Аймағымызда үй тышқанының қаптағаны жайлы ақпарат жиі айтыла бастады. Ауылдардағы басқосуларда да тұрғындар осы тақырыпты талқылап, әркім қаптесермен күресудің өзіндік тәсілдерімен бөлісуде. Орта буын өкілдері бұрын-соңды мұндай жағдайды көрмегенін алға тартып отыр. Үй тышқанының күрт көбеюіне не себеп? Аймақтағы қазіргі ахуал қалай? Қаптесердің қаптауы ненің белгісі болуы мүмкін?

Бір айда 100-ін ұстаған

Қай ауылға хабарлассаңыз да, тұрғындар тышқанның қаптағанын айтып, алаңдаулы. Әркім өзінше күресіп әлек. Бірі желімді кітапшаны пайдаланса, бірі қолындағы мысығына сеніп отыр. Енді бірі қақпанын қойып, қолға түскенін оңдыртпауда. Өйткені, мазаны алып біткен. Қорқуды, үркуді білмейтін тышқандар үйдің әр жерінен шыға келіп, жаныңа да жақындай беретін болыпты. Түні бойы төбені тықырлатып, арлы-берлі жүгіріп, кәдімгідей «жарыс» өткізетін көрінеді. Жаздан бері осындай жағдаймен күресіп келе жатқан Тереңкөл ауданы Жаңақұ-рылыс ауылының тұрғыны Айнагүл Жұмасанова да жаздан бері үй тышқандарымен алысып келе жатқанын айтады.

— Биыл тышқан тым көп. Ешқашан мұндайды көрген емеспін. Мысық ұстамаймын. Үйдің ішінде емін-еркін жүретін болды. Шымылдыққа да шапшып шығып кетеді. Төбеде де тықырлатып, маза бермейді. Содан желімді кітапша сатып алып, бөлменің әр жеріне қоямыз. Оның ортасына ірімшік немесе басқа дән қойып, алдап соққымыз келеді. Соңғы кезде тышқандар айлакер болып алды. Кітапшаларымызды айналып өтетіндері де бар. Күніне бес-алтауы түседі. Кітапшамен бірге жағып жібереміз. Сыртта дала тышқандарының да көбейгенін көрдік, — дейді А.Жұмасанова.

Тұрғындар бір күнде 3-4 кітапша пайдаланады. Әрқайсысы 120-150 теңге шамасында екен. Амалсыздан қосымша шығынға тап болып отыр. Ал Май ауданының тұрғыны Саят Сапаров бір айда 100-ден аса тышқан ұстағанын айтады.

— Қақпан құрып қоямын. Күніне шамамен 3-4 тышқан түседі. Осылайша, бір айда жүзден астамын ұстадым. Биыл күрт көбейіп кетті. Соңғы күндері ептеп азая бастағаны байқалады, — дейді Саят Сапаров.

Аталған ауданның тұрғыны Анар Жетібаеваның әлеуметтік желіде жариялаған пікірі де жерлесінің сөзін растағандай. Оның айтуынша, үйінде дәл осындай жағдай. Ол желімді кітапшаның үстіне 6-7 қаптесерге дейін жабысып қалатынын жазған. Мысық тышқаннан қашатын болды деп отыр.

Қоректің көптігінен көбеюі мүмкін…

Кеміргіштердің бұлай күрт көбеюіне не себеп болуы мүмкін екенін білмек мақсатымен био-логия ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметовтің көмегіне жүгіндік. Ғалым-
ның бірінші болжамы биылғы қолайлы ауа райына байланыс-тырылды.

— Бірден айтайын, бұл мәселені жекелей зерттеген жоқпын. Жалпы, жекелей тышқандарға зерттеу жүргізген емеспін. Тек осыдан үш жылдай уақыт бұрын олардың паразиттерін зерттегенім бар. Десе де, ғылыми тұрғыдан болжамымды жасап көрейін. Жаз өте қолайлы болды. Жаңбыр уақытында жауды. Шөп тамыздың ортасына дейін жап-жасыл күйде жайқалып тұрды. Мұның бәрі, әлбетте, тіршілік етіп жатқан жәндіктерге, жануарларға әсер етті. Демек, соның ішінде тышқандар да қолайлы жағдайды пайдаланып, ұрпағын көптеп әкелді. Оған қоса, тышқан бір жылда бірнеше рет туады. Қолайлы болса, араға ай салып туа беруі мүмкін. Қорек мол болғаннан кейін жаңа туғандары да бір-бір жарым айда жетіліп, тағы көбеюге қауқарлы болады. Олардың өсіп-өнуіне де қорек жеткілікті болды. Қорек мол болғаннан кейін күйлері де жақсы деген сөз. Сәйкесінше, ағзалары түрлі ауруларға төтеп беретіндей халге жетті. Сөйтіп, саны көбейіп кеткен болар деген болжам бар, — дейді Қанат Қамбарұлы.

Ғалымның айтуынша, жалпы, олардың санының осылай оқтын-оқтын көбеюі — қалыпты табиғи құбылыс. Табиғаттың жайлылығына қарай 10-12 жылда бір орын алуы мүмкін көрінеді. Саны тым көбейіп кеткенде келесі жылында ылғал аз болып, қолайлы орта тарылса, өздігінен азаяды. Яғни, табиғат өзі реттейді. Тышқанның көбеюі оны қорек ететін жыртқыштардың да санының артуына әкеледі екен. Тышқандар түлкі мен күзеннің, жапалақ пен үкінің негізгі қоректерінің бірі саналады.

Бойын өжеттік билейді

Табиғаттың қолайлы жағдайынан бөлек те себептер болуы ықтимал, дейді ғалым.  Соның бірі ретінде токсоплазмоз ауруын атап өтті. Бұл ауруды қоздыратын токсоплазма гондии – бұл бір жасушалы паразитарлық микроағза. Ол кейбір жануарлардың ағзасында кездеседі және токсоплазмоз деген жұқпалы ауруды тудырады екен.

— Бүгінде тіршілік етіп жатқан тышқандарды зерттемеген соң нақты айта алмаймын. Дегенмен, жалпы тышқандардан адамға жұғатын бір ауру бары анық. Токсоплазмоз деп аталады. Оның токсоплазмасы кеміргіштердің бойында тіршілік етеді. Мұндай тышқандар бір жерден қоректеніп, бір тоғаннан су ішіп, бір-біріне жұқтыра беруі мүмкін. Егер мұндай ауру жұқса, кеміргіштерде өжеттік пайда болады. Содан кейін бұрын түнде ғана көрінетін кеміргіштер енді күндіз де еш алаңсыз жүре бастайды. Мұндай тышқанмен қоректенген аңдарда да өжеттік белгілері байқалады, — дейді Қанат Қамбарұлы.

Негізі, токсоплазмоз ауруын тышқандар өз ортасында таратады екен. Сау тышқанға мысық жұқтыруы мүмкін. Себебі, кейде мысық тойынған соң қаптесерді ұстап алып, тісімен жұлқылып, тістелеп, жібере салады. Ал жарақаттанған жерлері арқылы аурудың инфекциясы ішке еніп кететін көрінеді.

— Бұл ауру адамға да шабуы ықтимал. Тышқаннан мысыққа, одан кейін мысықпен жақын жүретін балаға жұғуы әбден мүмкін. Бала мысықты сипайды, құшақтайды, кейін қолын жумай ас ішсе, инфекция асқазанға түседі. Ал қанға түсіп кетсе, мидың жұмысына, ойлау қабілетіне әсер етеді. Сондықтан үйде тышқан бар кезде азық-түлікті тышқанның ашып, кеміріп кетуіне жол берілмеуі тиіс, — дейді Қанат Ахметов.

Ғалымның пайымдауынша, қыс кеміргіштердің санын азайтуға өзіндік әсер етуі мүмкін. Яғни, тышқандардың қорегі кемиді, ауыр-шаңдары суыққа төзе алмай, өледі.

Иә, қыстың аязы тұрғындардың мазасын алған қаптесерлердің қатарын айтарлықтай азайтып берер. Дегенмен, тұрғындар құзырлы органдар тышқанның көбеюінің себебін және олардан қандай да бір қауіптің бар-жоғын анықтау керек деген пікірде. Осы орайда, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар-таментіне хабарласып, жалпы ахуал жайында сұраған едік. Облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Гүлнәр Ақылбекованың айтуынша, тұрғындар тарапынан қандай да бір шағым түскен жоқ. Нақтысы, ол Железин, Май, Ертіс, Павлодар және Тереңкөл аудандарындағы аумақтық сани-тарлық-эпидемиологиялық басқарма басшыларының мәліметіне сәйкес бірде-бір тұрғыннан тышқанның көбеюіне қатысты өтініш-шағым түспепті.

— Жалпы, Қазақстан Респуб-ликасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 107-бабына сәйкес, жұқпалы және паразитарлық аурулардың туындау, таралуының алдын алу мақсатында жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен жүйелі негізде шаралар қолға алуы тиіс. Мемлекеттік санитарлық-эпиде-миологиялық нормалау құжат-тарына сай профилактикалық, ал эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша дезинсекция, дезинфекция және дератизация шараларын жүргізуге міндетті, — дейді Гүлнәр Бағадатқызы.

Бір түсінгеніміз, облыста әр отбасы бұл жағдаймен өзінше күресіп жатыр. Қаптесердің үй иелерімен қатар «шауып» жүргеніне қарап, бойларында өжеттік барын ешкім жоққа шығара алмас. Ең бастысы, бұл өжеттік жоғарыда ғалым айтқандай белгілі бір аурудың әсерінен болмаса деп тілейік. Ендігі тілек, қыс та қыспаққа алып, бірнеше айдан бері көпшіліктің тынышын алған тышқанның санын азайтуға айтарлықтай септігін тигізсін. Әйтпесе, топтасып жүрген қаптесер қатары өсе берсе, олардан шығатын қолаңса иіс те, тарауы ықтимал ауру да жақсылыққа апармасы анық.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.