.
Таза ауызсумен қамту мәселесіне келсек, аудандағы 27 ауылдық елді мекенді сапалы ауызсумен қамту 100 пайызды құрайды. Оның ішінде қазіргі уақытта 19 ауыл орталықтандырылған су құбырын пайдаланады. Ағымдағы жылы аудандық бюджет есебінен ауылдағы су желілерін қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 27,8 млн теңгеге Ертіс ауылына су құбырын тарту қажет. Сондай-ақ, Сілеті, Қызылағаш және Ленин ауылдарындағы су құбырын қайта жаңғырту керек. 2025 жылға арналған бюджет жобасында аталған ауылдарға су құбыры желілерін тартудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланған.
— Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға жеміс тілейміз!
Сұхбаттасқан — А.МҰҚЫШЕВ.