Екібастұз қаласына қарасты ауылдық аймақта мыңдаған мал басы бар. Алайда бұған дейін жергілікті ветеринарлық зертхана болған емес. Сондықтан былтыр қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, барлық талапқа сай ғимарат жабдықталды.

Бүгінде Екібастұз қаласы төрт түлік саны бойынша облыста екінші орын алады. Шаһарға қарасты елді мекендерде 130 мыңнан астам жылқы, ірі қара мен қой-ешкі бар. Олардан талдамаға алынған биоматериал сараптама жасау үшін облыс орталығына жөнелтілетін. Кейін нәтижесін бірнеше күн, аптаға дейін күтуге тура келетін-ді. Ал Екібастұз қаласында сол талдамаларды қабылдайтын пункт қана болды.

Қала әкімі Аян Бейсекин бұл проблеманы білген соң бірден шешу жолдарын қарастырды. Сөйтіп, өткен жылдың басында Ауыл шаруашылығы министрлігімен мәселені талқылап, ауқымды жұмыс жүргізілді. Талдамаларды қабылдау пунктін әкімдіктің балансына алып, жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, кешенді жөндеу жасалды.

— Өзіміздің жеке зертханамыз болмағандықтан, адамдар мен төрт түлікке қауіп туғаны рас. Себебі кей аурудың уақытылы анықталмауы салдарынан дерт жануарлардың бір-біріне, адамдарға да жұғуы мүмкін. Енді мұндай қиындық болмайды. Бүгінгі таңда зертхана білікті мамандармен, қажетті құралдармен қамтылды. Енді барлық сараптама санаулы минут пен сағатта жасалады. Бұл өңірдегі ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті арттыруға әсер ететіні анық, — дейді шаһар басшысы.

Қазіргі уақытта зертхананың құжаттарын ресімдеу жұмыстары жүргізілуде. Желтоқсанның алғашқы күндері оны іске қосу жоспарда бар.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.