Қылышын сүйреп қыс келді. Бұл мезгілдің қала халқы үшін әзірлеген «тосын сыйы» аз емес. Әсіресе, қар мол жауған кезде оны тез тазалап алмас көшелерде кептеліс туындап, тұрғындарды бірталай әбігерге салатыны жасырын емес. Осы ретте жауапты мекемелердің әбжілдігі керек-ақ. Ендеше, көшелердің қарын тазалауға, шығаруға жауапты коммуналдық мекемелердің дайындығы қалай? Бұл туралы Павлодар қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі сектор  меңгерушісінің міндетін атқарушы Бауыржан Әбілқасымовпен шағын сұхбат құрдық.

— Бауыржан Мұратұлы, Павлодар қаласындағы коммуналдық мекемелердің қысқа дайындығы қалай? Әсіресе, қарды жедел тазалап, көшелерді ашу жұмыстарына жұмылдыратын техникалар мен адам күші жеткілікті ме?

— Павлодар қаласындағы барлық көшенің жалпы ұзындығы 447 шақырымды құрайды. Биыл қыста көшелерді қардан тазалау науқанына 250 бірлік техника мен 300 адам жұмылдырылады. Бұл облыс орталығы үшін жеткілікті деп ойлаймын. Дегенмен, барлығы осы міндеттемені алған жауапты мекемелердің жылдамдығына, кәсіби қырағылығына байланысты болмақ. Облыс орталығындағы көшелерді күтіп ұстауға және қарын тазалауға «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС мен «Холдинг-Транс-Павлодар» ЖШС жауапты.

— Қар қалың жауған уақытта жауапты мекеме өкілдері күшей-тілген режимде жұмыс жүргізетін болар….

— Әрине, мұндай кезде коммуналдық мекеме қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді. Жұмыс екі ауысымда жүргізіледі. Күндізгі ауысым жұмысын таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жүргізсе, екінші ауысымның жұмысы түнгі 21.00-де басталып, таңғы 6.00-ге дейін жалғасады. Егер қар болжамдағыдан көп жауған жағдайда қосымша техникалар жалға алынады. Яғни, қала көшелерінің қарын тазарту және шығару жұмыстарын күшейту мақсатында арнайы кәсіпорындардан 50 автосамосвал және 8 тиегіш көлігі алынады.

— Қарды тазалау және оны сыртқа тасудың арнайы схемасы бар ма? Техникалар алдымен қандай көшелерге жөнелтіледі?

— Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қыс мезгілінде қаланы тазарту жұмыстарын ұйымдастыру үдерісін қайта қарады. Бұған дейінгі жылдары алдымен магистральді көшелер тазартылып, содан кейін жаяу жүргіншілер жолағы мен аулаларға апаратын жолдарды ашуға кірісетін еді. Ендігі уақытта қаланың барлық аумағындағы жолдарды, жаяу жүргіншілер жолақтарын және аулаларды тазарту жұмыстарын бір уақытта жүргізетін боламыз. Ол үшін барлық техника мен адам ресурстарын біркелкі үйлестіру қажет.  Жауапты мекеме қызметкерлеріне учаскелер бөлініп бекітілген. Олар өз учаскелерінің қарын тазалау сапасына жеке жауап береді. Қысқы уақытта павлодарлық-тардың қауіпсіз қозғалысын қамтама-
сыз ету үшін мердігерлердің жұмысын тұрақты түрде тексеріп отырамыз.

— Көктайғақ кезінде жолға, жаяу жүргіншілер өткеліне, айналмаларға құм себу қажеттілігі туындайды. Осы мақсатқа қанша тонна құм дайындалды?

— Қыста көктайғақтың алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады. Биыл шамамен 28 мың тоннадай құм дайындалды. Осы ретте, «Неліктен құмның орнына тұз себілмейді?» деп жазып жатады. Себебі, тұзды қолдануға болмайды. Жолға шашылған тұздың көп бөлігі топыраққа түседі. Ал ол жасыл желектерге кері әсерін тигізеді. Құм -10 градусқа дейінгі температурада қардың қатып қалуына жол бермейді. Бұл асфальтты арнайы техникамен тазалауды жеңілдетеді.

— Шығарылған қар қайда төгіледі?

— Шаһардан шығарылатын қар Успен автожолына жақын орналасқан тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағындағы арнайы бөлінген алаңдарға төгіледі. Оны есепке алу полигонның тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметі арқылы жүзеге асырылып отыр.

— Ақпаратыңыз үшін рахмет!

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.