Ауылдық жерде орналасқан ғибадат үйлерінің қысқа дайындығы қалай? Әсіресе шалғай елді мекендерде орын тепкен мешіттерді қысқы отынмен қамтамасыз ету, коммуналдық шығындарын жабу үлкен мәселе екені айтпаса да түсінікті. Себебі, Қазақстан зайырлы мемлекеттер қатарында болғандықтан діни мекемелер мен ұйымдарға мемлекет бюджетінен қаржы бөлу тетігі жоқ. Сондықтан, ауыл мешіттерін жылыту, күтіп-баптау жұмысына келгенде имамдар демеушілердің көмегіне жүгінуге тура келеді.
Бір мешітті бір қыстан қатырмай алып шығу үшін кемінде 250-300 мың теңгенің отыны керек болады. Бұл — 10-12 тонна көмір мен қажетті мөлшердегі тамыздық ағашы. Ал, оның сыртында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, су мен жарықтың төлемақысы секілді күнделікті шығындар жеткілікті. Бірақ, имамдар әр ауылдың дінге жанашыр жамағаты мен қолы ашық кәсіпкерлерінің қолдауының арқасында бұл мәселелердің шешімін тауып келе жатқанын айтады.
Аққулы ауданына қарасты ауылдарда жеті мешіт бар. Олар – Аққулы, Ямышев, Қарақала, Бесқарағай, Шарбақты, Шақа, Қорт ауылдарында орналасқан. Сонымен қатар, бірнеше ауылда намазхана бар. Бүгінде барлығы қысқы отынмен қамтылып, жамағатқа оңтайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Мұның барлығы жергілікті жамағаттың қамқорлығының арқасында мүмкін болғанын да жасырмады.
— Ауылдық жердегі мешіттердің барлығы қыста көмірмен жылынады. Қыстық отынды алуға жергілікті жамағаттар, кәсіпкер азаматтар көмектесіп, қол ұшын созып жатыр. Сонымен қатар, кейбір ауылдарда кезінде сол мешітті салған азаматтар да демеушілік көмегін жүйелі жалғастырып, қысқы отынмен қамтамасыз етіп келеді. Әрине, бұлай үздіксіз жасалған қайырымдылықтың соңы үлкен сауапқа және жақсылыққа жетелейді. Сондықтан осындай дін жанашырларына айтар алғысымыз шексіз, — дейді Аққулы аудандық мешітінің бас имамы Мақсат Ибраев.
Аққулы ауданына қарасты Бесқарағай ауылы мешітінің имамы Ерболат Оспановтың айтуынша, қыс келгенде отын таппай тығырыққа тірелген кезі болған емес. Ауылдың азаматтары әрбір жұмысты өздеріне міндеттеп, бөлісіп алған.
— Бесқарағай ауылында асыл дінімізге жанашыр азаматтар баршылық. Мәселен, Қуат Ахметов есімді бауырымыз қысқа қажетті отын ағашын жеткізіп берді. Ал көмірдің мәселесін кәсіпкер Ерлан Жоламанұлы шешетін болды. Сонымен қатар, ауылдың мектебі екі тонна көмір бөліп, өз қолдауларын көрсетіп жатыр. Ал одан бөлек, ауылда тұратын мешіт жамағаттары болсын, ардагерлер кеңесі болсын мешіт жұмысынан тыс қалып көрген емес. Міне, осындай азаматтардың арқасында мешітіміз өз жұмысын тоқтатпай, тұрақты жалғастырып келеді, — дейді ауыл мешітінің имамы Ерболат.
Жалпы, мешіт салу қаншалықты жауапты болса, оның кейінгі күтімін келістіріп, ел игілігіне жарату одан да күрделі. Сондықтан ауылдарға мешіт саларда алдымен жамағатпен, кәсіпкерлермен ақылдасып, кейінгі күнін де ойластырған абзал. Бұл ұстанымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ұстанады. Себебі, мешіттер салғанымен кейін жарық пен жылусыз қалып, қаңырап бос тұрса, бұл асыл дінімізге жасалған қиянат болары сөзсіз.
«Қазір мешіт салатындар көп. Бірі өзінің атағын шығару үшін салса, екіншісі шын ниетпен, шын көңілмен тұрғызады. Өкінішке қарай, мешіт салған азаматтардың кейбірі «мен өз міндетімнен құтылдым» дегендей, сол күйі мешітке ат ізін салмай кетеді. Сондықтан Діни басқарма мешіт салушы азаматтарға оның әрі қарайғы күтімін естен шығармауды ескертіп отыр», — дейді ҚМДБ өкілдері.
Ал, сіздің ауылыңыздағы мешіттің қысқы жылыту мәселесі қалай шешілуде?
Тілеуберді САХАБА.