Қазақ елінде ислам дінінің өркендеуіне үлес қосқан, сол мақсатта мерзімді баспасөзде тұрақты түрде мақала жазып тұрған азаматтар Алаш қозғалысы қайраткерлерінің арасынан да көптеп табылды. Солардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Өз ауыл молдасынан хат танып, діни сауатын ашқан ол кейін қазақтың хақ діннен ажырап қалмауы жолында да толағай еңбек етті.

Ауыл молдасынан білім алып, Алланың ақ жолын танығандардың ішінде «Алаш қозғалысының» белсенді мүшелері Ғұмар Қараш, дін тақырыбында өнімді қалам тербеген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шаһмардан Әлжанұлы, Жиһанша Сейдалин, аймақтық діни ахуал туралы тұрақты жазып отырған журналист Мұхамедсәлім Кәшімов, Досан Аманшин бар. Сонымен қатар, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ұстанымды ұран етіп, заманмен үндеспейтін шариғат заңдары туралы батыл сөз қозғаған қараөткелдік Мақыш Қалтайұлы мен Сабыржан Алқормашының еңбегін жоғары бағалауға болады.

Ұлт зиялылары – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмаров және т.б. дайындаған он баптан тұратын «Алаш» партиясы бағдарламасында қазақ халқына дербестік әперуді көздеген ұлттық бағыттағы маңызды мәселелермен қатар, дін ісі жөніндегі ойлары да бар. Нақты көрсетсек, бағдарламадағы 4-бапта дінге қатысты мәселе қарастырылады. Бап «Дін ісі» деп аталып, онда «Дін ісі мемлекет ісінен алшақ болуы», «Дін біткенге тең құқық. Дін ұстауға ерік, кіру, шығу жағына бостандық…», «Мүфтилік қазақта өз алдына болуы…», «Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы», «Жесір дауы сотта қаралуы» туралы тақырыптар көтерілді.

Ахмет Байтұрсынұлының әр мақаласы, әр кітабы Құранның «Бисмиллахир-рахмани-рахим» деген сөздерімен басталғанын әдебиетші ғалым Айгүл Ісімақова да қуаттайды. Жазушы Сейіт Кенжеахмет: «1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда ІІ жалпықазақ съезі өтті. Онда Алашорда үкіметінің құрамы бекітілді. Ахмет Байтұрсынұлы Алашорда үкіметінің оқу комиссары болып тағайындалды. Қасында Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонановтар болды. Ахаң сол тұста халықтың сауатын ашу ісіне ел арасындағы молдаларды пайдаланған. Өйткені ол кісі сауат ашуға тек «қаріп тану» деп қарамаған. Оны тәрбиенің өзегіне балаған. Адамгершілік, жанашырлық, мейірім, шапағат секілді қасиеттерді бойына сіңірмеген адамның алған білімі зиянды деп түсінген. Торғай жерінде діни ілім үйрететін мешіт-медреселер көп болған. Ахаң осы дайын тұрған ілім ошақтарын халықтың игілігіне пайдалануды дұрыс көрген. Сол себепті тұңғыш әліпби жасағанда халқымыз сан ғасырдан бері пайдаланып келе жатқан араб графикасы негізінде жасады. Былайша айтқанда, Ахаң жарықтық тілді дінге байлап берді. Бұл – дін құрымай, тіл жоғалмайды деген сөз» деген пікірді айтады.

Бүгінгі күнімізге дейін шетелдегі, әсіресе Қытай, Ауған, Иран, Түркиядағы қандастарымыз Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған төте жазуды қолдана алады. Өзі құрастырған жазу жүйесін сынға алғандардан барынша қорғаштаған А.Байтұрсынұлы Кеңес үкіметінің «араб жазуынан айыру арқылы тұтас бір халыққа өткенін ұмыттырып, ұлттық игіліктерді саналарынан өшіру» әрекетін жасап отырғанын жақсы түсінді. Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақты діннен айыруға болмаса, жазуынан да айыруға болмайтын жұмыс. Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды».  Төте жазу – исламның, құранның ізі.

Кезінде Кеңес өкіметі қазақ халқын екі-ақ пайыз сауатты деп яғни, кириллицаны таныған халықты ғана есепке алып, ал араб әріпін танып, оқитын қауымды есепке алмауында да «бұратана» халықтарға жасаған шовинистік саясаттың бір әрекеті болатын. Ал негізінде атам қазақ ислам дінін қабылдағаннан бастап осы араб әріпімен хат танып, сауат ашқаны баршаға аян. Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің ең бірегейі ескі қадим жазуды жаңа төте жазуға өзгертіп, жеңілдетуі болып табылады. Бұл әліпби қазақ тілінің барлық тілдік заңдылықтарын сақтап, оқуға, жазуға ең ыңғайлы болды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін он жылдан артық қолданыста болып, «Қазақ», «Еңбекші қазақ», т.б. газеттер осы әліпбимен шығып тарады. Бұл әліпбимен «Шалқар» газеті сонау кеңес заманынан бері елімізде шығып, шетелдегі қазақтарға тарап тұрады.

Ғұлама бабамыз: «Қазақта әйел адам ұршықты оңнан солға  қарай иіреді. Сондықтан, жазу үшін қолымызға оңнан солға қарай жазуға  ыңғайлы болады», — деп айтқан екен. Расында, қазақ халқын он шақты жылдың ішінде екі әліпбиге: латын, кириллицаға ауыстыру саясатының кесірінен, бұрынғы бабалардың еңбектерінен жырақ қалдық. Ал білім іздеуші талапкер бұл төте жазуды меңгерсе,  ескі қадим жазуын, османи жазуын, шағатай жазуын игеру де оңай болады. Керек десеңіз, Құран әліппесінен бұрын осы жазуды меңгерсе, Құранға келу одан да жеңіл де ұғынықты болады деп санайды тіл ғылымының ғалым-дары.

Тілеуберді САХАБА.