Он айда облыстың макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң қарқын байқалып отыр. Өнеркәсіп өндірісі 3,6 пайызға өскен. Әсіресе, өңдеу саласындағы өнім көлемі 8,2 пайызға артқан. Ауа райының қолайлығы мен мемлекет қолдауының нәтижесінде ауыл шаруашылығының да биыл ұпайы түгел.
Бұл туралы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы сараланған облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктің мәлімдеуінше, он айда ауыл шаруашылығында 373 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өсім 20,9 пайызды құрады. Құрылыс саласында 284 млрд теңгенің қызметі атқарылып, 16 пайыздық өсім тіркелген. Нәтижесінде, 296 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Облыстың экономикасына 815 млрд инвестиция тартылған. 1,3 трлн теңгенің саудасы жасалып, ішкі сауда да айтарлықтай артыпты. Көлік қызметі 5,8 пайызға өскен. Барлық аудан-қала негізгі экономикалық көрсеткіштердің жоспарын орындаған. Тек Аққулы, Баянауыл, Ертіс аудандарында өнеркәсіп бойынша жоспарлы межеге жету мүмкін болмапты. Әрқайсысы оның себебін түсіндірді. Мәселен, Аққулы ауданы басшылығы мұнда екі кәсіпорынның бірі таратылып, бірі қайта тіркелуіне байланысты көрсеткішке қол жетпей қалған. Десе де, 11 ай қорытындысында 95 пайызға жеткізіледі деп сендірді. И.Назарчук аталған аудандарда ай сайын сәл де болсын ілгерілеу бар, оған қоса Ақсуда өнеркәсіптік өсім қарқынды, сәйкесінше, облыс жоспары орындалады, деді. Жалпы, биыл қысқа мерзімді экономикалық индикатор 5,8-6 пайыз төңірегінде болжанып отыр. Көлік тасымалы бойынша да жоспарға жету қаупі бар көрінеді. Алайда, құзырлы басқарма басшысы жыл соңына дейін жоспар орындалады деп сендірді.
— Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң қарқынын сақтап қалуымыз керек. Бұл – өте жақсы жетістік. Президентіміз әр өңірдің алдына экономиканың өсімін 6 пайыздық деңгейде қамтуды тапсырған еді. Қазіргі таңда негізгі қысқа мерзімді индикатор 5,8-6 пайызды көрсетіп отыр. Бірақ, босаңсуға болмайды. Алда әлі маңызды екі ай бар. Барлық аудан-қала, құзырлы мекеме басшылары қазіргі өсу қарқынын сақтап, жоспарды орындау үшін қолдағы ресурстарды жұмылдыру керек, — деді аймақ басшысы.
Жиында бюджеттің игерілуі де талқыланды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатовтың мәлімдеуінше, он айда облыс бюджетінің кірісі 4,4 млрд теңгеге асыра орындалып, 300,1 млрд теңгені құраған. Барлық аудан-қала жоспарды мүлтіксіз орындаған. Кіріс көлемі табыс, әлеуметтік, корпоративтік салық түсімдері мен қоршаған ортаға теріс әсер үшін төлем есебінен көбейген. Ал қазынаның шығыстарына келсек, бюджет қаражатын игеру көрсеткіші бойынша облысымыз респуб-ликада бірінші орында. 11 айда бюджетті игеру көрсеткіші 99,6 пайызға жетеді деп күтілуде. Он айда игерілмей тұрған 1,6 млрд теңге бар. Мәселен, Екібастұзда 7 жылу магистралі құрылысына Ұлттық қордан 213,8 млн теңге бөлінген. Нысанды биыл жыл басында аяқтап, жұмсалған қаржы облыс бюджетінен төленіп тасталған. Ал қордан бөлінген қаржы жазда бір-ақ түскен. Кеншілер шаһарының әкімі Аян Бейсекин өздері тарапынан барлық шара жасалғанын, қаржыны қайтарып алу рәсімін орталық орган іске асыруы тиіс, деді.
Успен ауданында қоғамның осал топтарына баспана сатып алуға қарастырылған қаржы игерілмей жатыр. Екі қабатты үйдің құрылысы әлі аяқталмапты. Аудан басшысы жұмыс қарқынын күшейтіп, игеруге күш салынатынына уәде етті. Екібастұз қаласы осы бағыттағы жоспарлы 37 пәтердің 17-сін үлестіріп берген. Енді 20 баспана сатып алу конкурстары жүргізілуде. Қала әкімі игеріледі деп сендірді. Бұл ретте, аймақ басшысы аудан-қала әкімдеріне баспананы уақытылы бермеу тұрғындардың әкімдерге сеніміне селкеу түсіретінін ескертті. Ал Тереңкөл ауданына қарасты Песчан ауылында су құбырының құрылысы кешеуілдеп, қаржыны толық игере алмау қаупі туындаған. Сондықтан аудан басшылығы республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд теңге толық игеріліп, ал облыстан қарастырылған 300 млн теңге кері қайтарылатынын атап өтті. Себебі, мердігер су тазарту станциясын биыл салып үлгермейтін көрінеді. Аймақ басшысы кейбір нысандар бойынша қаржының кеш түсуі, конкурстардың кеш өткізілуі сияқты объективті себептердің барын жоққа шығармады. Сондықтан, бұл бағытта арнайы отырыс өткізіп, әр жағдайды жеке талдау қажеттігін айтты. Аудан-қала әкімдеріне проблемалық жобаларды ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.