Аймағымызда жасөспірімдер арасында қылмыс саны артқан. 18 жасқа толмаған балалар жәбір көрген фактілер де көбейген. Өзекті мәселені шешуде мектеп инспекторларының жұмысын атқарып жүрген мамандардың қызметін қатаң күшейту ұсынылды.
Аталмыш тақырып облыс орталығындағы «Достық үйінде» өткен қоғамдық кеңес отырысында талқыға түсті. Маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрлан Нәбиев және қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты.
Заң үстемдігі, адам құқығын қорғау тақырыбын арқау еткен жиында облыстық полиция департаменті басшысының тергеу жөніндегі орынбасары Сафуан Жампейісов баяндама жасап, аймақтағы құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, биыл 9 айдың ішінде тергеу бөліміне 10 мыңға жуық қылмыстық іс түскен. Оның ішінде 6 мыңға жуық іс аяқ-талып, 2 мыңға жуық іс сотқа жіберілген.
— Қазір қылмыстық іс электронды форматта тіркеледі. Бұл жаңашылдық тергеушілердің жұмысын едәуір жеңілдетіп отыр. Іске қатысты фото, видео сынды дәлелдеменің бәрін тергеуші арнайы базадан көре алады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде ашылған істердің саны бойынша Павлодар облысы алдыңғы қатарға шықты, — деді С.Жампейісов.
Қоғамдық кеңес мүшелері құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Бұл ретте жасөспірімдерге қатысты және 18 жасқа толмағандар арасында қылмыс санын азайту мақсатында мектеп инспекторларының міндетін атқарушылардың жұмысын күшейту жүктелді. Сафуан Жампейісов білім ошақтарында мектеп инспекторының жұмысын директордың орынбасары атқаратынын айтты. Бұл ретте олардың еңбекақысына қосымша қаражат бөлінген.
— Жуырда облыстық прокуратура өкілдерімен осы мәселеге қатысты жиын өтті. Құқық қорғау өкілдері мектеп инспекторының міндеті орынбасарларға жүктелгеніне қарсы. Өйткені, оқушылардың тәрбиесінде олардың жұмысы онсыз да көп. Бұл ретте мен балалардың тәртібін қатаң қадағалауды алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдеріне тапсыруды ұсындым. Өйткені оқушылардың тәртібіне ер адамның жауапты болғаны дұрыс. Қазіргі уақытта мектептерге құқық қорғау мамандары бекітілген, олар күніне 2-3 сағат мектепте отырады. Бірақ барлық оқу орнын қамти алмайды. Сондықтан бұл мәселе тағы қаралатын болады, — деді С.Жампейісов.
Қоғамдық кеңес мүшелері облыста жасөспірімдердің қатысуымен болған қылмыстық істің артқанын айтты. Өткен жылмен салыстырғанда құқықбұзушылық саны 72 пайызға көбейген. Өкінішке қарай, бұзақылық әрекетке профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер көп барады.
Сафуан Ашмұханұлы мәселенің өзекті екенін жасырмады. Қылмыс санын кеміту үшін мектептер мен колледж, жоғары оқу орындарында полиция өкілдері профилактикалық шараларды өткізетінін жеткізді.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова өңірде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 588 отбасы есепте тұрғанын айтты. Аталған отбасыларда кәмелетке толмаған 1289 бала бар. Көп жағдайда отбасындағы бала тәрбиесімен өгей ана, өгей әкелер айналысады. Сондықтан мұндай отбасылар басқарма мамандарының бақылауына алынған.
Облыстық прокуратура өкілдері биыл жасөспірімдеге қатысты 97 қылмыс орын алғанын айтады. Ал жасөспірімдер арасындағы қылмыс 22-ден 68 фактіге өсті. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 72 пайызға көп. Құқықбұзушылық студенттер тарапынан көп орын алады. Бұл жағдайға 18 жасқа толмағандардың ұялы телефон арқылы әлеуметтік желіде көп отыруы да себеп. Өзекті мәселе жауапты мекеме басшыларымен жан-жақты талқылануы тиіс.
Қоғамдық кеңесте көтерілген екінші мәселе – спорттық туризмді дамыту. Бұл тақырыпта облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Олег Николашин баяндама жасады. Оның айтуынша, қыркүйек-қазан айларында спорттық туризмді дамыту комиссиясы тексеру шарасын жүргізді. Бұл ретте тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіліп, спорт саласындағы мәселелерге мән берілді.
— Баянауыл ұлттық саябағын дамыту мәселесі 2017 жылдан бастап қарастырылып келеді. Қазіргі уақытта бас жоспар әзірленуде. Бұл аталған ауданның туристік әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды бастама болмақ. Бұдан бөлек, Павлодардағы Зеленая рощадағы шаңғы базасының құрылысы мен шаңғы тебуге арналған жолды қайта құру мәселесі қоғамдық кеңес мүшелерінің бақылауында болды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде жақында аталған нысанның ашылу салтанаты республикалық деңгейде өткізілетін болады. Осы орайда, кеңес мүшелері ұсыныс тастаған еді. Аталған жолдағы балалар туберкулез шипажайы деген қоғамдық көлік аялдамасының атауын Зеленая роща шаңғы базасы деп өзгертуді сұраймыз.
Аймақта спорттық туризмді дамыту мақсатында қосымша жұмыс орындарын ашу маңызды. Туризмді дамыту бағытында осы салаға субсидия бөлудің маңызы зор, — деді О.Николашин.
Жиында Шарбақты ауданына қарасты Маралды көлі мен Аққулы ауданына қарасты Тұзқала жағажайында демалушылар үшін жағдай жасау мәселесі сөз болды. Емдік қасиеті бар су айдындарына көлікпен қатынау қиын әрі келушілердің жайлы демалысы үшін ешқандай жағдай жасалмаған.
Қоғамдық кеңес мүшелері көтерілген мәселелер бойынша ұсынымхат әзірлеп, облыс басшылығына жолдайтындарын жеткізді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.