Соңғы жылдары түрлі деңгейдегі депутаттардың жұмысы басқа ауанға бұрылғандай. Басым бөлігі ширақтық танытып, ел арасына шығып, жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылап жатады. Тұрғындарды алаңдатқан түйткілдердің түйінін тарқатуға қолдан келгенше көмектесіп, талап-тілектеріне құлақ түріп, билік өкілдерімен бірге күрмеулі жайттардың шешілуіне араласады. Көптің алдында жүрген сондай азаматтардың бірі – облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Серік Сәдуақасов. Таяуда халық қалаулысымен тілдесудің сәті түсті.
— Серік Тельманұлы, сіздің депутаттық тәжірибеңіз мол десек, қателеспеспіз. Бұған дейін Екібастұз қалалық мәслихаты, кейін VII шақырылымдағы облыстық мәслихат өкілі болдыңыз. Осыдан бір жарым жыл бұрын жаңа жүйе аясында облыстық мәслихаттың VIIІ шақырылым депутаты атандыңыз. Мәслихаттардың деңгейі, шақырылымына байланысты қызмет бағыты қалай өзгерді?
— Бірден айту керек, депутат болу – жауапкершілігі зор қызмет. Сондықтан алғаш рет Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты болып сайланғанымда барлық мәселелерді таразы басына салып, содан кейін бұл іске кірістім.
Әрине, қалалық мәслихат болған-дықтан мұндағы жұмыстың негізгі бағыты кеншілер шаһары мен оған қарасты ауылдық аймақ азаматтарының мәселесін шешуге бағытталды. Әріптестермен бірге шама-шарқымызша кәсіпкерлік, коммуналдық сала, инфра-құрылымдық жүйелерге қатысты жайттарды қаузап, жергілікті билікпен, тұрғындармен бірлесе шешімін табуға тырыстық.
2021 жылдың қаңтарында облыстық мәслихаттың VII шақы-рылым депутаты болып сайландым. Мұнда тұтас өңірдегі мәселелер қамтылады. Облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған жобаларға қаржы бөлінуін қадағалап, сол жобалардың жүзеге асу барысын бақылауды міндетіме алдым. Мәслихат депутаттарымен бірге аумақты абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, көше-лерді асфальттау, халықты жұмыспен қамту сынды өзекті жағдайларға көңіл бөлуге тырыстық.
Өткен жылдың наурыз айында елімізде депутаттарды сайлаудың жаңа жүйесі – мажоритарлық-пропорционалдық жүйе енгізілді. Соған сәйкес, облыстық мәслихат бірнеше партияның өкілдерінен, өзін-өзі ұсынған азаматтарға тұрғындардың тікелей дауыс беруімен жасақталды. Меніңше, мәслихат деңгейінде бірнеше саяси ұйымның, белсенді азаматтардың болғаны әбден дұрыс. Осындай сәтте пікір алуандығы, өзара тәжі-рибе алмасу болады. Партиялық бақылау күшейіп, жұмысқа жаңа серпін береді.
Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченконың тікелей бастамасымен былтыр мәслихатты жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл депутаттар ісінің «тынысын» аша түсті десек, жаңсақтық емес. Астана қалалық мәслихатының, Ақмола облыстық мәслихатының жұмысымен танысып, әріптестермен ой бөлісіп, өзімізге керегін түртіп алдық. Жалпы, жаңа жүйе, мәслихаттың жаңғыруы депутаттардың жұмысына жаңа леп әкелгендей болды.
— Бүгінде сіз – экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесісіз. Бұл — маңызды комиссиялардың бірі, себебі облыстық қаржының қайда бағытталатыны осы комиссия өкілдерінің алдынан өтеді. Көп жағдайда қандай мақсатқа қаржы бөлінеді?
— Жалпы, кез келген күрмеулі мәселе қомақты қаражатты талап ететіні белгілі. Әсіресе, тұрғындарды баспанамен, әлеуметтік нысандармен, жұмыспен қамтудағы маңызды бағыттар қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан тұрақты комиссияның алдына келген кез келген ұсынысты егжей-тегжейлі қарап, сүзгіден өткізуге тырысамыз. Комиссияда мақұлдаудан өтсе, екшеленген мәселе сессияға шығарылып, сол отырыста барлық депутат қандай да бір бағытқа қаржы бөлудің негізді-негізсіз екенін тереңінен қарайды. Мәселен, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен Железин ауданы Моисеевка ауылында мектеп салынды. Бірнеше жыл бойы апаттық болған, оқушыларға қолайсыздық пен қауіп тудырған ғимараттың орнына заманауи талаптарға сай салынған жаңа білім ордасы бой көтерді. Бұрын балалар аядай ғана дәлізде амалын тауып дене шынықтырса, енді кең спорт залы, мәжіліс залы бар. Осы іспетті игі істердің жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз.
Өкінішке қарай, көңілге кірбің түсіретін жайттар да бар. Айталық, облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананы қайта қалпына келтіру жұмыстарына қомақты қаржы бөлінгенімен, бұл іс созбалаңға салынып кетті. Арада үш жылға жуық уақыт өтсе де соңына жеткен жұмыс жоқ. Жергілікті билік пен депутаттардың қатаң қадағалауы арқылы ғана мердігер кейбір шаруаны ширатып келеді. Осы сынды жобалар біздің тарапымыздан ерекше бақылауға алынады.
— Бақылау туралы айтып қалдыңыз. Бұл ретте өзіңіз өңірдегі ауылдарды аралап, мемлекеттік жобалардың іске асу барысын бақылап жүретініңізді байқадық. Ауыл-
дық жерлердегі жұмыстардың қарқыны қалай?
— Иә, депутат ретіндегі басты міндеттеріміздің бірі – елді мекендерге барып, сол жердегі жұртшылықпен тілдесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қадағалау. Осы орайда биыл Екібастұз қаласы, Баянауыл ауданындағы ауылдарға әріптестерімізбен жиі бардық. Баянауыл ауданындағы ілкімді істер ойдағыдай жүзеге асуда. Айталық, ауыл мен ауылдың арасын жалғайтын жол, бірнеше елді мекендегі мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, ірі жобалар қолға алынды. Ауданның бір серпіліп қалғанын байқадым. Сол сияқты Екібастұз қаласына қарасты кейбір ауылдарда көптен бергі күрмеулі мәселе шешімін тауып келеді. Мәселен, Ақкөл – Екібастұз бағытындағы жолдың тақтайдай тегіс болуын көпшілік 30 жылдан аса уақыт күтті. Қазір бұл бағытта жол салынып, көпшілік ризашылығын білдіруде. Ендігі ретте тұрғындар ауыр техникалар жаңа жолмен желдей жүйткіп, тоз-тозын шығармаса екен деп алаңдап отыр. Бұл мәселені көлік бақылау инспекциясына жеткіздік. Аталмыш мекеме мәселені назарға алатын болады. Сонымен қатар, тұрғындар Төртүй, Тай ауылына дейін де жолдың салынуын күтіп отыр. Ол да уақыт оздырмай іске асса екен дейміз.
— Тұрғындармен жиі кездесіп, талап-тілектеріне құлақ түретініңізді білеміз. Көпші-лікті қазір не алаңдатады?
— Жоғарыда айтқандай оң өзгерістер орын алып жатқанымен, шешімін күткен мәселелердің жетіп-артылатыны да рас. Апта сайын облыс әкімдігінде депутаттардың азаматтарды қабылдауы өтеді. Одан бөлек, депутаттар ауыл-ауданға барып, жергілікті жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, мұң-мұқтажына құлақ түріп жатады. Көпшілікті әлі де әлеуметтік мәселелер алаңдататыны байқалады. Әсіресе, жұмыспен, баспанамен қамту әлі де өзекті. Бұл ретте облыс орталығында бос үйлер жоқтың қасы. Сондықтан тұрғын үй кезегінің жылжуы баяу жүреді. Ал Екібастұзда қаңырап қалған баспаналар бар. Жергілікті қаржы бөлімі оларды балансына алып, қалпына келтіріп, әкімдік кезекте тұрған азаматтарға үлестіре алады. Одан бөлек, Екібастұз қаласында жаңа үйлердің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Бұл баспаналарды да әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдеріне тапсыруға мүмкіндік бар.
Жалпы, облыстық мәслихат депутаты және Екібастұз қаласының тұрғыны ретінде шаһарымыздағы мәселелерге баса назар аударамын. Соңғы жылдары қаламызда жылумен қамту мәселесі өзекті болып тұрғаны белгілі. Биыл №2, 3 және 7 жылу магистральдары жөнделіп, құбырлар ауыстырылды. Қазір тұрғындар қыста екі жыл бұрынғыдай бүрсең қағып қалмаймыз ба деп алаңдайтыны тағы да бар. Ауқымды істер атқарылғанымен, бұл күдік пен күмән көпшіліктің ойында жүретіні рас. Шынымен, жылуға қатысты атқаратын жұмыс әлі де бар. Атап айтқанда, кварталішілік желілер жөндеуді қажет етеді. Бұл іс қаржыға келіп тіреледі. Магистраль, желілерді жаңартуға шамамен 12 млрд теңге керек.
Екібастұздағы тағы бір өзекті мәселе – кәріз жүйелері. Қаладағы қазіргі канализация әбден тозып тұр. Жазда құбыр аумағы опырылып түскен жайы да бар. Абырой болғанда, қала басшылығы жедел әрекет етіп, жөндеді. Бірақ қашанғы жамай береміз?! Кәріз жүйелерін жаңартатын уақыт келді. Әйтпегенде, әбден ескірген құбырлар қиындық тудыруы мүмкін. Ал бұл мақсатқа 48 млрд теңге көлемінде қаржы қажет. Біздің өңірден сайланған сенаторлар бұған назар аударып, қолдау көрсетіп, Үкіметтен қомақты қаржы бөлінсе екен деген тілек бар.
Ал кездесулерде көтеріліп жүрген мәселелер – көшелерді, аулаларды жарықтандыру, балалар ойын алаңдарын орнату кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
— Кәсіпкер ретінде де игі істердің басы-қасында жүргеніңізді аңғарамыз. Жақында өзіңіз басшылық ететін «Екібастұзкоммунсервис» кәсіпорнының жұмысшылары мен қала тұрғындары үшін асхана ашып, қызметкерлердің біріне көлік кілтін табыстаған едіңіз…
— Әр азаматтың негізгі қағидаларының бірі – еңбек адамына құрмет көрсету деп ойлаймын. Өкінішке қарай, соңғы 20-30 жыл дересінде деңгейі төмен түсіп кеткендей. Ал ауыл, қаланың тұрақты дамуы, кәсіпорындардың қалтқысыз жұмыс істеуі, тұрғындарды су, жылумен, жарықпен қамту, тіпті көшелердің тазалығы – барлығы сол еңбек адамдарына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев олардың мәртебесін арттыру мақсатында келесі жылды «Еңбек адамы жылы» деп белгіледі. Бұл – өте орынды бастама. Қазіргі күні қарапайым жұмысшыларға құрмет көрсетіп, олардың абырой-беделін арттырсақ, ертеңгі күні жастар сол алдыңғы буыннан үлгі-өнеге алады. Қысқасы, бәріміз бірдей еңбекті бағалай білуіміз керек. Осы ретте таяуда ғана кәсіби мерекені атап өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерін құттықтағым келеді. Нағыз еңбек адамдары – осы саланың мамандары.
— Бүгінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алып жатырсыз. Оқу барысында қандай ой түйдіңіз?
— Таяуда аталмыш академияның құрылғанына 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында бұл оқу ордасынан еліміздің талай беткеұстар азаматтары, қайраткерлері білімін толықтырып шықты. Бүгінде мен де академияның тәлімгері атанғаныма қуаныштымын. Бір жыл аралығында терең тәлім аламын деген ойдамын. Қазіргі таңда түрлі бағыт бойынша көкжиегімізді кеңейтіп жатырмыз. Мәселен, «Сот билігі» бағыты бойынша жүріп жатқан дәрістер негізінде сот жүйесінде болып жатқан жаңа реформалармен таныстым.
«Әділет — бізден, төрелік — көптің хақы» деп Төле би бабамыз айтқандай, сот жүйесінің жүйелі жұмысына зор көңіл аударылып жатыр. Ал бағасын халық берер.
— Халықтың бағасы демекші, шыны керек, кей адамдар депутат қызметі үшін ақы алады деп жаңсақ ойлайды. Сондықтан да болар, оларға жоғары талаптар қояды. Бұған қатысты не айтасыз? Жалпы, нағыз депутат қандай болуы керек деп ойлайсыз?
— Депутат – халықтың сенімді өкілі. Олар партияның ұсынуы немесе өзін-өзі ұсыну арқылы сайлау нәтижесіне қарай мандатқа ие болады. Депутаттың бұл қызметіне жалақы да, сыйақы да төленбейді әрі қоғамдық жұмыс ретінде халыққа тегін қызмет көрсетеді. Олар тұрғындармен кездесіп, олардың сұрақтарын тыңдап, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарды көтеріп, басқару органдарына сол мәселелерді жеткізеді. Бұл – олардың тікелей міндеті. Ал олардың жұмысына бағаны халықтың өзі беруі керек деп ойлаймын. Нағыз депутаттың қандай болуы керек екенін сайлау-шылар айта алады.
— Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге береке тілейміз.
Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.