Бүгінгі таңда шөбі шүйгін, топырағы майлы Успен ауданында шаруашылық ашып, жеке кәсіппен айналысушылардың саны артып келеді. Ауданға қарасты бірқатар елді мекенде өндіріс орындары бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Келбеті келісті өңірдің инвестициялық тартымдылығы да аудан экономикасының өсуіне айтарлықтай үлес қосуда. Жуырда аталмыш ауданның әкімі Нұрболат Мақашевпен әңгімелесіп, сұхбат барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесін қорытындыладық.
— Нұрболат Абылайханұлы, ауданды дамытудың негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы екені мәлім. Бүгінгі сұхбатымызды агрокешен саласынан бастасақ. Соңғы жылдары бұл салада өсі динамикасы байқала ма?
— Әрине. Соңғы 3 жылда ауыл шаруашылығы дақылдарын егу алаңы 7,2 мың гектарға немесе 2022 жылғы деңгейден 3 пайызға өсті. Аудандағы егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде қарақұмық (2,0 мың гектарға немесе 8 пайызға) және күнбағыс (32,6 мың гектарға немесе 79 пайызға) егіс алқаптары ұлғайды. Ал мал шаруашылығының қорытынды статистикалық деректері әлі шықпағанына байланысты мен 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының статистикасынан мысал келтірейін. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының жалпы саны 77,4 мың басты құрайды. Оның ішінде ірі қара малдың басы 18 мың, ұсақ мал 21,2 мың, жылқы 7,8 мың және құстар 25,9 мың басты құрайды.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ауданда 7,5 мың тонна сүт, 1,9 мың тонна ет және 1,5 млн дана жұмыртқа өндірілді. Жалпы АӨК желісі бойынша ауданда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің тұрақты өсуі байқалады.
— Мемлекет басшысының экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы бар. Осы тапсырма қаншалықты деңгейде орындалу үстінде?
— Инвестиция тарту мәселесі ауданда ерекше орында тұр. Инвестицияларды тарту бойынша жоспарлы көрсеткіштер 5,6 млрд теңгені құрайды. Ағымдағы жағдай бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,9 млрд теңгені, жоспарды орындау 105 пайызды құрады. Биыл ауданда 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, «Галицкое» ЖШС 553 гектар алаңда суармалы учаске салу жобасын жүзеге асыруда. Инвестиция сомасы – 1,7 млрд теңге, оның ішінде меншікті қаражаты 1,2 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта аталмыш жобаның құрылысы аяқталу сатысында тұр. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, 20 жұмыс орнын құрумен «БИК» шаруа қожалығында 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынуда. Инвестиция сомасы – 3,1 млрд теңге, оның ішінде меншікті қаражаты 0,9 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда шаруашылыққа сауын роботтары мен жем тарататын роботтар жеткізілді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, ауданда келесі жылға 4 жоба жоспарланған. Тарқатып айтсақ, «БИК» ШҚ 240 гектар алаңда суармалы учаске салу жобасын жүзеге асырмақ. Инвестиция сомасы – 885,0 млн теңге, оның ішінде 465 млн теңге — меншікті қаражат. Ал «Галицкое» ЖШС 7,5 мың тонна картоп-көкөніс сақтауға мүмкіндік беретін астық қоймасын салады. Инвестиция сомасы — 1,3 млрд теңге, оның ішінде 376 млн теңге — меншікті қаражат.
Сондай-ақ, келесі жылы аталған кәсіпорынның суармалы алқабы 452 гектар алаңға кеңеймек. Суармалы учаске салу жобасының инвестиция сомасы 2,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 450 млн теңге — меншікті қаражат. Бұдан бөлек, «Анна» ШҚ-ның 600 гектар алаңда суармалы учаске салу жобасы бар. Инвестиция сомасы — 2,4 млрд теңге, оның ішінде меншікті қаражат 400 млн теңгені құрайды. Кешенді жоспарға сәйкес бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.
— Шағын және орта бизнесті қолдау — ел экономикасының басты драйвері десек болады. Ауданда жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашу жұмыстары қалай жүргізілуде?
— Шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту – еліміздің алға қойған басты міндеттерінің бірі. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Жалпы, кәсіпкерлік саласының өркендеуі халықтың әлеуметтік әлеуетінің артуына ықпал ететіні белгілі. Бүгінгі таңда ауданда 818 немесе 95,3 пайыз жұмыс істейтін 858 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.
Жыл басынан бері ауданда шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Даму» қорының бірыңғай кешенді бағдарламасы іске асырылуда. Сондай-ақ, ауданда «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жұмыс істейді. Айта кетейік, 2024 жылдың 11 қарашасынан бастап ЖК және жеке тұлғалар үшін «amanatnesie.kz» порталында өтінімдерді қабылдау басталды. Осындай мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымыздағы талай ауылдар өркендеп, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы жаңа қадамға басты. Яғни, мемлекеттің қолдау шарапаты шағын және орта кәсіпкерлік саласына өз септігін тигізіп жатыр. Өткен жылы Успен ауданында 27 жұмыс орнын құрумен 87,1 млн теңгеге 14 жоба іске асырылды. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 264,5 млн теңгеге бассейн салу жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жаңа әлеуметтік нысанда 69 жұмыс орны құрылады.
— Успен ауданында халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі қаншалықты атқа-рылуда? Қазіргі уақытта аудан бойынша қанша елді мекен орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етілді?
— Халықтың денсаулығы ең бірінші таза ауызсуға байланысты болса, ал, ауыл халқының әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі өсірген егіні мен алған өніміне байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. «Су —
тіршілік көзі, жердің нәрі», – деп дана халқымыз текке айтпаған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Соның ең өзектісі — ауызсу мәселесі. Бүгінде ауданда 16 елді мекен сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген, бұл тұрғындардың 97,2 пайызын құрайды. Сонымен қатар, аудан бойынша шалғай да шағын ауылдарды таза ауызсумен қамтудың жаңа үлгісі жүзеге асуда. Мәселен, халық саны өте аз ауылдарға орталықтандырылған ауызсу құбырын тарту тиімсіз, әрі көп қаражатты керек етеді. Сондықтан аудан аумағы ауызсумен толық қамтылды десек те, таза суды тұтына алмай отырған ауылдар бар. Ал кейбір ауылдардың жерасты суы ащы. Мұндайда кешенді күрделі блок-модуль арқылы ауызсуды бір жерден тұшытып беруге болады. Келесі жылдан бастап 200-ден аз немесе халықтың 2,8 пайызын құрайтын шағын ауылдарға осындай күрделі блок-модульдерді орнатуды жоспарлап отырмыз. Яғни, халық 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етіледі.
— «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы талай ауыл-дардың реңін ашып, келбетін көркейте түскенін білеміз. Сіздерде осы бағдарламаның шапағатын көріп жатқан елді мекендер көп шығар?
— Қазіргі таңда барлық ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселе бар. Атап өтсек, еліміздегі ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Сондай-ақ, инженерлік желілер де тым тозған. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл — ел бесігі» жобасы есебінен ауданда ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары да жүзеге асырылып жатыр. Биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасына – Қоңырөзек ауылы кірді. Бұл елді мекенде ауылішілік жол мен мектеп күрделі жөндеуден өтті. Келесі жылы Қаратай ауылында ауылішілік жол және Ковалевка ауылында ауылішілік жол мен білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Бағдарлама жүзеге асырылғалы аудан бойынша барлығы 7 елді мекен (Успен, Галицкое, Константиновка, Лозовое, Қозы-кеткен, Новопокровка, Қоңырөзек) ауылдары мемлекеттің шарапатын сезінді. Жоба шеңберінде аталмыш ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттер өз шешімін тапты.
— Қоныс аудару бағдар-ламасы аясында сіздердің аудандарыңызға көшіп келу-шілер көп. Осы жылы 180 адамнан тұратын 46 отбасы және 51 адаммен 12 отбасы келген екен. Теріскейге ат басын бұрғандар толығымен бейімделіп кетті ме?
— Ағымдағы жылдың басынан бастап ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша жұмыс күші көп аймақтардан келген қоныс аударушылардың жалпы саны 298 адамды (65 қандас және 233 оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар) құрайды. Оның ішінде 139 баланың 41-і мектеп жасына дейінгі және 98 бала мектеп жасында. Оқушылар санын толықтыруға және бірқатар ауылдық мектептерді Қаратай, Ольгин, Белоусовская, Богатырская) сақтауға мүмкіндік берді.
Жергілікті атқарушы органдар келген азаматтарды жұмыспен қамту шараларымен қамту бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Қазіргі уақытта тұрақты жұмысқа 49 адам орналасса, 50 адам қоныс аударған. Ауданға көшіп келген азаматтарға гранттар мен шағын несиелер шеңберінде 8,8 млн теңге сомасында тегін мемлекеттік грант берілді. Сондай-ақ, жалпы сомасы 63,8 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында тұрғын үй құнының 50 пайызы түріндегі баспана сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты табыс етіледі. Нәтижесінде 91,8 млн теңгеге 25 үй сатып алынды. Биыл Успен ауданында қоныс аударушылар мен отбасыларды қабылдау жоспары 180 адамнан тұратын 46 отбасы және 51 адамнан тұратын 12 отбасыны құрады.
— Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз еленіп, ел алғысына бөлене беріңіз.
Сұхбаттасқан – А.МҰҚЫШЕВ.