Ресей империясы қазақ даласын қалай отарлады? Қазақтың жерін толық иеленіп, оны игеру мақсатында империяның Сібір комитеті қандай реформаларды жүзеге асырды? Жуырда Марғұлан университетінің тарихшы ғалымдары осы тақырыпты зерттеуді бастады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлфира Өтепованың жетекшілігімен құрылған ғалымдар тобы қазір Ресей федерациясы Санкт-Петербург қаласының мемлекеттік архивінде ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Ендеше, Ресей мұрағаттарынан табылған құнды құжаттардың Қазақстан тарих ғылымына қосар үлесі мен енгізер жаңалығы қандай болмақ? Толығырақ тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, аға ғылыми қызметкер Анар Кәрімовамен сұхбаттастық.
— Анар Еркенқызы, жақында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында орын тепкен мемлекеттік архивінде патшалық Ресей тұсындағы Сібір комитетінің қызметі жайлы ғылыми-зерттеу жұмысын бастапсыздар. Бұл жобаның идеологиялық маңызы
қандай?
— Иә, дұрыс айтасыз. Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің бір топ тарихшысы «Ресей империясының Солтүстік-Шығыс Қазақстанда ресми саясатын қалыптастыру және іске асыру бағытындағы Сібір комитетінің қызметі: деректерді талдау және контекст» тақырыбында ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асыруды бастадық. Зерттеу тобының құрамында тарих ғылымдарының докторы, Марғұлан университетінің профессоры Гүлфира Өтепова (ғылыми жоба жетекшісі), PhD докторы Гүлдана Жәкібаева, докто-ранттар Алтынгүл Қасқабасова, Данияр Құсайынов, Наурызбай Қаршығанов, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Зәбира Мырзатаева сынды тарихшылар бар. Бұл жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржылай қолдауымен іске асып жатыр. Бұл — біздің қоғам үшін тарихи маңыздылығы жағынан өте құнды жоба. Себебі, бұрын-соңды аталмыш тақырып жан-жақты, кешенді зерттелмеген тақырыптар қатарына жатады. Тарихнамалық шолу жүргізген кезде аталмыш тақырып бұған дейін жалпылама ғана зерттеушілер назарында болғанын атап өткен жөн. Бірақ арнайы Сібір комитетінің қызметі жайлы зерттеу еңбектер, жүргізілген саясаттың салдарына қатысты тарихи деректер жоққа тән екеніне көз жеткіздік. Осы зерттеу барысында патша үкіметінің қазақ жеріне жүргізген отарлау саясаты қалай орындалғанын түпкілікті тың деректер негізінде көрсетуге мүмкіндік туып отыр. Атап айтқанда, қазақ жерін игеру мақсатында барлау, зерттеу жұмыстарын, осыған байланысты карталар әзірлеу, қазақ сұлтандарын патша билігіне бағындыру және қазақ даласында әкімшілік-территориялық реформаларды жүргізу. Одан бөлек, қазақ даласына өзге халықтарды қоныс аудару саясатын жүргізу секілді маңызды сұрақтар қарастырылған тарихи құжаттарды анықтап, саралау мәселелері басты назарда болмақ.
— Бұл зерттеудің негізгі бағыты Сібір комитетінің қазақ жеріне жүргізген әкімшілік реформасы туралы екені белгілі болды. Енді осы саяси реформа нақты қалай іске асырылды? Соған нақты деректермен мысал келтірсеңіз…
— Бұл саясат нақты қалай іске асырылды, қандай жолдармен жүргізілді деген сұраққа толық жауап беру мақсатында Сібір комитетінің қызметін сыни тұрғыдан саралаудан бастадық. Сібір комитеті екі рет құрылды. Біріншісі 1821-1838 жылдар аралығында болса, екіншісі 1852-1864 жылдар аралығында жұмыс істеп, қазақ жерінде өз үстемдігін жүргізді. Ресей империясының Қазақстанды отарлау тарихын қарап отырсаңыз, көптеген саяси реформалар болғаны белгілі. Соның ішінде екеуінің ерекше астын сызып айтып кету керек. Олар — 1822-1824 жылғы және 1867-1868 жылғы реформалар. Мұның барлығы қазақ жерін әкімшілік тарапынан басқару, соның ішінде жерін бөліп басқару мәселесі туралы болатын. Мысалы, 1822 жылғы реформа ол хандық билікті жою туралы болса, 1867 жылғы реформаның мақсаты — қазақтың жерін тартып алу, оны қоныс аударушыларға бөліп беру. Сол уақыттағы патша билігі үшін қазақты жерінен айыру мәселесі өте өзекті болды, бұл бағыттағы реформалар да өте белсенді жүргізілді. Сондықтан патша үкіметі үшін Сібір комитеті қызметінің маңызы орасан зор деуге болады. Әсіресе, қазақтарды Ресей бодандығына енгізу, оларды басқару саясаты жік-жігімен жүргізілгені — ақиқат.
— Сібір комитетінің басшы-лығындағы әкімшілік реформалар қай өңірлерде кеңінен жүргізілді?
— Сібір комитетінің реформалары Орта жүз аумақтарында көптеп жүргізілді. Мысалы, мынадай құжат кездесті. Ресей империясы Орта жүз қазақтарын бағындыруды бастағанда бейбіт жолмен жүргізуді мақсат еткен. Дегенмен Патша үкіметі осы саясатты жүргізуде «Бөліп ал да биле» деген қағиданы қатаң ұстанғаны баршамызға мәлім. Билік өкілдері алдымен қазақ ауылдарының рубасылары мен аға сұлтандарын өздеріне қаратып, саяси реформаларды солар арқылы іске асыра бастаған. Мысалы, қазақ жеріне барлау экспедицияларын жіберіп, бірінші аға сұлтандарды өздеріне тартқан екен. Оларға шен-шекпен, қызмет беріп, балаларына дейін билік кепілдігін ұсынып, соның өтемі ретінде жерлерін мемлекеттің меншігіне алып отырған. Қазақ жерін иемденудің тағы бір тәсілі — өзге аймақтың халқын біздің елге қоныстандыру болатын. Мысалы, қазақ жерін картаға салып, сол арқылы игерілмеген жерлерін анықтап отырған. Сонымен қатар, қоныс аударып келушілердің қонысын сол карта арқылы айқындап беріп отырған. Бұл картамен әр өңірдің климаты қандай, жерінің құнары қандай, қандай шаруашылықтармен айналысуға болады дегенді де анықтапты.
— Жалпы, қазақтың жерін алу ұлтты отарлаудың ең үлкен қадамы ғой. Бұл ретте өзге ұлттар мен этностарды және орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аудару саясаты империя үшін нәтижелі болды деп айтуға болады ғой...
— Иә, дұрыс айтасыз. Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатын негізгі бес кезеңге бөлуге болады. Оның бірі — әскери отарлау, екіншісі — экономикалық отарлау. Экономикалық отарлаудың негізгі бағыты қазақтың кең байтақ даласына өзге халықтарды тарту, орыс шаруаларын қоныстандыру болатын. Патша үкіметінің бұл отаршылдық қоныс аудару саясатының өзі үш кезеңмен жүргізілген екен. Өзге аймақтың халқы мен орыс шаруаларын Қазақстанға әкелмес бұрын олар қазақтың даласын әбден зерттеп алған. Яғни, барлау экспедицияларын жіберіп, қай жерде қандай қазба байлық бар, қай өңірге қандай шаруашылық жүргізуге болатынын зерттеді. Сол барлау экспедициясының құрамында әскери азаматтар ғана емес, әр саланың тілін білетін мықты ғалымдар да болды. Олар қазақ даласының қазба байлығын, жердің құнарлылығын, қазақ қоғамының құқықтық және салттық ерекшеліктеріне сараптама жүргізді. Соның негізінде біздің жеріміздегі кен орындары Ресей империясының басты назарына өтті. Одан кейін де түрлі зауыттар, фабрикалар ашылды. Сол жерге жұмыс істейтін еңбек адамдары керек болды. Сол кездерде Ресейдің өзінде аграрлық дағдарыстар болып тұратын. Сол мәселені шешу мақсатында біздің жерімізге қарапайым мұжықтарды ғана емес, әлді ауқатты көпестерді де көшірді. Себебі, жерді игеруге шаруаның жайын білетін адамдар керек болды. Содан кейін шаруаларды қолдаудың, аграрлық саланы дамытудың түрлі механизмдерін ойластырды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, қазақтарға 8-10 десятина жер берілсе, қоныс аударып келгендерге 15-20 десятинадан үлестірді. Ал казак әскеріне 25-30 десятинаға дейін меншіктеп берген. Бұл жерде патшалық Ресейдің қазақтың жерін алу және оны игеру саясатын өте мұқият әрі жанқиярлықпен жүргізгенін айтып өтуіміз керек. Осының нәтижесінде 1867-68 жылдары қазақтың жері империя құрамына заңды түрде өтіп кетті де, тек билік саясатын қолдаған, биліктің тапсырмасын жақсы жүзеге асырған сұлтандардың жері ғана өз иеліктерінде қалып отырды. Бірақ ол да көпке бармады. Кейін жерлерінен айырылды.
— Қазақ жеріне қоныс аударушылардың көп бөлігі қай өңірлерден келді деуге болады?
— Қазақ жеріне Ресей империясының европалық бөліктерінен көптеп келді. Олардың арасында орыстар да, украиндар да, немістер де болды. Олар түрлі себептермен келді. Негізі бірінші толқында кедей-кепшіктер, жағдайы төмен, меншігінде жері жоқ адамдар көшірілді. 1861 жылы Ресей империясында басыбайлылық құқығына тыйым салынды ғой. Сол заңға байланысты көптеген шаруалар еркіндік алып, өз кәсіптерін дөңгелетуге мүмкіндік туды. Содан бастап Сібір коми-тетінің теміржолы арқылы біздің елге қарай ағыла бастады. Мысалы, Қарағанды облысы бағытындағы Молодежный тасжолының бойында көп ауылдардың атауы орысша тұр. Ол сол кезеңде қоныс аударып келгендердің ықпалымен қойылған. Негізі оларға билік жақсы жағдай жасады. Шаруасын жақсы жүргізу үшін жердің құнарлысын берді. Баршамызға мәлім, 1881 жылғы Петербург келісімі негізінде Іле аймағынан дүңгендер мен ұйғырлардың қазақ жеріне келуіне рұқсат берілді. Бірақ олардың еншісіне шөлді жер тигендіктен, көбі тұрақтап тұра алмады. Ал құнарлы жерлердің көбі орыс шаруаларына берілді. Сонымен қатар, оларға мемлекет көтеріңкі жалақы тағайындады, екіншіден банктер төмен пайызбен несие берді. Содан кейін несие серіктестіктері, тұтынушылық, ауылшаруашылық серіктестіктері құрылды. Мұрағаттық деректерді қарап отырсаңыз, қазақтарға ондай мүмкіндік берілген жоқ. Тек Қазан төңкерісінен кейін бірен-саран қазақтар сондай серіктестіктерге қол жеткізді. Бұны Ресейдің Ішкі істер министрлігі қатты қадағалады.
— Сібір комитетін қандай тұлғалар басқарды?
— Сібір комитеті туралы құжат-тарды қарастырғанда мемлекет және қоғам қайраткері, реформатор Михайл Михайлович Сперанский деген тұлғаны жиі көресіз. Сол Сперанскийдің «Сібір қырғыздарын басқару туралы» деген жарғысы болды. Онда Орта жүз қазақтарына жаңа тәртіп енгізу, хандық билікті жою, аға сұлтан институтын енгізу, қазақтарға жаңа салық түрлерін салу, қазақтар үшін құқықтық тұрғыда жаңа заң тәртіптерін енгізу, би және қазы сотының мәртебесін шектеу сынды реформалардың барлығы осы Михайл Сперанскийдің басшылығымен атқарылғаны мәлім.
— Осы сұхбатқа дайындалу барысында ғаламтор беттерінен Сібір комитеті туралы ақпараттар қараған едім, көп мәлімет шықпады. Сонда біздің тарихшылар бұған дейін бұл тақырыпты зерттемеген бе?
— Иә, расында бұған дейін бұл тақырып көп зерттелген жоқ, отандық тарихта кенжелеп қалған тақырыптардың бірі. Негізінен Ресей тарихшыларының зерттеулері кездеседі. Бірақ олардың өзі Шығыс Сібір тарихына қарай ойысып кеткен. Ал Батыс Сібір тарихы көрші елде де аз жазылған. Сондықтан тарих ғылымындағы осы кеңістікті толтыратын уақыт жетті. Ал бұл іске павлодарлық тарихшылардың бірінші болып араласқаны қуантады. Біз үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Алда көптеген тың деректерді анықтап, оларды өңдеп, ғылыми айналымға енгізіп, халыққа жеткізу жолында аянбай еңбек ететін боламыз.
— Санкт-Петербург архивінде Қазақстанға қатысты тағы қандай деректер бар?
— Санк-Петербург мемлекеттік архиві – Ресейдегі ең бай архивтердің бірі. Мұнда Қазақстанға қатысты өте көп құнды құжаттар, деректер сақталған. Ал Сібір комитетінің қызметіне қатысты негізгі мәліметтердің барлығы осы архивтің қорында. Біз әзірше екі қорды ғана зерттеп, сексенге жуық құжат анықтадық. Әлі де зерттелмеген қорлар бар, оларда да құнды құжаттар, тың мағлұматтар бар деп санаймыз, ол болашақтың еншісінде. Біз осы жолы зерттеген құжаттардан тек бірінші Сібір комитеті туралы дерек алдық. Яғни, жұмыс жаңа басталып, тапсырмалар енді беріле бастаған кезде жүрміз. Бұлардан басқа тағы көп мағлұмат екінші қорда жатқанын аңғардық. Себебі, Ресей империясының заңнамалары мен Сібір өңірінде қабылданған заң актілерін бір жүйеге келтіру мәселесіне қатысты шешімдердің басым бөлігі екінші Сібір комитетінде қарастырылды. Яғни, қазақ даласына қатысты шешімдер де осы кезде қабылданды. Осы құжаттарды келесі жолғы іссапарымыздың барысында зерт-тейміз деп жоспарлап отырмыз.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай? Осы зерттеу жұмысы аяқталғаннан кейін қандай өнім ұсынасыздар?
— Ең бірінші жоспар — құжаттар жинағын шығару, бұл екі басылым болып шығады. Алдымен бірінші Сібір комитеті, одан кейін екінші Сібір комитеті туралы жинақ басып шығаруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, монография дайындалады және ғылыми айналымға енгізіледі. Педагогикалық университетте қызмет етіп жүргендіктен, студенттерге аталмыш тақырыпты оқыту мәселесі де назарымыздан тыс қалған жоқ. Одан кейінгі мақсатымыз — мектепте осы тақырыпты тереңдетіп оқытуға бетбұрыс жасау. Осы бағытта болашақ мұғалімдерге арналған оқу құралын әзірлеп, оқыту барысына енгізу жоспарлануда. Атап айтқанда, оқулықтарға 19-ғасырдағы қазақ тарихына қатысты жаңа әрі тың деректер енгізу. Жалпы, қандай оқулық болса да шынайы тарихи деректерге негізделген болса, жас ұрпақ біздің өткен тарихымызды зерттеп, қайта дәріптеуге құштар болатыны мәлім ғой. Қорыта келсек, тарихи деректер арқылы қазақтың қалай отарланғанын, қалай бодан жолына түскенін ашық көрсету заңнамалық құбылыс деп санаймыз. Тарих әркез саясаттан алшақ болуы керек, сонда ғана шынайы тарих жазылады. Екіншіден, тек архив қорларында сақталған құжаттар негізінде зерттеулер жүргізіп, тың деректерді енгізсек, ақиқатымызда ешқандай күмән болмауы тиіс.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіремін!
Әңгімелескен — Тілеуберді САХАБА.