2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі оңтайландырылады деп жоспарлануда. Яғни, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерге лицензия беру, жан басына шаққандағы қаржыландыру, «Socium» цифрлық платформасында ұсынылатын қызметтерді цифрландыру сынды өзгерістер енгізілмек.
Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті. Оның айтуынша, тұрғындар үшін саладағы оңтайландырудың оң тұстары көп. Атап айтқанда, жаңа өзгеріс бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтардың жұмысын цифрландыру арқылы бюджетті жоспарлау, қажетті тауарларды сатып алудан бастап қызмет көрсетуге дейінгі мәселелер мен кадр тапшылығын шешу, сондай-ақ, әлеуметтік қызметтердің сапасы және қолжетімділігін арттыруға мол мүмкіндік тумақ.
— Бүгінгі таңда облысымызда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 56 мекеме бар. Оның ішінде 12 мемлекеттік, қалғандары үкіметтік емес ұйымдар арқылы жұмыс істейтін орталықтар болып табылады. Өңірдегі 7 мыңға жуық азамат аталған мекемелердің қызметіне жүгінуде. Олардың қатарында 1 500 адам стационарлық үлгідегі, ал өзге 5 мыңнан астам тұрғын жартылай және уақытша стационарлық, сондай-ақ, үй жағдайында көмек алуда. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін аталмыш орталықтарда 2177 адам еңбек етеді. Өкінішке қарай, бұл салада мамандар жетіспейді. Болашақта олардың санын арттыру жоспарда бар, — деп атап өтті Альмира Дисюпова. Сонымен қатар, ол облысымызда осындай қызметтер көрсететін арнаулы мекемелер жеткіліксіз екенін алға тартты.
— Жылдан-жылға мүгедектігі бар азаматтар, әсіресе денсаулығында ақауы бар бала саны артуда. Жеткіншектердің көбі психо-неврологиялық ауытқулар бойынша зардап шегуде. Мұндай балаларға қызмет көрсететін мекемелер тапшы. Десе де, былтырдан бері облыс орталығында аутист балаларға арналған орталықтар ашылуда. Ендігі кезекте Ақсу, Екібастұз және Павлодар қаласында бірнеше арнайы қызмет көрсететін мекеме ашу жоспарда бар, — деді басқарма басшысы. Ол сондай-ақ, жалпы үлгідегі қарт және мүгедектігі бар азаматтарға арналған орталықтарға қатысты бірқатар өзгерістер орын алатынын атап өтті. Мәселен, бұған дейін үкіметтік емес мекемелер мемлекеттік тапсырыс аясында әлеуметтік қызметтер көрсетіп келсе, келесі жылдан бастап бұл бағыттағы жұмыстар тек портал арқылы ғана жүзеге асады. Яғни, арнаулы көмекке мұқтаж азаматтар өздеріне қажетті қызметтерді портал арқылы ғана алатын болады.
Нұржайна ШОДЫР.