Үкіметте жалпыға бірдей декларация тапсыруға қатысты маңызды мәлімдеме жасалды. Нақтысы, Қаржы министрлігі 2025 жылы кірісті декларациялаудың төртінші кезеңінде есеп беруі тиіс 8 млн қазақстандық бұл міндеттен босатылды.
Яғни, жалпыға бірдей декларация тапсырудың төртінші кезеңі болмайды. Қаржы министрі Мәди Тақиевтің мәлімдеуінше, алғашқы үш кезеңде 4,8 млн азамат, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдардың, квази-мемлекеттік сектор басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары есеп берді. 2025 жылы жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер мен басқалары тапсыруы өткен аптада ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыға бірдей міндетті декларациялау туралы тұжырымдаманың қабылданғанына 14 жыл толғанын, қазіргі таңда барлық мәліметтер базада сақтаулы екенін ескертіп, қайта қарауды тапсырған еді.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың деректер базалары цифрландырылған. Қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 86 пайызға жеткен. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілген. Халықаралық келісімдер шеңберінде 100-ден астам елден қаржылық шоттар бойынша деректермен алмасу ісі жолға қойылған. Жалпы, цифрлық қызметтер кең таралған.
Дегенмен, құзырлы министрлік бірқатар тұлғалар санатына қатысты декларация тапсыруды қалдыруды ұсынып отыр. Мәселен, ҚР сыртында активтері бар, құны 20 АЕК (74 млн теңгеден) асатын сомаға бір жыл ішінде мүлік сатып алғандар, өздігінен салық салынатын кіріс алғандардан декларация тапсыру талап етіледі. Сондай-ақ, азаматтарға өз еркімен декларация тапсыру құқығы беріледі.
— Жеке тұлғалардың қолда бар активтеріне салықтық бақылау жүргізуге қатысты айтатын болсақ, деректердің барлық цифрлық базаларынан мәліметтер алу тетігі қамтамасыз етіледі. Соның ішінде екінші деңгейлі банктерден де алу мүмкіндігі қарастырылады. Оған тиісті заңнамалық түзетулер дайын, — деді министр.
Г.МАҒЖАН.