Өкінішке қарай, өңірімізде өрімдей балаларды зорлау оқиғалары жиілеп кетті. Ағымдағы жыл басынан бері облыс бойынша осындай 30 дерек тіркелген. Ал өткен аптада ғана аймақта кәмелет жасына жетпегендерге қатысты қатарынан төрт жағдай анықталып, елді есеңгіретті. Қаршадай қыздардың болашағына балта шапқан азғындардың айуандық әрекетіне тосқауыл қою мүмкін бе? Жалпы, жаға ұстатарлық жайсыз жағдайлардың көбеюіне не себеп? Осы іске жауапты мекемелер тарапынан қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Бұл мәселелер Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында талқыланды.
Қылмыс неге көбейді?
Дәл осы сұрақ көпшілікті алаңдатуда. Себебі, балаларды зорлау оқиғалары азаймай тұр. Облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша, өткен жылдың алғашқы он айында осындай 29 дерек тіркелсе, биыл жыл басынан бері 30 жағдай анықталғаны белгілі болды. Бірнеше күн бұрын ғана Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентіндегі зорланған жасөспірімдерге қатысты оқиға бойынша түсініктеме берген облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мұндай деректердің көбірек анықталуына саладағы атқарылған жүйелі жұмыстар себеп болып отырғанын айтады.
— Өңірімізде орын алып жатқан жайсыз жағдайлар бізді қатты толғандыруда. Жақында Майқайыңда болған оқиғаға тоқталмас бұрын өткенге шегініс жасағанды жөн көрдім. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Екібастұз қаласының Бесқауға ауылында болған 7 жасар жеткіншектің қазасы барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды. Сол жағдайға байланысты жауапкер-шілікке де тартылған кезіміз болды. Қоғамда резонанс тудырған Милана Давыдоваға қатысты қайғылы жайттан соң білім саласында үлкен талдау- лар жасалып, балалар құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстар күшейтілді. Білім басқармасы тарапынан жоспарлар құрылып, үлкен отырыстар өтті. Балалар қиындыққа тап болған жағдайда бірден мектеп психологтарына, сынып жетекшілеріне, қамқоршыларына жүгінуін түсіндіру жөнінде кеңестер ұйымдастырдық. Яғни, білім беру мекемелеріндегі жауапты мамандар оқушылармен ашық тіл табысудың, жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгерді. Соның нәтижесінде, бүгінде балалар арасындағы зорлық көру оқиғаларының беті ашылуда. Мәселен, осы жылы орын алған 30 деректің 16-сы педагогтердің араласуымен анықталды. Мұғалімдер балалардың мінез-құлқының өзгергенін байқап, үйлеріне бірнеше мәрте барып, жағдайымен танысып, ата-анасымен және жәбірленушімен сөйлесу арқылы білген. Бұл оқиғалардың көбі мектептен тыс уақытта үй жағдайларында орын алған. Бұған дейін балалардың жан дүниесінде не болып жатқанына көңіл бөле алмаған сәттер болды. Ал қазір педагогтер оқушыларды жиі әңгімеге тартып, сырласып, оларды не мазалайтынын үнемі сұрап, бақылауында ұстауда, — дейді Самал Оспанқызы. Оның айтуынша, қазіргі уақытта анықталып жатқан оқиғалардың кейбірі бірнеше жыл бұрын болғаны дәлелденген. Тіпті, 2011, 2012-інші жылдары болған жыныстық қолсұғушылық деректерінің беті енді ғана ашылуда, деді басқарма басшысы.
Міне, осындай оқиғалардың есебінен көрсеткіш көбейіп тұрған көрінеді.
Майқайыңдағы масқара жағдай
Бұған дейін Майқайың кентінде өгей әкесі зорлап келген 15 жасар қыз жайлы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған еді. Арада апта өтпей жатып тағы да екі майқайыңдық баланың зорлыққа ұшырағаны белгілі болды. Аталған жағдайдың мән-жайына толығырақ тоқталған аймақтың бас ұстазы Самал Айтқазина:
— Майқайың кентінде бүкіл қоғамды қобалжытатын, ойландыратын, жай адам санасына қабылдай алмайтын қиын жағдай орын алды. Яғни, бір отбасының ұлы мен қызы қатар зорлық көріп келгені анықталды. Жәбірленушілердің бірі — 2009 жылы туған қыз бала. Бұрын Майқайың-
дағы жалпы білім беретін мектеп-тердің бірінде білім алған. Қазір колледжде оқиды. Биыл қыркүйек айында оның сабаққа селқос қарап, жиі ауыра беретінін байқаған ұстазы медициналық тексеруден өтуіне себепкер болған. Сөйтіп, тексеру барысында 15 жасар қыздың жүкті екені анықталған. Осы жағдайдан кейін сол отбасына жүргізілген зерттеу, зерделеу жұмыстары кезінде 2008 жылы туған ер баланың да сондай зорлық көргені белгілі болды. Бұл екі жасөспірімнің әкесі ағымдағы жылы өмірден өткен. Ұл мен қызды анасы тәрбиелеуде, — деді Самал Оспанқызы.
Қазіргі таңда балаларға опасыздық жасаған күдіктілер қамауға алынып, құзырлы органдар іс қозғауда. Облыстық білім беру басқармасы да қызметтік тергеу шараларын жүргізбек. Сондай-ақ, осы кенттегі өгей әкесінен зорлық көріп келген 9-сынып оқушысының жағдайын да алғаш болып сынып жетекшісі анықтаған.
— Бұл оқушымен сынып жетекшісі бір көшеде тұрады екен. Бір бағытқа баратындықтан мұғалім қыздың жүріс-тұрысы мен мінез-құлқында өзгерістер барын байқап, әңгімеге тартады. Бала тұйық болғандықтан, бірден ашыла қоймайды. Ал сынып жетекшісі оның жан дүниесіне кіріп, тілін тауып, басынан өткен оқиға-ларын жасырмай айтып беруіне ықпал етеді. Көп кешікпей қаршадай қыздың зорлыққа ұшырағанын өз аузынан естиді. Негізі, қыз балалар мұндай оқиғаларды ашық айтудан жасқанады. Бұл ретте, сынып жетекшісінің баламен ой бөлісудегі кәсіби шеберлігін атап өткен жөн. Соның нәтижесінде, өгей әкенің әдепсіз әрекеті әшкере болды, — дейді басқарма басшысы.
Аталған оқиға бойынша да құқық қорғау органдары тарапынан тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Өгейлер өктемдік көрсеткен…
Өкініштісі, соңғы уақытта өгей ата-анасынан қорлық, зорлық көрген балалар көбейген. Майқайыңдағы оқушы қыздың оқиғасы да соның бір дәлеліндей. Сондай-ақ, жақында Железин ауданындағы өгей әкенің қамқоршы ретінде асырап алған қызын 6 жыл бойы азаптап келгені анық-талды. Тексеру барысында мамандар 16 жасар жасөспірімнің ерте жыныстық қатынасқа түскенін білген. Сол кезде ғана ол қамқоршысынан зорлық көріп келгенін айтқан.
— Аталған жағдайға тоқталар болсақ, бұл отбасы бес баланы қамқорлығына алған. Кейін, яғни 2022 жылы өгей ата-ана өздерін жасөспірімдерге тыңдата алмағанын айтып, кері қайтарған. Бүгінде олардың бірі зорланғаны белгілі болды. Мекемеде жоспарлы медициналық тексерулер жүргізілуде. Кәмелет жасына толмаған жәбірленуші қыздың сөзіне қарағанда оған асырап алған ата-анасы тарапынан зорлық жасалған. Сол отбасынан қайтарылған барлық бала дәрігерлік тексеруден өтеді, — дейді Самал Айтқазина. Бұдан кейін облыстық полиция департаменті бірден іске кірісіп, күдікті анықталған. Алайда ол осы деректі тексеруге полиция кіріскенін біліп, өз-өзіне қол жұмсаған.
Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова өгей ата-аналардан қорлық көретін жеткіншектер қорқынышпен өмір сүретінін алға тартуда. Оның айтуынша, Майқайыңдағы қыз балаға тиіскен өгей әкесі:
— Осы жағдай жөнінде біреуге тіс жаратын болсаң, анаң мен бауырыңды бауыздап өлтіремін, — деп қорқытқан. Бүгінгі күні бұл отбасы басқа жаққа көшіріліп, медициналық-психологиялық көмек көрсетілді. Өгей әкенің ісін құзырлы органдар тергеп-тексеріп, тиісті жазасын бере жатар, — дейді С.Шәкенова.
Аймағымызда анықталған аталмыш жайттардан кейін облыстық прокуратура балалар үйлері мен мамандандырылған мекемелерде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдерді жаппай дәрігерлік тексеруден өткізуге пәрмен берді. Нәтижесінде, кәмелет жасына толмаған 6 тәрбиеленушінің бұған дейін жыныстық қарым-қатынасқа түскені анықталып, оның 1-уі бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Ал қалған жағдайларға қатысты деректер жиналуда, дейді мамандар.
Қандай шаралар жүргізілуде?
Мамандардың айтуынша, көбінесе мұндай келеңсіз жағдайға қорғансыз балалар тап болады. Олардың қатарында қиын отбасылары, толық емес шаңырақтар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздар бар.
— Бүгінде облыс бойынша 573 қиын отбасы арнайы есепте тұр. Осындай шаңырақтарда 1362 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар, 1408 жетім бала бар. Олардың 434-і мемлекеттік ұйымдарда, қалғаны патронаттық, қорғаншылыққа алған отбасыларында өмір сүруде. Бұл санаттағы балалардың үйіне мектеп әкімшілігі, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілері жылына кем дегенде төрт рет баруы тиіс деген талап бар. Себебі, бір-екі барғанда педагогтер ештеңе байқамауы мүмкін. Біз үшін балалардың қауіпсіздігі басты назарда! Сондықтан қиын отбасыларындағы баланың қандай жағдайда тұрып жатқанын бақылап отырамыз. Белгіленген алгоритмге сәйкес барлық ақпарат жергілікті
білім беру бөліміне, бұдан кейін өңірлік басқармаға жіберіледі. Ары қарай мүдделі органдар хабардар болады. Сөйтіп, педагогтердің қатысуымен жылдар бойы жабулы күйінде қалып келген қылмыстық әрекеттер біртіндеп әшкерленуде, — дейді облыстық білім беру басқар-масының басшысы.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы ювеналды полицияның аға инспекторы Бибігүл Қамзина кейбір балалар ата-анасымен ашық сөйлеспейтінін немесе керісінше баласының айтқанын елемейтін үлкендер де бар екенін айтады. Мұндай жағдайда басына қиындық туған кез келген бала «111 шұғыл қызмет орталығына» хабарласу қажет, дейді ол. Сонымен қатар, инспектор кейбір жағдайларға ата-ананың балаларды жүгенсіз жіберуі де себеп екенін айтады.
— Мәселен, осы жылдың басынан бері 400 ата-ана балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін, 2500-ден астам ата-ана балаларын түнгі уақытта қараусыз жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, жергілікті соттар өз міндетін дұрыс атқармаған 216 жеке тұлғаға қатысты ата-аналық құқығын шектеу немесе ата-аналық құқығынан айыру
жазаларын белгіледі, — дейді маман.
Атап өтерлігі, биыл Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңға қол қойғаны белгілі. Демек, бұдан былай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау мәселелері үнемі жауапты мекемелердің назарында болады деген сенім бар.
* * *
Осылайша, облысымызда балаларды зорлықтан қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде, бұрын орын алған оқиғалардың біртіндеп беті ашылып жатқан жайы бар. Әлі де жылдар бойы жазықсыз жапа шегіп жүрген талай жасөспірімге қатысты жағымсыз жайттар анықталып, жазықтылар жауапқа тартыла жатар. Қылмыскерлер құрықталғанымен, қаршадай қыздардың жан жарасын емдеп жазу оңай болмас.
Нұржайна ШОДЫР.