«Бақытты болудың құпиясын айтамын», «Бай болудың жолын көрсетемін», «Күйзелістен құтқарамын», «Түпсанаңды түзетемін», «Балаңды сөйлетіп беремін», «Жолдасыңмен татуластырамын» және тағысын тағылар…

Міне, бүгінде дәл осындай жер жарған жарнамасымен желі қолданушыларын арбап алып, ғаламтор арқылы арзан ақыл, сапасыз білім сататын білгішсымақтар көбейіп кетті. Олардың көксегені не? Бұдан аузын ашса ар жағы көрінетін аңқылдақ ағайын ұта ма, ұтыла ма? Жалпы, ақшаға сатып алынған ақыл-кеңестер қаншалықты кәдеге жарап жатыр? Оның дәмін татқандар қандай уәж айтады? Осы саланың оңы мен солын білетіндер не дейді? Бұл тақырып жақында Парламент қабырғасында да көтерілді. Мәселенің мән-жайына біз де үңіліп көрген едік.

«Алданып қалдым…»

Өкінішке қарай, қазіргі таңда ғаламтор әлемін жайлап алған білгішсымақтардың жылтыраған жарнамаларына сеніп, өзіне қажетті ақыл-кеңес сатып аламын деп алданып қалғандар қарасы көбейген. Солардың бірі — Павлодар қаласының тұрғыны Ләззат Өсербайқызы:

— Былтыр мен кезінде белгілі тележурналист болған бір әйелдің тез байып кетуге көмектесетін сабағын сатып алдым. Ол үшін 300 мың теңгеге жуық ақша төледім. Негізі, өзім көп нәрсеге сене бермеуші едім. Әлгі әйелдің инстаграмдағы тікелей эфиріне қатысып отырып, қалай басым айналып қалғанын өзім де сезбедім. Ол осы сабақты сатып алғаннан кейін аяқ астынан байып, табысқа жеткен адамдар жайлы көп мысалдарымен қызықтырып жіберді. Сол сәтте мен де айлығым шайлығыма жетпей, бала-шағамен үйсіз-күйсіз қиналып жүрген едім. Көкейімде осы жұрттар сияқты тез байып кетіп, барлық қиындықтан құтыламын деген ой ғана болды. Сөйтіп, таныстарымнан қарызға ақша сұрап, сабақ сатып алдым. Ондағы тапсырмаларды, яғни, көзді жұмып отырып армандау, қиялдау, көз алдыңа әдемі өмірді, зәулім үй мен қымбат көлікті елестету сынды медитациялардың бәрін жасадым. Бірақ еш нәтиже болған жоқ. Кейін бұған сеніп, біраз ақшаны далаға шашқаныма қатты өкіндім. Сол үшін жолдасыммен де ренжісіп қалдым, — дейді. Сондай-ақ, ол өзгелерді де өзі сияқты ақыл айтқыштарға сеніп, бармақ тістеп қалмауға шақыруда.

Ал Ақсу қаласының Әлия есімді тұрғыны аз уақыттың ішінде артық салмақтан құтылуға арналған курсты сатып алып, содан зардап шеккенін айтады.

— Әлеуметтік желіде отырып, бір сымбатты келіншектің артық салмақтан арылтуға көмектесетіні жайлы жарнамасын көріп қалдым. Бірден хабарласып, сабағына жазылдым. Кешкісін оның тікелей эфиріне қатыстым, өте қызықты болды. Сөйтіп, 150 мың теңгеге курс сатып алдым. Бонус ретінде арықтататын 4 құты сусын берілді. Босанғаннан кейін қатты толып, бұрынғы қалпыма келуді армандап жүрген едім. Қатты қуанып, курстағы тапсырмаларды, жаттығуларды бұлжытпай орындадым. Сусындарды да іштім. Небары бір аптадан кейін денсаулығым сыр бере бастады. Қатты ауырып, білікті дәрігерлердің көмегіне жүгіндім. Ұзақ емделіп, әзер өз-өзіме келдім. Курс жайына қалды. Мамандардың айтуынша, менің жасап жүрген әрекеттерім мүлдем дұрыс емес екен. Сонымен, арықтаған да, өзгерген де жоқпын, сол таз қалпыма қайта түстім. Керісінше, денсаулығыма зиян келді. Сондықтан тұрғындарға арзан ақыл айтқыштарға сеніп қалмаңыздар деймін, — дейді.

Сол сияқты логопед-дефектолог мамандардың алдауына түсіп жатқан ата-аналар да бар екен.

— Менің 3 жасар қызым сөйлемеген соң ғаламторды қарап отырып, тәжірибелі логопед-дефектолог маманның онлайн сабағына қатыстым. Ол балалардың тілі шықпауының себеп-салдарын әдемілеп түсіндіріп берді. Ары қарай балғындарды сөйлету үшін не істеу керектігі жайлы толық ақпарат курсында бар екенін айтып, сатылымға қойды. Бала үшін сол сабақтарды 100 мың теңгеге сатып алдым. Кейін оның бәрі ютубта бар дүниелер екенін көрдім. Соны өзі жаңалық ашқандай халыққа қайта сатып, пайда тапқан логопедсымаққа ашуым келді. Оны қаншама адам сеніп сатып алды? Бұл адамшылыққа жата ма?! — дейді павлодарлық Жансая Бекенова.

Осылайша, түрлі курс, сабақ сатып алып, тренингке қатысып, опық жеген жандар аз емес екенін байқадық. Өздеріңіз куә болғандай, әрқайсысы әр түрлі жағдаймен ақшасын босқа шашқандарын айтып, өткен істеріне өкініштерін білдіруде.

Осы жағдайдан кейін біз де ғаламторға үңіліп, бірқатар ақыл-кеңес сатқыштарға хабарласып, сөзге тартуға тырысып бақтық. Өкінішке қарай, олардың қай-қайсысы да ашық пікір білдіруден бас тартты. Бәрі бір ауыздан келісіп алғандай, сабақтарын ешкімге күштеп сатпағанын және сенбейтін адамдарда еш нәтиже болмайтынын жеткізді. Бұған қарап, мұндай адамдарды қалтасынан қағылып, алданып қалған жұрттың жағдайы мүлдем толғандырмайтынын түсіндік. Сондықтан әркім әр қадамын аңдап басқаны жөн деуден басқа айтарға сөзіміз жоқ.

Көксегені не?

Мамандардың айтуынша, ғаламтор арқылы түрлі ақыл-кеңес айтып, артынша оны сабақ, курс ретінде сататындардың басты мақсаты – оңай олжа табу. Статистикалық мәліметтер бойынша бүгінде инфобизнес саласы қомақты қаржы әкелетін ең үлкен табыс көзіне айналып үлгерген. Оның басты себебі — күн сайын түрлі тақырыпта вебинар, тренинг, курс сатушы блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлар сауда-сының қызып тұруы. Яғни, жұрт олардың ақыл-кеңестері мен сабақтарын еш ойланбастан сатып алуда. Тіпті, несие рәсімдеп, қарызға белшесінен батып жатқан жандар да аз емес көрінеді. Бұл мәселені жуырда Парламент қабырғасында көтерген Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы:

— Кейбір деректерге сүйенсек, еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион долларға жеткені айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 млрд долларға жетуі мүмкін деген мәлімет бар, — деді.

Осылайша, ақшаға әбден құныққандар ғаламтор арқылы адам жинап, аннан-мыннан көріп-білгенін, оқып-естігенін елге сатып, қалтасын қампайтуда. Бір қызығы, осындайлардың қатарында жас та, жасамыс та, ел алдында жүрген шоу-бизнес өкілдері мен тележүргізушілер, тіпті, айтыскер ақындар да бар. Олардың алдап-арбауына ашынған жұртшылық бұл іске тыйым салу мақсатында өткен жылдың қараша айында петиция жариялаған. Өкінішке қарай, халықтың бұл әрекетінен ештеңе шықпаған көрінеді. Жуырда ғана Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы аталған мәселеге байланысты Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына әлеуметтік желі қолданушыларының жауапкершілігін арттыру туралы сауал жолдады. Сонымен қатар, ол Үкімет инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығы мен оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейту керек екенін де атап өтті.

— «Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы» Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды. Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс. Халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет, — дейді мәжілісмен.

Мамандардың ойы қандай?

Павлодарлық белгілі блогер Бәкіжан Кәкім қарапайым халықтың ғаламтордағы ақыл сатқыштардың алдауына түсіп қалуының негізгі себебі — медиаиммунитеттің әлсіздігі екенін айтады.

— Мен медиаиммунитет деген нәрсені жиі айтып жүрмін. Қазір жұрт әлеуметтік желідегі дүниелерге талғамсыз қарайды. Өздері арзан ақыл айтқыштарға жазылып алады да, сүйсініп қарап отырады. Солардың өміріне қызығып, айтқанын істеп, еліктейді. Осыны біліп, елдің сеніміне кіріп алғандар курстар сатып, табыс тауып, инфосығандықпен айналысып кетті. Өз басым бұған өте қарсымын. Бұл жерде бүкіл бәле сол медиа иммунитеттің әлсіздігінен болып тұр ғой. Біз ақпаратты талдай, таңдай, сараптай алмаймыз, яғни, дұрыс қабылдамаймыз. Олар біреуді жамандаса, біз соны жаман екен деп ойлап жүре береміз. Оның ақ-қарасын ажырата алмаймыз. Сосын әлеуметтік желідегі блогерлерді қатты идеал санап кеттік. Олардың пікірлерімен санасатын болдық. Шын мәнінде, бұл кісілердің көбінің ғылыми дәрежесі, не қоғамға сіңірген еңбегі жоқ, әншейін көшеде жүрген біреулер. Әрине, пайдалы курстар да бар шығар. Меніңше, қандай курс болса да адам өз аяғымен барып, көзбе-көз көріп отырып білім алғаны жөн, — дейді ол.

Павлодар қаласындағы №35 жалпы орта білім беру мектебінің психолог маманы Жанар Бекенқызы қазіргі адамдарда сана тереңдігі әлсіздеу, ал эмоционалдық қажеттілік жоғары екенін айтады. Сол үшін де жарнама жасаған блогер, психологтар адамдарды ақылмен көндіре алмайтындықтан, бар күшті олардың эмоциясына бағыттайтынын алға тартады.

— Бүгінде психологтар мен блогерлердің жұмысы қызып тұр. Олар неге танымалдыққа ие болып жатыр десек, бұл дүниеде «адамды табу» деген тақырып қашанда көпшілікті қызықтырады. Осы тақырыпта ақыл айту психологтар мен блогерлердің өміріне жаңа тренд болып кіруде. Бұған дейін Қазақстанда психология ілімі аса танымал болған жоқ. Тіпті, бұрын психологтың кеңесін алу бір түрлі ұят жағдай болатын. Ал қазір ол көзқарас біртіндеп жойылып барады. Әсіресе, ақыл айтқыш психолог, блогерлер пандемия кезінен бастап көбейді. Яғни, ұзақ уақыт бойы отбасы-ошақ қасынан шыға алмай оқшауланып отырған халыққа онлайн түрде дәріс оқып, «бақытқа жеткіземін, ажыраспауға көмектесемін, бақытты және бай қыламын» деген сияқты жарнамаларымен санасын улады. Қазір де сол әрекеттерін жалғастыруда. Оған аңқау адамдар сеніп жатыр. Өйткені, бүгінгі қоғамда әлеуметтік мәселелер өте көп екені жасырын емес. Жұрт еститін құлақ болса жағдайын айтып, оны тыңдағанын қалайды, жұбаныш іздейді. Сонымен қатар, пандемиядан кейін адамдарда күйгелектік, күйзеліске түсу жағдайлары көбейді. Әр түрлі әсерлерден эмоционалды шаршау, моральдық көмекке деген сұраныс артты. Соның салдарынан көпшілік психолог, блогерлердің айтқанына көніп, түрлі курстарын сатып алып адасуда. Бұл — рухани әлсіздіктің салдары деп ойлаймын, — дейді Жанар Какимова. Сондай-ақ, ол мұндай жағдайдың алдын алу үшін халықтың көзі ашық, көкірегі ояу болуы керек екенін, ол үшін көп кітап оқудың маңызы зор екенін айтады.

— Бұрын Мәшһүр Жүсіп бабамыздың нақылдарын, Абай атамыздың қара сөздерін, басқа да даналардың еңбектерін оқып өстік. Мол рухани азық алдық. Ал бар уақытын телефонға телмірумен өткізетін бүгінгінің кейбір адамдарында осы жағы әлсіз. Сол үшін олар да көп оқып, ізденсе, өзін толғандырған барлық сұрағына жауап таба алады. Психолог пен блогерлерге көп ақша төлемей-ақ, өз мәселелерін өздері шешер еді. Бірақ көшілік ізденуге ерінеді де, дайынға жүгіреді. Сөйтіп, кітап оқығанша дайын ақыл-кеңес сатып алғанды жөн көреді. Олар не айтса да дұрыс деп санайды. Мен маман ретінде осындайлардан елді сақтандырғым келеді, — дейді психолог.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желіні жаулап алған білгішсымақтар сататын ақылдарын, ақпараттарын көбінесе шетелдерден алады екен. Яғни, дамыған мемлекеттердегі белгілі коуч, психологтардың айтқанын ұғып алып, оны әдемілеп, әсірелеп елге ұсынатын көрінеді. Ең өкініштісі, бұл жерде ұлттық менталитет деген нәрсе мүлдем ұмыт қалып жатыр, деп қапаланады зиялы қауым өкілдері.

Әзірге елімізде осылай оңай жолмен табыс тапқан пысықайларға жаза қолданылмай келеді. Сол үшін заңгерлер курс сатып алмас бұрын оның лицензиясының бар-жоғын, заңға сәйкестігін тексеріп алуға кеңес беруде.

                              Түйін:

Ай мен күннің аманында «ақыл» сатып алып, алданып қалып жатқан ағайын көбейді. Олардың сеніміне кіріп, саналарын әбден улап алған «инфосығандардың» әрекетіне тыйым бола ма? Түрлі жағдайға байланысты басынан баз кешіп, тығырыққа тірелген жандардың обалы кімге? Жалпы, бақыт пен байлықты психолог, блогерлердің курсынан тапқандар бар ма? Көкейде сұрақ көп… Ал сіз қандай ой қосасыз, құрметті оқырман?

Нұржайна ШОДЫР.